Зерттеу болжамы: бастауыш мектептегі диктант түрлерін, олардың бала дамуындағы зор маңызын негізге ала отырып, оқушылардың жүйелі ойлау қабілеттерін ояту, сауаттылыққа жол ашу, сөздік қорын толықтыру, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру арқылы диктанттың оқушылар үшін маңызын ашу, ең тиімді деген әдіс-тәсілдерді, диктант түрлерін болашақта тиімді пайдалана білу.
Курстық жұмыстың құрылымы: курстық жұмыс кіріспеден, негізгі және қорытынды бөлімдерден, тезаурустан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І-тарау. Бастауыш сыныптағы диктанттың маңызы 1.1. Бастауыш сыныптардағы тіл дамыту жұмысына қойылатын талаптар
Адам өмір бойы өзінің ана тілінің байлығын меңгерумен, тілін ұстартумен болады. Өзін айнала қоршаған дүниемен, адамдармен қарым-қатынас жасау қажеттілігі, тілге деген мұқтаждығы адамда тіпті ертеде, сәби кездің өзінен-ақ басталады. Баланың жасы өскен сайын ойын білдіру қажеттілігі де күшейе түседі. Осы мұқтаждықты өтеу үшін тіл құралдарын пайдаланады. Бірте-бірте сөздік қоры байиды, фразеологиялық тіркестерді меңгереді, өзі сөйлейтін тілінің сөз жасау, сөз түрлендіру заңдылықтары мен алуан түрлі синтаксистік құрылысын игереді. Қазіргі кездегі зерттеу деректері бойынша, жеті жасқа келген бала негізінен морфологиялық құралдарды және синтаксистік формаларды меңгереді. Ешбір ережеге сүйенбей-ақ, үйренбей-ақ олар сөздерді дұрыс қиыстырады, септей, тәуелдей, жіктей, көптей алады, сөйтіп, жаңа сөздер жасап, сөйлемдер құрастырады. Мұның барлығы ауызша сөйлеу шеберлігінде ғана іске асады.
Ана тілін балалар сөйлеу әрекеті арқылы үйренеді. Міне, сондықтан да олардың тілін дамыту жұмыстарын да мақсатты түрде ұйымдастырып, үздіксіз, жүйелі жүргізу міндеті туады.
Тіл дамыту балалардың ойын дамытумен тығыз байланысты болғандықтан, тілді меңгеру барысында бала анализ, синтез, қорытынды жасай алады, заттар мен құбылыстардың арасындағы түрлі байланыстарды бейнелей алады. Сондықтан балаларға сөйлеу үлгісін беру, яғни сөйлеу ортасын жасау қажет. Адам дамуында, жеке басының қалыптасуында қоғамдық орта шешуші рөл атқаратындықтан, баланың сөз байлығы мен сөйлеу шеберлігі көбінесе сөйлеу ортасының қандай болғандығына байланысты. Ендеше баламен сөйлескенде мұғалімдердің, ата-аналардың тіл шеберлігі, бала тіліне үлкен ілтипатпен қараушылығы маңызды болып табылады.
Сөйлеу арқылы бала тек басқа адамдармен қарым-қатынас жасап қана қоймай, сонымен бірге дүниені де таниды. Сөйлеуді меңгеру – шындықты меңгеру тәсілі. Олай болса баланың сөз байлығы оның түрлі елестері мен ұғымына, өмір тәжірибесіне байланысты. Ендеше сөйлеуге үйрену барысында бала тек қана тілдік материалға ғана мұқтаж болмайды, сонымен қатар негізгі материалдың да қажеттігі күшейеді. Керісінше, тілі неғұрлым бай болса, адамның табиғат пен қоғамдағы күрделі байланыстарды дұрыс тану мүмкіндігі де соғұрлым мол болады. Ал тілі жақсы дамыған бала ойын да дәл, шебер жеткізе алады, оқуды да ойдағыдай меңгереді. Көптеген зерттеулерге қарағанда, оқудан үлгермейтін оқушылардың көпшілігінің тілдері нашар дамыған, ойларын дұрыс жеткізе алмайтындар.
Тілді балалар үлкендермен қарым-қатынас жасау барысында, сөйлеу әрекеті процесінде меңгереді. Бірақ олардың тілді дұрыс меңгеруі үшін, алдымен әдеби тілді меңгерулері керек. Әдеби тіл дегеніміз – жүйелі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары бар, қоғамдық қызметі әр алуан, жалпы халықтық тілдің ең жоғарғы формасы. Әдеби тілді жай тілден, диалектілерден, жаргоннан айыра білу бала тілін дамытуға қойылатын талаптардың бірі болып табылады. Бастауыш сыныптардан бастап балалар әдеби тілге, оның көркем ғылыми және сөйлеу тілі нұсқаларына жүйелі түрде үйретіледі.
Мектеп алғашқы күннен бастап-ақ балаларды оқу мен жазуға үйретеді. Оқу да, жазу да тілдің жүйесіне, оның фонетика, графика, лексика, грамматика, орфографиялық білімдеріне сүйенетін сөйлеу дағдылары дамиды. Жазбаша сөйлеу ауызшаға қарағанда қатаң нормаларға сүйенеді. Өйткені жазуда барлық қателер мен кемшіліктер көрініп тұрады. Жазбаша жұмыстардың сөз тіркестерін құрастыруда (жазбаша сөйлемдер ұзақ), сөз таңдауда, грамматикалық формаларды пайдалануда көптеген ерекшеліктері бар. Жазбаша сөйлеуді меңгере отырып, балалар стиль (ғылыми стиль, көркем әдебиет стилі, публицистикалық стиль, ауызекі сөйлеу тілінің стилі, ресми іс қағаздар стилі ) ерекшеліктерін ұғынады. Форма дегеніміз – тіл құралдарының көмегімен болатын тілдің сыртқы көрінісі. Стиль – белгілі бір қатынастың түрінде тілдік бірліктерді сұрыптап пайдалану арқылы, ойды жеткізу мәнерінің көрінісі. Мұның барлығы балаларда өз-өзінен қалыптаспайды, оларға үйретіледі.
Тіл дамытудың әр сыныпта белгілі бір мөлшері белгіленеді. Сондай-ақ тіл дамыту мәдениеті, оның бүкіл мәнерлілік мүмкіндіктері де анықталады. Оқушыларға тілдің дыбыстық жағын игеру, дұрыс дыбыстау, сондай-ақ сөйлеу арқылы қатынас жасау барысында баланың мінез-құлық мәдениетінің жоғары болуын қадағалау, дұрыс сөйлеу қалпына әдеттендіру, зейіні мен көзқарас мәнері, жаңа жағдайда өзін ұстауы, т.б. толып жатқан мәселелер де тіл дамыту жұмысында іске асырылады. Сөйлей білуге дағдыланудың негізі бастауыш сыныптарда қаланады: балалар алғаш рет осында ғана әдеби тілмен, тілдің жазбаша түрімен беттеседі, тілді жетілдіру қажеттігін ұғынады.
Сөйлеу – адам әрекетінің ең бір кең, күрделі саласы. Тіл дамыту үш салаға бөлінеді: сөздік жұмысы, сөз тіркесі және сөйлеммен жұмыс, байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмысы. Бұл жұмыстар бір-бірімен байланыстырыла қатар жүргізіледі. Әсіресе байланыстыра сөйлеуге үйрету жұмысында қалған екеуінде (сөздік және сөз тіркесі мен сөйлем құрау жұмысында) үйренген білім, дағды, шеберліктері ұштасады, яғни ойлау, жүйелеу, мәтін құрау, материал жинау, сонымен қатар графикалық -орфографиялық шеберліктері іске асырылады.
Жазбаша тіл дамытуда көңіл аударылатын негізгі мәселенің бірі жүйелілік, мақсаттылық екені мәлім. Әрбір жаңа жаттығу бұрынғы өтілгенмен байланысты бола отырып, сәл ғана болса да бір жаңалық қосуға тиіс. Мұндай байланыс грамматика мен орфография курсында оңай анықталады. Әрбір жазылған жаттығу жұмыстарының алдына қойған мақсаты болуы керек.
Тіл дамыту оқушылар мен мұғалімнің бірлескен ұзақ жұмысын талап етеді. Тіл дамыту жаттығуларын мүмкіндігінше түрлендіре жүргізу, оқыту барысында балалардың жасына лайық жұмыс түрлерін кеңінен қолдану – бұл жұмысқа қойылатын басты талаптардың бірі болып табылады. Сонымен қатар, баланың сөйлеуіне, сөз қолданысына оқу мен грамматика сабақтарында ғана емес, барлық сабақтарда да үнемі көңіл қойып, жан-жақтан қолға алынса ғана едәуір нәтижеге жетуге болады.