Поэмалар біржан сал. ҚОянды жәрмеңкесі (поэма)



Pdf көрінісі
бет21/23
Дата24.03.2017
өлшемі1,81 Mb.
#10111
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23

ТӨЛЕГЕН ДИРЕКТОР  

Совхоз  директоры  Төлеген  Жирентаев  бірде  бас  мамандарын  жинап 

алды да, бір бүйір сауал тастады. 

-  

Осы біз ешкі өсіріп көрсек қайтеді, жігіттер. Сүйегі мен мінезі жеңіл 



демесек, өсімтал мал ғой. Өнімі шаш-етектен болатын түрі бар... Ал есептеп 

көрейікші,  - деп  қашан да қайдағы  бір болжамдарды дәлелдеп, қайдағы бір 

жаңалықтарды  жұрттан  бұрын  тауып  жүретін  әдетімен  цифрға  жүгініп, 

түсетін табысты санай бастады... 

Мамандар  директордың  «бүйректен  сирақ  шығарып»  бастама 

жасамайтынын,  батылдық  жасаймен  деп  көрінгенге  көзсіз  ұрынбайтынын 

жақсы  біледі.  Әсіресе,  шаруашылық  есебіне  жүйрік  адам  есесі  қайтпайтын 

болса,  есепсіз  тиын  шаша  бермейді,  ал  бірақ  «еңбегім  өтеледі-ау»  деген 

жерден ештеңе аяп көрген емес. 

Дегенмен, мамандар бас қосудан көңілсіз шығып еді. 

Айтпады деме, ешкі өсіргенімізді аудан, облыс ести ме... түп етектен 



айрылмайды,  ал  сосын  бүкіл  шаруашылықты  ешкі  өсіруге  бейімдеп  көр,  - 

деді мамандардың бірі. 

Ешкі  бағатын  адам  да  табыла  қоймас,  қойшылар  бүкіл  бір  отар 



қойдың  ішіндегі бірер  ешкіден  азар да  безер болады ғой,  осы  –  деп  екінші 

бірі келтелеу кекекесін білдірді. 



Ешкісіз  де  жағдайымыз  жаман  емес  қой,  бесжылдық  бойынша 

республикалық жарыстың жеңімпазы болмаған жылымыз жоқ... Сол жетпей 

ме?– деді тағы бірі. 

 - 

Иә, иә... Қанағат қарын тойғызады, эксперимент жасай берудің несі 



жақсы дейсің, - деп тағы бір маман тұжырым жасағандай болды. 

Сонымен  мамандар  ешкі  өсірудің  нақа  тиімсіз  болмайтынын  іштері 

сезгенімен,  бейнетіне  бел  байлауға  бекемдік  танытпап  еді.  Директордың 

кабинетінен көңілсіз шыққандары да сол, директор да оны сезбей қалған жоқ, 

әрине.  

Жігіттер  өз  істерін  бірсыдырғы  жақсы  да  біледі,  тәуір  де  атқарады. 

Тарбағатайдың  сонау  бір  алыс  түпкіріндегі  осы  өзі  он  жылдан  астам 

уақыттан  бері  басқарып  келе  жатқан  «Пограничный»  совхозы  кәзір 

экономикалық көрсеткіштері жағынан Мақаншы ауданында ғана емес, облыс 

көлемінде озат шаруашылықтардың қатарында ауызға ілініп жүр. Бұл – осы 

жігіттердің арқасы, бүкіл ұжымның еңбегі. 

Төлегеннің  өз  әріптестерінің  немесе  мамандардың  арасында  өз  ісінің 

ұтырын  білетін,  ұйымдастырушысы  бола  алатын    ұқыпты  жігіттердің  көп 

екеніне  көзі  де  жетіп,  көңілі  де  сенген.  Ал  бірақ  өз  кәсібіне  солардың  көбі 

күнделікті,  қалыпты  іс,  міндетті  тапсырма  ретінде  ғана  қарауға  әбден  еті 

үйреніп кеткен. Үйренген дүниемізге творчестволық көзқараспен, күн сайын 

жаңа  ынта  ықыласпен  қарай  бермейміз.  Азаматтық  белсенділік, 

творчестволық ізденіс жетпейді. Төлегеннің әрбір бас қосқан мәжіліс сайын, 

өндірістік  жеделдемелер  мен  жиналыстар  сайын  жігіттерді  түртпектеп, 

жаңалыққа қарай жетелеп отыратыны да сондықтан. 

Шаруашылықта  ешкі  өсіру  туралы  ой  совхоз  директорының  ойына 

бекерден-бекер келген жоқ еді. 

Ойлап  қараса,  кәзір  облыс  бойынша  ешкі  өсірумен  жиырмаға  жуық 

шаруашылық айналысады екен, ал сол шаруашылықтардың қайсы біреулері 

түліктің осы түрін өсіруден тиімді пайда тауып отыр. Басқа малға қарағанда 


ешкіге  жұмсалатын  шығын  әрі  аз,  әрі  арзанға  түседі,  ал  сүйегі  жеңіл 

болғанымен, өсімтал малдың өнімі өсіп берсе, бой бермейтіні байқалады. 

Тек қана оның түбітінен түсетін пайданы есептеп көрейік. 

Егер әр қойдан 3,5 килограмнан сапалы жүн алғанда шаруашылық 26 

сом 25 тиын ғана пайда тапса, ал ешкі түбітінің әр килограмының құны 43 

сомға дейін жетеді. Жас лақтар мен тушалар жылына бір килограмға жуық 

түбіт берсе, ал семіз серкелер 4 – 4,5 килограмға дейін түбіт бере алады. Ал 

мұның үстіне әр ешкіге жұмсалатын жемшөптің шығыны әлдеқайда аз, оған 

қоса ешкі жарықтықтың еті аз болғанымен, әрі жұмсақ, әрі жеңіл, ал өсімге 

келгенде – егіз тумайтын ешкі сирек кездеседі десе де болады. 

Директордың осы ішкі есебін орталық газеттердің біріне шыққан ешкі 

туралы,  оның  өсімталдығы  мен  пайдасы  туралы  майын  тамызып  жазған 

маманның мақаласы жандандырды да жіберді. 

Сонымен  не  керек,  Бесқарағай  ауданының  «Кривинский»  совхозынан 

директордың  өзі  бас  болып  барып,  тұқымға  деп  600  ешкі  әкелінді. 

«Пограничный» совхозы сөйтіп, бір күнде ешкілі ауыл болды да қалды. 

Айтқандай, әуелі бір отар ешкіні бағатын адам табылмай қиналды. 

Өзі бір өрісті жерсінбей желге қарап  өретін мал екен, - деді біреулер. 



Тілеуі  болғыр,  Қазбек  Оспанов  дейтін  тәуекелшіл  жігіт  бар  еді. 

Дағдарып тұрған директорға дем беріп жібергені. 

Атам қазақ ешкі бақпағандай сөйлейтіндерің қалай, мен бағам, малдан 



малдың  не  айырмашылығы  бар,  -  деп  білек  сыбанды.  Директордың  аты 

директор емес пе?! Қолында бар мүмкіндікті Қазбектен аямай, қамқорлыққа 

алып жіберді. 

Ешкіші  Қазбектің шаруашылығы  бір жылда  дүрілдеп шыға  келді.  Бір 

отар ешкі бір жылдың ішінде бірер отар қойдың беретін пайдасын оралтып 

тастағаны. Енді Оспановтар әулеті тұтастай ешкі бағуға шықты. Ешкі бағуға 

сұранатын қойшылар мен бақташылар көбейді. 

Қазір бұл шаруашылықтың ешкі өсіруден көріп отырған пайдасы шаш-

етектен.  Совхоз  өткен  бесжылдықта  қатарынан  төрт  рет  республикалық 


социалистік  жарыстың  жеңімпазы  атанса  –  сол  абыройда  ешкі  өсіруден 

түскен табыстың үлкен үлесі бар. Тек өткен бесжылдықтың соңғы жылында 

ғана совхоз 457 мың сом таза пайда тапса, сол табыстың жартысына жуығы 

ешкі түбітінен түскен пайда. 

Қазір  шаруашылықта  сегіз  мыңдай  ешкі  өсірілуде.  Ешкі  өсірудегі 

экономикалық  көрсеткіштер  үшін  шаруашылық  Бүкілодақтық  халық 

шаруашылығы  жетістіктері  көрмесінде  екінші  орын  иемденіп,  ақшалай-

заттай сыйлықтар алды. 

Міне,  шаруашылық  басшысы  Төлеген  Жирентаевтың  бір  ғана  батыл 

бастамасының, азаматтық белсенділігінің экономикаға тигізген әсер-ықпалы 

осындай,  ал  оның  ұжымдағы  әлеуметтік  ахуалға  тигізген  пайдасы  одан  да 

үлкен. 


Қазақстан  Коммунистік  партиясының  XVI  съезінде  «СССР-дің 

экономикалық және әлеуметтік дамуының 1986 – 1990 жылдарға және 2000 

жылға  дейінгі  кезеңге  арналған  Негізгі  бағыттарының  жобасы  туралы» 

баяндаманы  талқылау  кезінде  «Пограничный»  совхозының  директоры 

Төлеген Жирентаев та биік мінбеге көтерілді. 

... Малды 700 – 800 километр жердегі ет комбинатына айдап апаруға 



тура келіп жүр. Соның кесірінен 10 -15 процент мөлшерінде тірідей салмақ 

жоғалтылуда.  Осыған  орай  ауданда  арнайы  қой  сою  алаңын  салу  қажеттігі 

өзінен  өзі  туындап  отыр...  Құрылыс  салу,  жұмыс  істеп  тұрған  объектілерді 

жөндеу мен қайта салу мәселелері бойынша қаншама нормативтер жасалып, 

нұсқаулар  берілді  десеңізші.  Бейнелеп  айтсақ,  сондай  қағаздың  көптігінен 

басшылардың қол-аяғы байланып қалады, - деп ол осы бір-екі мәселе арқылы 

ғана  республиканың  шалғай  аудандарындағы  көптеген  шаруашылықтарға 

ортақ көкейтесті сауалдарды қозғап кетті. 

Міне, коммунист белсенділігі деген осы. Өзінің шағын кабинетінде де, 

республика  коммунистерінің  үлкен  форумының  мінберінен  де  –  өзін 

толғантқан ойларын, қоғамдық пікірлерін емен-жарқын айта біледі. Өйткені, 


оның  ой-пікірлері  қоғам  мүддесімен  байланысып  жатады,    ұжымға  ортақ 

ойлармен өзектеседі. 

Төлеген  Жирентаевпен  менің  соңғы  үш-төрт  жылдың  ішінде  үш  рет 

кездесуіме  тура  келді.  Сондағы  байқаған  басты  қасиетім  –  оның  әрекет-

қимылға,  әңгіме-сөзге  ғана  ширақтығы  емес,  сезімге,  сезінуге  сергектігі, 

адамның  қас-қабағына,  айтқан  сөзіне  бар  ынтасымен  көңіл  аударып, 

қалтқысыз    қабылдауында  шынайы  ілтипат,  байсалды  көзқарас  бірден 

көрінеді  екен.  Және  бір  байқағаным,  ол  батыл  байламға,  жедел  шешімге, 

белсенді ой-пікір таласына әрқашан әзір басшы. 

Алғашқы  кездескенде  көктем  еді.  Жер  лайсаң.  Мал  жаппай  төлдеп 

жатқан  кез  болатын.  Тарбағатай  тауларының бөктерінде  сол  жылғы  көктем 

қыстан бетер қатты екен. 

Өзімнен  де  бар...  Уыздай  ұйып  тұрған  шаруашылыққа  өткен  жылы 



өсіре  қояйық  деп,  алты  жүздей  ешкі  алып  келіп  ем,  өзі  бір  ерте  төлдейтін, 

төлдегенде  егіздетіп  төге-төге  салатын  түлік  екен.  Оның  үстіне  жаңа  туған 

лағы  әлде  әлсіз  бола  ма,  әлде  біз  үйренбегендіктен  бе,  жылбысқы,  қолға 

ұстауға  келмейді.  Әйтеуір,  жас  төлді  аман  сақтап  қалу  үшін  жанымыз 

мұрнымыздың ұшында тұр, - деп директор абыржулы кейіп білдірген. 

Екінші рет бірер жыл аралатып, жаздың жалпақ ортасында кездестік. 

Қазір  біздің  ауылымыздың  қызығы  –  ешкілер  ауылында,  -  деді  бұл 



жолы совхоз директоры емен-жарқын. - Олар сонау Тарбағатайдың биік-биік 

қойнау-қолаттарын жайлайды. Ешкі деген тастан тасқа секіріп жүріп, шөптің 

де  дәмдісін  теріп  жейтін,  судың  да  тұнығын  ішетін  жануар  екен  ғой.  Ешкі 

баққан адам да сергек, ешкілі ауыл да сергек. Біз де сергек... – деп бұл жолы 

жымиып қойған. – Айтпақшы, ана жылы ешкі төлдеп жатқан кезде келгенде 

лағы  жылбысқы  сияқты  қолға  ұстауға  келмейді  деп  ренжіп  едім  ғой,  оным 

бекер екен. Сол төлдерден шыққан біздің совхоздың екі бірдей ешкісі қазір 

СССР Халық Шаруашылығы Жетістіктері көрмесінде тұр, түрлері міне, - деп 

ол маған ірілігі тайыншадай екі ешкінің суретін ұсына берді. 


Үшінші рет Алматыда, Қазақстан Коммунистік партиясының XVI съезі 

күндерінде  біз  съезд  делегаты  Төлеген  Жирентаевты  биік  мінбеден  батыл 

пікірлер, белсенді ойлар айтқаны үшін құттықтағанбыз.  

Елден  озып  бара  жатқан  ой-пікірім  жоқ...  Бірақ  өмірдің  өзі  айтуға 



итермелеген  сөзді,  жасауға  жетелеген  іс-әрекетті  жасырып  қалсаң  – 

жасандылық деген сол ғой деп ойлаймын, - дейді ол сәл ғана жымиып.  

Біз оны үнсіз құптадық.    

Семей облысы 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



                                  

 

 



 

 

 



                                        

 

 



 

 


 

 

 

 

 

ӘДЕБИ СЫН 

                 

 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

ҮШ АҚЫН. ҮШ ҚОЛТАҢБА. БІР ТҮЙІН. 

     


Асылы, мінезсіз адам болмайтыны секілді өлеңінде өзіндік болмыс-

бітімі, өз «мінезі» жоқ ақынды ақын қатарына қосуға болар ма?! Ақынның 

сол  болмыс-бітімі,  табиғатымен  біте  қайнасып,  бірге  туатын  қасиетінің 

ерекшеліктері  жырларында  көрінуге  тиіс.  Ақын  мінезі,    өлең  мінезі 

дейтініміз осы. Табиғи мінезсіз өзіндік қолтаңба да қалыптаспайды.  

Жасыратыны жоқ, өлең өнерінде көп жылдар бойы өлермендік жасап 

тер  төккен  қайсыбір  қаламгер-ақындарымыз  туралы  «осы  кісінің  несі  бар 

еді?»  деп  ойлағанда  бірде-бір  өлеңін  еске  түсіре  алмай  қиналатынымыз  да 

жоқ  емес.  Себеп?  Себеп  –  біреу-ақ.  Ақын  творчествосында  оны  жұрттан 

бөліп,  бөлектеп  тұратын  ерекше  табиғи  мінездің,  өзіндік  қолтаңбаның 

жоқтығы.  

Ақын  Төлеген  Айбергеновтің  тіпті  өлең  техникасының  ұңғыл-

шұңғылын  тұтастай  игеріп  үлгірмей  жатып-ақ,  ақынның  әлеуметтік 

ғұмырының  алғашқы  баспалдақтарында  тұрып-ақ  қазақ  поэзиясындағы 

құбылысқа  айналу  себебі  –  оның  салғаннан  табиғи,  тек,  ақындық  болмыс-

бітім, мінез танытуы дер едік.  

Табиғи  тек,  ақындық  болмыс-бітім,  мінез..  сияқты  қасиеттерден 

құралақан  емес  бір  шоғыр  –  бір  топ  ақындар  қазақ  поэзиясының  өрісіне 

соңғы он-он бес жыл көлемінде уық қадап, отау тіккен менің замандастарым, 

соғыстан  соңғы  буынның  өкілдері.  Бұлар  сексенінші  жылдары,  әсіресе, 

Қазақстан Жазушылар одағының екі съезі аралығында өндірте жазып, өнімді 

еңбек  еткен,  өлеңдегі  өз  «мінездерін»  оқушыларына  барынша  танытып 

үлгеріп,  творчестволық  күш-қуат  тегеуріндерімен  заман  сөзін  айтар  талант 

тізгінін өз қолдарына емін-еркін ұстаған ақындар.  

Қай-қайсымыз да кез-келген ақынның салғаннан өз ерекшеліктерін, өз 

табиғатын, өлеңдегі өз мінездерін танытуын қалайтынымыз сөзсіз. Өз басым 

«өлең  мінезі»  деген  сөзді  ақынның  творчестволық  потенциалының 

көрсеткіш-көрінісі деп білемін.  



Бұл  күнде  қазақ  поэзиясының  сан  қырлы  палитрасын  Жарасқан 

Әбдірашевтің  өткір  де  ойлы,  өміршең  батыл  пайымдауларынсыз,  Иранбек 

Оразбаевтың кең тынысты эпикалық сарыны мен өзекті ой, әлеуметтік түйін 

тұжырымдаудағы  шешім,  тапқырлықтарынсыз,  Серік  Тұрғынбековтің 

публицистикалық  қарымы  мен  өмір  детальдарын  қатар  өру  шеберлігінсіз, 

Тынышбай  Рахимовтың  бір  тақырыпты  түбегейлі  тереңдетіп  өлең 

сиқырымен  өнер  сиқырын  ұштастырудағы  ұтырлы  ізденістерінсіз  көз 

алдыңызға келтіру мүмкін емес.  

Бірақ, мәселе – бойдағы, болмыстағы қуат-күш пен тегеурінде ғана ма? 

Сол  қуат-күшіңді  замана  кәдесіне  қалай  жаратып,  уақыт  ырғағына  қалай 

қиюластырып  жүрсің?  Сен  жұмсаған  ақындық  қуат-күштен  оқушы  қандай 

әлеуметтік әсер алды, кешегінің көріністерін көз алдына келтіріп, келешекті 

бажайлауына  зәредей  ықпал  тигізе  алдың  ба,  қажып  қалғуға  айналған 

қалтарыс-қағажу  сезімін  қайта  бір  түртіп  жіберуге  шамаң  келді  ме? 

Қысқасы, әңгіме – ақын жырының тіршілік-күресінен, өмір тезінен өтіп сезім 

мен сананың қозғаушы күшіне айналған тұста беретін пайдалы коэффициент 

әсері туралы.  

Осы  буындағы  ақындар  жырларының  пайдалы  коэффициент  әсері  – 

демек,  әлеуметтік  ықпалы  әдебиетімізге  не  берді,  не  беріп  жатыр,  қазақ 

поэзиясындағы  басқа  буын  өкілдерімен  салыстырғандағы  олардың 

ерекшеліктері  мен  айырмашылықтары  қандай,  әкелген  жаңалықтары  не 

нәрсе?    Бұлар  «өлеңде  өз  мінездерін  танытқан»  ақындар  десек,  сол 

мінездерін қалай атап, қалай түстер едік?  

 

Осы  сауалдар  төңірегінде  әңгіме  қозғау  үшін  мен  осы  буынның  үш 



ақынының  творчествосына  тоқталамын.  Бұлардың  кейбіреулерінің  жеке 

жинақтары  мен  бірен-саран  өлеңдері  туралы  әңгіме  бүкіл  бір  буын 

творчествосының  адамдық  тағдыры  мен  ақындық  тағдырының  түйінді 

мәселелерін таразы басына қатар қоя алған жоқ. Бұл екеуін бірге өлшемей, 

олардың  өлең-өмірбаяндарының  табиғатын  тану  да,  әлеуметтік  әсер-күшін, 

қоғамдық қызметін бағалау да мүмкін емес.  



Ақын  Темірхан  Медетбеков  творчествосы  соңғы  он,  он  бес  жылдың 

бағдарында  қазақ  поэзиясы  туралы  әрқилы  әңгімелерде  ауызға  алынбай, 

тілге  тиек  болмай  қалған  емес.  Демек,  ақын  өлеңдерінде  көзге  түсетін, 

көңілді  елең  еткізетін  қасиет  бар  деген  сөз.  Бұл  әңгімелерден  біз 

Темірханның басқа тұрғыластарына қарағанда ғылыми-техникалық прогресс 

заманының тақырыбына жиірек қалам тербеп, әлеуметтік мәселелер көтеріп, 

азаматтық  ой  түюге  көбірек  талпынатынын  аңғарғанбыз.  Осынай  ізденіс 

үстінде оның жалаң ұранға, жадағайлыққа ұрынып қалатынын, тақырыптағы 

мәселені  әлеуметтендіріп,  әлемдік  масштабқа  алып  шығар  философиялық 

түйіндерінің  жер  бауырлап  қалатын  тұстары  бар  екенін  де  сезгенбіз. 

Темірхан қазақ өлеңінің технологиясына әкелген серпінді де серіпеллі ширақ 

қасиеттерімен  бірге  дәстүрлі  ұйқас-ырғақ  иірімдерімізді  қасаңсытып, 

қарабайырландырып,  қайсыбір  шумақтарында  өлең  қасиеттерін  қарасөзге 

айырбастап  жіберетінін  тура  болмаса  да  емеурінмен  танытқан  пікірлер 

болған.  

Мұның  барлығы  творчестволық  процестегі  жетістіктер  мен 

кемшіліктер,  көлеңке-күнгейлер.  Ал  бірақ,  соңғы  жиырма  жылдағы  қазақ 

поэзиясына,  оның  ішінде  жастар  поэзиясына  зер  сала  қарасақ  –  ақын 

Темірхан  Медетбековтің  өлеңдерінсіз  қазақ  поэзиясындағы  спектр 

бояуының бір тіні, бір сәулесі құбылмай қалар еді. Бүгінгі өлең сүйер қауым 

да, әдебиет жанкүйерлері де, әдебиетшілер де біз творчестволарын тілге тиек 

еткелі отырған осы буын өкілдерінің әрқайсысының осындай-осындай өзіне 

тән  қасиеттері  бар  екенін  жақсы  біледі.  Бірақ,  сол  қасиеттердің  атын  атап, 

түсін түстеген, айқын бағасын берген әлі күнге ешкім болған жоқ.  

Алпысыншы  жылдардың  бас  кезінен  бастап  қазақ  поэзиясы  салт-

дәстүрлерімізді,  тұрмыс-қарекеттерімізді  жиірек  жырға қосып,  оған  ұлттық 

бояу,  ұлттық  ұғым  арқылы  әлеуметтік  ой  көмкеруге  көбірек  көңіл  бөлді. 

Соғыстан  соңғы  туған  буынның  ақындары  да  бұл  тақырыпты  бірсыпыра 

жырлап бақты; оның ішінде әсіреқызыл әуестіктен, тақырыпты жалаң  оған 

қоғамдық  ой-пікір  қосып  әлеуметтік  деңгейде  қорытып,  қорытындылай 



алмаудан  кеткен  кемшіліктер  де  жеткілікті.  Ал  ең  бастысы  –  қазақ 

поэзиясында бұл тақырыптың ең көп жырланғандығы, сәтті жырланғандығы 

даусыз. Осы тақырыпқа соңғы жиырма жыл ішінде жазылған қазақ өлеңінен 

ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың әдемі галереясын жасауға болар еді. 

Бұл  заңды  да.  Өз  халқының  салт-дәстүр,  әдет-ғұрпы  мен  тұрмыс-тіршілік 

әрекеттерінің сан құбылған боялары мен сан қырлы детальдарын ұлттық ой-

санамыздың 

өресімен 

өзектес 

суреттеп, 

сонымен 

астастыра 

тұжырымдамайынша  кез-келген  өнер  әлемдік  мінберге  иек  арта  алмайды. 

Бұл буын өкілдерінің бірден-бір ерекшелігі де, артықшылығы да – салғаннан 

осы принципті суреткерлік түйсікпен сезініп, берік ұстанғандығында.  

Бір  қарағанда  өз  тұстастарының  арасында  Темірхан  Медетбеков  осы 

тақырыпқа  қалам  тартапаған,  қағыс  қалған  адам  сияқты  көрінеді.  Өйткені 

оның  өлеңдерінің  тақырыптарынан  ғылыми-техникалық  прогресс  дәуірінің 

белгілері, жиырмасыншы ғасырдың қат-қабат құбылыстарының нышандары 

салғаннан  андағайлап  шыға  келеді.  Ол  Жер  шарының  салмағы  туралы  ой 

түйеді,  түнгі  аэропорт  басында  толғанады,  фотоаппарат  алдында  суретке 

түскелі  отырған  баланың  бір  сәтте  құйқылжыған  бейкүнә  сезімін  суреткер 

көзімен  бажайлайды,  эфирлерден  сөйлеген  оқиларға  құлақ  түреді,  үзіліп 

қалған  телеграф  бағанының  сымымен  сырласады.  Сөз  жоқ,  мұның  бәрі 

жоғарыда айтқанымыздай, ақын түйсігіне ғылыми-техникалық прогресс пен 

ғасыр құбылыстары тигізген әсерден туған өлеңдер. Темірхан тақырыптары 

бұл күнде әлемнің кез-келген түкпіріндегі ақынға ортақ. Қазақ поэзиясының 

сыны  оның  бұл  тақырыпқа  бейімделе  бет  бұруын,  бұл  бетбұрыс  оның 

суреткерлік стихиясына айналуын салғаннан құптаған. 

Ендігі  мәселе  ақынның  осы  тақырыпты  қалай  жырлап,  қалай 

игергендігінде!  Әлемнің  кез-келген  ақынына  ортақ  тақырыптың әлеуметтік 

қуат-күшін адамзаттық биікке көтере алды ма? Жарайды, көтере алған екен 

делік. Бірақ біз өлең болмысынан суреткердің ойлау, толғану процестерінің 

ұлттық ерекшеліктерін көре аламыз ба, өлеңдегі бояулар мен детальдардан 

халықтық  қасиеттерімізді  тап  басып  танимыз  ба?  Ортақ  тақырыпты 


жырлаған  он  сан  халық  ақындарының  өлеңдерін  бір  тілге  аударып,  ортақ 

игілікке айналдырып жіберсе – «оу, мынау қазақ ақынының жырлағаны ғой» 

деп  жалына  жабысатын  тайға  таңба  басқандай  ұлттық  колорит,  ұлттық 

ерекшеліктер қайсы?  

Темірхан  өлеңдеріндегі  тақырып  ауқымдылығы,  алған  тақырыбын 

діттіген деңгейіне көтере алатын ақындық қуаты туралы бірсыпыра айтылып 

келе жатыр. Ал оның творчествосына әлгі бір сауалдар төңірегінде айналып 

соқпағанымыз  рас,  меніңше,  тақырыбының  күрделілігіне,  ғылыми-

техникалық  прогреспен  тікелей  байланыстылығына  орай,  өзі  тұрғылас 

ақындар арасында бұл сауалдар оған әлдеқашан қойылуға тиіс еді.  

Байқай  білген  адамға  Темірхан  өлеңдеріндегі  ерекшелік,  ұлттық 

бояулар,  толғану-тұжырымдау  процестері  –  тілдегі  көркем  тіркестер  мен 

бейнелеу  құралдарын  үсті-үстіне  үстемелей  қолданып,  әрекет-детальдарды 

құлпырта пайдалану арқылы жасалмайды. Оның есесіне Темірханның мәселе 

қойысымен соның шешімін табуындағы батыл да байсалды ойлары, салдар-

себептерді  салыстырып,  салғастыру  шеберлігі  оның  кейіпкерінің  бойына 

анадайдан танитын айрықша болмыс бітіреді.  

            

Дауылды желдің өтінде,  

            

Ертең! - деп менің күтерім,  

            

Тер менен буға малшынып,  

            

Жаңғырып ауыл шетінде 

            

Тұратын ұста дүкенім.  

Бұл ұста дүкені екенін бәріміз біліп отырмыз. Ақын бұл жерде ұстаны 

жырламайды,  ұстахананың  көңірсіген  иісін,  «құт  қонып,  қыдыр  дарыған» 

қасиетін  таныту  үшін  өлеңге  тұрмыс  детальдарын  да  тықпаламайды. 

Керісінше, ұста дүкенінің келешегі туралы мәселе қояды, мәселе төңірегінде 

ой түйеді, батыл шешім қабылдайды.  

           

...Көктемім келсе дүркіреп 

            

Жаңбыр мен нұрға жуынып,  

             

Төбемнен өтер сол дүкен 


             

Көрігін басып күркіреп  

             

Найзағайларын суырып...  

Меніңше  өлеңде  қойылған  мәселенің  күллі  жүгін  көтеріп  тұрған 

жалғыз жол – «төбемнен өтер сол дүкен» деген тіркес.  

Кешегі  қарапайым  ұста  дүкені  енді  ғылыми-техникалық  прогресс 

заманының  құрал-жабдығы  бола  алмасы  белгілі.  Енді  сол  дүкеннің  көз 

алдында  қалған  елестей  от-жарқылдарын  автор  табиғаттың  найзағай 

жарқылдарына теңемегенде неге теңесін! Бұл табиғаттың ғана жарқылдары 

емес  –  бүгінгі  ұлы  заман  оқиғаларының  сәулелері  сияқты  сезіледі.  Міне, 

ақын шеберлігі оқушысын уысында ұстап, бір сәтте ұлттық ұғым, ұлттық ой-

сананың алақанында үйірді деген осы. Немесе Темірхан ақын заманды көп 

кезіп,  жүре-жүре  аяғы  ұзарып,  қарай-қарай  мойыны  ұзарып  кеткен 

түйелерге: 

             

Барады әне ол көтеріп 

             

Кең даламның  

             

Өркеш-өркеш құпия төбелерін, - деп ішің елжіреп, жан-дүниең, 

бауыр  етің  езіліп  іздейтін  дала  шежіресін  түйеге  көтертіп,  аз-кем  мұң 

арқалатса,  Құрманғазы  домбырасы  туралы  «Сол  бір  алып  домбыраны 

қолына ап, Далам өзі тартып тұр» деп бір сәт оптимистік рухта желпіндіріп 

тастайды.  Екі  өлеңнің  бойында  да  ұлттық  бояулар  әдемі  ойнайды,  екі 

өлеңдегі  мұң  да,  қуаныш  та  –  перзенттік  сезіміңді  оятып,  халықтық 

қасиеттерді  іздетері сөзсіз. Сөз жоқ мұндай өлеңдердің қашанда, қай кезде 

де, қай тілге аударылса да қазақ ақыны жазған өлең екені бесенеден белгілі.  

Ал бірақ Темірхан өлеңдерінде осы қасиет тұтастай таныла бермейді. 

Әсіресе  ақын  творчествосының  өзіндік  бетін  айқындап,  өз  ерекшеліктерін 

танытқан  тақырыптарындағы бірсыпыра  өлеңдерде  мәселенің  қойылуы  бар 

да,  сол  мәселенің  түйінделуі,  тұжырымдалуы  жоғарыдағыдай  оқушысын 

уысында ұстап, алақанында үйіретін шеберлікпен шендесе бермейтіні соңғы 

кезде  жиірек  қылаң  беріп  қалып  жүр.  ...Ақ  көбігін  Атырау  аспанға  атып 

жатыр.  Кемелер  қалтқыдай  қалтылдайды.  Балықшылар  толқындармен 


қағысып, толқындармен алысып ақыры ауларын алып шықты. Ау арасынан 

бөтелке шықты, бөтелке ішінен бір тілім таспадай қағаз шықты. Қағазға:  

        

«Құтқарыңдар, болашақты, адамдар!»  

          

Сәл астында:  

         

«Пионерлер лагері», - деп жазылыпты.  

          

Бұрқ-сарқ қайнап жатты көкжал толқындар,  

          

бұрқ-сарқ қайнап жатты мына дүние.  

Өлең  осылай  аяқталады.  Әрине,  ақынның  айтпақ  ойын,  танытпақ 

емеурінін  жіктеп  жатудың  қажеті  жоқ.  Онсыз  да  өз-өзінен  айқайлап  тұр. 

Басы  ашық  дүние  «Құтқарыңдар,  болашақты  адамдар!»  деген  ұран-өтініш, 

оның  астында  «Пионерлер  лагері»  деген  қолтаңба  тұрғаннан  кейін-ақ 

өлеңнің айтпақ ойы ашылып қалды ғой. Енді ап-ашық айтып тастаған ойды 

қайтадан  қоюлатып,  қайтадан  «көкжал  толқындарға,  бұрқ-сарқ  еткен 

дүниеге»  оралудың  қажеті  бар  ма  еді?!  Өйткені  тынымсыз  тулап  жатқан 

дүние  тынысын  танытуға  ақын  өлеңнің  бақандай  бес  шумаған  арнаған 

болатын. Сол әрекет, сол көріністі пысықтау сабағындай тағы да қайталауы – 

ақынның «әлгі жерімде әлденені пісірмей кеттім бе» деген күдігіндей, «сол 

бір  тұста  өлең  сиқыры  осалдау  боп  қалған  жоқ  па?»  деген  секеміндей 

көрінеді...  

Соңғы  кезде  Темірхан  өлеңдерінде  әлеуметтік  ой  ауқымын  кеңірек 

көмкеріп,  көлемдірек  қамтимын  деп  алған  тақырыпты,  көтерген  мәселені 

директивалық  жоспарға,  жалаңдау  ұранға  айналдырып  алу  кездесіп  қалып 

жүр.  

            



Тұрмау керек күн-түн деп,  

            

ойлау керек бұл күнде 

            

қандай түкпір,  

            

қандай жерде жүрсең де 

            

Отанымды қорғайтын 

            

мемлекеттік шекарада тұрмын деп!  

немесе:  



          

Қалайда енді жан салып  

          

жол берместен жаулыққа 

          

сақтау керек Жер шарын 

          

амандықта, саулықта!  

Өлең  ретінде  бұл  шумақтар  Темірхан  тегеурініне  лайық  шымыр 

шумақтар,  Темірхан  тәсілінің  көрігінде  суарылып  шыққан  серпінді  жыр 

жолдары.  Ал  бірақ  осы  шумақтарда  –  ақынның  жалаңдыққа  ұрынғанын 

жасыра  аламыз  ба,  өзін-өзі  қайталап  қалғанын  көрмей  тұра  аламыз  ба, 

әлгінде  мысалға  келтірілген  өлеңдердегіден  ұлттық  бояу  ерекшеліктері 

әлдеқайда солғын емес пе?   

Жалпы  Темірхан  Медетбеков  алған  тақырыбын  әлеуметтендіруде, 

оның  өзегіне  қоғамдық  ой  қорытып,  азаматтық  пікір  түюде  өзіндік  тәсіл 

жасаған, қолтаңба қалыптастырған ақын. Ал бірақ осы тәсіл, осы қолтаңба 

жалпыламалыққа  ұрынған  тұста,  жанды  әрекет  азайып,  оқушысын  әлсін-

әлсін толқытып отыратын сынаптай сезім кедейленіп, кемшін тартқан тұста 

айтар  ойың  қаншама  асыл  болса  да  қарабайырлыққа,  қарадүрсінділікке 

ұрынбай кетепесің хақ.  

      

Болмау керек ол үшін 

      

қанды майдан соғысың.  

      

Жату керек ол үшін  

      

құшақтасып табысып 

      

жақын менен алысың... 

      

өту керек ол үшін 

      

жүрегіңмен көтеріп  

      

Жер  шарының  салмағын,  -  деген  сияқты  бірыңғай  жалаң  міндет 

жүктеген  шумақтар  Темірханды  да  сондай  солғындыққа  соқтыра  ма  деген 

қаупіміз жоқ емес. Ал өлеңнің көркемдік жағына көлеңке түсті дегенше-ақ 

айтар ойдың да ауқымы тарыла түседі.  

Темірхан  ақын  бұл  күнде  белгілі  бір  тақырыпқа  бір  шоғыр  өлеңдер 

жазудан  тақырыбы  тұтас  жыр  кітаптарын  жазуға  ойысқан  әлеуетті  ақын. 



Оның «Дауыс дәптерінен», «Лирика дәптерінен», «Мораль дәптерінен», атты 

топтамаларын оқу үстінде әріптесімізге бір тақырыпты тереңдете түбегейлі 

жазу  үшін,  әр  қырынан  қарап,  әр  қилы  тану  үшін  өлең  болмысын  өмір 

детальдарымен,  тұрмыс-тіршілік  әрекеттерімен  байыптамайынша  ұлттық 

ерекшелік,  ұлттық  ұғыммен  ұтырлы  ойлар  айтылмасын  алдын-ала 

ескерткіміз  келеді.  Соңғы  «Мораль  дәптеріндегі»  өлеңдері  мен 

«Этнографиялық  кітаптың»  жұртшылыққа  ұсынылған  бірсыпыра 

өлеңдерінен  байқағанымыз  –  Темірхан  өлеңдерінің  тақырыбы  халықтың 

салт-дәстүр, әдет-ғұрпына, психологиясына қарай күрт ойысқаны байқалады. 

Өмір  детальдарын  жете  суреттеу,  тұрмыс-тіршілік  әрекеттерін  тап  басып 

тану  –  бұрынғы  біз  танитын  Темірханды  бұл  тұста  басқа  қырларынан 

танытып,  басқаша  «түлетуге»  тиіс  деп  ойлаймыз.  Өйткені  тақырып 

ерекшелігі  ақынның  бұрынғы  тәсілдеріне  тізгін  бермес  асаулық  танытуы 

әбден мүмкін.  

Қазақ  поэзиясына  алғашқы  өлеңімен  ақындық  стихиясы  мен  стиль 

ерекшелігін  танытып,  характер  типтендіруге  икемі  барын  байқата  келген 

ақындардың бірі Жұматай Жақыпбаев еді. Оның алғашқы топтама өлеңдері 

Ләйла-қызға  арналды,  ол  Ләйланы  өңінде  де,  түсінде  де  көрді,  Сарнақой 

таудың  баурайында  да,  Сарытоған  өзенінің  жағасында  да    жырлады.  Біз 

ақынның  лирикалық  кейіпкерінің  Ләйлаға  құлай  берілгендігіне  сендік, 

Ләйланың періштедей тазалығына көзіміз де, көңіліміз де жетті. Ләйла-қыз 

туралы  Жұматай-ақын  өлеңдік  кестесі  әдемі  зерленген,  «қыздың  жиған 

жүгіндей»  бірсыпыра  өлеңдер  жазды.  Бұл  өлеңдер  Жұматайдың  ақындық 

ерекшелігін,  жазу  мәнерін  жұртшылыққа  айқын  танытқан  жырлар  болды. 

Ләйла  туралы  топтаманы  жақсы  өлеңдер  қатарына  қостық  та,  қосып  та 

жүрміз.  

Бірақ  жасыратыны  жоқ  –  Ләйла  бейнесі,  алпысыншы,  жетпісінші 

жылдардағы  біздің  замандасымыз  ретінде,  сол  жылдардағы  сұлулық  пен 

махаббат,  кіршіксіз  тазалық  символы  ретінде  ұзақ  уақыт  оқушы  есінде 

қалатын  әдеби  тұлғаға  айнала  алмады.  Жетпісінші  жылдар  Ләйласының 



ғасыр  басындағы  Қамар  сұлу  мен  Шұғадан  қай  жері  кем  еді?..  Заманы  да 

күрделі, сауаты мен санасы да күрделі еді ғой. Ал бірақ әдеби тұлға ретінде 

сол  деңгейге  көтеріле  алмаған  себебі  не?  Ақынның  «әттеген-айы»  біреу-ақ 

еді.  Ләйланың  болмыс-бітімі,  қылаусыз  қылықты  мінезі  қаншама  әдемі 

жырланғанымен,  Жұматай  өз  «кейіпкерін»  өмірдегі  оқиғалардың  ортасына 

алып шыға алмады, ауа жұтып, тыныстап отырған әлеуметтік ортасының да 

басы  ашылмай  қалды,  «Сені,  Ләйла,  қара  көзді  киелім,  Қайыспайтын  қара 

жерше  сүеймен»  деп  ақын  кесектік  таныта  сөйлеген  топтаманы  тұтастай 

оқып  шыққанда  кейіпкердің  мұңы,  сағынышы,  күдігі  мен  үміті,  кіршіксіз 

тазалағы  әрине  сендіреді.  Ал  бірақ  Ләйла  қимыл-әрекетпен,  болмыс-

мінезбен  қозғалмайды,  Ләйла  қылықтары  көз  алдымызға  жанды  бейне  боп 

елестемейді.  Жұматайдың  Ләйласымен  оның  лирикалық  кейіпкерінің 

арасындағы  қарым-қатынысқа  қарап  отырып  Сұлулықты  қолдан  қашап, 

тасқа табынған адам көз алдыңа келеді.  

Меніңше,  Жұматай  Жақыпбаев  Ләйла  бейнесіне  қайта  бір  оралуы 

керек  деп  ойлаймын.  Қырықтың  қырқасынан  асқан  ақын  баяғы  он  сегіз 

жасар, жиырма бес жасар Ләйласымен емес, өзімен бірге есейген, оң-солына 

азамат көзімен қараған Ләйламен қайта бір сырласқаны дұрыс болар еді.  

Жұматай  Жақыпбаевтың  соңғы  жылдардағы  табысы  –  оның  Индия 

туралы топтама өлеңдері деуіміз керек.  

Кез-келген  топырақта  өткен  оқиғаны,  туған  аңызды,  қысқасы  қандай 

да  болмасын  шикізат-материалды  әдеби  шығарманың  «азығына» 

айналдыруға болатыны әбден белгілі. Бірақ, осы материал  ұлттық бояулар, 

түйсік-түсініктер  арқылы  өз  игілігімізге  айнала  ма?  Мәселе,  осында.  Ал 

әйтпесе ол жалаң экзотика, әсіресе қызықтау боп қала береді.  

Индия  топтамасында,  әсіресе  «Өкініш.  Мангу  ағашы»  атты  ұзақ 

өлеңінде  (бұл  өлең  оқиғаны  қамтып,  қарастыруы,  кейіпкерлерді  даралауы 

жағынан поэма жүгін көтеріп тұр) ақын осы мақсатты тым тәуір игергенін 

айтпасқа болмайды.  


Ақынды  діттеген  мақсатына  жеткізіп  тұрған  жалғыз  тәсілдің  басын 

ашып  айту  керек.  Бұл  салыстыру  тәсілі.  Ақын  топшылаулары  мен 

болжамдарын  реалистікке  жақындастырып  тұрған  жалғыз  көпір  де  осы  – 

салыстыру  тәсілі.  Ал  егер  осы  тәсілсіз  ақын  тек  оқиғаны  ғана  баяндап 

көрсінші,  онда  «баяғыда  бір  қазақ  Индияға  барған  екен»  дегендей  құрғақ 

ертек, құр баяндау болып кетер еді.  

Ақын  өлеңдегі  топшылау,  тұжырымдау  тұстарында  өмірдің  нақты 

мысалдарын  шендестіріп,  қиюластыру  үстінде  ұлттық  ұғымның  шекара-

сызығын  адамзатқа  ортақ  түсінік-түйсіктерден  бөлмей,  бөлектемей 

таразылайды.  

Аттарын бананмен жемдеп бақтырған көшпенділер Шортанбай жырау 

мұрнын  шүйірген  үндінің  шайын  төрт  ғасыр  бұрын  сораптаған  екен,  көп 

шалбар  киген  көшпенді  осы  жерде  ақсаңнан  дамбал  киіп  аңыз-қиссалар 

шерткен  екен  –  міне,  осы  детальдардың  бәрін  өлеңге  өлшей  кіргізіп, 

салыстыра сыналау үстінде Жұматай ұлттық ұғымға ұшқары жасандылыққа 

ұрынбауға тырысады. Салыстыру тәсілі арқылы өз топырағымызға ерсілеу, 

өгейлеу детальдардың өзін қазақыландырып, оқушысын иландырып жатады. 

Әйтпесе,  өзін-өзі құмға көмдіріп қайыр  сұрайтын йогтың  қайғысы  мен  көз 

жасына сене қояр ма едік. Ал ақын құмға емес, мұңға көміліп, туған халқына 

қол созса – біздің санамыздың иланбасқа шарасы жоқ.  

Жұматай табысының бірден-бір кілті –міне, осы. Бұл кілт оның қазақ 

поэзиясына әкелген өз үлесі деуіміз керек.  

Осындай мүмкіндігі, қолында творчестволық табыстың тәп-тәуір кілті 

бола  тұра  Жұматай  өлеңдегі  образдылықты,  ойнақылықты  ойлылыққа 

ойыстыра алмай келеді, оның ішкі ұйқасымға толы небір әдемі орамдарының 

«қорғансыздың  күніндей»  ойсыз  да  оқиғасыз  жалаңаш-жайдақ  қалатын 

тұстары  аз  емес.  Керісінше,  кейде  сол  Жұматайды  жоғалтып  алып,  ырғақ-

иірімсіз, ішкі үйлесімсіз қара сөздерді өлең буынына сиғызып, қалай болса 

солай қалай салатын Жұматайды да кездестіріп қалатынымыз бар.  

    


   

Бұл соғыс музыканы сүйген елдің, 

   

Музыка сүйместермен соғысы еді.... 

 

   



Уақыт та біздің бақытқа қызмет етуде.. 

 

   



Шкала болса шаттықты біздің көрсетер.  

Міне,  бұл  жолдардың  жеке  тұрып  та,  басқа  шумақтар  мен  жолдарға 

иек артып тұрып та көркемдік қызмет атқара алмасы айдан-анық.  

    


Жұматай  жасандылыққа  неге  ұрынады?  Салыстыру  дейтін  сәтті 

тәсіліне  артық  бояу,  ойсыз  теңеулер  қосқанда  ұрынады,  әрине.  Міне, 

қараңыз.  

        


Қараша айы. Ақшам. Аспанда ай 

        

Алтынмен көкке жақшаны ашқандай.  

        

Шытырлайды бақ сәл аяңдасаң 

        

Аяқпен бопыр ақша басқандай.  

Алғашқы екі жолдағы тап-таза табиғи суретті соңғы екі жол бұзды да 

жіберді.  Уыздай  әдемі  әсер  ұшты  күйлі  жоқ  болды.  Күздің  саудыраған 

сарала  жапырақтарын  ат-көпір  боп  жатқан  сұраусыз  ақшаға  теңегенде  – 

кіршіксіз табиғат суреттері ластанғандай сезінесің.  

Жұматай  өз  тақырыбы,  жырлау  тәсілі  бар  ақын  дедік.  Ақындық 

стихиясы оянғанда ғана ол өз тақырыбының пернелерін тап басатын сияқты, 

оның  өлеңдері  сонда  ғана  сәтті  шығатынға  ұқсайды.  Олай  болатын  болса, 

Жұматай  сияқты  ақынға  соңғы  жыр  жинағындағыдай  өмірбаяндық 

новеллалар  мен  очерктер  жазу  –  оның  өз  табиғатына  өзі  қарсы  жүзуімен 

бірдей.  Ал  тілдің  тазалығына  ден  қойып,  оны  сұрыптап,  сырлап,  әсемдеп 

пайдалануға  бейім  ақынның  өлең  жолдарына  орынды-орынсыз  орысша 

сөздерді тықпалай беруі – әдемілік емес әбестік екенін айтқымыз келеді.  

Қазақ поэзиясына жетпісінші жылдары келген жыр-дүбірінің арасынан 

Исраил Сапарбаевтың дауысын салғаннан таныдық деп айта алмаймыз.  


Бұл күнде алғашқы адуынмен алғашқы айналымдардан тер төгіп өтіп, 

бәйгенің  орта  тұсына  тақап  қалған  сол  буын  өкілдерінің  дауыстары 

дараланып үлгірген тұста әдепкі екпін ет қызуы үстінде аңғармаған ақындық 

құбылыстардың  бірте-бірте  ашылып,  бірте-бірте  айқындалатыны  болады. 

Өйткені  бұл  мінез,  бұл  құбылыстағы  ақындар  шыға  шап,  тоқ  бәйгенің 

жүйріктері  емес,  бірте-бірте  бусанып,  баппен,  байыппен  көсілуді  қалайды, 

сіңірлі созымдылықты ұнатады.  

Шындығында,  Исраил  Сапарбаев  «Бозқараған»  әсіресе,  соңғы  жарық 

көрген «Қызыл-жасыл дүние» атты жыр жинағына дейін үлкен хорға қатыса 

жүрсе  де,  дауысын  шығарып,  қосылар  жерін  күткен  әншідей  әдеби 

қауымның, әдеби пікірдің көзіне көп көлеңдеген жоқ.  

Исраил дауысы соңғы екі жинақта өз оқушыларын бірден елең еткізді. 

Елең  еткізгенінде  дау  жоқ.  Ақынды  іштей  мойындағанымызды  сөзімізбен 

емес көзімізбен ғана айтатын әдетімізге салып оның творчествосы туралы да 

әлі ешкім ештеңе айта қойған жоқ.  

Қазақ  поэзиясына  Исраил  Сапарбаев  майда  қоңыр,  биязы,  жібектей 

жұмсақ  сонысымен  бірге,  әрине,  сабырлы  да  салмақты  жаңа  дауыс  алып 

келді, сол дауысты қалыптастырып үлгірді де!  

Мұндай  дауыс,  мұндай  болмыс-бітімдегі  ақындар  қазақ  поэзиясында 

бұрын-соңды  болған  жоқ  деп  айта  алмасақ  керек.  Исраил  туған 

топырағымызда  бұрыннан  бар  қасиеттерді  қабылдап,  бұрыннан  бар 

дәстүрлерді  дамытушы.  Бірақ,  оның  сол  мінездес  болмыс-бітімдерден,  сол 

әуендес  дыбыс-ырғақтардан  қандай  айырмашылықтары,  өзгешеліктері  бар? 

Поэзиямызға оның әкелген жаңалығы да, жақсылығы да, өзіндік ерекшелігі 

де  сол  болса  керек.  Сол  туралы  айтқанда  ғана  Исраил  творчествосының 

бағыт-бағдарының айқындалары сөзсіз. 

 

Қазір  орыс  поэзиясында  «тихая  поэзия»  («тыныш  поэзия»  деген 



келмейді,  «үнсіз  поэзия»  болмайды,  меніңше  ішті  поэзия,  ішкі  тебіреніс 

поэзиясы)  деген  термин  тауып,  бірсыпыра  ақындарды  соның  өкілдері 

ретінде атап жүр ғой.  


Бір  қарағанда  Исраилды  да  іштей  тебіреніп,  іштей  толқитын 

ақындардың  қатарына  жатқызуға  әбден  болады.  Оқыс  дауыс  көтермейтіні, 

ойда  жоқта  ұран  тастамайтыны  ойламаған  жерден  жүйесіз  байлам,  жөнсіз 

шешім жасамайтыны – оны осы қатарға жатқызуға итермелейді. 

Ал  бірақ  Исраилдың  жұмсақ  биязы  дауысын  ешқашан 

босаңсытпайтын, 

қуаныш-шаттыққа 

қанша 


кенеліп 

тұрса 


да 

бейқамсытпайтын, қайғы-налаға ұрынса, уайымдап, үгітілуге жібермейтін – 

бір алтын діңгек арқауы бар. Ол ақынның майда қоңыр мұңы, сол мұң оның 

көзге  көрінбейтін  көңіл  пернесіндей  –  жан  серігі.  Исраил  «менінің»  де 

менменсіп  масаттанатын,  қажалып  қажитын,  сүрініп  сергитін,  үміттеніп 

күдіктенетін кездері көп. Сондайда оның астамшылыққа ұрынбауына да, аяқ 

асты жығылмауына да әлгі майда қоңыр-мұң – көзсіз көңіл ақылының табиғи 

тазалығы болып тұратындай сезіледі.  

Ақынның  бұл  қасиеті,  әсіресе,  оның  махаббат  тақырыбына  жазған 

өлеңдерінде өзіндік мәнер, өзіндік өрнекке айналады.  



      

Сол күні сенің балғын бұрымыңнан 

      

ұзаққа ұшып кеткен ақ көбелек...  

       ..................................................... 

      

жанарыңда жауһар тастай сан қырлы,  

      

жалбыр шашты жастық шағым жаңғырды.  

        ....................................................................... 

        

Бұдан кейін.. 

        

шын егіліп ес-түссіз 

        

кім біледі енді ешкімді сүймеспін.  

Осы  жолдардағы  көңіл  алдарқатар  қимастық  мұңы,  Исраилға  тән 

майда мінез қайсыбір ақындардың айтқан ұранынан, аһ ұрған уһісінен әлсіз 

әсер  етпейді.  Құйқа  тамырды  шымырлатып,  өзіңді  ой  тереңіне  батырып 

кеткендей әсерде қаласың. 

Міне, Исраил ерекшелігі, Исраил поэзиясының жаңалығы дегенде біз 

оның ең алдымен осы қасиетін айтуымыз керек.  


Әсіресе, Исраилдың осы ерекшелігі адам тағдырының ең бір есте қалар 

сәттерін  суреттеу  үстінде  шарықтау  шегіне  жеткізеді,  жүрегіңді 

шымырлатқан майда мұңның шынайлығын осы сәтте сезінесің.  

       

Ерте көктем. Қаралы қабір басы.  

       

Ерте кеткен жігіттің қарындасы  егіледі.. 

       ...................................................... 

       

жас жігіттің ып-ыстық денесіндей  

       

жарлауытта жас қабір бусанады. 

        ...................................................... 

       

...Төбе тұста тырналар тыраулайды  

         

таусылмайтын тірліктен хабар беріп...  

Біз  бір  өлеңнен  оның  өн  бойындағы  оқиға  желісін,  көңіл  көрінісі  – 

құлақ күйін, элегиялық сарынын танытатын жекелеген жолдарды ғана теріп 

алып отырмыз. Осы жолдардағы әрбір детальдың астарында мұң бар, бұл бір 

бей-жай қалдырмайтын шын мәнінде суреткер-сезімнің мұңы. Исраил-ақын 

да өз мұңын, қуаныш-қайғысын өз бойына дарыған халықтық қасиеттерден 

бөлектемейді. Өлім.. оны аза тұтып жерлеу сияқты адамзатқа ортақ оқиғаға 

«Қаратаудың  басына  қақпан  құрып,  қанжығасы  қызылға  батқан  бұлттың» 

қабырғасы  сөгілген  сәтте  ақын  мұңының  ұлттық  ерекшелігі  адамзаттық 

деңгейге көтеріліп жүре береді.  

Мен  Исраилдың  «Көз  моншақ»,  «Үш  тал  гүл»,  «Сегіз  өрім» 

топтамаларындағы  өлең  өлшемінің  технологиялық  жүйелілігін,  ой  өрбітіп 

тақырып  игерудегі  ізденістерін  құптаймын.  Бұл  ізденістердегі  ақын 

жаңалықтары дәстүр арналарында дамитынын айтуымыз керек. Бірақ, айтар 

ойды  үнемі  көлеммен  шектеп,  шумақпен  шегелеп  отыруға  болмайтыны 

байқалады.  Ақынның  екі  шумақтық,  үш  шумақтық  топтамаларында  өрбіп 

кеткелі тұрған ойлардың өлшем уысында қалып қоюы, сегіз өрім жырларда 

ұсақ ойлар ақынды уақтатып жіберуі де әбден мүмкін. Жүйелілік, өз күшіңді 

шашылмай,  төгілмей  сапалы  жұмсау  жақсы.  Бірақ  өлең  стихиясының  өне 

бойы өлшемге, мөлшерге сия бермейтіні белгілі.  



Исраил  іштей  тебіреністің,  ішкі  иірімнің  ақыны  дедік.  Ойландыра 

білетін,  ойға,  қимылға  өмір  құбылыстарына  астар  бере  білетін  ақын  дедік. 

Ал сондай үміт артқан ақынымыздың «Эстрада екпіні» сияқты өлеңде:  

    

Ұқсайды гитарасы автоматқа,  

    

Ұқсайды  микрофоны  гранатқа,-  деп  бүгінгі  эстрадалық  музыкаға 

ашықтан  ашық,  «жайдақ»  шабуылға  шығуы  –  ақылды  әрекет  емес.  Бұл 

мәселе  төңірегінде  қай  елде  де  қаптаған  проблема  бар  екені  даусыз.  Ақын 

оны айтуға тиіс. Ал бірақ кез келген кемшіліктің көлеңке жақтарының кері 

әсерін  суреткерлік  шеберлікпен  реализм  тәсілдерімен  айтпайынша  – 

ақынның  мұндай  қимылы  алаңғасарлыққа  ұрынып,  маңдайын  тасқа  соғып 

алуы да мүмкін...  

Ақындық болмысында арнасынан асып адуындауды сүймейтін, артық 

сөз,  артық  бояуға  да  көп  үйірсектігі  жоқ  Исраилдың  қайсыбір  қызықтаған 

суреттерін, тамашалаған көріністерін бір ойға желілей алмай, жасандылыққа 

ұрынатын кездері де жоқ емес.  

      

Мезгіл күз.  

      

Сары масақ сабақтарынан  

      

Сабырсыз  самал  сап  тынып,  -  деп  суреттейді  ақын,  ал  осы  кезде 

«аққудың қанаттарынан ақ түбіт төгілуші ме еді?»..  

     

Ә,  бәсе,  ақынның  аққу  деп  отырғаны  аспан  екен  ғой,  аспаннан 



жауатын ақ қарды айтып отыр екен ғой.  

          

Аққуға ақпан арандап, 

          

Қалқытып жатыр мамығын.  

Енді  біз  аққуымыз-аспан  деп  ойласақ,  ақпанды  –уақыт  деп  білуіміз 

керек.  Сонда  ақынның  ойынша  аспанға,  кеңістікке  уақыт  арандағаны  ғой. 

Бірақ  табиғат  құдіретінің  бәрін  уысында  ұстайтын  уақыт,  мезгіл  емес  пе? 

Қалай  дегенмен  де  осы  өлеңде  көңілге  қонбайтын  абстракциялық  ұғым, 

суреттер бар. «Көбесі көктің  сөгіле, алыстан талып айтар ән» деген тәрізді 

құйрық-жалынан ұстай алмайтын көз алдыңа көрінер суреті – бұлдыр санаңа 


сіңетін  ой  дәлдігі  белгісіз  беймәлім  жолдар  Исраилдың  ақындығын  былай 

қойғанда қаламгерлік шеберлігіне де жараспайды.  

     

Қалықтайды, жапырақ қалықтайды

     

Қайда  барып  құларын  дәл  ұқпайды,  -  деген  сияқты  көз  алдыңа 

айқын  көрінетін  табиғаттың  өз  көрінісіндей,  жұмбақ  жықпылсыз  суреттер 

салып, сол арқылы ойландырғанға не жетсін!  

Жалпы біз творчествосын әңгімемізге арқау еткен үш ақынның үшеуі 

де  –  қазақ  поэзиясының  бүгінгі  белгілі  де  белді  кадрлары  екені  сөзсіз.  Ең 

бастысы – олардың творчестволарының әрқайсысының өзіндік беті, өзіндік 

қолтаңба ерекшеліктері бар. Солай дей тұрсақ та, өнердегі өз қолтаңбалары 

айқындалған,  творчестволық  қуат-күштері  толыққан  осы  үш  ақынға  ортақ 

(бұл  бәрімізге  де  ортақ  болуы  мүмкін)  кемшіліктің  көлеңкесі  көрінбей 

қалмайды.  Темірхан  өлеңдері  ғылыми-техникалық  прогреске,  ғасыр 

құбылыстарына  қаншама  жанасқанымен,  жырлаған  қыруар  оқиғасының 

монумент ескерткішіндей «мен мұндалайтын» тұлғалы бейне жасай алды ма, 

Жұматайдың  Ләйласы  Қамар  Сұлу  мен  Шұға  сияқты  ұзақ  өмір  сүріп, 

ұрпақтан-ұрпаққа  замандас  боп  жетеріне  сене  алмаймыз,  ал  Исраилдың 

майда қоңыр мұңы – жансерік болып ой бөлісуге, ниет көңіл бөлісуге әсерін 

тигізгенімен, адам мінезіне, типтік бейнеге айнала алмасы тағы белгілі. 

Бір  сөзбен  бұл  буынның  ақындары  өз  кезеңінің  небір  керемет 

құбылыстарын  жырлады,  жақсы  жырлады,  жан-жақты  әлеуметтік  деңгейде 

жырлай  алды,  асыра  айтқандық  емес  әлемдік  поэзияның  көркемдік 

деңгейінде  жырлай  алды.  Олардың  жырлаған  алуан  тақырып,  алуан 

құбылыстары,  соншалықты  бай  материалдары  соғыстан  соңғы  дәуірдің 

керемет  бір  типтік  тұлғасының  құрастырушы-конструкторын  күтіп  тұрған 

дап-дайын дүниенің детальдарына ұқсайды.  

Материал  да,  деталь  да  жеткілікті.  Бұл  буында  талантты  ақын-

суреткерлер  де  баршылық.  Ал  бірақ  көп  уақыт  бойы  жасалған  дайын 

детальдарды  құрастыру  бейнеті  –  типтендіру  бақыты  кімнің  маңдайына 

бұйырады?  


Басты сауал – басты түйін осы.  

 

                                     




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет