Құнанбай күлгенге, үйдің ішіндегі əйелдер де күлді (М. Əуезов). Қой өт- келге, су бетіне май бітпес. Салқын самал желпігенге, қарағайлар да мəз, ырғала теңселіп, іштей ыңылдай, үнсіз уілдеп, əндетеді (К. Толыбаев). Сырт жүріп сырын алмағанға, сұмырай көрініп жатыр да бұл құм (М. Тиесов).
«Өткен шақ есімше + субстантивтік жұрнақ -дық + шығыс септік жалғау» (келгендіктен) үлгісінде баяндауыш бағыңқы компонент- ке қатысып, сабақтас құрмалас сөйлем құрады. Компоненттер себептік қатынасқа түседі – бағыңқы хабарлаған оқиға басыңқыда айтылған оқиғаға себеп болып байланысады.
Бұл жердің қысы қатты болғандықтан, жұрт шөпті мол дайындайды (С. Мұқанов). Бірақ қазір Базаралының көзі бадырайып кеп Оразалы мен мұның өзін тапқандықтан, Күнтуға жауап айтуға тура келді (М. Əуезов).
«Өткен шақ есімше + мен (көмектес септік жалғау)» (айтқанмен) үлгісіндегі баяндауыш бағыңқы компонент құрамында тұрып, оны ба- сыңқы компонентпен байланыстырады. Осылай құрылған құрмалас сөй- лемнің компоненттері қарсылықтық қатынасқа түседі – басыңқы хабар- лаған оқиға, іс-əрекет бағыңқы білдірген оқиғаға, іс-əрекетке қарсы тү- сіп тұрады – оның болмай қалғанын немесе тежеулі, шегерулі екенін, кедергісін хабарлайды.
Сондай жерде ұрысқанмен, түзелем бе (М. Əуезов). Үй ішіне су сеуіп ылғалдап қойғанмен, көйлегің теріңе жабысып, былжырайды да тұрады (Д. Досжанов). Қимыл-қозғалысы шабандау тартқанымен, сұсы басым, түсі суық (Р.Рамазан). Жамбыл биыл сыриып бойы өскенмен, денесінде артық қырым еті жоқ, тым азғын, боп-боз еді (Н. Қапалбеков). Сыртым шуақ болғанмен, ішім боран (Ж. Əбдіралиев).
Осы мысалдардан байқалатын жай – қарсылықтық қатынастың нақты көрінісі салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдерде бірдей.
Таксистік қатынасты ілгергі аталғаннан да түрлендіріп, молықтыру қажеттілігін өтеу үшін – ған тұлғасы септеуліктерді көмекке алды. Ол септеуліктер мыналар:
1) кезде; 2) кейін, соң; 3) дейін, шейін; 4) сайын.
Бұл септеуліктердің көбі септік жалғаулы есімшеге үстеледі: келгеннен кейін (соң), келгенге дейін (шейін). Екі-үш септеулік кезде, сайын, соң – түбір күйіндегі есімшеге үстеледі: келген кезде, келген сайын, келген (нен) соң. Септік жалғаулы тұлғаға үстелген септеуліктер сол тұлғаның мағы- насына үстеме мағына қосады: келгенге дейін, келгеннен – келгеннен соң, т.б.
-ған кезде (айтқан кезде) тұлғалы баяндауыш қатысып құрылған құрмалас сөйлем бағыңқыда айтылған оқиға болған тұста басыңқы атаған оқиға да болатынын хабарлайды.
Самал таң етегіндегі жазықты аралап кетіп, біразға дейін оралмаған кезде, ерке жапырақтар күлмей, ойнамай, томсарады да қалады (К. Толы- баев). Ашық терезеге бандалар лап қойған кезде, бұлар да жетіп үлгеріпті (Б. Нұржекеев).
-ғаннан кейін (соң) тұлғалы баяндауыш (барғаннан кейін) қатысқан конструкция басыңқы айтқан оқиға, іс-əрекет бағыңқы атаған оқиға, іс- əрекет болған уақыттан соң іске асатынын білдіреді.
Ол келген соң, əжем біраз отырып, жүн түтуге кірісті (С. Мұратбеков). Осылай ұйымдасқан құрмалас сөйлем себептік қатынасты да білдіреді: бағыңқы хабарлаған оқиға басыңқы хабарлаған оқиғаға себеп ретінде келеді.
Осындағы ағайындар қаумалап отырып алған соң, іші қан жылап жүріп, ет комбинатына өткізген (Д. Досжанов). Қайтейін, астаналық трестің білдей директоры шабылып телефон соғып жатқан соң, сол ди- ректормен сөйлесейік дедім (Д. Досжанов).
Баяндауыштық форманың (-ған соң) себептік мағынасы мезгілдік ілес мағынасы негізінде пайда болып отыр.
Марқакөлде майға бөккен мал мен ел, тау ызғары жамбасынан өткен соң, етектегі қыстауына еңбектесіп түскен еді (Ж. Аймауытов). Тыста бағанағыдай тағы да ит шулаған соң, тазысымен келген солар болар деп, үйден шықтық (М. Əуезов).
-ғанға дейін (шейін) тұлғалы баяндауыш (жеткенге дейін) бағың- қы компонентке қатысып, сабақтас құрмалас сөйлем құрайды. Компо- ненттердің арасындағы синтаксистік қатынас мынандай. Басыңқы хабар- лаған оқиға, іс-əрекет бағыңқы хабарлаған оқиғадан, іс-əрекеттен бұрын, озып орындалатынын уақыт межесі ретінде көрсетіледі.
Олар бөктер айналып жеткенге дейін, мына төбесімен сіздер де жетіп қаласыздар (М. Əуезов).
-ған сайын (ілгерілеген сайын) тұлғалы баяндауыш ұйымдастырған конструкция мезгілдік қатынасты білдіреді – басыңқы хабарлаған оқиға, іс-əрекет бағыңқы хабарлаған оқиғамен, іс-əрекетпен қатар жүретін немесе қатар қайталап тұратын боп көрінеді.
Трактор тоқтаған сайын, оған су құйып тұрдық (К. Сегізбаев). Ғазизаның көңілін бұл қиял кернеген сайын, үйге кіру керексіз бола бас- тады (М. Əуезов). Ол кешіккен сайын, мен мазасызданып, шарқ ұрып, кең дарбазаға симай кетемін (А. Ілиясова).
-ғанша38 формалы баяндауыш ұйымдастырған конструкция мынандай мағыналық қатынастарды білдіреді.
38 Кейбір түркологиялық еңбектерде -ғанша көсемше тұлғалар қатарына жатқызылған. Дми- триев Н.К. Грамматика башкирского языка. – М.-Л., 1948. – 186-б.
а) мезгілдік-басыңқы хабарлаған оқиға, іс-əрекет бағыңқы хабарлаған оқиға, іс-əрекет болмай, жүзеге аспай тұрып орындалғандығы, орындала- тыны мезгілдік меже ретінде көрсетіледі.
Күн қызғанша, жолға шығып кетейік (Д. Досжанов).
ə) «жедел өткен шақ етістік + дегенше» үлгісімен жасалған баян- дауыш ұйымдастырып, құрмалас сөйлем оқиғалардың біріне-бірі ілесе орындалғанын экспрессивті етіп хабарлайды.
Əр үйдің егістік жері бар. Көктем басталды дегенше, олар егістік жерін жыртады (Ж. Əлмішұлы). Түйенің үстінен жолбарыс ырғып өтті дегенше, əлгі түйеден қайран кетеді (Д. Досжанов).
б) Қарсылықтық – басыңқы хабарлаған оқиға, іс-əрекет бағыңқы ха- барлаған оқиғадан, іс-əрекеттен гөрі талғаулы, артық екендігі білдіріледі39. Опырмай, мынаны көргенше, жер жарылып, жұтып кетсеші бізді (М. Əуезов). Жатқа да жақынға да жығылып төсек болғанша, осынысы
дұрыс та (Ə. Ақпанбет). Елдің ағасы болғанша, судың сағасы бол.
Достарыңызбен бөлісу: |