Қиял түрлерi Қиял актив, пассив болып екiге бөлiнедi. Қиялдық бүтiндей пассивтiк түрiнiң шегi — түс көру. Түс көрудiң физиологиялығын жан-жақты түсiндiрiп берген И. П. Павлов болды.
Ұйқы кезiнде ми клеткаларының бәрi тежелмейдi, кейбiр бөлiмдерi қозу жағдайында болып жұмыс iстей бередi. Мидың мұндай бөлiктерiн “күзетшi пункт” деп атайды. Осы “күзетшi пункттерде” бiздiң бұрын қабылдаған, көрген, естiген, қолға ұстап, дәмiн татқан заттарымыздың бейнелерi мида қайтадан “тiрiледi”. Түсте небiр ақылға сыйымсыз образдардың жасалатыны белгiлi. Өйткенi бұл кезде мидағы сигнал жүйелерiнiң арасындағы байланыс әлсiрейдi, мұнда негiзiнен бiрiншi сигнал жүйесi ғана қызмет iстейдi. Екiншi сигнал жүйесiнiң қызметi толық тежелуге ұшырайтындықтан, адамның ойлау қабiлетi өте төмен болады. Сөздiк сигналдардың әсер етпеуi мида кездейсоқ образдардың пайда болуына жағдай жасайды да, соның нәтижесiнде түске қайдағы “кереметтер” кiредi. И. М. Сеченов осындай түстердi “болған әсерлердiң болып көрмеген қиысулары” деп сипаттаған. Түсте реалдық образдар мен нәрселердiң фантастикалық түрде қосылуынан ғажайып образдар жасалады. Бұндай образдарды А. С. Пушкин “Евгений Онегинде” Татьянаның түсi арқылы тамаша көрсетiп берген:
“Толып отыр кiл құбыжық: Ал мынадан жаманы болмас:
Тұмсығы иттей, мүйiз таққан, Шаянды алып бүйi келед,
Бiреулер жүр қораз басты, Қызыл телпек киiп ап қу бас
Ешкi сақал тұр албасты. Қаз мойнында дөңгеленед,
Ку сүйек отыр тәкаппар паң, Қанатын сермеп сатыр-сұтыр,
Жарты мысық, жарты тырна, Диiрмен билеп секiрiп тұр:
Құйрықты тапал ортасында. Күлкi, у-шу, ығы-жығы...”
Ұйқы кезiндегi осындай ғажап фантазиялық бейнелер де өмiрде бар нәрселердiң жиынтығынан құралған. Бұлардың негiзi — адамның ояу кезiндегi басынан кешкен оқиғалары, ойы мен мақсаты, тiлегi мен арманы, естiген-көргендерi, iстеп жүрген қызметi, басқалармен қарым-қатынасы т. б. ұйқыдағы адамның түс көруiне себепшi болатын фактiлердiң есебi жоқ. Мәселен, ми клеткаларына көшедегi транспорттың тарсылы да, ағаш жапырағының сылдыры да, иттiң шәуiлдеп үргенi де, есiктiң ашылып-жабылуы да әсер етiп отырады. Тiптi организмнiң iшкi мүшелерiнiң (жүрек, өкпе, асқазан т. б.) жұмысына бiр жайсыздық түссе, бұл да адамның түсiне қай-қайдағы бiрдеңелердi кiргiзедi. Мәселен, ұйқыдағы адамның жүрегiне бiр салмақ түссе, оның жүрегi катты соға бастайды. Осыған орай адам мынадай түс көредi. Өзiн қуған бiреуден қашады, бұдан ол ентiгiп, булығады да.
Түс көрудiң мазмұны адамның, көбiнесе, қызығуына, талғамына орайлас келiп отыратындығы да шындықпен жанасымды факт. “Егер иттiң түсiне сүйек кiрсе, саудагердiң түсiне ақша кiредi” деген мақал да бiздiң осы пiкiрiмiздi қуаттайды. Өмiрде ешбiр естiмеген, көрмеген нәрселер түске кiрмейтiндiгiн ғылым дәлелдеп отыр. Мәселен, iштен соқыр болып туған адамның түсiне көзге көрiнетiн "бейнелер кiрмейдi, оның басқа сезiм мүшелерi арқылы (иiс, дәм, есiту т. б.) қабылдаған нәрселерi енiп отырады. Егер соқырлық кейiнiрек пайда болса, онда сол адамның түсiне бұрын көзiмен көрген заттарының бейнелерi кiре бередi. “Барлық адамдардың түсi, — деп жазды И. П. Павлов, — бiрiншi сигналдардың бейнелi, нақты және эмоциялық түрде жандануы”. Түс көрудi ұйқыдағы мидың фантазиясы деуге болады. Мұндай қиялды әдейiлеп туғызу және оны саналы түрде басқарып отыру мүмкiн емес. Сондықтан түс көру қиялдың ең пассивтiк түрi болып табылады.
Пассив қиялдың ырықсыз түрi адамның ояу кезiнде де туып отырады. Адам алдына ешбiр мақсат қоймаса да, оның көз алдынан елестер тiзбектелiп өтiп жатады. Мәселен, адам аспандағы бұлтқа, үй қабырғасындағы түрлi көлеңкелерге қарап, оларды бiр нәрсеге ұқсатады. Леонардо да Винчи: қабырғадағы даққа, үйiлген күлге, бұлтка қарап, осылардан адамның пiшiнiн, табиғат көрiнiстерiн табуға болады дейдi. Бұл айтылғандардың бәрi — ырықсыз қиялдың мысалдары.
Қиялдың екiншi түрi актив қиял деп аталынады. Бұл — қиялдың шарықтап дамуының жоғары сатысы, адамның творчестволық әрекетiмен тығыз байланысып жатқан түрi. Актив қиял кейде ырықты қиял деп те аталынады. Актив қиял қайта жасау, творчестволық қиял, арман болып үшке бөлiнедi. Суреттеп жазғанға немесе сызғанга қарап адамның жаңадан бiр нәрсенi елестете алуын, қайта жасау қиялы деп атайды.