5.1. Тақырып №23 Нашақорлық – қоғамдық дерт.
5.2.Мақсаты: Мәтін құрауда сөздердің байланысу түрлері мен тәсілдерін орынды қолдану
5.3. Оқыту міндеттері:Қазақ тілінде ойларын дұрыс жеткізе білуге дағдыларын қалыптастыру.
5.4. Тақырыпқа байланысты негізгі сұрақтар: 1.Маскүнемдерді, нашақорларды емдеуге байланысты қалада (ауылда) қандай мәселелер бар?
2. Салауатты өмір салты дегеніміз не?
5.5. Дидактикалық-ақпараттық блок Отбасы-ынтымақтың, ізгіліктің, махаббаттың, жылулықтың, тазалықтың Отаны. Отбасының негізгі ұйытқысы, алтын діңгегі– әке мен ана. Діңгегі мықты отбасы ғана адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі болмақ. Бұл мектептің адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын нақтылап тұрғандай. Ата-ананың балаға деген риясыз махаббатының өзі неге тұрады десеңізші?! Алайда, осы шексіз берілген «махаббаттың» өзі баласын тура жолдан тайдырып, жарға жығып жатқандығы өмірден көрініс табуда. Ол туралы көріп те жүрміз, естіп те жүрміз. Есірткіге еліріп, өмірін өксікпен өткізген жандардың өмірі өкшелей басып келе жатқан жасөспірім балаларға сабақ болары сөзсіз. Денсаулығы мықты, Әлемді жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Нашақорлық - бұл адамзат баласының денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер. Есірткі - қармағына бір іліндірген соң, торға түскен балықтай қанша бұлқынғанмен, қайтып құтылу екі талай - кесел. Әсіресе, жастарды көктей орып, жуадай солдыратын - көкнәр, апиын, наша тарту есірткіқұмарлыққа жатады. Есірткінің әлемнің көп елдеріне жайылып, жасырын бизнестің ең қауіпті түріне айналуы қазіргі кездің ең өзекті проблемаларының бірі. Бұл мәселенің шешілуі біздің мемлекетіміз үшін де маңызды.
Еуразия жолдарының қиылысында орналасқан Қазақстанның геосаяси жағдайы есірткі тасымалдау үшін транзиттік дәліз ретінде халықаралық есірткі синдикаттары мен ұйымдасқан қылмыстық топтар үшін, есірткі заттарын орасан зор мөлшерде контрабандалық жолмен тасымалдауға қолайлы екені жасырын емес. Осының салдарынан республикамызда есірткіге тәуелді азаматтар саны айтарлықтай көбейіп отыр.
Нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күресте болашақта жақсы нәтижеге жету үшін, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген халық даналығының негізінде, ең алдымен уәкілетті мемлекеттік органдармен нашақорлыққа қарсы қоғамдық корғаныс қабілетін әлеуметтік иммунитетті (наркоиммунитетті) қалыптастырудың маңызы зор.
Сонымен бірге, баспасөз беттері және электронды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа есірткінің зияны туралы кең көлемде ақпарат бере отырып, есірткі пайдалануға және нашақорлыққа қарсы насихаттау жұмыстарын күшейту қажет деп ойлаймын. Қорыта айтқанда, қылмыстар мен зұлымдық атаулының туындауына әкеліп соқтыратын нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күреске бүгінгі таңда ерекше назар аудару арқылы, мейлінше ықпалды әрі тиімді шараларды үздіксіз жүргізіп отыру баршамыздың басты міндетіміз.