Пікір жазғандар: Кәрібаев Б. Б



бет62/93
Дата10.03.2023
өлшемі0,68 Mb.
#73115
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   93
Байланысты:
annotation165748

5.2 Астана қаласы Қазақстанның жаңа Елордасы
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың астананы көшіру туралы идеясы, әрине, күмән туғызды. Сондықтан Алматыдан Елорданы көшіру қажеттігі сендіруге тура келді. Шын мәнісіне, келгенде астана болатын қала шетелмен шекаралас болмағаны жөн. Көшірудің себептері, біріншіден, бұл кезде Алматының дамуы үшін аумақтық қор азайған еді. Қаланың кең түрде дамуы шектеулі болатын. Мегаполис 700 мың тұрғынға деп жобаланғанмен сол кезде оның тұрғындарының саны 1 миллионнан асып кеткен еді.Сумен қамтамасыз етудің қиыншылықтары болды. Екіншіден, Алматының экологиясы нашарлады. Әрі сейсмикалық жағынан қауіпті екені белгілі. Қаланың желдендірілуі өте төмен. Үшіншіден,жалпы республиканыңсолтүстік, солтүстік-шығыс және орталық өңірлерге қарағанда оңтүстік бөлігінде халық тығыздығы жоғары. Төртіншіден,Алматы жұмысқа қабілетті адамдардың барлығын жұмыспен қамтамасыз ете алмады, өйткені жаңа кәсіпорындарды ашу электр қуатының жетіспеушілігіне, шикізат, су және т.б. жеткізудің қиындығына байланысты ойдағыдай жүзеге аспады.Бесіншіден, астананың ауысуы геосаяси жағдайларға да байланысты болды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінде атап көрсеткендей:«Осы әрекетімен Қазақстан Солтүстікпен және Оңтүстікпен, Шығыспен және Батыспен тең құқықты ынтымақтастыққа ашықтығын паш етті». Алтыншыдан, елорданы көшіру қажеттігі мемлекетіміздің индустриалдық-инновациялық дамуы бағытындағы алға қойылған міндеттерге де байланысты болды.
Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарынан бастап болашақтағы жаңа елорда қай қала болады деген мәселе тұрды. Оның нұсқалары көп болды: Ақтөбе, Жезқазған, Қарағанды… Ақмола әлеуеті жағнан астана ретінде халықаралық стандарттар қойылатын 32 талапқа сай келді, яғни әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмикалық шарттар, қоршаған орта, инженерлік және транспорттық инфрақұрылым, құрылыс компаниясы, еңбек ресурстары, геосаяси аспектілер және т.б. болды.
Біріншіден, бас қала елдің географиялық дәл орталығында орналасты. Екіншіден, Ақмоланың көліктік қатынас жолдары ыңғайлы болды, яғни әуе жолы, теміржол мен автомобиль магистральдарының қиылысқан тұсында орналасты. Үшіншіден,қала төрт бағытқа қарай өсе алатын еді: географиялық жағдай бойынша кез келген бағытта даму мүмкіндігі болды. Төртіншіден,мұнда сейсмикалық қауіп жоқ. Бесіншіден,қаланың Есіл өзенінен жиналатын орасан зор су қоймасы бар. Алтыншыдан, геосаяси жағының да септігі болды, демографиялық және елдің қауіпсіздігі сияқты мәселелер де шешімін бірден тапты. Орыс тілді тұрғындардың Ресейге көшіп кетуіне байланысты, өлкеде тұрғындар санының күрт азаю қаупін төндірді. Жетіншіден,Ақмоланың таза әрі желдетілетін, жазық жерде орналасқан қала ретінде экологиясы таза болды.
Елорданы Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданған кезде мұнда небары 280 мың ғана тұрғындары бар еді.
Тәуелсіз жаңа мемлекет Қазақстанда жүргізілген реформалардың сәттілігі елордасын көшіруге қатысты мәселенің шешілуіне байланысты еді. Жаңа Қазақстанды жаңа елордада қалыптастыру керек болды. 1993 жылдың соңында Қазақстан Президенті елордасын Алматыдан республиканың басқа бір қаласына көшіру қажеттігін алғаш рет жария етті. Бұл жаңа бастамаға мүлдем сенбеген күмәншілдер де аз болған жоқ. Көпшілік ызғыған жел мен қақаған аяздан қорықты.
Ресми деңгейде бұл бастама 1994 жылы 6 шілдеде Н.Ә. Назарбаевтың республиканың Жоғарғы Кеңесі сессиясында сөйлеген сөзінде айтылды. Депутаттар қолдап, шұғыл түрде елорданы көшірудің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге нұсқау берген қаулыны қабылдады.
Бұдан кейінгі оқиға былайша өрбіді: 1995 жылдың 15 қыркүйегінде Мемлекет басшысы елорданы Ақмолаға көшіру туралы Жарлыққа қол қояды да, осы жылдың 28 қыркүйегінде үкімет Мемлекеттік мекемелерді көшіру жөніндегі комиссияны құрады. 1997 жылдың 20 қазанында тәуелсіз Қазақстанның өмірінде маңызды тарихи оқиға орын алды: Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің елордасы Ақмола болды.
1997 жылғы 8 қарашада елордаға мемлекеттік биліктің ерекшелік белгілері – ту, елтаңба және Президент штандарты әкелінді. Парламенттің қос палатасының бірлескен мәжілісінде Н.Ә. Назарбаев: «Бүгін біз, Қазақстан Республикасының өкіметінің жоғарғы органдары 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола мемлекетіміздің астанасы болып табылады деп салтанатты түрде мәлімдейміз», – деп атап көрсетті.
1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. 1998 жылы ЮНЕСКО шешімімен Қазақстанның жаңа елордасына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы мен медалі табысталды. Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың халықаралық таныстырылымы 1998 жылдың 10 маусымында бірқатар шет мемлекеттердің басшыларының қатысуымен өтті.
Астана – егеменді Қазақстанның жаңа елордасы. 1997 жылы Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев астананы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл тарихи шешімнің қабылдануына қаланың өте ірі көліктік жолдардың тоғысында, еліміздің ұтымды геосаяси орталығында орналасуы себепкер болып, ол көп жағдайда біздің жас мемлекетіміздің келешек қарқынды дамуын айқындап берді. 1998 жылы 6 мамырда жаңа елорданы Астана деп атау туралы шешім қабылданды. Ал 20 мамырда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» ҚР-ның Заңы қабылданды. Осы жылғы 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.
Астананы тұрғызуға АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Кувейт, Катар, т.б. мемлекеттер көмектесті.
Бірінші Президент Н.Ә. Назарбаев «Еуразия жүрегінде» кітабында: «Құрама Штаттарға сапар кезінде мұнай компанияларының өкілдерімен кездесуде «Қазақстан» спорт кешенін салуға кеткен 11 млн доллар қаражаттың недәуір бөлігін жинап алғаным есіме түседі. Егер гранттар мен өтемсіз инвестициялар есебінен салынған объектілерді жай ғана санамалап шықсақ, әжептәуір тізім болар еді. Мысалы, Президент Ақордасы Әбу-Даби даму қорының гранты есебінен салынды. Бұл – 72 миллиондай доллар. Парламент Сенатының ғимараты Сауд Арабиясының гранты есебінен бой көтеріп отыр. Бұл 12 миллиондай доллар. Ұлттық кітапхана «Аджип» және «Қарашығанақ Петролеум» инвестицияларының есебінен жасалуда. Бұл 11 миллионнан астам доллар. Оның үстіне «Аджип» Үкімет үйінің құрылысына 9 миллиондай доллар және «Оқжетпес» шипажайын реконструкциялауға 11 миллионнан астам доллар қаржы бөлді. Стадион құрылысын «Испат-Кармет» қаржыландырып отыр. Бұл 38 миллион доллар. «Нұр Астана» мешіті Катар мемлекетінің 15 миллион доллар гранты есебінен тұрғызылды. Астана қаласы әкімдігінің ғимаратына Кувейт қоры 10 миллион доллар грант бөлді. Құны 33 миллиондай доллар тұратын «Астана-Тауэр» бизнес орталығын Түркияның ABS орталығы қаржыландырды. 5 миллион долларлық Кардиология орталығы Сауд Арабиясы корольдігінің гранты есебінен салынды. «Қазақмыс» 7 миллион доллар тұратын дипломатиялық қалашық құрылысын қаржыландырды», – деп жазды.
1997-1999 жж. Астананың ондаған көшелерінің атауы өзгертілді. Мысалы, Катченко көшесі Манас көшесі болып өзгертілді, К. Маркс – Кенесары, Октябрьская – М. Әуезов, Комсомольская – Желтоқсан, Ленин – Абай, Орджоникидзе – Отырар, Буденный – Қорқыт, Куйбышев – Баянауыл, Микоян – Сырдария, Монин – Ақжайық, Тельман – С. Торайғыров, Шмидт – М. Дулатов, Социалистическая – М.Х. Дулати, Крупская – Ш. Бөкеев, Кравцов – Л.Н. Гумилев, Красноармейская – Т. Рысқұлов, Первоймайская – Қарасай батыр, Авдеев – Ш. Уәлиханов, т.б.
Көше атауларын өзгерту қоғамдық сананы коммунистік идеологиядан тазартудың бір көрінісіне жатады.
Астанаға жан-жақтан көшіп келушілер көбейді. 1998 ж. көшіп келгендердің саны 14 мың болған. Олардың көпшілігі 20 мен 40 жас аралығындар болды. Қалаға шетелден келген қазақ диаспорасы мен ирриденттер көшіп келді. Ақмола, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарынан көшіп келушілер көбейді.
Астана біртіндеп техникалық және гуманитарлық зиялы қауымның өкілдері шоғырланған орталығына айналды. Астана құрылысынаПрезидент бастамасымен еліміздің бас қаласының эскиз-идеясын жасауға халықаралық байқау жарияланды. Н.Ә. Назарбаевтың бұл ұсынысына әлемнің 50-дей көрнекті сәулетші үн қатып, 40-қа жуық өтінім келіп түсті.
Байқау нәтижесі бойынша әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава жеңімпаз атанды. Оның құнды ұсыныстарының негізінде «Қаланың 2030 жылға дейінгі дамуының бас жоспары» жасалды. Астананың сәулет келбетін жоспарлауда Қазақстан мен Жапонияның сәулетшілерінен басқа Германия, Ұлыбритания, Болгария, Швейцария, Шығыс елдері және тағы да басқа бірқатар мемлекеттердің мамандары қатысты.
2001 жылдың 15 маусымында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Астана қаласының бас жоспары бекітіледі. Кейіннен оған ұлттық нақышты қосуға байланысты біраз өзгерістер енгізуге тура келді.
«Астана-Бәйтерек» монумент-ескерткіші – қаланың ең ірі сәулет композицияларының бірі, биіктігі 97 метрді құрайды. Ол бақылау алаңынан гүлденген Астананың барлық көрінісін тамашалауға мүмкіндік беретін бірегей ғимарат ретінде ойластырылған. Есілдің сол жағалауында «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясының әсем ғимараттары салынды. Көлік және коммуникация министрлігінің биік ғимараты, Қорғаныс және Сыртқы істер министрліктерінің, Ұлттық кітапхана мен архив ғимараттары салынды. Ақорда айналасына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, Үкіметтің және тағы да бірқатар үкіметтік ұйымдардың ғимараттары тұрғызылды.
2006 жылдың 1 қыркүйегінде Бейбітшілік және келісім сарайы қолданысқа берілді. Оның салтанатты ашылу рәсіміне Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінің Президенттері қатысты. Сарай ағылшын архитекторы Норман Фостердің жобасымен салынды. Ғимараттың биіктігі 77 метр, ал аумағы 25,5 мың шаршы метрді алып жатыр. Мұнда Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері музейі, өркениеттер университеті, көрме және концерттік залдар, кітапхана, Халықаралық Түрік академиясы жұмыс істей бастады. Сарайдың салтанатты ашылу рәсімінде Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев: «Ғимараттың пирамида тәріздес пішіні діндер мен этностардың және мәдениеттердің бірігуін сипаттайды. Осы мағынада біздің пирамида жоғары және изгі идеяны – өркениеттер диалогын білдіреді. Дүниенің төрт құбыласына қаратылған пирамиданың іргелері сияқты Қазақстан да барлығы үшін ашық және оларға ықыласпен қарайды», –деп атап өткен болатын.
Теміржолшылар сарайы жөндеуден өткеннен кейін, соның негізінде жаңаданКүләш Байсейітова атындағы опера және балет театры ұйымдастырылды. Елорданың басқа екі театры – М. Горький атындағы орыс драма театры мен Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театры қайта жөнделді. Жаңа «Синема-Сити» кинотеатры ашылды. «Думан», Ислам мәдени орталығы, Опера және балет театры сияқты тамаша ғимараттар пайда болды.
2009 ж. қазанда «Қазақ елі» кешені ашылды. 2015 жылы Астанада 12 мың адамдық мұз айдыны іске қосылды. Оның ашылуында Мемлекет басшысы: «Бұл стадион біздің спортшыларымызды жаңа жеңістерге құлшыныстарын оятады және біз мұнда есте қаларлық сайыстарды өткізетінімізге сенімім мол», – деп ерекше атап өтті.
Астана – ҚР Бірінші Президентінің туындысы әрі мақтанышы. Бұл жайында Елбасы 2007 жылдың 7 маусымында өткен баспасөз-конференциясында: «Бірінші күннен бастап мен бұл қалаға барлық жан-тәнімді және жүрегімді салдым. Әр ғимаратты, әр тасты өзімнің қолыммен ұстағанмын. Астана – бұл менің мақтанышым, менің қамым, ал жаман болса, онда менің уайымым да. Астана менің туған балам сияқты, менің өмірімнен орын алды. Ең бастысы, Астана қала ретінде қалыптасты, танылды», – деген еді. Қазіргі уақытта елордамыздың беделі артып, бейбітшілік пен аймақтық қауіпсіздік сақтаудағы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жатқан үлесі орасан зор екені белгілі. 1999 жылы ЮНЕСКО Астананы әлем қаласы ретінде таныды.
Ақорда –Есілдің сол жақ жағалауында орналасқан. Резиденция құрылысы 2001 жылдың қыркүйек айында басталды. Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа Сарайының ресми тұсаукесері 2004 жылдың 24 желтоқсанында өтті. Оның биіктігі сүмбісімен қоса есептегенде 80 метр. Резиденция ғимараты бес жерүсті қабаттан тұрады. Оның бірінші қабатының 10 метрді, қалғаны 5 метрді құрайды. Сонымен қатар екі жерасты қабаты бар. Бірінші қабатта шерулік орталық холл, Мемлекет басшысы атынан ресми қабылдау өткізуге арналған салтанат залы, баспасөз-конференцияларын, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ өкілдерімен кездесуін өткізуге арналған зал және Қысқы бақ орналасқан. Екінші қабатта кеңселік, қызмет орындарына арналған бөлмелер, ал үшінші және төртінші қабаттарда бірнеше зал мен кітапхана бар.
Бәйтерек – қаланың сол жағалауына салынған. Бәйтерек сөзі – «алып ағаш» дегенді білдіреді. «Бәйтерек» – қазақ фольклорындағы Ер Төстік ұшырастыратын ағаш. Қазақтардың наным-сенімдеріне қарағанда, оның бұтақтарына жылына бір рет Самұрық құс жұмыртқа салатын. Ол – үлкен жұмыртқа-күмбезі бар ғимарат. Ғимараттың биіктігі 97 метр, өйткені 1997 жылы Қазақстанның елордасы Ақмолаға көшірілді. Диаметрі 22 метр шар мың жарым шаршы метрге жететін үш қабатты шыныдан салынған. Бәйтеректің шыңында кафе мен дәмхана орналасқан.
Бәйтерек монументін салуды Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті Н.Ә. Назарбаев ұсынған болатын.Оны белгілі отандық сәулетшілер А. Рүстембеков және Б. Қонысбай, «Имстальком» отандық компаниясы, астаналық құрылысшылар мен қарағандылық металлургтер жүзеге асырды.
Ел ішінде «пирамида» деп аталатын Бейбітшілік және келісім сарайының 2006 ж. қыркүйек айында Елбасы мен бірқатар ортаазиялық мемлекеттер президенттерінің қатысуымен өтті. Оның ашылуында Н.Ә. Назарбаев «бұл сарайды аша отырып, оның тек Астана мен Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар, бүкіл Орталық Азия аймағының да мақтанышы болуын қалаймыз», деп, бұл ғимараттың ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылық пен достықтың символы болып табылатындығын да атап өтті.
Бейбітшілік және келісім сарайы пирамида пішінді, биіктігі – 25 қабатты ғимаратқа немесе 62 метрге тең. Пирамида қабырғасының ұзындығы 62 метр. Пирамидаға кіру есігі жер астында орналасқан. Сарайдың ішінде 1,5 мың орынды опера театры, үш қабатты музей, көрмелік және концерт залдары, кітапхана, рухани конфессиялар офисі және басқа да бөлмелер орналасқан. Бұл жерде республиканың этномәдени орталықтары да бар. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері осында өтеді. Бейбітшілік және келісім сарайының тәжірибесі бойынша республиканың барлық аймақтарында этномәдени орталықтардың жұмыс кеңсесі «Достық үйлері» жұмыс істейді.
Жоба авторы британдық сәулетші Норман Фостер «Пирамиданың» ашылуында:«Көңіл-күйім тамаша. Менің идеямның былай жүзеге асқанына таңданып, қуанып тұрмын. Бейбітшілік және келісім сарайының құрылысына өткен жазда кірістік. Бар болғаны бір жыл ішінде Астанада пирамида пайда болды. Өзінше бұл өте таза фигура. Кішігірім биіктікте тұрғаны оның артықшылығын одан бетер аша түседі», деп атап көрсетті. Бұл ғимаратты «Сембол Иншаат» түрік компаниясы салды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   93




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет