Темпераменттердi тәрбиелеу мәселесi Адамдардың темпераментiн анықтау үшiн оны өте мұқият зерттеу қажет болады. Көпшiлiк жағдайда темпераменттердiң кейбiр ерекшелiктерi байқала қоймайды да, осыған орай кейде қате қорытындылар жасалады. Темпераменттер жүйке жүйесiнiң тума типтерiне көбiрек тәуелдi болғандықтан, оларды тек лаборатория жағдайында ғана зерттеу жақсы нәтиже бередi. Жоғарыда атап өткендей, адамның iске қызығуы әуестенуiмен байланыстылығын және iстiң әр саласында бiр тепераменттiң өзi әр түрлi көрiнетiндерiн психология ғылымы дәлелдеп отыр.
Түрлi темпераменттердiң iшiнен бұлардың қайсысы жақсы деп сұрақ қоюға болмайды. Кез келгенiнiң де ұнамды, ұнамсыз жақтары бар. Әр адам өз темпераментiнiң жақсы жақтарын бiлiп, нашар жақтарынан арылу жолын қарастырса, сөйтiп өз темпераментiн меңгере алатын халге жетсе — бұл осы адамның сана-сезiмiнiң жақсы көрсеткiштерiнiң бiрi болып табылады. Ал керiсiнше, адам темпераментiне ерiп, өзiне-өзi ие бола алмаса, темпераменттiң қайсысы болсын адамды ұнамсыз етiп көрсететiн болады.
Оқушылардың мiнез-құлқын жан-жақты етiп тәрбиелеуде, олардың темпераменттерiне ерекше көңiл бөлiп отырудың маңызы зор. Темперамент тәрбиесiнде әрбiр мұғалiм И. П. Павловтың, жүйке жүйесiнiң типтерi туралы iлiмiне сүйенуi тиiс, Павлов iлiмi жүйке жүйесiнiң типтерi өмiр барысында өзгерiске түсетiндiгiн, бұлардың тума ерекшелiктерiмен қоса, қоғамдық тәрбиенiң әсерiмен қалыптасатын типтерi де болатындығын, жүйке жүйесiнiң типтерiн арнаулы жаттығулар арқылы өзгертуге болатындығын көрсеттi. Мәселен, қозуы аса күштi ұстамсыз типтiң жүйке процестерiн теңдестiру арқылы одан темпераменттердiң жақсы жақтарын тәрбиелеуге болатындығы байқалады. Осы iлiмге сүйене отырып, тәрбиешiлер холериктердi ұстамсыздықтан аулақтатып, тыныш, ұзақ жұмыс iстеуге үйретiп, сангвиниктердi жұмысты сабырмен асықпай iстеуге, флегматиктердi жайбарақаттыққа салынғызбай, меланхоликтердi өздерiне сенуге, батылдыққа тәрбиелеулерi тиiс. Мұғалiм оқушылардың темпераменттерiн тәрбиелеуi, олардың моральдық қасиеттерiн тәрбиелеу iсiмен орайластыра жүргiзудi жоспарлағаны жөн. Балалардың сабақ үстiндегi тәртiбiн ұйымдастырғанда, әсiресе, мiнез-құлықтық кейбiр терiс көрiнiстерi әңгiме болған кезде, олардың темперамент өзгешелiктерi еске алынып отырылуы тиiс. Мұғалiм үй тапсырмаларын сұрау, жаңа сабақты пысықтау кездерiнде де әр баламен жеке үндесiп отырмаса болмайды. Мәселен, тiлi мен жағына сүйенген холериктi тыныштандырып, үндемей отырған флегматиктi жауап беруге шақыру мұғалiмнен асқан байсалдылықты қажет етедi. Ал, кейбiр жағдайда, меланхолик бала тәртiп бұзған болса (мұндай жағдай өте сирек болады әрi олар өздерi бiрiншi болып тиiспейдi), оны жұрт алдында қызартып, ұялту дұрыс емес. Мұндай баламен iстiң мәнiсiн ашу үшiн, оңаша сөйлескен дұрыс, тiптi бiр қараудың өзi жетiп жатыр. Холерик темпераментiндегi балаға қатаң ескерту жасап, қойылған талапты қалайда орындатқызу жағын ойластырмаса болмайды. Сангвиниктер мен холериктердiң мектептегi қоғам жұмыстарына өздерi тiленiп қатысатыны өте жақсы әдет. Бiрақ бұларды қадағалап, жұмысына бағыт берiп отырмаса, жұмыстың нәтижесi төмен болуы ықтимал. Әсiресе, сангвиниктердi қатты бақылаған абзал, өйткенi, олар жұмылып кiрiскендерiмен, жылдам суып қалатын балалар.
Темпераменттердi тәрбиелеуде баланың ерiк-жiгерiн, мiнез бiтiстерiн, сезiм-эмоцияларын тәрбиелеумен ұштастырыла жүргiзiлгенi дұрыс. Адамның өзiн-өзi ұстап алу қабiлетiнiң дамуы темперамент тәрбиесiне жақсы жәрдем бередi. Ерiк темпераменттiң кез келген түрiнен де алдыңғы қатардан орын алу кажет. Ерiк-жiгерi күштi дамыған адамға темпераменттiң қандайы болса да жараса бередi. Мәселен, нағыз холерик темпераментiнiң өкiлi боп саналған орыс қолбасшысы Суворов, ерiк-жiгерiнiң аса күштiлгiнен темпераментiнiң жетегiнде кетпей, ерлiк iстердiң небiр кереметтерiн көрсетiп, туған Отанының даңқын шығаруға зор үлес қосқан.
Оқушылардың темпераменттерiн тәрбиелеудiң айтылғандардан басқа да көп әдiстер мен жолдары бар. Бұл жерде әрбiр мұғалiм баяу болса да, темпераменттердiң өзгерiп отыратындығын, яғни ол адамның жасына, бiлiмi мен тәжiрибесiне, тәлiм-тәрбиесiне, нақтылы әрекетiне байланысты түрлi өзгерулерге түсетiндiгiн ылғи да еске ұстап, осыған орай әрбiр оқушымен жеке жұмыстар жүргiзу қажет. Мәселен, оқушының жасына қарай оқудағы үлгiрiм дәрежесiн, тәртiбiн, басқа балалермен қарым-қатынасын, қоғам жұмыстарына қалай араласатындығын ұдайы қадағалау, олардың ата-аналарымен байланыс жасау, әсiресе, қоғамдық пайдалы еңбекке қатыстырып отыру қажет. “Темпераменттi тiзгiндей бiлу үшiн адамның жақсы тәрбиеленуi керек” (М. Жұмабаев).