3-тарау. Біліктілік бағалауын өткізу тәртібі 76. Педагогтердің біліктілігін бағалау құжаттардың осы Қағидалардың 10- қосымшасына сәйкес нысан бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде (бұдан әрі – негізгі талаптар тізбесі) белгіленген құжаттар тізбесіне сәйкестігін қарауды қамтиды, қағаз форматында немесе Платформада (ол жұмыс істей бастаған сәттен бастап) жүргізіледі, біліктілік бағалау нәтижелері бойынша осы Қағидалардың 11-қосымшасына сәйкес хабарлама беріледі және платформада орналастырылады.
1-параграф. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі 77. «Педагогтерді аттестаттаудан өткізу үшін құжаттарды қабылдау» мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) білім беру ұйымдары, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың білім беру органдары (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
78. Мемлекеттік қызметті алу үшін педагог, жеке тұлға (бұдан әрі –көрсетілетін қызметті алушы) тиісті деңгейдегі көрсетілетін қызметті берушіге осы Қағидалардың 4-қосымшасына сәйкес нысан бойынша электрондық (Платформа немесе мемлекеттік орган арқылы) немесе қағаз форматта өтінішін (қолданыстағы санат мерзімі аяқталғанға дейін) ұсынады.
Өтініш біліктілік санатын беру (растау) рәсімінен өту мерзімдерін сақтай отырып беріледі.
79. Мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі, оның ішінде қызмет көрсету процесін, нысанын, мазмұны мен нәтижесін қамтитын, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескерілген өзге де мәліметтер осы Қағидалардың 10-қосымшасына сәйкес негізгі талаптар тізбесінде келтірілген.
80. Көрсетілетін қызметті алушы негізгі талаптар тізбесінде көрсетілген құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда тиісті деңгейдегі көрсетілетін қызметті беруші құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы хабарламаны көрсетілетін қызметті алушының электрондық поштасына жолдайды және Платформаға орналастырады.
Құжаттар толық ұсынылған жағдайда көрсетілетін қызметті алушыға құжаттарды қабылдау туралы қолхат беріледі немесе Платформа арқылы жіберіледі.
81. Көрсетілетін қызметті беруші өтініштерді (құжаттар топтамасымен бірге) Платформа арқылы (ол жұмыс істей бастаған сәттен бастап) немесе қағаз форматта тиісті деңгейдегі комиссияға жібереді.
82. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік органдар арқылы мемлекеттік қызметтер көрсеткен кезде өтініштер мен құжаттарды қабылдаған күн мемлекеттік қызметтер көрсету мерзіміне кірмейді.
83. Мемлекеттік органдар арқылы мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру мерзімдері «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңымен реттеледі.
84. Көрсетілетін қызметті беруші «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен енгізуді қамтамасыз етеді.
85. Көрсетілетін қызметті берушінің мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша шағымы көрсетілетін қызметті алушыға жіберіледі.
Көрсетілетін қызметті беруші тіркелген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен шағымды қарайды немесе шағымды мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.