§ 5. Ойлау саласындағы дара айырмашылықтар Адам ойлауына тән жалпы заңдылықтар болғанмен, жеке адамның ойлау әрекетi даралық ерекшелiктерге толы. Әрбiр адам бiрiнен-бiрi ойыньң кеңдiгi немесе тарлығы, орамдылығы, ұшқырлығы, дербестiлiгi, оның логикалық жүйелiлiгi, сыншылдығы т. б. сапаларымен ажыратылады.
Ойының кеңдiгi бар адам еркiн ойлайды, мәселенi ескi әдетпен, үйреншiктi жолмен шешпейдi. Ой-парасаты кең адам мәселенi түрлiше әдiстермен шешедi, бұрын сыналып қате деп табылған әдiске жоламайды. Ой-өрiсiнiң кеңдiгiне қарама-қарсы қасиет ойдың тарлығы. Мұндай адам мәселенi шешуге шорқақ, ойға шабан, ол баста ойына келген бiр әдiстi шырқ айналдырады да жүредi. Тiптi оның жарамсыз әдiс екенiн байқаса да, басқаша пiкiрмен келуге батылы жетпейдi. Мұндай адам ой әрекетiн өз қажетiне жарата бiлмейтiн, енжар адам. Халық ерте замандардың өзiнде-ақ ақыл-ойдың кеңдiгiн ерекше қастерлеген. Мәселен, “Ой ойласаң тек ойла, тең ойласаң, кең ойла” деген мақалда қандай мәселенi болмасын тұтас, барлық жағынан қамти ойлау керектiгi, ойлаудың кең, тиянақты болуы оның белгiлi логикалық талаптарға сәйкес құралуына қарай болатындығы айтылған.
Ойдың ұшқырлығы. Кейбiр адамдар мәселенiң барлық жақтарын көре бiледi, оны тез шеше алады, ойы аса сергек және белсендi келедi. Мұндай адамдар орынсыз асып-саспайды, жағдаймен санасады, осындай қасиеттi ойдың ұшқырлығы дейдi. Бұған қарама-қарсы қасиет — ойдың асығыстық түрi. Мұндай адам ой жұмысымен онша басын ауыртпай “ауырдың үстiмен, жеңiлдiң астымен” жүредi. Бұл адамдар енжар ойлылыққа әдеттенген, дайын тұжырымға жармасқыш, жеңiл ойлауға, мәселенi үстiртiн шешуге бейiм келедi.
Басқалардан көмек күтпей, мәселенi өз бетiмен шешу — адамның жақсы қасиеттерiнiң бiрi. Мұндай адам .алдындағы мәселенi шешуде басқа бiреудiң әдiсiн қайталамайды, оны қалай да өзi шешуге тырысады. Бұл нағыз творчестволық ойдың иесi. Кейбiреулер бұған қарама-қарсы өз бетiмен ештеңе айта алмай, көбiнесе, басқа кiсiге сүйенiп, ойсыз өмiр кешедi. Абай осындай адамның психологиясын тамаша көрсеткен:
“Басында ми жоқ, Көп айтса көндi,
Өзiнде ой жоқ Жұрта айтса болды
Күлкiлшiл кердең наданның. Әдетi надан адамның”.
Жеке адамның бiлiм көлемi, өмiр тәжiрибесi, оның айналасындағылар, нерв жүйесiнiң типтiк ерекшелiктерi, денсаулық жағдайы, жас ерекшелiктерi т. б. осы секiлдi ақыл-ойдың дара ерекшелiктерiнiң қалыптасуына себеп болатын факторлардың бiр тобы.
Ойлау саласындағы дара айырмашылықтарға тоқталғанда В. И. Лениннiң адамның ақыл-ойы қандай болуы керек екендiгi және қандай адамды ақылды деп айтуға болатындығы жөнiнде айтқан мына бiр пiкiрлерiн ескермеске болмайды: “Ақылды адам — дегенiмiз' қателеспейтiн адам емес. Ондай адамдар жоқ, болуы да мүмкiн емес. Ақылды адам дегенiмiз пәлендей мәндi емес қателер жiберiп, ол қателердi оңай, тез түзете бiлетiн адам”.
Жаңа туған балада ешқандай ойлау болмайды. Ойлау баланың сыртқы ортамен белсендi қарым-қатынас жасауының нәтижесiнде, оның өмiр тәжiрибесiмен қосақталып дамып отырады. Мәселен, бiр жасар бала әжесiнiң саусағындағы жараға жағылған иод ерiтiндiсiне көз салады. Он бес айлық бiр бала өзi сүйрей алмаған жәшiктiң iшiндегi нәрселердi көрiп, бiртiндеп оларды азайта бастайды, сонан соң оны жылжытатын болады.
Тiлдiң шығуы бала ойлауының дамуында елеулi кезең болып
табылады. Мектепке түскенге дейiн бала ойлауы дамудың ұзақ жолынан өтедi. Ойлау бұл кезеңде нақтылы — бейнелi болып, әрекетпен әлде де тығыз байланысып жатады.
Балалардың ойлауын дамытуда мектептегi оқу-тәрбие процесi шешушi рөль атқарады. Бастауыш мектеп жағдайында бала ойлауы қалайша дамып отыратындығы өткен параграфтарда айтылды. Бала ойлауын дамыту үшiн мұғалiм тиiстi жұмыстар жүргiзiп отыруы тиiс. Осындай ойлау тәрбиесiне қатысты шаралардың кейбiрi мына төмендегiлер:
1. Балаларды белгiлi ережелер (грамматикалық, ма-тематикалық) жөнiнде өз беттерiнше қорытынды жасай алуға үйрету үшiн мұғалiм сабақта мүмкiндiгiнше эвристикалық әдiстi жиi пайдаланып отыруы қажет. Оқу материалдарын балалардың ойлау қабiлетi жетерлiктей жас өзгешелiктерiн ескере отырып ұйымдастырса ғана, оның ойлау қабiлетiнiң дамуына мүмкiндiктер туады.
2. Балалардың сөйлеу қабiлетiн дамытып отыру олардың ойлауын дамытуға үлкен әсерiн тигiзедi (бұл жөнiнде толығырақ мағлұмат оқулықтың келесi тарауында берiледi).
3. Ойлау қабылдаулар мен елестердiң негiзiнде жасалады. Сондықтан оқушының сабақты мүмкiндiгiнше жақсы қабылдай алуына, елестердiң тиянақты қалыптасуына мұғалiм айрықша қамқорлық жасамаса болмайды.
4. Мұғалiм балаларды үнемi ойланып оқуға бағыттауы тиiс. Бұған оқу процесiн жүйелi ұйымдастыру, сабақта бала логикасын дамыта алатын мүмкiндiктердi мол пайдалану арқылы жетуге болады.
5. Оқушылардың өз беттерiнше жасаған ой опера-цияларының дұрыс-бұрыстығын тексерткiзу, оларды бiр мәселенiң өзiн түрлi жолдармен шешуге үнемi бағыттап отыру (тапқыштық пен зеректiк) ойлауды қажет ететiн мысалдар құрастыру, есептер шығару, шығармалар жаздыру — бала ойлауын тәрбиелеудiң тиiмдi жолдары.
6. Ойлауды тәрбиелеу бала психологиясын жан-жақты дамытумен тығыз ұштасып жатады. Бұл оның бiлуге құмарлығын, тану қызығуларын, көзқарасы мен сенiмiн тәрбиелеумен қоса жүргiзiлуi тиiс. Мәселен, қораш сөз, солғын сезiм ойдың айқын болуына бөгет жасайды, ал ақылға қонымды жақсы сөз жанға жылы тиiп, адамды небiр тамаша сезiмдерге жетелейдi, қысқасы, ой тәрбиесi адамның психологиясын жан-жақты етiп тәрбиелеу-мен ұштасып жатады деген пiкiрдi жақсы дәлелдейдi.