В. Қосалқы әдiстер Психологияда бұл айтылғандардан басқа да әдiстер бар. Оларды қосалқы әдiстер деп атайды. Мәселен, әңгiмелесу әдiсi арқылы психолог белгiлi жоспар бойынша зерттелiнушi адамның жас және дара ерекшелiгiне, бiлiм көлемiне қарай күнi бұрын әзiрленген сұрақтар қояды: зерттелiнушiге күдiк тудырмау мақсатында әңгiме көбiнесе жанама түрде ұйымдастырылады, мұнда сөйлесу әдiсiне ерекше мән берiледi.
Зерттелiнушiнiң берген жауабы жазылып алынып (алынған мәлiметтердi сол бойда жазып отырудың қажетi шамалы), кейiннен мұқият талданады да, осыған орай тиiстi қорытындылар жасалады. Осындай қосалкы әдiстердiң қатарына адамның iс-әрекетiнiң нәтижесiн талдау (яғни түрлi күнделiк, естелiк, хаттар, шығарма, мазмұндама, диктант, сын жұмыстары, түрлi формадағы творчестволық жұмыстарды талдау), өмiрбаян (яғни зерттелушiнiң туған кунiнен бастап есейген шағына дейiнгi даму жолын зерттеу, оның өмiрбаян, естелiк, мiнездемелерiн талдау), анкета (жазбаша) әдiстерi жатады. Мәселен, анкеттiк әдiс арқылы кiсi күнi бұрын бланкiге жазылып қойылған сұрақтарға жазбаша жауап қайырады. Осы әдiспен әр түрлi топтың ұжымның психологиялық өзгешелiктерi (талап-тiлегi, мүддесi, талғамы, қызығуы т. б.) зерттелiнедi. Егер мұғалiм шәкiрттерiнiң қандай кiтапты ерекше кұмартып оқитындығын, олардың сүйiктi жазушылары мен артистерi кiмдер екендiгiн және осы тәрiздес мәселелердi бiлгiсi келсе, осы әдiстi пайдалануына болады. Анкеттегi сұрақтар шұбалаңқы келмей, ықшам, зерттеушiлерге түсiнiктi тұжырымдалып, жалпы саны 5—8 ден аспауы тиiс. Алынған материалдың нәтижесi статистикалық (сандық) талдаудан өткiзiледi де, қорытындысы ондағы үлкен цифрларға қарай жасалынады. Мәселен, анкета толтырған бес жүз адамның төрт жүзi “Абай” романын оқыдық деп жазса, бұдан осы кiтаппен оқырмандардың 80 пайызының таныс екендiгiн, сондай-ақ бұл шығарманың көпшiлiк сүйiп оқитын кiтапқа айналғанын байқауға мүмкiндiк туады. Мұның негiзгi кемшiлiгi адам шын көңiлiндегiсiн жаза бермейдi, не болмаса оны қағаз жүзiнде дұрыс көрсетпеуi де мүмкiн. Әлеуметтiк психологияда жиi қолданылатын зерттеу әдiстерiнiң бiрi — сұхбат. Мұнда сұрақ қоюшы сыналушымен (респондент) әңгiмелеседi, жол-жөнекей оның сөз саптауына, түрлi реакцияларына, өң-iлтипатына зер салып отырады, зерттеудi белгiлi сұрақтың айналасында, арнаулы жоспар бойынша жүргiзедi. Сұрақ қоюшы сыналушының ниетiн қас-қабағынан бiле алатын әдiсқой да тәсiлқой, қырағы әрi бiлiктi кiсi болуы кажет. Мұнда анкета арқылы анықталуы қиын ұсақ-түйек детальдарды, мәселенiң түрлi қалтарыстары мен түп-төркiнiн аша түсуге мүмкiндiк туады. Осы жерде зерттеушiнiң әңгiмесiне ықыластанған адам кейде жаңсақ, екiұшты мәлiметтер беруi де ықтимал екендiгiн ескерген мақұл. Зерттеудiң нақтылы талап-тiлегiне орай сұхбат бiрнеше салаға бөлiнедi. Ол жеке адамдармен де, сондай-ақ әр түрлi топтармен де (үйелмен, дос-жарандар т. б.) жүргiзiледi. Мұның стандарттық, сондай-ақ алдын ала жасалған бағдарлама бойынша, ауқымды тақырыптың төңiрегiне құрылған түрлерi де бар.
Түрлi жан қуаттарының құрылымын функциялар мен параметрлердi шамамен жорамалдауда, эксперименттiк материалдарды талдауда, модельдердi құрастыруда факторлық талдау деп аталатын математикалық-статистикалық әдiс қолданылады. Математика қазiргi кезде көптеген ғылымдардың зерттеу әдiстерiне кеңiнен енiп отыр. Психологияда мұны алғаш қолданған ағылшын психологы Ч. Спирмен (1904). Осы әдiспен адам интеллектiсiн (ақыл-ой), оның музыкалық, математикалық қимыл-қозғалыс т. б. қабiлеттерiнiң белгiлi шамасын белгiлеуге болады. Мәселен, осы әдiстi психологтар адамның жоғары жүйке қызметi қасиеттерiнiң құрылымын (Б. М. Теплов, В. Д. Небылицын) зерттеуде пайдаланды. Күрделi корреляцияларды факторлық талдауға салу электрондық өлшеуiш машиналарының (ЭВМ) көмегiне де сүйенедi.
Тест әдiсi балалардың бiлiмi мен икемдiлiгi, бейiмдiлiгi, жалпы ақыл-ойының даму дәрежесi, не жекелеген жан қуаттарының дамып, қалыптасуы жөнiнен мағлұмат алуға көмектеседi. Мұндай салыстырулар алдын ала белгiленген жас белгiлерiне қарай жүргiзiледi. Тест арқылы, бала өз жасына қарағанда дұрыс дамыған ба, не оның дамуында өз кезеңiнен ауытқушылық (жоғары, төмен) бар ма деген, сауалдарға жауап алынады. Тесттi толық орындауы мүмкiн болмайтындай етiп iрiктеу қажет. Тапсырма жас мөлшерi бiркелкi балаларға (кемiнде 200) бiрдей берiледi де, мұндағы жауаптардың орта (барлық бала бойынша ортақ балл) есебi шығарылады. Осы орта есеп жас мөлшерлiк норма болып есептелiнедi. Тест тапсырмаларын тексеру, жас мөлшерлiк норма белгiлеу тестi стандарттау деп аталады. Мұндай тестке кейiн ешқандай өзгерiс енгiзiлмейдi. Баланың ақылойының даму дәрежесiн анықтауға арналған тестердi интеллектiк тестер дейдi. Мұнда әртүрлi ақыл-ой әрекетiн қолдануды талап ететiн, зерттелiнушiге бұрыннан таныс емес тапсырмалар болады. Осындай тест баланың ақыл-ойға байланысты берiлген тапсырманы қандай дәрежеде игергенiн байқауға мүмкiндiк бередi.
Тест тапсырмаларын iрiктеуге ғылыми тұрғыдан қараудың маңызы зор, өйтпеген жағдайда оның қортындылары бала ақыл-ойының дамуын бұрмалап көрсетуi мүмкiн. Тест баланың мектептегi оқуға әзiрлiгiн, сондай-ақ психикалық дамуы кешеуiлдеп қалғандардың ерекшелiктерiн танып-бiлуде көмек көрсете алады.