Елдің қоғамдық-саяси өмірі. 1921 ж. маусымда өткен Бірінші бүкілқазақтық партия конференциясы елдегі экономикалық жағдаймен қатар қоғамдық-саяси өмірдің мәселелерін қарастырып, ауылда социалистік құрылысты жүзеге асыруды алға қойды. Осы міндетті жүзеге асыру үшін ең алдымен кеңестерді құру мәселесін қолға алды. 1921 жылы Қазақстан Орталық Атқару Комитеті кеңестерге сайлау ережесін бекітті. Осы ереже бойынша селолық, ауылдық және қалалық кеңес депутаттарының мерзімі 6 ай болды. Губерниялық, уездік және болыстық атқару комитеттері 6 айға, ал ҚОАК-ті - 1 жылға сайланды. Кеңестердегі халық өкілдерінің нормаларын көбейтті. 150 тұрғындары бар ауылдарда кеңестер құрылды, яғни 50 тұрғынға бір депутат сәйкес келді. Бұрын кеңестер 300 тұрғындары бар ауылдарда құрылуға тиіс еді.
Ресейдегі халықтарды біріктіру мәселесі партияның Орталық комитетінде талқыланды. Бұл мәселе бойынша екі пікір болды. Сталин «автономизация» идеясын ұсынды, яғни барлық ұлттарды, барлық кеңестік респубикаларды РКФСР құрамына автономия құқында ендіру. Ленин кеңестік республикалар одағын құруды ұсынды. 1922 жылы Орталық комитеттің қазан пленумында Украина, Белоруссия, Закавказ республикалары және РКФСР арасында КСРО құру жөнінде келісім жасау қажет деп қаулы қабылдады. 1922 жылы 30 желтоқсанда Мәскеуде КСРО Кеңестерінің бірінші съезі болды. Съезд КСРО құрылғандығы туралы декларацияны және одақтық келісімді қабылдады. Съезд ең жоғарғы заң шығарушы орган КСРО ОАК сайлады. Қазақстан КСРО құрамына РКФСР құрамындағы автономиялық республика болып енді.
Қазақ АКСР-нің ОАК-ті қазақ және орыс тілдерін пайдалану тәртібі туралы декрет қабылдады. Декретте кеңес үкіметінің заң құжаттарын екі тілде жариялау, жоғарыдан төменге дейін екі тілде қатынас жасау міндеттері белгіленді. Осыған орай Қазақстан өкіметі барлық халық комиссарлары мен ҚОАК-нің мүшелеріне қазақ тілін жедел игеруге кірісуді ұсынды. 1923 жылы 22 қарашада «Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу туралы» жаңа декрет қабылданып, барлық облыстар мен кейбір уездерде 1924 жылдың 1 қаңтарынан іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді ұсынды. Бұл науқан көптеген жерлерде қазақтардың орыс тілінен мүлде хабарсыздығынан, ал партия және кеңес қызметіндегі европалық ұлт өкілдерінің қазақтардан мүлде оқшауланып қалғандығынан, Кеңес үкіметінің амалсыздан жүргізген шарасы еді. ҚОАК-ті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге көшірудің соңғы мерзімі 1927 жылдың 1 қазаны болып белгіленді.
Кеңес үкіметі өлкеде сауатсыздықты жою, яғни өлке тұрғындардың сауатын ашу мәселесін көтерді. Әсіресе, ол үкіметтің 1929 жылы «Сауатсыздықты жою жөніндегі жұмыс туралы» қаулысынан кейін кең өрістеді. Алайда, сауатсыздықты жою шаралары қаржы тапшылығы, мұғалімдердің, оқулықтар мен оқу құралдарының жетіспеуі сияқты үлкен қиыншылықтарға тап болды.
Жастарға білім беруді жақсарту үшін мектептер ашу ісі қолға алынды. 1920-1921 оқу жылында сауатсыздықты жою жөніндегі 2412 пункт жұмыс істеп, оларда 27,3 мың адам оқыған болса, 1924-1925 оқу жылында тиісінше - 6677 пункт және 1731 мың адам сауатын ашты. 1928/29 оқу жылында 4397 бастауыш, 142 жетіжылдық, 29 екінші сатыдағы мектептер жұмыс істеді. Білім беру саласында ұлттық мектептер жүйесі қалыптаса бастады. 1927 жылы қазақ мектептерінің саны 1600 болды. Алайда осы мектептердің ішінде мектеп үйі барлар саны 40-қа әзер жетті. VІ партия конференциясында мектептердің көбі тек қағаз жүзінде екені, ауылдағы мектептердің үйі жоқ, үйі болса орындықтары жоқ, орындықтары болса оқулықтары жоқ екені атап көрсетілді. Соған қарамастан мектеп жасындағы балаларды оқуға тарту жұмыстары жүргізілді. 1935 жылы мектеп жасындағы балалардың 91% оқуға тартылды. 1935/36 оқу жылында алғаш рет 11 қазақ баласы орта мектепті бітірді.
Кеңес үкіметі Қазақстанда ғылымды қалыптастыру мәселесімен де айналысты. Алғашқы ғылыми-зерттеу мекемелері: 1922 жылы – Денсаулық халкомының қасынан өлкелік химия-бактериологиялық лабораториясы, 1924 жылы - өлкелік өсімдікті қорғау станциясы, 1925 жылы - санитарлық-бактериологиялық институты ашылды. 1932 жылы Қазақстанда 12 ғылыми-зерттеу институттары, 15 тәжірибе станциялары, 186 лабораториялар мен т.б ғылыми орталықтар жұмыс істеді. Осы кезде КСРО ҒА-ның қазақстандық базасы құрылып, 1938 жылы КСРО ҒА-ның филиалына айналды. Геология және биология ғылымдарынң нәтижелері бүкілодақтық көлемде танымал болды.
Кеңес үкіметі ұлттық әдебиеттің орнына кеңестік әдебиет пен өнердің қалыптасуына жағдай жасады. Осы кезде социалистік әдебиеттің негізі қаланды. С. Сейфуллин, С. Торайғыров, Б. Майлин, И. Жансүгіров, М. Әуезов, С. Мұханов, Ғ. Мүсірепов, Т. Жароков, Ғ. Орманов және т.б. кеңестік қазақ прозасы мен поэззиясының көрнекті өкілдері қалыптасты.
1926 жылы кәсіби театр өнерінің алғашқы қарлығашы қазақ драма театры ашылды. Оны Ә. Қашаубаев, Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов, Қ. Жандарбеков сияқты, кейін қазақ театр өнерінің майталмандары болғандар ұйымдастырды. Әнші Ә.Қашаубаев Париж, Франкфурт-на-Майне сияқты Европаның ірі қалаларының концерт залдарында өз өнерін көрсетті. Соғыс қарсаңында республикада қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, республикалық орыс драма театры, қазақ мемлекеттік опера және балет театры, ұлт аспаптар оркестрі, симфониялық оркестр, республикалық қуыршақ театры жұмыс істеді.
Большевиктердің ұлттық аймақтарда жүргізіп отырған саясатын ашық айыптап, оның бет пердесін айқындаған М. Шоқай болды. Қоқан автономиясы қуылған соң М. Шоқай Францияға қоныс аударады. 1929-39 жылдары ол «Яш Туркестан» журналын (117 нөмірі жарық көрді) шығарып, оның беттерінде кеңестік Түркістан мен дүние жүзіндегі оқиғаларға кең сыни талдау жасайды.
1920 жылдың 20-26 қаңтарында Ташкент қаласында Түркістан коммунистік партиясының конференциясы өтеді. Онда мұсылмандар бюросының төрағасы Т.Рысқұлов «Ұлт мәселесі және ұлттық коммунистік секциялар» туралы баяндама жасады. Онда Түркістан республикасында Ресейден түбірлі айырмашылығы бар ұлт саясатын жүргізу үшін ең алдымен негізі берік саяси ұйым құру қажеттілігі туралы айтылды. Конференция Т. Рысқұлов ұсынысымен жаңа саяси ұйымды «Түрік халықтарының коммунистік партиясы» деп атауға шешім қабылдады. Т. Рысқұловтың түрікшілдік идеяны жүзеге асырудағы ең батыл қадамы Мұсбюроның төтенше ІІІ конференциясында (1920 жылы 25 қаңтар) «Түркістан автономиялылығы туралы» тезистерін қабылдау болды. Т. Рысқұловтың Түрік республикасын құру туралы идеясы келешектегі түрік мемлекеттерінің конфедерациясын құруға апаратын жол еді. 1917 жылы Түркістан (Қоқан) автономиясын ұйымдастырған Мұстафа Шоқайдың арманы да осындай конфедерациялық мемлекет құру еді. Алайда, большевиктер Т.Рысқұловтың «Түрік республикасын құру» туралы идеясына қарсы шығып, ұлтшыл деп айыптады.
Қазақстанда қазақ кеңес және партия қайраткерлерін троцкизмге айыптау Троцкийдің 1928 жылы Алматыға жер аударылуына байланысты деуге болады. Алайда троцкистік оппозицияға қазақ қайраткерлерін жатқызу көңілге мүлде қонымсыз еді. Себебі, қазақстандық саяси қайраткерлер троцкизм тұрмақ әлі толық марксизм-ленинизм идеяларын толық меңгермеген еді. Осыған қарамастан 7-партия конференциясында С. Сәдуақасов, Сұлтанбеков және Мұстамбаевтар «троцкистік оппозицияның төңірегіне топтасқан негізгі ұйытқы» ретінде айыпталды.
Қазақ зиялыларына қарсы бағытталған айыптаулардың ішінде большевиктердің Алаш зиялыларына қарсы бағытталған күресі ең қатал және ымырасыз болды. Егерде 1920 жылдардың орта кезіне дейін большевиктер Алаш зиялыларына қарсы күресте әртүрлі айыптаулармен ғана шектелсе, одан кейінгі кезеңде ол өте-мөте қатал жаппай саяси қуғынға ұласты. Алаш зиялыларына қарсы күрестің жандануына 1925 жылы 29 мамырда Сталиннің Қазақ өлкелік партия комитетінің бюросына өлкелік «Ақ жол» газетінің ұстанған бағытын айыптап арнайы жазған хаты себеп болды. Ол хатта газет бетіндегі жарияланған мақалалардың бұл кезде шет елде эммиграцияда жүрген М. Шоқайдың ойымен «үндес және пікірлес екенін, яғни алашордашыл, ұлшыл идеяларды жаңғыртатыны» атап көрсетілді.
Кеңес өкіметінің өлкедегі әртүрлі айыптау науқаны жаппай саяси қуғын-сүргінге ұласты. Қуғын-сүргінді ұйымдастыру кезеңі 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың ортасы болды. Большевиктер ірі байларды тәркілеуге байланысты бас көтерулерді ұйымдастырушылар деп қазақ интеллигенциясын айыптады. Соның нәтижесінде 1928-шы жылдың аяғында қазақтың ірі ағартушылары, әдебиетшілері, әр түрлі саладағы зиялылары және Алашорда қайраткерлері А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, Х. Ғаббасов және т.б., барлығы 44 адам қуғындалып, тұтқындалды.
1930 жылдың қыркүйек қазан айларында ұлттық интеллингенцияның екінші бір тобы (40 - қа жуық адам), құрамында Х. және Ж. Досмұхамедовтер, М. Тынышпаев, Ж. Ақпаев, Ә. Ермеков және өзге де зиялы қауым өкілдері бар, тұтқындалды. Көп кешікпей олардың 15-і (Х. және Ж. Досмұхамедовтер, М. Тынышпаев, Ж. Ақпаев, К. Кемеңгеров және басқалары) Ресейдің Орталық қара топырақты ауданына жер аударылды.
Жаппай репрессия толқыны Қазақстанды да қамтыды. Қазақстанда бір жылдың ішінде үш іс қарастырылды. Олар Үржар, Пресновка және Қарағандыдағы «контрреволюциялық ұлшыл-фашистік залалдық ұйымдардың» істері болды. Ең алғашқы іс Қарағандыдағы сот ісі болды. Ондағы айыпталушылар тізімінде округтік партия ұйымының хатшысы М. Гатаулин, мүшелері А. Асылбеков, Н. Нұрсейітов болды. Олардың негізгі кінәсі – батылдылығы мен принципшілдігі. Сонымен қатар Гатаулин 1932 жылы Сталинге жазылған «Бесеудің хаты» авторларының біреуі болып табылады.
Кейін халық жауларын түсті металлургиядан, темір жол транспортынан, жерхалкомынан, байланысхалкомынан және т. б. жерлерден анықтап, жауапқа тарта бастады. Партия кеңес қайраткерлерінің тізімін Н. Нұрмақов (БОАК президиумының жауапты қызметкері), Т. Рысқұлов (РКФСР ХКК төрағасының орынбасары) Мәскеуде ұсталып бастаса, кейін ол тізімді Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы А. Асылбеков, Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Н. Нұрсейітов жалғастырды.
Тіпті орталықта не болып жатқанын білмейтіндер тағылған айыптардың еш дәлелсіздігіне қарамай жазаланды. Мәселен, 1938 жылы 27 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрамдық бес азамат «Киров жолдасқа қастандық жасаушылармен ауыз жаласқан саяси қылмыскерлер» болып шығады. Жауап алу барысында Сайрамда «буржуазияшыл-ұлтшыл топтың» 12 мүшесі анықталып, ол топ «облыстық ұйыммен», облыс «республикалық топпен байланысты», ал олардың барлығы «Мәскеумен тоғысты» деген қорытынды жасалады және үштіктің шешімімен «қылмыскерлер» атылады.
Қазақстан картасында Карлаг деген ерекше тәртіптегі Қарағанды еңбекпен түзеу лагері пайда болды. Тоталитарлық тәртіп туындатқан тағы бір лагерь – Алжир деп аталды. Жаппай репрессияға ұшырағандардың отбасы да қуғындалды. Алжир лагерінде осы қуғынға ұшырағандардың әйелдері ұзақ жылдар бойы мерзімдерін өтеп отыруға мәжбүр болды. Қуғынға ұшырағандарды орналастырып, оларды бақылайтын басқару органы ГУЛАГ пайда болды.
Елдегі осындай қуғын-сүргін мен қорқыныш күш алып тұрған жағдайда КСРО жаңа Конституциясының жобасы талқыланып, 1936 жылы 5 желтоқсанда қабылданды. Конституция елде социализм орнағанын жария етті. КСРО жаңа Конституциясы одақтас республикалар санын көбейту мүмкіндігін арттырды. Соған сәйкес Закавказ республикасы таратылды. Азербайжан, Армян, Грузин республикалары енді КСРО құрамына тікелей енді. Қазақ және Қырғыз автономиялық республикалары одақтас республикаларға айналды. Қазақ республикасының статусының өзгеруіне байланысты жаңа Конституция жасау қажет болды. 1937 жылы 3 ақпанда жаңа Конституция жобасын ҚазОАК-нің Президиумы қолдады. 1937 жылы 21-26 наурызда Алматыда Қазақстан кеңестерінің X съезі өтті. 1937 жылы 26 наурызда съезд Қазақ КСР-ның Конституциясын бекітті. Мемлекеттік биліктің ең жоғарғы органы төрт жылға сайланатын Қазақ КСР Жоғары Кеңесі болды. Жоғары Кеңес өзінің Президиумын сайлады және республика үкіметі - Халық Комиссарлар Кеңесін (ХКК) құрды.
Қорыта айтқанда, 20 жылдардың аяғы мен 30 жылдары қоғамдық-саяси өмірде әкімшіл-әміршіл большевиктік тәртіп үстем болды. Әсіресе, Қазақстанда бұл тәртіптің қатыгез формалары ұжымдастыру мен 1937-1938 жылдардағы саяси репрессия кезеңдерінде өрістеді. Кеңес үкіметі, яғни халықтың үкіметі, сол халықтың өзіне қарсы қуғын-сүргінді ұйымдастырып, жазықсыз ату-асу жазаларын қолданды.
Бақылау сұрақтары:
Аштықпен күрес комиссиясының жұмысына есеп берген баяндамасында Т. Рысқұлов Қазақстандағы аштық туралы не айтты?
ХХ ғ.20-жж. ірі жәрмеңкелерді атаңыз және 1926 жылы Қазақстанда неше жәрмеңке жұмыс істеді?
Байларды тәркілеуді жүзеге асыру үшін құрылған комиссиялар қандай жұмыстар атқарды?
Сталинге жазылған «Бесеудің хатының» мәні неде?
Корей халқының Қазақстанға жер аударылу себебі не?