Қарым-қатынас мәдениетi Мәселен, сенiң көңiл-күйiң бүгiн нашарлап тұр делiк, оның да белгiлi себебi болатыны түсiнiктi. Сөйтсе де басқалар сенiмен әңгiмелескiсi, бiр нәрсенi сұрап бiлгiсi келедi екен. Сен ондайда өзiңдi қалай ұстауың керек. Әрине, қолайсыздықты сезiнетiнiң анық. Сенi әңгiмеге тартып, үстi-үстiне сауал қойып отырғандар көбiнде көңiл-күйiңдi түсiне қоймайды. Өйткенi, оларда эмпатиялық қасиет (бұл арада адамның көңiл-күйiн түсiне бiлу, оның сүйiнiш-күйiнiшiне ортақтаса бiлу - Авторлар.) жөндi қалыптаспаған. Сондықтан да эмпатиялық қасиеттi өздерiңде үнемi дамытып отыруларың кажет.
Сендерге келесi бiр сауал. Мәселен сенiң басқа оқушылардың сөзiн ақырына дейiн тыңдай алуға төзiмiң жете ме, әлде сен оның сөзiн оқтын-оқтын бөлiп, өзiң сөйлегiң келiп тұра ма? Немесе жолдасыңның әңгiмесi сенi қызықтырмаса, оны әрмен қарай тыңдай беруге төзiмiң жете ме? Ия, болмаса, өзiң бастаған әңгiменiң басқаларды қызықтырмайтынын байқай аласың ба, мұны сезген жағдайда әңгiме тақырыбын басқа арнаға бұра аласың ба? Немесе, егер өзiңмен әңгiмелесушiнiң қылығы, айтқан пiкiрi сенiң ой-пiкiрiңмен көңiл-күйiңмен сәйкес келмесе, мұндайда өзiңдегi ренiш сезiмiн жеңе алар ма едiң? Сен әркез айналаңдағылардың көңiл-күйiн түсiнуге тырыс, мұны өзiң қаншалықты жүзеге асыратыныңды тексер. Сенiң ұжымда онша ұната қоймайтын оқушылардың да болуы мүмкiн. Саған олармен де бiр нәрсе жайлы сөйлесуiң қажет болып қалды делiк. Мұндайда әлгi балалармен дұрыс қарым-қатынаста болуға тырыс. Әңгiмелескен сайын оларды елiктiрiп, қызықтыра алсаң, тiптi жақсы. Бұл жерде байсалдылық, әдептiлiк сияқты қасиеттер саған ауадай қажет.
Бiздiң қай-қайсымыз болсын, тiршiлiкте кейбiр адамдардың үйiрсек келетiнiн байқап жүрмiз. Бұл басқалармен тез тiл табысып кететiн жандар. Ал өзара пiкiрлесiп, адамды өзiне тартпақ түгiл оның қитығына тиетiндер де кездеседi. Мәселен, табиғатынан тұйық адамдар әңгiменi өзiне аударғысы келмейдi, артық сөзге бармайды, тек әңгiмелесушiнiң сөзiн жай, ықылассыз тыңдап отырады.
Сендер ара-тұра "Мен басқалармен қарым-қатынаста қандаймын?" - деген тақырыпта шығарма жазып және осы мәселе төңiрегiнде әңгiме-дүкен құруды, бiр-бiрiңе мiнездеме берiп, оны ұжым талқысына салып, өздерiңдегi үйiрсектiк қасиеттердi дамыту үшiн арнайы жаттығулар (сыныптағылармен үнемi амандасып жүру, өзiңе жұрттың назарын аудара бiлу, тосыннан қойылған сұраққа тез жауап қайтару, екеу ара, не жеке-дара сөз саптаудың әдiс тәсiлдерiн меңгеру, өзгелермен бiрге әртүрлi қоғамдық жұмыс атқару, т.б.) жасауды әдетке айналдырсаңдар, осы iспеттес әрекеттi ұйымдастыруға көңiл бөлсеңдер құба-құп.
Сөйтiп, басқалармен қарым-қатынаста өздерiңдi қолайсыз сезiнiп, тумыстан ұялшақ, тұйық болсаңдар жолдастарыңмен көбiрек кеңес құрып, құрбы-құрдастарыңмен жиi араласып, мұндай әрекетке бөгет болатын кедергiлердi жеңуге тырысуларың қажет.
Осы арада, тағы да айтарымыз, ұжымдағы пiкiр талас кездерiнде оқыған кiтаптарың мен көрген кинофильмдерiң, спектакльдерiң туралы жиi-жиi пiкiр алысып, басқа балалармен қарым-қатынас жасаудың кез-келген мүмкiндiгiн пайдаланғандарың жақсы. Мәселен, өз ықыласыңмен сыныбыңдағы бес оқушымен бiр мәселе төңiрегiнде әңгiмелескен кезде өзiңе нақты мiндет қой, бұлардың беделдi бiреуiне сауал қойып үйрен, тiптi болмаса, дүкендегi сатушының саған көрсеткен сыпайы қызметiн әңгiмелеп бер, жолдасыңның сұрағына жауап берген кезде оның қанағаттанған қанағаттанбағанын бiлуге тырыс, олармен дұрыстап қатынас жасауды үнемi есiңнен шығарма! Егер құрбы-құрдастарың саған момын, тұйық, енжарсың десе, онда шамаң келгенше өз мiнез-құлқыңды ширата түсудi ойлағаның абзал. Бiр сөзбен айтқанда, жеке басыңдағы үйiрсектiктi, жұртқа жұғысу жолын (бiрақ құр босқа жалпақтап жүрме) ойластырып, осы бағытта үздiксiз жұмыс жүргiзгенiң дұрыс. Сонда ғана адамдық қарым-қатынас мәдениетiңдi дамытуға мүмкiндiк аласың, өзiңнен басқаларға ықпал етудi үйренесiң, жұртпен өзара үйлесiмдi байланысқа жол табасың.