Дәріс 4. Ой қозғау кезеңінде қолданылатын стратегиялар RWCT (Reading and Writing for Critical Thinking) технологиясы және оның стратегиялары: Қазіргі таңда адам қызметінің барлық салаларында жаһандану үрдісі орын алғандықтан, білім беру саласында қайта қарастырулар жетілдіруде. Белгілі ғалым Дайана Халперн «Сыни ойлау-ойлаған түп нәтижеге жету үшін танымдық техникаларды пайдалану арқылы шығармашылықпен әрі қарай бағыттап ойлану» деген.
Сыни тұрғыдан ойлау дәстүрлі оқытудан басты айырмашылығы- білімнің дайын күйінде берілмеуі. Сонымен қатар сыни тұрғыдан ойлау көбінесе баламалы шешімдерді қабылдауға, бір нәрсені елестетуге, ойлау және іс-әрекеттің жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерін еннгізуге дайын болуды көздейді.
Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын технологиялар баршылық. Солардың бірі оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамыту технологиясы. Бұл технология Кеңес өкіметі кезінде 1973 жылдан, Қазақстанда 1997 жылдан бері таныла бастады. Оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлау, яғни, RWCT жобасы 29 мемлекетте қолданылады. Технологияның негізін қалаушылар американдық ғалымдар Чарльз Темпл, Джон Дьюи, Мередит. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы – әлемнің түкпір – түкпірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі. Кезінде жоба ретінде ұсынылып, көпшіліктің қолдауын тапқан бұл технологияда Ж.Пиаже, Л.С.Выготский, Эльконин Давыдовтардың, басқа да ғалымдардың еңбектерінің ең құнды жерлері көрініс тауып, идеялар тоғысып, біріктірілген іспетті.
Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясының басты мақсаты – дамыта оқыту негізінде «Сыни тұрғыдан ойлау арқылы оқу мен жазуды дамыту» бағдарламасын іске асыру, балаларға терең білім беру. Қазіргі заманғы педагогикалық технология ретінде ең озық əдістерді дер кезінде игеру, іздену арқылы бала бойына дарыту, одан өнімді нəтиже шығара білу – əрбір ұстаздың басты міндеті. RWCT бағдарламасы – ағылшын тілінен аударғанда «Сын тұрғысынан ойлау үшін оқу мен жазу» дегенді білдіреді.
«Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасы бойынша ол:
- шыңдалған ойлау, кез келген даму деңгейіне байланысты мəселелерге сын көзбен қарау;
- күрделі мəселелерді шешуге, аса маңызды, жауапты шешім қабылдауға құштарлық;
- үйрету мен үйрену бірлігінің, үйренудің қызығушылығынан тұратын, үйренушінің сеніміне негізделген құрылым.
«СТО-ды дамыту» технологиясы - оқушылардың мәтінмен жұмыс дағдыларын дамытуға ауызша және жазбаша тілдің барлық түрін қарым-қатынас дағдыларын меңгертуге бағытталған технология.
Сын тұрғысынан ойлау әдісі, оқытуда дамыған технологияға жатады. Бұл иллюстривті-түсіндірмелі, өз бетімен іздену, проблемалық, шығармашылық, ойын, пікірсайыс, өзін-өзі дамыта оқыту әдістерінің жинағы. Сын тұрғысынан ойлау бағдарламасы қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерінен тұрады. Осы кезеңнің мақсаты бұрынғы білімін жаңа біліммен ұштастыру.
Ағылшын тілі сабақтарында оқушылардың білім–біліктілік, танымдық, коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыруда ойын элементтерін қолданудың маңызы зор. Сабақ үрдісінде оқушыларға ойынның мақсаты мен талаптары, ережесі толық түсінікті болуы өте маңызды рөл атқарады. Ойын әдісі арқылы оқыту олардың, пәнге деген қызығуын арттырамыз, өз ойын, пікірін, көзқарасын білдіруге, екінші бір адамның жауабын тыңдап, оны толықтыруға, жетістіктері мен кемшіліктерін айта білуге жаттығады.
Сыни ойлау сабағының құрылымдық формуласы 3 кезеңнен тұрады: I. Brainstorming ( «көпір жасау», ой қозғау) – қызу оқу жұмысымен шұғылдануға қызығушылықтың оянуы. Бұл кезеңде мұғалім бұрынғы білетін білімдерін жаңа материалмен ұштастыруға жағдай жасайды. Сабақтың мазмұнына сай алынған стратегиялар арқылы оқушылардың ойы шыңдалып, аршылады. Сабаққа белсенділігі, ынта – жігері артады. Бұл кезеңде мұғалім жаңа ақпаратты таныстырады.Тақырып бойынша жұмыс жасауға итермелейді.