Психология кафедрасы


Темпераменттердiң психологиялық сипаттамасы



бет52/64
Дата25.05.2023
өлшемі262,41 Kb.
#97085
түріСабақ
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   64
Темпераменттердпсихологиялық сипаттамасы
И. П. Павловтың жүйке жүйесiнiң типтерi туралы iлiмi бойынша әр түрлi темперамент өкiлдерi былайша сипатталады. Мәселен, жүйке процестерi күштi, бiрi екiншiсiне тең келмейтiн адамдар, көбiнесе, ұйытқымалы, қимыл-қозғалысқа шапшаң келедi. Олар — ұстамсыз, күйiп-пiсуге ылғи да дайын тұратын күйгелек адамдар. Iстi бұрқыратып iстегенмен, олардың кейде қолын бiр сiлтеп сылқ түсетiн кездерi де болады. Бұлар — холерик темпераментiнiң өкiлдерi. Павлов холериктердi жылдам, тез әсерленгiш, жалындап атып тұратын жауынгер тип деп атады.
Сангвиник темпераментiнiң өкiлi, Павловтың айтуынша, қуатты, тұрлаулы, ширақ тип ойнақы, етi тiрi бiрақ кез-келген iстi бастап тастап жүре бередi. Ол жұмысқа қабiлеттi, берiлiп iстейдi, басқа адамдармен тез тiл таба бiледi, ұжым арасында өзiн көңiлдi ұстайды, былайша айтқанда, ақ көңiл, қызу iстiң адамы. Оның осал жерi — iс жоқ кезде сылбыр күйге түсiп кетедi, ендi бiрде жеңiл мiнездiлiкке салынады. Бұл оның эмоцияларының тұрақсыздығынан және жалпы қозғалғыштығы-нан туатын жайттар.
Флегматик темпераментiндегi адам, көбiнесе, салмақты, сабырлы келедi. Олар кез келген нәрсеге сезiм бiлдiре бермейдi, асықпай, баппен жүрiп-тұрады, сезiмдерi сыртқа шықпайды десе де болады. Осы темпераменттiң бiр осал жерi— қимыл-қозғалыстың баяулығы, өмiрде болып жатқан жағдайларға селсоқ қарайтындығы, оңтайлылықтың жоқтығы. Бiрақ мұның ұстамдылығы, салқынқандылығы, адамның мiнез бiтiстерi үшiн таптырмайтын қасиет болып табылады.
Меланхолик темпераментiндегi адамға әсер етпейтiн нәрсе жоқ, бiрақ әсер еткен нәрсесiнiң бәрiне өз сезiмiн бiлдiре бермейдi не де болса iшiнде жүредi. Мұндай темпераменттегi адам өзге адамдармен онша көп жұғыспайды, бiрақ тиiстi жерiнде айтайын дегенiн айта алады. Тұйықтық, өз ойына шомуға бейiм тұрушылық, орынсыз ибалылық — осы темпераменттiң ең бiр нашар жағы. Орыстың классик жазушылары өз шығармаларында түрлi темпераменттiң өкiлдерiн тамаша көрсеткен. Мәселен, Л. Толстойдың “Соғыс және бейбiтшiлiк” романындағы қарт князь Волконский - холерик темпераментiнiң, “Анна Каренинадағы” Степан Облонский - сангвиник темпераментiнiң, Н. В. Гогольдiң “Өлi жандардағы” Собакеевич — флегматик темпераментiнiң, мұндағы Тентетников — меланхолик темпераментiнiң нағыз ай-қын өкiлдерi болып табылады.
Қызметтiң түрлi салаларындағы асқан талантты адамдардың арасынан да түрлi темпераменттердiң өкiлдерi табылады. Мәселен, А. С. Пушкиннiң өзi де, оның сүйсiне жырлаған басты геройларының бiрi — бiрiншi Петр де, холерик темпераментiнiң өкiлдерi болған.
Орыстың ұлы қолбасшысы А. Суворов та холерик темпераментiнiң өкiлi. Ол туралы бiр естелiкте былай делiнген: “Оның қөзқарасы, сөзi, қимылдары өзгеше қунақылықпен көрiнiп тұратын. Ол тыныш отыру дегендi бiлмейтiн, жүз жұмысты бiрден iстеп тастауды аңсап тұратын адам едi. Қартайған кезiнде де ол жай жүрудi бiлмеген, жүгiрiп жүрген, атқа мiнгенде шауып жүретiн, жолында орындық тұрса, айналып өтудiң орнына, оның үстiнен қарғып кететiн болған”.
Орыс жазушыларының көрнектi өкiлдерi Герцендi -сангвиник, Гогольдi — меланхолик, Крыловты — флегматик темпераменттерiнiң өкiлдерiне жатқызуға болады.
Табиғи жағдайда темпераменттердiң “таза” түрiн ажырата алу, көбiнесе қиынға соғады. Өйткенi, олар адамның өмiр барысында қалыптасатын әр түрлi ерекшелiктерiнiң көлеңкесiнен жөндi көрiнбей қалуы да мүмкiн.
Дегенмен, ұзақ уақыт бойына жүргiзiлген зерттеулер бiзге төменгi сынып оқушылары арасынан темпераменттердiң “таза” түрлерiн тауып алуға мүмкiндiк бердi.
Оқушылардың сөйлеу ерекшелiктерiнiң қалыптасу жолын қарастыра отырып, сөздiң адам психикасына ерекше реңк беретiндiгiн, мұның балалардың темперамент ерекшелiктерiнен жақсы көрiнетiндiгiн байқауға болады. Бұл жерде профессор Н. И. Красногорскийдiң баланың жоғары жүйке қызметi оның сөйлеу ерекшелiктерiне (атап айтқанда, дауыс ырғағына, мәнерлiлiкпен сөйлеу қарқынына) әсер етiп отырады деген қағидасының дұрыс екендiгi байқалады. Осы айтылғанмен қатар, балалардың темпераментiн анықтауда олардың жалпы ақыл-ой әрекетiнiң ерекшелiктерiн, жұмыс iстей бiлу қабiлетiн, осыларға байланысты түрлi қозғалыс-қимылдарымен де санаспауға болмайды. Жоғарыда айтылғандарға байланысты әр түрлi темпераменттегi баланың ерекшелiктерiн төмендегiше тұжырымдауға болады:
1. Сангвиник темпераментi басым оқушының ерекшелiктерi: ашық, көпшiл, сөзшең, кiсiге қайырымды, қысылып-қымтырылмайды, оптимист, өмiр сүйгiш, көтерiңкi көңiлдi, басшылыққа, жетекшiлiкке құштар.
Мұндай бала жылдам және тез қозғыш, көңiл күйi жиi өзгергiш келедi, көп нәрсеге қызығады, бәрiн бiлiп алуға тырысады, бiрақ бiреу бағыттап отырмаса, тез суып кетуi де ықтимал. Ақыл-ой әрекетi белсендi жүрiп отырады. Сыныпта мұғалiмнiң айтқандарын қиналмай ұғады, сұрақ қоюға жаны құмар. Оның сөзi жылдам, анық, түсiнiктi, паузалар мен интонацияларды жақсы сақтайды, сөздi мәнерлей айтуға тырысады. Сөйлегенде ым-ишара (мимика, пантомимика) жағы басым келедi, көбiнесе эмоциялы, қозу жағдайында тұрады. Осындай балалардың мiнез-құлқынан қажырлылық, белсендiлiк сияқты кейбiр жақсы қасиеттердi көруге болады. Сондықтан да сангвиниктер өмiрге икемдi, тәрбиелеуге оңтайлы, ширақ темперамент болып саналады.
2. Флегматик темпераментi басым оқушының ерекшелiктерi. Ол өте сақ, ұяң, байсалды, жұртқа жақсылық тiлейтiн, сенiмдi, тұрақты, бiр қалыпты. Флегматик темпераментiндегi бала сабырлы, орынсыз асып-саспайды. Сабақта тыныш отырады, жанындағы баланы мазаламайды. Ауыр мiнездi, көрсе қызар емес, мәселенi тез шешуге асықпайды, салқынқанды. Бiр iстi бастаса салпақтап соңынан қалмайтын бала. Мұндай балалардың сезiмдерi сырт әлпетiнен көрiнбейдi десе де болады. Ол оқушының дауыс екпiнi баяу келедi, аптықпай, асып-саспай сөйлейдi, сөзi ым-ишаралармен ерекшеленiп тұрмайды. Флегматик темпераменттегi балалардың көпшiлiгi мектепке келгеннен кейiн оқу дағдыларын меңгеруде өзiнiң икемдiлiктерiн жақсы керсетедi.
3. Холерик темпераментi басым оқушының ерекшелiктерi. Бұл ұшып-қонып тұратын, күйгелек, тынымсыз, шамданғыш, көңiл күйi жиi өзгеретiн, қарым-қатынаста аумалы-төкпелi, тұрақсыз, соқпа мiнездi, белсендi пысық, бiрақ бейқам, ашуланшақ бала. Мұндай оқушы қимыл-әрекеттi сүйедi. Әдетте оның қимыл-қозғалысы батыл, шапшаң болады. Ол қызыққан жұмысына әбден берiлiп, барлық ынтасын салып орындайды. Онда ой-әрекетiнiң белсендiлiгi байқалады. Ой-әрекетiнiң белсендiлiгi оқу тапсырмаларын орындауынан да жақсы көрiнедi. Спорт, әсiресе, қозғалыс ойындарына бар ықыласымен қатынасады. Мектепте ұйымдастырылатын жұмыстарда балалардың алды болатын да осылар. Мұндай балалардың көбiнiң мiнездерi сотқар, шалдуар келедi. Өз эмоциялары мен қимыл-қозғалыстарын билей алмай, қабынып, “күйiп-пiсуге” дайын тұрады. Ашуы шапшаң қатты, қияңқы, ұнамсыз iстерге әуес. Бұлардың сөзi жылдам, интонациясы толқымалы, кейде топ iшiнде даусы қатты шығып та кетедi. Олар тез, қызу сөйлеп, төңiрегiндегiлердi бiрден ұйытады. Холерик темпераментiндегi бала өте сезiмтал болғандықтан, түрлi әсерге тез берiледi, ызақор, ашуланшақ келедi. Оның бұл сияқты ерекшелiктерi өткiр көзiнен, тез және оңтайлы қозғалыстарынан жақсы байқалады.
4. Меланхолик темпераментi басым оқушының ерекшелiктерi. Сәл нәрсеге ренжидi, өкпслегiш, пессимист тұйық, сөзге сараң, аса баяу қозғалатын жай басар. Мұндай оқушылардың сезiмталдығы өте баяу көрiнгенмен, онысы терең және ұзақ уақытқа созылады. Меланхоликтер мектеп өмiрiндегi оқиғалардың бәрiн үлкен әсермен қабылдап, оларды көп ойлайды. Мәселен, мұғалiм оны тақтаға шақырып есеп шығартса, мұның өзi оған кейде әлдеқандай зор әсер етедi. Ол кейде қызараңдап ұялады, егер мұғалiмнiң тапсырғанын орындап шыға алмаса, осыған қатты қайғырады, көпке дейiн бұл оның есiнен кетпейдi. Егер мұғалiм сыныптағы балалардың көзiнше оған ұрсатын болса (бұлай ету әрине дұрыс емес), мұндайда бала төмен қарап жылап, кейде жауап айта алмайтын жағдайға ұшырайды. Ол көпке дейiн булығып, белсендi сөз айтудан қалады. Меланхолик темпераментiндегi оқушы, көбiнесе, өз жолдастарының арасында көзге түспей, жай ғана жүрiп-тұрғанды ұнатады, “мен” деп ешқашан ұмтылмайды. Ол ұялшақ, тартыншақ, тұйық болғандықтан, көпшiлiктен аулақ жүргендi жақсы көредi. Мектепте осындай балаларды құрбы-кұрдастары “қорқақ”, “сылбыр”, “үндемес”, “маубас” т. б. деп келеке ететiн кездерi де болады. Ол жасқаншақ, сiркесi су көтермейдi, бiрбет, қыңыр, қисық келедi.
Темпераменттердiң адам психикасынан алатын орнын топырақтың өсiмдiкке тигiзетiн әсерiмен салыстыруға болады. Өйткенi темперамент — адамның табиғи жағын көрсететiн басты белгiлерiнiң бiрi. Әйтседе, темперамент адам психологиясының бүкiл мазмұнын көрсете алмайды. Өмiр сүру барысында бiртiндеп қалыптасып отыратын адамның дүниетанымы мен сенiмi, қызығуы мен қажетi, мұраты мен талғамы, оның темпераментiне тәуелдi емес. Бұл жөнiнде Н. Г. Чернышевский өте тамаша айтқан: “Егер қабағынан қар жауған, сөзге сараң Валленштейн соғысты қандай жақсы жүргiзе бiлетiн болса, әзiлқой, сөзшең Суворов та соғыста одан аспаса, кем түспейтiн”.
Әр адамның темпераментi психикалық әрекетiнiң көрiнуiнде сырттай iз қалдырғанмен, ақыл-ойының дамуына ешқандай елеулi әсер ете алмайды деген қағиданың бiрден-бiр дұрыстығын меланхолик темпераментiндегi оқушылардың өмiрiнен жақсы көруге болады. Жүйке жүйесi әлсiз, жуас балалардың мектептерде оқу озаты болып жүргендерi аз емес. Осы айтылғандардан темпераменттердiң қандайы болмасын тәрбиенiң ықпалымен қалыптасып отыратындығы, тiптi меланхоликтердiң өзiн ерiк жiгерi күштi, мiнездi, ұжымның бағалы мүшесi етiп тәрбиелеуге болатындығы байқалады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   64




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет