Қазақстандағы ғылыми психологияның тарихы. Жан (психика) құбылыстары туралы әр кезде өмір сүрген қазақ ойшылдары да сонау ерте кезден бастап-ақ аз айтпаған. Асанқайғы, Шалкиіз, Мұхаммед Хайдар Дулати, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, Ақтамберді, Бұхар, Шал, Дулат, Махамбет, т.б. ақын-жыраулар мен ғұлама-ойшылдардың шығармаларында көшпенді ата-бабаларымыздың жан дүниесі әр қырынан сөз болғаны байқалады. Қазақ топырағындағы жан мәселелері жайлы ХХ ғасырдың басында өндірте жазған адамның бірі – Жүсіпбек Аймауытұлы (1829-1931). Жүсіпбектің тәлім-тәрбие тақырыбында жазған еңбектерінің ішінде «Психология» деп аталатын көлемді еңбек айрықша атауға тұрарлық. Өйткені бұл – бүкіл кеңестік түркі тектес халықтар тіліндегі сол кездегі бірден-бір төл туынды.
Қырқыншы жылдарға дейін әзірбайжан, өзбек, түрікпен, қырғыз, башқұрт, татар т.б. тілдерде мұндай еңбектердің болмағанын ескерсек, осы басылымның бағасы ерекше арта түседі. Петербургтегі әскери-медициналық академияның түлегі Халел Досмұхамедов (1883-1939) Алаш қозғалысының белсенді қайраткері болумен қатар, әртүрлі ғылым саласында (медицина, физиология, тарих, әдебиет, психология, т.б.) өзін үлкен биіктен көрсеткен тұлға еді. Ол қазақ этнопсихологиясының іргетасын қалаушылардың бірі болды. Оның «Tіл – жұрттың жаны. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт... Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате» деуі қазіргі кездегі мемлекеттік тілді өркендету, дамыту мәселесімен ерекше үндесетіні хақ.
Осы кезде ғұлама ақын М.Жұмабаев (1893-1937) «... қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы мақұл» дейтін аталы сөзін өзінің «Педагогика» атты кітабындағы психологиялық түйіндердің негізгі арқауы етті. 1923 жылы Орынборда В.Я.Струминскийдің (1880-1967) «Психология» атты көлемді еңбегі жарық көрді. Сол жылы Ташкентте П.Н.Архангельскийдің «Мектептегі психологиялық зерттеулер» деген еңбегі, Н.Құлжанованың «Мектепке дейінгі тәрбие», Ғ.Қарашевтің «Педагогика» атты төл туындылары жарық көрді. 1935-1948 жылдар арасында Cемейде қызмет еткен белгілі орыс психологі А.П.Нечаев (1870-1948) «Психофизиологиялық синдромдар жүйесі» (1940), «Психология» атты оқу-құралын жазды. 30-40 жылдары психологияға қатысты зерттеулерді қазақ ғалымдары да (Ш.Әлжанов, С.Балаубаев, С.Қожахметов, Ә.Сыдықов, Т.Тәжібаев, А.Темірбеков, т.б.) жүргізіп келді. Соғыс жылдары елімізде қызмет еткен профессор Г.С.Костюк, профессор В.Я.Резник, профессор П.М.Рубинштейн т.б. республикадағы психология ғылымының дами түсуіне жәрдем етті. Қазақстандағы психология ғылымы, әсіресе, Ұлы Отан соғысының кейінгі жылдарда елеулі қарқынмен дами бастады. Мәселен, 1946 жылы Қазақ педагогикалық институтында (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) тұңғыш рет психология кафедрасы, 1947 жылы Қазақ университетінде логика және психология мұғалімдерін даярлайтын арнаулы бөлім ашылды. 1951-1953 жылдары осы бөлімді жүзден астам түлектер бітіріп шықты. Бұлардың көпшілігі психология мамандығын иеленіп, еліміздің оқу орындарында, ғылыми мекемелерде қызмет ете бастады.
Осы жылдары республика үшін психологтар даярлауда профессор Т.Т.Тәжібаев (1910-1964) пен профессор И.Л.Стычинский (1896-1969) зор үлес қосты. Елуінші жылдары Қазақстанның өзінде психология ғылымынан бірнеше диссертация қорғалды (Е.Суфиев, А.Темірбеков, М.Мұқанов, т.б.). Соңғы 50 жыл ішінде көптеген ғылыми еңбектер, оқулықтар мен оқу құралдары жарық көрді. Солардың қатарына М.Мұқановтың «Ақыл-ой өрісі», Қ.Жарықбаевтың «Қазақ психологиясының тарихы», Т.Жүкештің «Ұлттық психологияның сипаты», Р.Илешованың «Медициналық психология», Ә.Алдамұратовтың «Қызықты психология», Ғ.Досболовтың «Алдын ала тергеудің психологиясы» т.б. толып жатқан еңбектерді жатқызуға болады. Психология тақырыбына арналған бірнеше ғылыми конференциялар (1962, 1973, 1990, 1994, 1996, 1998, 2000-2005жж.) өткізілді. 1988 жылдан бастап елімізде психологтар даярлау жаңа қарқынмен қолға алынды. Қазіргі кезде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, сондай-ақ Алматы, Атырау, Тараз, Қостанай, Петропавл, Семей, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан университеттерінде психологиядан бакалавр мен магистранттар даярлануда, орта мектептерде «психолог» мамандығының штаты енгізілді, ҚазҰУ-де академик Т.Т.Тәжібаев атындағы этнопсихология орталығы, Алматы облыстық «Ұлттық тәлім-тәрбие» қауымдастығы (1991-2001) ондаған психология кафедралары жұмыс істейді.