Педагогика тарихы



бет69/113
Дата06.01.2023
өлшемі1,86 Mb.
#60524
түріОқулық
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.

Қорқыт ата – ҮІІІ–ІХ ғ.ғ. төңірегінде Сырдарияның орта және төменгі ағысын жайлаған оғыз-қыпшақ тайпаларының арасынан шыққан әйгілі күйші, музыкант, аңыздық кейіпкер, кемеңгер ойшыл. “Қорқыт ата кітабы” – Орта Азия, Қазақстан және Әзірбайжан халықтары арасына кең тараған. Қорқыттың музыкалық-этнографиялық мұрасы түркі тілдес халықтардың бәріне ортақ рухани мұра. Сондай-ақ, Қорқыт айтты дейтін ақыл-нақыл, афоризм, ұстаздық ұлағат сөздер көптеп кездеседі. Онда имандылық, ізгілік, қанағатшылдық, әрекетшілдік, тәубешілік мәселелері сөз болады. Мысалы: “Тәңіріне сыйынбаған адамның тілегі қабыл болмайды… Менмен, тәкаппар адамды тәңірі сүймейді… Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға тәңірі бақ бермейді…” делінген.
Дана ойшыл ата-ананы сыйлап, құрметтеу, үй-ішілік жарасымды қарым-қатынасты, ұл мен қыз тәрбиесі, адамның жақсы-жаман қасиеттері жайында да келелі ой қозғайды.
Мысалы: “Мыңғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас”…, “Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман…” Ұлың өсіп жетілсе, от басының мерейі, бас-көзі”, деген мақал-мәтелдер осының нақты айғағы бола алады.
Қорқыттың бір топ афоризм сөздері жастарды ерлікке тәрбиелеуге, тектілік мәселесіне, қонақжайлылыққа, мейірімділікке арналған. Мысалы, “Қорқаққа қылыш сермеп, күшіңді сарп етпе…”, “Батыр туған жігіттің садағының оғы да қылыштай кесіп түседі…”, “Жауға атқан садағың өткір болсын”, “Қонағы жоқ қараша үйден құлазыған түз артық…”, “Ата даңқын шығарып өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді…”, “Өтірік сөз өрге баспайды…”, “Сөзге берік, шыншыл адамға бұл дүниеге отыз жылды үшке көбейтіп, өмір сүрсе де аз” т.б. Қорқыт әйелдердің бойынан жақсы адамгершілік қасиеттерді көруді аңсайды. Ол әйел қауымын төрт түрге бөледі. Бірі – от басының тірегі, үйдің құты, қонақжай, үрім-бұтағы өсіп-өнген жандар. Екіншілері – ынсапсыз, қанағатсыз, есіл-дерті тамақ. Ал әйелдердің үшінші түрі – салдыр салақ, түске дейін ұйықтайтын, кір-қожалақ, көрпе-төсегі жиналмай шашылып жататын үйдің “иелері”, төртіншілері – адам тілін алмайтын, қасарыспа, кесір, барынша қырсық әйелдер” – дейді. Қорқыт өсиеттерінің тәлімдік мәні аса зор, қай заманда болмасын ескіріп көнермейтін асыл мұра.
ІХ–Х ғасырларда Түркі қағанаты Түркеш, Қарахан, Қыпшақ, Ұйғыр, Хазар, Қимақ, т.б хандықтарға бөлініп ыдырай бастады. Осы жағдайды пайдаланған Араб халифаты Орта Азия мен Қазақстан далаларын жаулап алып, ислам дінін, шығыс мәдениетін таратуға күш жұмсады.
Араб басқыншылары Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алғанға дейін де Орта Азиядағы екінші мәдениет орталығы – Согд, Маргиана, Парфия, Бактрия атты мемлекеттердің болғаны тарихтан белгілі.
Орта Азияда, оның ішінде Оңтүстік Қазақстанда өнер-білімнің, әсіресе техникалық білімнің дамуына оның географиялық жағдайы, табиғи байлығы, ауа райы үлкен ықпал етті. Алғаш канал қазу, егістік жерлерді суландыру ісі қолға алынды. Аса күрделі ирригациялық құрылыстар Маргиана, Ферғана, Түркістан, Тараз қалаларында да болды. Егіншілікпен бірге бау-бақша, жүзім, күріш, мақта шаруашылығы кең дамыды. Тіпті жүзім, мақта өсіруді қытайлықтар ортаазиялықтардан үйренді. Бұдан Орта Азия халықтарында агротехникалық-ирригациялық білімнің аса жоғары болғанын көреміз.
Ерте заманда Орта Азия мен Қазақстанда мал шаруашылығы, әсіресе жылқы шаруашылығы жақсы дамыды. Қытай тарихшыларының айтуына қарағанда Жетісу өлкесінде сәйгүлік аттарды баптап бәйгеге қосу, қытай жер иелері өздерінің сұлу қыздарын сәйгүліктерге айырбастауы дәстүр болған.
Орта Азияның ежелгі Хорезм, Согд, Ферғана және Түркістан, Тараз қалалары көршілес Қытай, Таяу Шығыс, Кавказ және Шығыс Еуропа елдерімен тығыз экономикалық байланыс жасап, сауда-саттық жұмысын жүргізуінде атақты Жібек жолының әсері күшті болды. Осы сауда жолының бойында ірі елді пункттер орнап, қалалар өркендеген. Мәселен, Самарқанд қаласы сонау Александр Македонскийдің кезінде-ақ тарихқа “Мараканды” деген атпен белгілі. Ал Маргиана мемлекетінің астанасы Мевр қаласы жөніндегі деректерді біздің заманымызға дейінгі ІҮ–ІІІ ғ.ғ. жазылған жылнамалардан оқуға болады. Ескі Хорезмнің астанасы Үргеніш жөнінде де біздің дәуіріміздің 1 ғасырының бас кезіндегі Қытай жазбаларында сыр шертіледі. Ал ІІІ–Ү ғасырларда Бұхара, ҮІ–ҮІІ ғ.ғ. Пенжикент, Отырар, Тараз, Сайрам қалаларының пайда болуы бұл өлкеде ғылым мен мәдениеттің, ішкі және сыртқы қарым-қатынастың дамуына ерекше ықпал етті.
Сол сияқты Орта Азия керамика, тоқыма, зергерлік өнердің де мекені болады.
Ежелгі тарихшылар Орта Азия мен Қазақстан халықтарының музыкалық мәдениетінің жоғары болғанын, музыкалық аспаптар жасаушы шеберлердің шыққанын мақтанышпен сөз етеді.
Өте ерте заманда Қазақстан мен Орта Азия жерінде жазу өнері де пайда болған. Оны археологиялық қазбалардан табылған Согд жазулары жазылған ыдыс-аяқ сынықтары, ағашқа немесе теріге жазылған жәдігерлер, бейіттерге қойылған тас ескерткіштердегі көне Орхон-Енисей жазбалары растайды. Хорезмдік ғалым әл-Бируни, ежелгі хорезмдіктердің ғылыммен шұғылданғанын, оның нәтижесін өздерінің күнделікті тұрмыс-тіршілігінде пайдаланғанын жазады.
Бұған қоса ҮІІІ–ІХ ғ.ғ. Орта Азия мен Қазақстан елдерінің араб-шығыс мәдениетін қабылдауы да түркі халықтарына игі әсер етті. Түркі халықтарының ұлы ғалымдары: Хорезм, Фараби, Фердоуси, Авиценна, Бируни, Ибн Сина, Низами, Науаи, Қашғари, Иасауи, Баласағұн т.б. араб тілі мен мәдениетін меңгерді. Оның үлкен прогрессивтік маңызы болды. Көптеген шаһарларда діни медреселер ашылып, ғылым мен білім деңгейі артты. Медреселер діни ілімдермен ғана шектеліп қалмай, арифметика, медицина, жаһаннама (философия), дінтану, астрономия сияқты әлемдік маңызы зор дәріснама беруді басты мақсат етті.
Бұхарада, Отырарда аса ірі кітапханалар ашылды. Онда Гераклиттен бастап көне грек философтарының кітаптары сақталды. Оның үстіне алғашқы медресе де осы Бұхарада ашылғаны мәлім. Хорезм шахтары да ғылымға қамқорлық жасап, басқа қалалардан ғалымдарды шақырады. “Мамүн академиясы” немесе “Даналық үй” деп аталған ғылыми орталық құрды. Оны өз заманының ұлы ғалымы Әбу Райхан әл-Бируни басқарды. Академияның жұмысына сол замандағы көрнекті ғалымдар Әбу Насыр ибн Ирак, Әбу Әли ибн Сина, Әбусахиль Мәссах, Әбілхасан ибн әл-Хұммар, ибн Мүкәулих т.б. белсене қатысты. Осылардың ішінде алгебраның атасы – ұлы ғалым Мұхаммед әл-Хорезми (780-850) еңбегіне ерекше тоқталуға тура келеді. Ол 780 жылы шамасында Хиуада туып, 850 жылы Бағдатта қайтыс болған. Ислам дінінен бұрын Хорезмде зоастра діні болған. Ол дінді ұстаған адамдарды арабтар мағи немесе мәджүс деп атап, оның абыздарының басым көпшілігін басқыншылар қырып тастаған. Хорезмидің аталары да араб басқыншылары тарапынан қуғын көрген. Хорезми жергілікті медреседе оқып сауатын ашады. Өз бетімен білімін көтереді. Орта Азияның бірталай қалаларында болып, өзінің тарих, география, астрономия жөніндегі мағлұматтарын толықтырады. Ана тілімен қатар парсы, араб және Үндістанның ежелгі әдеби тілі – санскритті үйренеді. Кейбір деректерге қарағанда ол ескі еврей тілін де білген. Жиырма жасында керуенге ілесіп, ғылым іздеп, Бағдатқа келген. Онда ғылыми жұмыстармен шұғылданып, ескі грек тілін үйренген. “Даналық үйіндегі” кітапханадан кітаптар оқып, гректер мен үнділердің ғылыми мұраларын меңгерген. Бес тілді еркін меңгерген математик, астроном, географ, тарихшы, дәрігер Хорезми Бағдатта бас ғалым ретінде танылған. Кітапхана мен обсерваторияны басқару, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу 35 жастағы Хорезмиге сеніп тапсырылған. Ол осында өзінің “Астрономиялық таблицалар” атты еңбегін жариялайды. Бұл кітап Ньютон мен Гершельге дейін астрономияның Еуропадағы негізгі құралы болып келді.
Хорезми жер меридианының ұзындығын анықтаумен тұңғыш айналысушы болды. Хорезми Бағдатқа білім-ғылым іздеп келгендерге қамқоршы – ұстаз бола білді. Мәселен, оның қарамағында Ортаазиялық ғалым – Мерви қаласының тұрғыны Ахмет ибн Абдолла әл-Меруәзи, ферғаналық ғалым Мұхаммед ибн Нәсір әл-Ферғани, Отырар қаласынан барған Габбас ибн Сейд әл-Жауһари, т.б. қызмет істейді.
Хорезми – ұлы географ. Оның “Китаб сурәт әл-ард” (“Жер түрлері жайындағы кітап”) атты еңбегі араб географиясының негізгі арқауы болды. Онда сол кездегі теңіз, өзен, көлдер, таулар мен мемлекеттер, олардың халқы мен географиялық жағдайларына сипаттама берілген. Кітапта 4 карта бар. Әсіресе Азов теңізі бассейнінің картасында жер аттарын арабша жаза отырып, жергілікті және парсы тіліндегі атаулары берілген. 70 географ Хорезмидің басшылығымен үлкен атлас жасаған. Хорезми шетелдерге бірнеше рет саяхат жасаған. Соның ішінде Волга бойы мен Византияға барған экспедициясы ерекше. Ғалым Волга өзенінің хазар тілінде “Итіл” деп аталғанын (Қазақ және татар тілінде Волганың “Еділ” атануы осы “Итілден” шыққан деуге болады) баяндайды. Волгадан қайтып келгеннен соң Хорезмиді құранда айтылатын аңызды анықтау үшін Византиядағы “Эфес” деген үңгірде “алланың әмірімен” ұйықтап жатқан жеті баланың (олар “тамақ ішпей, өлмей, мәңгі ұйқыда болады-мыс”) шындығын анықтау үшін экспедицияға жібереді. Хорезми мәселенің анық-қанығын дәйектей келе үңгірде бала түгілі, тышқан да жоқ, бос аңыз екенін дәлелдейді.
Хорезми тарихи, этнографиялық, медициналық кітаптар да жазған. Бірақ, ол еңбектер сақталмаған. Хорезми “Алгеритми айтады” атты екі кітап жазып қалдырған. Оның біріншісінде арифметикалық, ал екіншісінде алгебралық есептердің шығару жолдары көрсетілген. Автор арифметикалық есептерді – “үнділер есебі” деп атап, алғаш он цифрлы системаны үнділердің ойлап тапқанын дәлелдейді.
Ал алгебралық есеп кітабы үш бөлімнен тұрады: 1) теңдеулерді шешу жолдары; 2) өлшеу және геометриялық есептерді шығару; 3) адамның өлер алдындағы өз мүлкін жақындарына қалдыру (бөлу) жайындағы өсиеттер. Хорезмидің мұрагерлік заңдылық жайындағы есеп шарттарын Тәуке ханның “Жеті жарғысында” қайталануы Хорезми есептерінің бүкіл әлем халықтары күнделікті тұрмысында заң ретінде қолданылғанын растайды.
Хорезми еңбектерінің басты ерекшелігі – түсініктілігі, өмірмен, тәжірибемен байланыстылығында деуге болады. Ол жазған алгебралық есептер он екі ғасыр өтсе де ескірмей, көнермей өмірде күні бүгінге дейін қолданылып келуі оның шынайы өміршеңдігін дәлелдей түскендей.
Хорезмидің ізін баса өмірге келген, Отырардың перзенті, шығыстың екінші Аристотелі атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиді (870–950) ерекше атауға тура келеді. Ол ойшыл-философ, социолог, математик, физик, астроном, лингвист, психолог, педагог, музыка зерттеушісі.
Мәдениеті өркендей түскен мұсылман дүниесінде жас Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылым мен өнерге деген құмарлығы ерте оянды. Ол 20 жасқа дейін білімді туған топырағы Отырарда алды. Кейін Бұқара, Мерве, Хоране, Александрия, Бағдат, Каир, Дамаск, Шам, Халеб сияқты мұсылмандық шығыстың көптеген қалаларында өмір сүріп, түркі, араб, парсы, грек, латын, санскрит және т.б. тілдерін жетік меңгереді.
Әл-Фараби “Бақытқа жетудің жолы”, “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы”, “Азаматтық саясат” трактаттарында “Жан қуаты” “бақыт” дегеннің не екендігін, оған жетудің жолдарын қарастырады. Ұлы ғұлама: Бақыт – қайырымды адамдардың мәртебесі, кемелденушінің жаны мен тән қуатының жетістігі, тұтас дүниемен үйлесімділікте өмір сүру қабілеті дегенді айтады.
Әл-Фараби өмірде ізгілік пен зұлымдықты ажырата білу, игілікті орнықтыру, зұлымдықтан арылу – практикалық танымның басты міндеті дейді. Адамдар қайырымды қалада ғана жүрек қуатын игі іске қоса алады, еркін ойлайды, жүрек пен ерік қуаттарын қосарлап бақытқа жетеді.
Қайырымды тұрғындар жан мен тәннің тазалығы үшін зұлымдыққа бармайды, байлыққа басын тікпейді. Ақыл мен жан қуаты үйлескен жан қайырымды келеді. Ақылға қоса ерік пен жан қуатын толастата алған кісі ел басқаратын әкімдікке жарайды. Ал нағыз жақсы әкім әділ, инабатты, мейірімді, білімді, жақсылыққа жаны құмар, жамандықтан жиіркенетін, батыл, жомарт, өнер мен әдебиетті сүйетін адам болуға тиіс. Қалай дегенмен, елбасшы, қолбасшы адамдық қасиеттен арылмау керек. Ондай әкім, біріншіден, бақытқа жетудің жолын көрсететін көсемдікке жарайды, екіншіден, мемлекеттегі қайырымдылық дәстүрін ұстай алатын басшылықты жалғастырады, үшіншіден, өз қандастарымен оқыту және тәрбиелеу жұмыстарын дұрыс жолға қоя алады. Мұның бәрі бақытқа жетудің шарты деп қарады. Әл-Фараби жоғарыдағы еңбектерінде оқыту әдістерінің ұғынықты, дәйекті, жүйелі, көрнекті болуына, сондай-ақ дағды, әдет, қабілет, икемділік, мінез, т.б. тәлім-тәрбиелік ұғымдарға түсінік береді. Көз жеткізу, иландыру, мойынсұндыру тәрізді әдіс-тәсілдерге талдау жасайды. Ол өзінің “математикалық трактаттарында” жүзден астам геометриялық есептердің шешілу әдістерін, шығару жолдарын түсіндіреді.
Ол Аристотельдің жан туралы ілімін одан әрі дамыта отырып, Шығыс әлемінде тұңғыш рет психологиялық терминдерге түсініктеме береді. Ол жан жүйесі туралы ілімнің сан салаға бөлінетініне (музыкалық, педагогикалық, қоғамдық, медициналық болып) түрлі іс-әрекеттерге қалай жетілуіне тоқталады.
Фараби мұралары Орта Азия мен Қазақстан халықтарының философиялық, психологиялық және педагогикалық ой-пікірлерінің әрмен қарай өріс алуына ерекше ықпал етті. Мәселен Х–ХҮ ғасырлар аралығында Орта Азия мен Қазақстан топырағында медресе шәкірттеріне арналған математика, логика, этика пәндері бойынша көптеген оқу құралдары жарық көрді. Тавтазани жазған “Мантик” (логика) атты оқу құралы медреселерде ұзақ жылдар бойы қолданылып келеді.
Әл-Фарабидің ізін қуа Орта Азияның ұлы перзенті, атақты ғалым, ұлы гуманист Әбу Әли ибн Сина 980 жылы Бұхара қаласының маңындағы Афшана деген қыстақта тәжік отбасында дүниеге келген.
Ибн Сина беске толғанда әкесі сол кездегі феодалдық мемлекет астанасы – Бұхара қаласына көшіп келеді. Ибн Синаның әкесі сарай маңында қызметке орналасып, баласын бастауыш мұсылман мектебіне береді. Ибн Сина (Құсайын) өзінің оқуға алғырлығымен көзге түседі. Оның үстіне Орта Азия, Таяу Шығыс, тіпті алыстағы араб елдерінен – Мысырдан (Египеттен) келген оқымысты қонақтар үлкен әсер етеді. Олар шығыс елдерінің тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, философиясы, көркемөнері жайында келелі әңгімелер шертеді. Құсайынды он жасында әкесі жеке мұғалім жалдап оқытады. Бұл мұғалімдер оған діни білімдермен бірге математиканы, физиканы, астрономияны, географияны, философияны, логиканы, заң ғылымдарын үйретеді. Ибн Сина ескі грек философиясымен, логика, физика, астрономия т.б. ғылымдармен терең танысады. Содан кейін медицинаны қолға алып, оны да терең меңгереді.
Ерте заманның ұлы дәрігері Гиппократ пен Галеннің шығармаларын, шығыс медицинасын еркін игереді.
Бұхара әмірі Нұх ибн Мансұрды емдеп жазып, Құсайынның атағы әлемге тез жайылады. Құсайынға риза болған Бұхар әмірі өзінің сарайындағы бай кітапханамен пайдалануға рұқсат береді.
Жас ибн Синаның дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ғылыми жұмыстармен шұғылдануына ең алдымен өз ортасы, яғни сол кездегі Бұхараның аса зор мәдениеті, әсіресе атақты дәрігер Әбу Мансұр әл-Камари әсер еткен. Кейін ол Бұхарадан Хорезмге келген. Замандастары ибн Синаны “Шейх ар-райс (“Ғалымдардың атасы”) деп атаған.
Ибн Сина (Құсайын) Хорезмде жүріп өзінің атақты екі кітабын жазды. Оның бірі “Медицина ғылымының заңдары” (“Каноны”), екіншісі – “Саулық сақтау кітабы”. Бірінші кітапта дәрігерлік емдеу тәсілдері сөз болса, екінші кітапта – физика, математика, астрономия, логика т.б. қоғамдық ғылымдар туралы айтылады. 1017 ж. Ғазна шахы Махмуд Хорезмді басып алып, патша сарайына жақын адамдарға қуғын көрсетеді. Ибн Сина 20 жылдай қуғын-сүргін көре жүріп, өзінің үлкенді-кішілі жүзден астам ғылыми еңбектерін жазады. Өкінішке орай, олардың көпшілігі жоғалып кеткен. Солардың ішінде “Әділеттік кітабы” атты 20 томдық философиялық еңбегі де бар. Орта Азияның даңқты перзенті 1037 ж. июнь айында шетелде жүріп қайтыс болады. Денесі Иранның Хамадан деген қаласының маңына жерленеді.
Ол халықтық медицинаны кеңінен қолданған. Менингит, плеврит, асқазан ауруларын емдеу жолдарын тапқан. Ибн Сина адамға операция да жасаған.
Ибн Синаның философиялық еңбектері қайырымдылыққа толы. Ол бірде философия мен дінді келістіруге тырысса, екіншіде материяның мәңгі екендігін айтады. Сондай-ақ, ибн Сина табиғатта себепті заңдылықтар бар деп қарайды. Бұл “бәрі тәңірінің әмірінен” дейтін діншілдердің кертартпа теориясына қарама-қайшы келді. Соның үшін де діншілдер ибн Синаны “Құдайдан безген”, “Қауіпті адам” санап, ұзақ жылдар бойы қуғынға ұшыратқан.
Ибн Сина – ұлы гуманист. Мәселен, ол сол кездегі кейбір қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың жұмысқа жарамайтын жарымжан адамдары, қайыршыларды жойып жіберу керек дейтін адамзатқа қарсы ниеттерге батыл қарсы шыққан. Оның ойынша, мемлекетте “жалпы адамзатқа арналған қаржы (қор)” болуы керек. Кемтарларға сол қор есебінен көмек көрсетілуге тиіс.
Ол табиғат пен қоғамдық құбылыстардағы белгісіз құпияларды ашты. Адамның ақыл-ойын фанатизм мен жоққа сенушіліктен құтқаруға тырысты. Табиғатты танып білуге, оның адамзатқа қызмет етуіне әрекет жасады. Сол үшін де оның есімі ғасырлар бойы құрметпен аталып келеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   113




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет