15 – дәріс: Абайдың қарасөздері
1. Абай қара сөздерінің жанры мен ерекшеліктері
2. Қара сөздердің жазылу тарихы.
3. Абайдың қарасөздерінің ұлттық көркем прозаны дамытудағы маңызы
Әдебиеттер: 1.Абай. Аудармалар мен қара сөздер. – Алматы: Жазушы, 1987. - 2 т. - 200 б.
2.Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. - Алматы: Жазушы, 1985. - 20 т. – 496.
3.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы: Санат, 1997. – 928 б.
Абайдың толық жинағында 1890 жыл мен 1898 жыл арасында жазылған бір алуан шығармалары – «қарасөз» деп аталады. Жалпы саны қырық алты бөлек шығарма. Оның алты-жеті үлгісі қысқа келеді. Бұл қатарға қосылатындар Он алтыншы, Он сегізінші, Он тоғызыншы, Жиырмасыншы, Жиырма төртінші, Отыз бірінші, Қырық бесінші сөздері. Жалпы қарасөздерден мазмұн, тақырып жағынан өзгешерек тұратын - Қырық алтыншы сөз. Ол тарихтатық мақала – очерк тәрізді. Қазақ халқының қайдан шыққандығына арналған дәлелді, деректі қысқа зерттеу сияқты. Өзге қырық бес сөздің ішінде көлем жағынан ең мол шығарма бұрын Абайдың қолжазбаларында «Ғақлиат тасдиқат» деген атпен бөлекше көшіріліп жүретін дін,мораль мәселелеріндегі Абайдың бір үлкен ой-толғауы болады. Бұл –Отыз сегізінші сөз. Осыдан соң қарасөзбен жазылған мысал, өсиет есебіндегі Сократ пен оның шәкірті Аристодим әңгімесі. Бұл – Жиырма бесінші сөз. Көпшілік қарасөздерден және де өзгешерек қалыптанған Абайдың Отыз жетінші сөзі.Бұл бөлімше өзге қарасөздерден тұтас құрылған афоризмдер саналады. Мүрсейіттің көшірулерінде және Абайдың толық жинақтарының бәрінде осы афоризмдер Жиырма үш деп саналады. Анығында, Абайдың афоризмдері бұлар ғана емес және жинақтарға басылғандай бір ғана 1896 жылда туған болмау керек. Әр Жылдарда айтылған терең ойлы, шешен, шебер сөздерді 1896 ж ең алғаш Абай шығармаларын құрастырушы шәкірттері сол жылда түгендеп еске ала отырып,ойда сақталғандарын осылайша Отыз жетінші сөз деп мөлшермен, шартты бір шеңберге сыйғызған тәрізді. Афоризмдер Абайда жиырма үштен әлдеқайда көп екенін Абай оқушыларының бәріде біледі. Ақынның өз шығармалары ғана емес, Пушкиннен, Лермонтовтан және әсіресе Крыловтан жасаған аудармаларының тұсында әр алуан өсиет, сын, мысқыл, әжуа, психологиялық, эстетикалық, педагогикалық жайлардан түйісіп айтқан нақыл, ақыл, терең ойлар аса көп кездеседі. Сондайлық бір – екі өлең жолының бойына сыйған тұжырымды көркем сөз Абайда көбінше афоризм болып қалыптасқан.
Ал өз өлеңдеріне ауыссақ, онда осылайша жазылып және жұртқа мол жайылып, нақыл - өсиет есебінде тарап кеткен талай өлең жолдары бор. Соның көбі және де Абайдың афоризмдерінің санын молайту керек. Ең ақыры, осы тұста бөлек тексеріліп отырған қарасөздердің өздерінің кейбіреулерінен де Абайдың шешен, шебер, тапқыр, етіп түйген сөйлемдері афоризм қатарында оқушы жұртқа ертеден көп тарап кетені бар. Олар да Отыз жетінші сөзді көп тың мысалдармен әлі талай тамаша бағалы афоризмдерімен молайта алады. Осылайша жалпы Абай қарасөздерінің ішінен Отыз жетінші сөзді де біраз ерекшелігін қарап, бөліп шығардық. Жоғарыда жасалған екшеулер бойынша біз жеті сөзді қысқалық себебінен және өзге сөздерде әр көлемде айтылған пікірлерді қысқа түйіп, қайталайтын болғандықтан, бір бөліп шығардық. Онан соң Абайың түгел өз сөзі болмағандықтан, аударма ретінде жиырма жетінші сөзді – Сократ сөзін бөлдік. Түр өзгешелігі бойынша Отыз жетінші сөз афоризмдер жайын жеке қарадық. Және Отыз сегізінші сөз – «Ғақлиат – тасдиқатты» бұрынғы барлық қолжазбаларда бөлініп жүрген ретімен жалпы қарасөздерден бөлекше атаық. Тағы да тақырыбы ғылымдық мәселе болғандықтан, Қырық алтыншы сөз – тарихтық очеркті де бөліп атадық. Осымен жиыны он бір сөз, қарасөздер көпшілігінің қалпынан бізге басқарақ саналады. Содан ары қалатын Абайдың анық «қарасөз» атты мұрасын алғанымызда, олар отыз бес сөзден құралған болады. Енді ең алдымен осы қарасөздің қалың тобын тақырып мазмұндарына қарай арнаулы жіктерге бөле отырып тексеріп, танып көрейік.
Жалпы алғанда Абайдың осы барлық қарасөз дейтін мұралары көркем прозаның өзінше бір бөлек, бір алуан болып саналады. Бұқлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолдан естелік, мемуарда емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда, осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің бірі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді. Бұл шығармаларда Абайдың өзінің оқушыларымен әңгімелесіп, жүзбе – жүз кездесудегі маслихат, кеңес құрып отырған ойшыл ұстаз тәрізденеді. Кейбір сырт сипаттарына қарағанда Л.Н. Толстойдың «Круг чтения» деп аталатын еңбегіне ұқсас. Толстой өзінен басқа ойшылдардың көп – көп жайлардан жазылған толғаулы терең пікірлерін жиып топтап, өз оқушыларына бірнеше кітап етіп ұсынған. Бірақ Толстой «Круг чтенияда» оқушылармен тыныш, тату әңгіме өткіземдейді. Сөз бастағанда әрбір жайлардан өз ойларын келтірмейді.
Абайдың қарасөзінде Сократтың сөзін дін үгітшілерінің сөздерін келтіргендей етеді. Абай қарасөздері көбіне барлық жайлардан өзі сөз бастап, өз әңгімеде дүкен құрып отырған болады. Осыдан соңғы қарасөздер жөнінде айқын байқалатын бір өзгешелік, Абай өзінің өлең сөздерінің көптен – көбін заманындағы оқушы мен тыңдаушыларына үнемі түсінікті болмайтындай көрінеді. Онысы – анығында солай да еді. Осы жайлы ескеріп, Абай енді қарасөзінде сол өлеңдерінде айтылатын ойларының бірталайын жаңа сөзбен тартады.
Сондықтан кейбір қарасөздерінде бұрынғы өлеңінде айтылған ойлар жеңіл, қарапайым, оңай ұғмдармен қайтадан айтылады. Бұл жөнінде Абай өзінің көпшілік оқушы, тыңдаушысымен әңгімелеседі. Және сол әңгіменің үстінде адамгершілік мәселерінен: әділет, ақтық, турашылдық, шындықты сүйгіштік, ғылымға құмарлық, еңбекті бағалағыштық сияқты жайларды айтады. Немесе осылардай, адамдық сипаттың жауы болатын аярлық жалғаншылық, бәлеқұмарлық, мақтаншақтық, мансапқорлық, өсекші- өтірікшілік, еріншектік, әр алуан армтамақтық сияқты мінездердің барлығын айтқанда, Абай сол жайларды тыңдаушының көңіліне, көкейіне қонымды ету жағын алдымен ойлайды. Айтпақ сөздері мен ойларын мысалдарымен келтіреді.Кейде өзі көп алдында отырғандай, тыңдаушысына сұрақтарбереді. Өзі онымен жауаптасып, әңгімелескен кісі тәрізденіп отырады. Мысалдарды қазақтың Абай заманындағы күнделік болмысынан алды. Сол мысалдарды кейде күлкіге сайып, мысқыл, әжуа халдерді әдейі айқындай түседі. Әңгімесі тыңдаушысына пайдалы өсиет болуымен бірге, көңілді айтылып, қызықты боп жетсін деген мақсатты ойлайды. Өзінің адамгершілік, әлеуметшілдік, ағартушылық ойларын айтуға Абай педагогик. Жақсы әдіс қолданады. Осындай қиынға қарай, жақыннан жыраққа қарай, қызықты, күлкілі жайдан үлкентолғаулы қорытындыға қарай біртіндеп жетектейді. Сатылап отырып үгіт - өсиет асырады. Сонда тыңдаушысы туралы Абайдың күдігі көп. Кейде терең өсиет, озғын ойлар бұның тыңдаушыларының санасына жетпеуі мүмкін. Сол себепті өлең сөздерінде ұзақтан, тереңдеп айтылған кейбір ағартушылық, адамгершілік үлкен ойлары мен қоғамдық тартыстың қайшылықтарын ашатын анық шыншыл және күшті азаматтық сындарын мынау қарасөздерінде оңайлатып, азайтып, қысқартып айтатыны да болады. Бұл ретте кейде ақынның өлеңінде кездесетін қайшылықтар және тарихтық тар көлемді түсініктер көбірек көрінетін кездеріде болады.