Қайта жасау қиялы арқылы адам шындыққа сай, дәл, дұрыс образдар берiп отырады. Бұл үшiн түрлi сипаттау, схема сызықтарын дұрыс түсiне бiлумен қатар, адамда өмiрден алынған көрнектi образдардың жеткiлiктi қоры болуы қажет. Қайта жасау қиялын тәрбиелеудiң басты жолы — көркем әдебиет кiтаптарын оқу. Бiрақ тек оқи бергенмен қиял өспейдi. Мәселен, үстiртiн, тек “қызық” жерiн терiп оқудан қиял дамымайды. Қиялды өсiру үшiн кiтап мазмұнын ойға түйiп, оны көргендей, естiгендей болып отыру қажет. Мәселен, Мұхтар Әуезовтiң “Абай” романын қиялы бай адам оқитын болса, ондағы кейiпкерлер мен түрлi оқиғалар оның көз алдында елестеп, галлереядағы суреттей жайнап тұрады. Бұл — қайта жасау қиялының көрiнiсi. Мұндайда адам авторлардың суреттеп жазғандарын көз алдында тұрғандай көрiп, тiптi сөйлеген сөздерiн есiткендей де болады. Өзiн романның кейiпкерлерiмен бiрге жүргiзiп, онымен бiрге тұратындай сезiнедi. А. С. Пушкин Полтава соғысын тамаша суреттеп бере алған. Осы жолдарды оқыған адам қиялымен соғысты көрiп, ондағы адамдардың қимыл-қозғалысын естiп отырғандай болады:
“Шарқ ұрып шойын шарлар, қырып-жойып,
Тепсiне түскен жерiн түседi ойып,
Кетедi шошып-қарғып, домаланып,
Шорылдап шомып қанға зәренi алып.
Түйрескен, тiлгiлескен швед пен орыс
Ақыры қаһарланған қатал соғыс.
Соғылған барабандар, айқай-сүрең,
Ышқынған, алас ұрған, дүркiреген,
Бiр жақтан зеңбiректер каһар шашқан
Ғаламат ажал-дозақ араласқан”.
Көркем суреттеулер адамда қиялдың бiрнеше түрлерiнiң (көру, есту, иiс т. б.) қатарынан жұмыс iстеуiн қажет етедi. Жоғарыдағы үзiндiге байланысты қайта жасау қиялын тәрбиелеудiң екiншi шарты, оның тамаша мектебi — географиялық карталарды оқып үйрену. Картаның бетiнде саяхат жасау бала қиялына планетаның түрлi түпкiрлерiн елестетедi, балаға талай алыс жерлердi көргiзiп отырады.
Эксперименттiк зерттеулердiң бiрiнде географиялық картамен жұмыс iстеу оқушылардың ой белсендiлiгiне, түрлi объектiлердiң арасындағы (байланыс-iлiктестiктi) ұқсастық, айырмашылықтарды iздей түсуге, түрлi кеңiстiктен бағыт-бағдар iздестiруге себепшi болатындығы, сөйтiп қайта жасау қиялы адам психикасын активтендiре түсетiндiгi анықталған.
Творчестволық қиял деп өзiндiк жаңа образдар жасау арқылы әрекетте, жаңа продуктылар беруде көрiнетiн киялды айтады. Жазушының, суретшiнiң, ғылымның, композитордың т. б. қиялы творчестволық қиялға жатады. Творчестволық қиял— қайта жасау киялына карағанда, әрi күрделi, әрi қиын. Абай мен Құнанбайдың образдарын жасау, оларды сипаттап жазған шығарманы оқып, елестетуден әлдеқайда ауыр. Творчестволық қиял ақын-жазушылардың, суретшiлердiң, артистердiң т. б. осы секiлдi өнер қайраткерлерiнiң iс-әрекеттерiнде үлкен орын алады. Өнер қайраткерлерi өздерiнiң идеясын көркем образ арқылы бередi. К. С. Станиславский: “Артистiң көкiрегiнде өзi бейнелеп тұрған адамның ой-толғаныстары туғанда ғана шынайы өнер туады, нағыз жанды сезiм еш уақытта зорлағаннан, қолдан жасағаннан келмейдi”,— дейдi. Мәселен, Чехов спектаклiндегi Раневскаяның ролiн орындаушы Ольга Книппер — Чехова шие бағын сатады деп хабарлағанда шын көңiлiмен көзiне жас алады екен. Мұндайда актер сахнада ойдан шығарылған нәрсеге шындықтың өзiндегiдей көзқараспен қарайды. Бұл — творчестволық қиялы өте бай адамның қолынан келетiн касиет.
Ақын-жазушылар қиялы арқылы өзiнiң келешек кейiпкерлерiн “көредi”, олардың мiнез-құлықтарын “елес етедi”, сөзiн “естидi”. Сонымен қатар, ақын-жазушылар өз геройларымен бiрге өмiр сүредi, олардың ойын, көңiл күйiн “сезiп”, қоян-қолтық араласып жүргендей болады. Мәселен, француз жазушысы О. Бальзак егер жеңi жыртық бiреудiң көшеде кетiп бара жатқанын көрсе, өзiн сол адамға ұқсататындығы соншалық,— ез жеңiм де жыртық емес пе екен деп, ерiксiз өз карына қолын жүгiртiп, тесiктi жаппақшы болады екен.
Бақылағыштық, жеке өмiрiнiң эмоциялық байлығы, алдын ала орасан зор жұмыстар iстей бiлуге қабiлеттiлiк (мәселен, Л. Толстойдың айтуынша, “Соғыс және бейбiтшiлiк” романын жазу үшiн жинаған материалдары “бүкiл бiр кiтапхана” болған) адамның творчестволык, қиялының самғауына күштi әсер етедi. Өмiрден түйгенi шамалы, творчестволық қиялы жетiлмеген адамнан жақсы ақын шығуы мүмкiн емес. Абай мұны өте дұрыс көре бiлген.
“Өлең — сөздiң патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тiлге жеңiл, жүрекке жылы тиiп,
Теп-тегiс жұмыр келсiн айналасы.
Өлеңге әркiмнiң-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Iшi алтын, сырты күмiс сөз жақсысын
Қазақтың келiстiрер қай баласы?”.
Бұл өлеңiне Абай “қиыннан қиыстырар”, “тiлге жеңiл, жүрекке жылы тиiп”, “iшi алтын, сырты күмiс сөз жақсысын” секiлдi сөз тiркестерi арқылы өздiгiнен жаңа туындылар бере алатын нағыз майталман ақындардың психологиясын, олардың творчестволық қиялындағы ерекшелiктердi көрсетiп отыр.
Ғалым үшiн де творчестволық қиял аса қажет. Творчестволық қиял ғалымның творчестволық ойына аса кажеттi материал бередi. Мәселен, ғылыми жорамал жасағанда, эксперимент жұмысын ұйымдастырғанда, тапқан жаңалықтарды тексерiп сынауда ғалым өз қиялына үнемi сүйенiп отырады. Бiрақ нағыз ғылыми жұмыс көп еңбектенудi қажет етедi, ол ерiккеннiң ермегi емес, ғы-лымның жолы ауыр. Қажымай, өнiмдi еңбек ете бiлушiлiк, шыдамдылық, iске мейлiнше берiлушiлiк — нағыз ғалымға тән қасиеттер. К. Маркс айтқандай, ғылымның “сәулеттi шыңына шаршап-шалдығудан қорықпайтын, оның тасты соқпақтарымен тырмысып өрлей беретiн адам ғана шыға алады”.
Творчестволық қиял әрекеттiң кез келген саласында орын алып отырады. Қоғамға пайда келтiретiн нәтижелi еңбекте творчестволық қиялдың болмауы мүмкiн емес. Қиялдың бұл түрi, әсiресе, мұғалiмдiк қызметте ерекше орын алады. А. С. Макаренко айтқандай: “жеке адамның келешегiн жобалауда” мұғалiм творчестволық қиялсыз әрекет етсе, жақсы нәтижеге ие бола алмас едi.