ІІ-тарау. Бастауыш сыныпта жүргізілетін диктант түрлері 2.1.Бастауыш мектептегі диктанттың түрлері, оны жүргізудің жолдары
Жалпы мектеп тәжірибесінде диктант жүргізудің негізгі мақсаты – оқушылардың сауаттылығын байқау, сауатты жазуға төселдіру, олардың тілін дамыту және тілдің теориясын іс жүзінде игеру. Бастауыш сынып оқушыларының сауатты жазу дағдыларын тұрақтандыру үшін, диктанттың көптеген түрлерін қолдануға болады. Өйткені, диктант орфографияны грамматикалық ережелер негізінде сапалы түсіндіруге себеп болады.
Аталған мақсаттарды көздей отырып, бұл жұмыстың барысында мынадай міндеттер қойылады:
қазақ тілінің жазба жұмыстарына жататын тапсырмаларды анықтау;
диктант түрлерін саралау, олардың алуан түрлерін жүргізудегі мақсатын анықтау;
диктант түрлерін сабақтың қай кезеңінде жүргізуге болатынын анықтау;
диктант түрлеріне берілетін мәтіндердің, сөйлемдердің, сөздердің көлемін жобалау;
диктантты тексеру жолдарын анықтау;
диктант түрлерін жүргізгеннен кейінгі бағалауды анықтау.
Жоғары сауатты адамдарды даярлауды қамтамасыз ету орта мектептің ең басты міндеттерінің бірі болып саналады. Оқушылардың грамматикалық ережелерді берік әрі сапалы игеруін үйрете және талап ете отырып, мұғалім олардың сауатты жазуын да бақылайды.
Жоғары сыныптардағы қазақ тілі сабағында жазба жұмыстарды өткізу үшін, яғни түрлі тақырыптағы шығарма, мазмұндама жаздырудың, практикалық жұмыстар жүргізудің, түрлі жаттығулардың, көшіріп жазудың, керекті сөздердің, әріптердің, буындардың орнына көп нүкте қойып, оларды оқушылардың өздеріне таптыру, сұрақтарға жазбаша жауап бергізу сияқты түрлері көп.
Оқушыларды бір сарынды, біркелкі жаттығулар жалықтырып жібереді. Сондықтан сабақта өтілетін тақырып мазмұнына байланысты жазба жұмыстарды шығармашылық түрде таңдай білгенде ғана оқушылардың ынтасы артып, жұмыс орындау үстінде өзіне деген сенімді күшейте түспек, сол жазба жұмыстарын түрлендіре түсетін мәселелердің бірі – диктант. Сонымен, диктанттың мынадай түрлері бар: түсіндірме, сөздік, терме, өздік, екін, шолу, бақылау, шығармашылық , т.б. Диктант түрленінің бастауыш сыныптарынан бастап жүргізілетіндігі анық. Оған арналған диктант жинақтары бар. Білім ерекшелігі мен жас ерекшеліктеріне байланысты әр сыныпта берілетін материалдар жеңіл әрі қысқа түрде болатыны белгілі. Диктантта берілетін мәтіндердің көлемі жобамен алынады. Мысалы, сөздік диктант үшін 8-10 сөзден беруге болады. Терме диктантқа 10 сөйлем оқылады да, оның ішінен 10 сөз теріп жазады. Диктанттың жалпы көлемі баланың білімі, жас ерекшелігі, мұғалімнің қойған мақсаты, материалдың оңай, жеңілдігіне байланысты жүргізіледі. Бұл туралы Лепесованың мақаласында диктант түрлеріне мысал: сөздік диктантқа 100 сөзден, терме диктантқа 110-117 сөзден құралған сөйлемдерді берген. Бір сабақтың барысында мұнша сөздердің барлығын қамту мүмкін емес. Диктанттың бұл түрлері көбінесе сабақ барысында жүргізіледі. Соған орай сабақта жүргізілетін басқа да жұмыс түрлері орындалмай қалуы да мүмкін. Мысалы, жаңа сабақты түсіндіруде карточкамен жұмыс, тақтамен жұмыс, оқулықтағы жаттығуларды орындату, т.б. мәселелер назардан тыс қалады. Сондықтан, педагогикалық тәжірибе кезінде сабақ процесінде әр диктанттың түрлеріне жобамен 8-10 сөз немесе сөйлемнен беріп отыруға болады. Осы мөлшерде беру (8-10 сөз) оқушылардың тез ұғуына тиімді болады және диктанттың басқа да түрлерін жүргізуге уақыт та көп қалып отырады.
Ескерту: егер жаттығу диктанттарының бірін жүргізуде мақсатты бір тақырыпта диктанттың бір түрі арқылы балалар білімін білу керек болған жағдайда, онда диктанттың қай түрінің тиімділігіне назар аударып, көлемін көбейтсе, онда оған арнайы уақыт беріледі (бақылау диктантының уақытындай уақыт беруге болады) онда бұл диктант түрін (алынып отырған диктантты) арнайы бағалауға да болады. Бірақ әдістерін түрлендіре жүргізу қажет. Онда ол түсіндірме диктантымен кіріктіріле жүргізіледі. Түсіндірме диктанты диктанттың қай түріне болса да кіріктіріле жүргізіледі.
Диктант түрлері жөнінде ғалымдар әр түрлі пікірде. Диктант жөніндегі И. Ұйқыбаевтың «Диктанттың түрлері және оларды өткізу методикасы» атты мақаласында диктанттың мынадай түрлері берілген: сөздік, терме, түсіндірме, шығармашылық, еркін, өздік, шолу, бақылау диктанты. Сол сияқты профессор ғалым Есеновтың «Қазақ тілінен диктант жүргізу әдістері» атты мақаласында жалпы орфография жайында диктанттың мәні, мазмұны жайлы теориялық тұрғыда айта отырып, диктанттың түрлеріне тоқталады. Бұл жерде екі ғалымның да диктант түрлеріне берген анықтамаларының мағыналары да, түрлері де бір. Ұйқыбаев та өзінің еңбегінде диктанттың 8-түрін шолу диктанты деп атаған. Есеновта да сол диктант түрлері қайталанады. Соған ескерту диктантын қосқан. Шолу диктанты оқып кеткен тақырыптарды пысықтау үшін жүргізілсе, ал ескерту диктанты белгілі бір тақырып бойынша орфографиялық және пунктуациялық ережелер түсіндіріліп, содан соң мәтін жазылады. З.Ахметова осы ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, диктант түрлерінің практикалық жолдарын берген.
Орыс педагогикасының классигі К.Д.Ушинский айтқандай: «... сауаттылық үшін адамға грамматикалық ережелерді білу аз, сол ережелерді оқушылар лезде орындай білуге дағдылану керек ».
«Егер қазақ тілі пәніне берілген сабақтарға диктанттың аталған түрлері уақытылы және жиі өткізіліп, оқушыларға түсіндірілген болса, бұл пәннен оқушылардың тұрақты білім алуын қамтамасыз ететіні сөзсіз. Ол үшін бұл пәннің оқытушылары өтілген әрбір жаңа тақырыптардың оқушыларға неғұрлым түсінікті болуына ерекше назар аударуы керек» - деп атап өтеді профессор Есенов.
«Сауаттылықты күшейту үшін, грамматиканың, орфография мен пунктуацияның негіздерін жете меңгеру үшін диктанттың түрлерін әрбір мұғалім орынды қолдана білуі тиіс» - дейді тәжірибелі ғалым И. Ұйқыбаев.
Мектептерде оқушылардың сапалы білім алуына, олардың өз ана тілін жете білуінің маңызы зор. Олай болса, жазба жұмыстарды түрлендіру, қатемен жұмыс жасай білу, балалардың тілін дамыту бүгінгі күннің талабына сай жүргізілуі керек.
Осы айтылған жұмыс түрлері үнемі жүйелі түрде жүргізіліп отырса ғана оқушылардың білім дәрежесі өседі, тілдік қоры дамиды, сауатты жазуға машықтанады.
Диктант түрлері туралы түсініктерді сызбаға түсіру арқылы баяндалса, ұстаздардың естеріне тез сақталып және жүргізу жолдарын тиімді пайдалана алады.
Сабақ барысындағы оқулықтағы жаттығулар, тағы басқа да жазба жұмыстарымен бірге диктант түрлерінің біразын міндетті түрде кіріктіріп отыруға болады, ең қарапайым диктанттың бір түрін жүргізсе де, сабақтың мазмұны тағы бір жұмыс түрімен түрленеді және оқушылардың сөздік қорын дамытуға өз септігін тигізеді. Диктант оқушылардың грамматикалық ережелерді қалай түсінгенін байқау мақсатында жиірек жүргізіледі. Әр орфографиялық ережелерді дұрыс жазуға және оқушылардың ой өрісін кеңейтіп, тілдік қорын дамыту мақсатында да ескеріліп отырады.
Бастауыш сыныптарда жүргізілетін диктант түрлері мыналар: бақылау диктанты, еркін диктант, түсіндірме диктант, шығармашылық диктант, көру диктанты, терме, есту диктанттары.