Қосалқы әдістер. Психологияда бұл айтылғандардан басқа да әдістер бар. Оларды қосалқы әдістердеп атайды. Мәселен, әңгімелесу әдісі арқылы психолог белгілі жоспар бойынша зерттелінуші адамның жас және дара ерекшелігіне, білім көлеміне қарай күні бұрын әзірленген сұрақтар қояды: зерттелінушіге күдік тудырмау мақсатында әңгіме көбінесе жанама түрде ұйымдастырылады, мұнда сөйлесу әдісіне ерекше мән беріледі.
Зерттелінушінің берген жауабы жазылып алынып (алынған мәліметтерді сол бойда жазып отырудың қажеті шамалы), кейіннен мұқият талданады да, осыған орай тиісті қорытындылар жасалады. Осындай қосалқы әдістердің қатарына адамның іс–әрекетінің нәтижесін талдау (яғни түрлі күнделік, естелік, хаттар, шығарма, мазмұндама, диктант, сын жұмыстары, түрлі формадағы шығармашылық жұмыстарды талдау), өмірбаян (яғни зерттелушінің туған күнінен бастап есейген шағына дейінгі даму жолын зерттеу, оның өмірбаян, естелік, мінездемелерін талдау), анкета (жазбаша) әдістері жатады. Мәселен, анкеттік әдіс арқылы кісі күні бұрын бланкіге жазылып қойылған сұрақтарға жазбаша жауап қайырады. Осы әдіспен әр түрлі топтың ұжымның психологиялық өзгешеліктері (талап–тілегі, мүддесі, талғамы, қызығуы т.б.) зерттелінеді. Егер мұғалім шәкірттерінің қандай кітапты ерекше құмартып оқитындығын, олардың сүйікті жазушылары мен артистері кімдер екендігін және осы тәріздес мәселелерді білгісі келсе, осы әдісті пайдалануына болады.
Тест әдісібалалардың білімі мен икемділігі, бейімділігі, жалпы ақыл–ойының даму дәрежесі, не жекелеген жан қуаттарының дамып, қалыптасуы жөнінен мағлұмат алуға көмектеседі. Мұндай салыстырулар алдын ала белгіленген жас белгілеріне қарай жүргізіледі. Тест арқылы, бала өз жасына қарағанда дұрыс дамыған ба, не оның дамуында өз кезеңінен ауытқушылық (жоғары, төмен) бар ма деген, сауалдарға жауап алынады. Тесті толық орындауы мүмкін болмайтындай етіп іріктеу қажет. Тапсырма жас мөлшері біркелкі балаларға (кемінде 200) бірдей беріледі де, мұндағы жауаптардың орта (барлық бала бойынша ортақ балл) есебі шығарылады. Осы орта есеп жас мөлшерлік норма болып есептелінеді. Тест тапсырмаларын тексеру, жас мөлшерлік норма белгілеу тесті стандарттау деп аталады. Мұндай тестке кейін ешқандай өзгеріс енгізілмейді. Баланың ақыл–ойының даму дәрежесін анықтауға арналған тестерді интеллектік тестер дейді. Мұнда әртүрлі ақыл–ой әрекетін қолдануды талап ететін, зерттелінушіге бұрыннан таныс емес тапсырмалар болады. Осындай тест баланың ақыл–ойға байланысты берілген тапсырманы қандай дәрежеде игергенін байқауға мүмкіндік береді.
Тест тапсырмаларын іріктеуге ғылыми тұрғыдан қараудың маңызы зор, өйтпеген жағдайда, оның қортындылары бала ақыл–ойының дамуын бұрмалап көрсетуі мүмкін. Тест баланың мектептегі оқуға әзірлігін, сондай-ақ психикалық дамуы кешеуілдеп қалғандардың ерекшеліктерін танып–білуде көмек көрсете алады.
Адамның жан дүниесінің сырын жақсырақ түсіну үшін бүл әдісті аталған әдістермен қосарластыра пайдаланған дұрыс. «Біз, әдетте, адамды жұмыста іс–әрекетіне қарай бағалаймыз, дегенмен, адамды жан–жақты бағалаудың өлшеміне оның отбасындағы, тұрмыстағы, ұжымдағы және одан тыс жерлердегі мінез–құлқы да енуге тиіс» (Д.А.Қонаев).[1, 18-21 беттер].
Психологияда өзін–өзі бақылау әдісі де қолданылады. Мұнда адам өзін–өзі тәрбиелеуде сапалық жақсы қасиеттерін дамытып, кемшіліктерін жойып отыруы керек.[2, 18 бет].