Психология кафедрасы


Б. Тәжiрибе (эксперимент)



бет5/64
Дата25.05.2023
өлшемі262,41 Kb.
#97085
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   64
Байланысты:
Психология пәнінен дәріс жинағы 2

Б. Тәжiрибе (эксперимент)
Тәжiрибе жасауда зерттеушi өзiне қажеттi жан қуаттарының көлденеңнен кез болуын күтiп тұрмай, сол процестiң тууына өзi жағдай жасайды. Психологияда тәжiрибе лабораториялық және табиғи болып екiге бөлiнедi. Ендi бұларға жеке-жеке тоқталып өтейiк.
Лабораториялық тәжiрибе
XIX ғасырдың ортасынан бастап, жеке психикалық процестердi зерттеу үшiн тәжiрибе кең түрде қолданыла бастады. Немiс ғалымы В. Вундт (1832—1920) психологияны тәжiрибелiк жолмен зерттеудiң негiзiн салды, тұңғыш рет лаборатория ашты (1879). Психологтар алғаш рет көру, есту иiс түйсiктерiн зерттеу үшiн тәжiрибенi пайдаланды. Кейiн келе олар секундтың 1/1000 үлестерiне дейiн дәл өлшейтiн құралдар ойлап шығарып, кейбiр психикалық процестердiң пайда болу тездiгiн өлшеудiң жолын тапты. Сексенiншi жылдары ес құбылыстарын зерттеу лабораторияда тұңғыш жүргiзiле бастайды. Арнаулы әдiстер қолдану арқылы жаттап алудың тездiгi мен дәлдiгi, ұмытудың жылдамдығы т.б. өлшенiлдi. Орыс психологы Н. Ланге (1858—1921) эксперимент әдiсiмен зейiн мен қабылдауға зерттеу жүргiздi. Тоқсаныншы жылдарда француз психологы А. Бине (1857—1911) алғаш рет ойлау процесiне тәжiрибе жасады. Осы зерттеулердiң нәтижелерi психологтардың I-шi дүние жүзiлiк конгресiнде II (Париж, 1889) талқыланды. XX ғасырдың басында психология ғылымының қарамағында ондаған лабораториялар болды. Осындай жақсы жабдықталған психологиялық лабораториялардың бiрiн XX ғасырдың басында орыс психологы Г. И. Челпанов (1862—1936) ұйымдастырды. Бұрынғы КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясына қарасты Психология ғылыми-зерттеу институты мен Ресей ғылым академиясына қарасты психология институтының (Мәскеу) лабораториялары жоғары техникамен жабдықталған үлкен ғылыми-зерттеу мекемесi болып отыр. Киев, Тбилиси қалаларындағы психология институттарында да осындай лабораториялар бар.
Ғылыми психология психикалық құбылыстардың физиологиялық негiздерiн ашуды басты мәселенiң бiрi деп қарайды. Бұл мiндеттi академик И. П. Павлов ашқан әйгiлi шартты рефлекстер әдiсi бойынша шешуге болады. көптеген физиологиялық және психологиялық лабораторияларда И. П. Павловтың шәкiрттерi бұл әдiстiң әр түрлi нұсқаларымен ойдағыдай жұмыс жүргiзуде. Мысалы, осы әдiс арқылы профессор Н. И. Красногорский балалардың жоғары дәрежелi жүйке қызметiнiң даму жолдарының, проф. А. Г. Иванов-Смоленский адамдардың бiрiншi және екiншi сигнал жүйелерiнiң қызметiн зерттеген.
Тәжiрибе жүргiзу үшiн арнаулы лабораториялық мекемелер қажет болатынын айттық. Ендi кейбiр қарапайым аспаптардың атымен таныстырайық. Мысалы, психикалық процестердiң пайда болу шапшаңдығын өлшеу үшiн — хроноскоп, терi түйсiгiнiң сезгiштiгiн байқау үшiн — эстезиометр, зейiннiң көлемiн анықтау ушiн — тахистоскоп, есiтудi өлшеу үшiн — аудиометр, денедегi бұлшық еттердiң жұмысын тiркеп отыру үшiн — эргографты пайдаланады. Бұлардан басқа құрылысы әлдеқайда күрделi құрал-жабдықтар да толып жатыр.
Лабораторияда жүргiзiлетiн эксперименттiң нәтижелiлiгi мына төмендегi жағдайларға байланысты болады:
1. Байқалатын объектi жөнiнде эксперимент жүргiзушiнiң күн iлгерi болжамының (гипотезасының) болуы тиiс;
2. Тәжiрибе түрiне лайықты жұмыс жағдайын жасау
(жазып отыру, инструкциялар т.б. жазу-сызу құралдарымен қамтамасыз ету);
3. Тәжiрибенi күн iлгерi белгiленген жоспар бойынша, арнаулы әдiстемеге сай жүргiзу;
4. Бiр құбылысты бiрнеше рет тексеруден өткiзiп, оларға сандық және сапалық жағынан дербес талдау жасау;
5. Алынған мәлiметтерге байланысты негiзгi және
iшiнара қорытындылар шығара отырып, тәжiрибе жүргiзуде ашылған кейбiр ғылым деректердi (егер зерттеу жұмысы мектеп жағдайында жүргiзiлген болса) оқу-тәрбие процесiнiң сапасын жақсарту үшiн пайдаланса, бұл тәжiрибенiң негiзгi мақсатының орындалғаны болып табылады.
Табиғи эксперимент
Тәжiрибенiң екiншi бiр түрi — табиғи эксперимент деп аталынады. Табиғи эксперименттi психологияға тұнғыш енгiзген және оны өзiнiң зерттеулерiнде көп пайдаланған көрнектi орыс психологы А. Ф. Лазурский (1874—1917) болды. Бұл әдiстiң байқау әдiсiнен айырмашылығы, мұнда тәжiрибе жүргiзушi өзiне керек құбылысты табиғи жағдайда тудырып отырады. Егер оқушылардың ойлауын, сезiмiн, еркiн зерттеу керек болса, бұл үшiн психолог қандай болмасын бiр әрекет ұйымдастырады. Мысалы, өзiне тән ережелерi бар ойын ұйымдастырылса, сол ойын үстiндегi оқушылардың психологиялық ерекшелiктерi жазылып, кейiн оған мұқият талдау жасалынады. Табиғи эксперименттiң кейбiр түрлерi арқылы (оқыту, констатациялау эксперименттерi т. б.) мұғалiмдер оқушылардың кейбiр қасиеттерiн тәрбиелеуге, жетiлдiруге, сабақ үлгiруi мен тәртiптiлiгiн арттыруға мүмкiндiк алады.
Бiр тәжiрибеде III—IV сынып оқушыларының ақыл-ой әрекетiндегi сөз бен көрнекiлiктiң ара қатынасын анықтау үшiн зерттеушi балаларға оқыған текстерiне ат қоюды, осы текстегi суреттер бойынша әңгiме құрастыруды талап еткен. Тәжiрибе жүргiзушi осы тәсiлдер арқылы текстiң мазмұнын оқушылардың қыскаша және жалпылай баяндай алуын, сурет бойынша елестер туғыза алу мүмкiншiлiгiн, сондай-ақ нақтылы образдарды қайта жанғырту текстiң мазмұнын толық түсiнуге қандай әсер ететiндiгiн байқаған. Осы зерттеуде оқушылардың жас ерекшелiгiне байланысты ақыл-ой әрекетiндегi сөз бен көрнекiлiктiң ара қатынасы үнемi өзгеретiндiгi, балалардың жасы өсiп, бiлiм қоры молайған сайын олардың ойлауы тереңдеп, жалпыланып қана қоймай, ондағы образдардың бiртiндеп толық және мағыналы бола түсетiндiгi де байқалған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   64




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет