Саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына арналған мемориал саяси қуғын-сүргіннің барлық құрбандарына арналған. Ол 1997 жылдың 6 маусымында, Қазақстан халық Ассамблеясының IV сессиясының ашылуы қарсаңында бой көтерді. Биік қорған тәрізді төбенің биіктігі 27 метр. Монументтің төменнен жоғары қарай 55 баспалдақтан тұратын сатысы бар. Ал, оң жағында қабырғаға қираған шаңырақ, құрғап кеткен жер, сонымен қатар, жазықсыз құрбан болғандарды жоқтап жылап жатқан адамдар бейнеленген.
XX ғасыр Қазақстан елі үшін ең ауыр кезең болды. Осыған байланысты Елбасы: «Мен халқымның көнбеске көніп, шыдамасқа шыдай білетін төзімділігіне қайран қаламын. Мәңгіліктің қатыгез тасқыны біржолата мүжіп, біржолата үгіп, біржолата шайып әкететіндей талай қилы кезең тұсында қиналса да, аман қала алыпты»,– деп толғанған еді.
2000 жылдың 7 мамырында салтанатты түрде Ауған соғысында қаза тапқан қазақстандықтарға қойылған мемориалашылды. Жып-жылтыр гранит тақтада ауған соғысында қаза болған 761 жауынгерлердің есімі мен ғұмыры үзілген жылы жазылған.
Қызыл түсті гранит Қазақстаннан шыққан жас солдаттар мен офицерлердің төгілген қанын білдіреді. Мемориалдың екі қапталында екі тілде ірі әріптермен «Ауған алауы жадымызда» деген сөздер қашап жазылған. Біз Ауғанстанда қаза болған жауынгерлеріміз бен офицерлерімізді есте сақтауға тиіспіз. Олар қияндағы алыс елге, Ауғанстан халқына «интернационалдық парызын» орындау үшін жіберілді. Ешкім де бұл әскери қызметті өзі таңдаған жоқ, тек бұйрық бойынша өздерінің әскери міндетін орындады. Ауған жерінде 115 мың кеңес жауынгері қаза болды. Осы қатыгез соғысқа 22 мың қазақстандық қатысты, соның 761-і қаза болып, Қазақстан жерінде жерленді. Осы алыс елде 62 ақмолалық өлім құшты, 2-еуі хабарсыз кетті. Бүгінде Астанадағы және республикадағы ардагерлер ұйымдары маңызды да, игілікті істер атқаруда. Олар жастарды өз еліне деген сүйіспеншілік пен адалдық рухында тәрбиелеумен айналысады.
«Отан қорғаушылар» монументі 2001 ж. 9 мамырда ашылды. Бұл монументтің сәулетшілері – А. Бексұлтанов пен Н. Конопольцев. Бұл ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі елімізді қорғау жолында құрбан болған батыр бабаларымыз бен жауынгерлерімізге арналған.Төртбұрыш пішінді тұғырдың үстіне орнатылған қола тақтада ана тұлғасы бейнеленген.Отан-ана ұстап тұрған символдық тостаған жұқа алтынмен қапталған. 24 метрлік мемориал 63 тонна таза қоладан салынған.
Бұл жерде фашистік Германияны жеңген Жеңіс күні шеруі жыл сайын өтіп отырады.
Кенесары Қасымұлына арналған ескерткіш Есілдің жағасында орналасқан. Ол 1837-1847 жылдар аралығында патша үкіметіне қарсы ұлт-азаттық күресті басқарған. 1838 жылдың жазында Ақмола бекінісін қоршауға алған болатын.
Әділеттілік ескерткіші 1998 ж. ашылды. Ол қазақтың атақты үш биі – Қазыбек, Әйтеке және Төле билерге арналған. Биік тұғырға орнатылған бұл ескерткішбилер сотының әділдігін бейнелейді. Билердің даналығы, шешендігі мен беделі ел ішінде жоғары болды. Бүкіл қазақ даласында беделді бұл билер шыншыл, адалдығымен әрі парасаттылығымен ерекшеленді.
Қаланың әдемі әсем ғимараттары қатарында Ұлттық музей, Академиялық кітапхана, Ұлттық архив және т.б.бар. 2011 жылы Халықаралық астаналар және ірі қалалар Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен «ТМД және ЕуразЭС үздік қаласы» ІІІ Халықаралық байқауында Астана 81 қаланың ішінен ең үлкен марапатқа ие болды.
Бақылау сұрақтары
1. Елорданы Астанаға көшірудің қандай себептері болды?
2.Жаңа елорда ретінде Ақмоланы (таяу келешектегі – Астананы) таңдаудың басты себептері не?
3. Астананы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы тарихи шешім қашан қабылданды?
4. Астананың негізгі сәулет ғимараттарын сипаттаңыз.