1.4. Кейіпкер аттарының лексикалық құрамы Кез келген жалқы есім – ең алдымен, жалпы лексикалық бірліктің барлық белгілері мен сипатына тән сөз. Кейіпкер табиғатын танып қабылдау, алдымен сөздің мағыналық өрісіне, ұғымдық аясына зер салудан басталады, өйткені онимдік бірліктердің сатиралық және юморлық сипаты халықтың қоғамдық қызметі мен күнделікті тұрмысының үздіксіз байланысын дәйектейтін маңызын түсінуге көмектеседі.
Белгілі қазақ ғалымы К.Аханов былай деп жазады: «Зат немесе құбылыс тілде сөзбен аталғанда өз бойында бар я өзіне қатысты айрықша бір белгісі бойынша аталады. Заттың аталуына негіз болған оның о бастағы белгісі уақыт озған сайын күңгірт тартып, ұмытыла бастайды. Осыдан келіп түбір сөздің этимологиясы күңгірттенеді де, оның шығу тегі арнайы зерттеудің нәтижесінде ғана айқындалады [К.Аханов, 1993; 87-б]. Кейде ұмытылып бара жатқан сөздер көркем әдебиет арқылы жаңғырады.
Жалқы есімнің табиғатын зерттеу, әр халықтың, әр аймақтың көрінісін бейнелейтін сөзжасамдық құрылымын талдау ұлттық ономастиконды қарастыруға итермелейді. Ұлттық ономастиконды қарастыру үшін әр түрлі онимдер разрядын, олардың лексикалық қабаттың қай қабатынан іздеу керек, кейіпкер атының қай ұлтқа қатысты екендігін анықтау қажет. Қазақ поэтикалық ономастикасында қолданылатын кейіпкер аттары поэтонимдік жүйе құрайтыны талас тудырмайды. Сонымен қатар қазақ көркем туындыларында кездесетін барлық сатиралық-юморлық аттар шығу тегіне (араб, парсы, түркі, монғол, орыс, поляк, неміс т.б.) қарамастан, қазақ поэтикалық ономастиконына кіреді. Мәдени ономастиконды зерттеушілер И.И.Толстой мен С.М.Толстая «Дәстүрлі халықтық мәдениеттің тілдік кодының белгісі ретінде жалқы есімдер жеке ономастикалық кодты құрып, тілде ерекше орын алатындығын» [И.И.Толстой, 2001;597-б] айтады.
Бұл пікір жалқы есімдер тілдегі кірме және шет тілді жалқы есім қатысымен ерекшеленеді. Кейіпкер аттарын талдау барысында олардың тарихи есімдермен (Қожанасыр, Әпенді, Қыдыр, Айша), танымал адамдар есімдерімен (Афродита, Гиннес, Мадонна) және көркем шығарма кейіпкерлерімен (Жорж, Жизель, Лора, Эльза) ассоцияланғанын байқауға болады.
Мұндай аттарды зерттеушілер прецедентті атау деген терминмен беріп жүр. Прецедентті атауға ономаст-ғалымдар Г.Б.Мәдиева мен С.Қ.Иманбердиева мынандай анықтама берген: «халық үшін нақты құндылығы бар кеңінен танымал көркем шығармамен, тарихи есіммен, саяси тұлғамен, географиялық реалиймен, сонымен қатар тіл иелеріне кеңінен танымал қатынаста нақты оқиғаларға байланысты қолданылатын жеке қабылдаушы танитын жеке есімдер» [Г.Б. Мәдиева, С.Қ.Иманбердиева, 2005; 145-б].
Кейіпкер аттарының лексикалық құрамы жағынан талдаған себебіміз: тіліміздегі көне және жаңа, жергілікті сипатқа ие диалектілік сөздерден, сондай-ақ басқа тілден енген кірме элементтер арқылы жасалған кейіпкер аттары бар ма, бар болса, қаншалықты мөлшерде қолданылғанын анықтау болды. Бұл көрсеткіштен сатириктер мен юмористердің сөз байлығы мен сөз қолданысын, тілдік ерекшелігін, сөз ойнату құбылысын, комизм тудырудағы стильдік қырларын байқауға болады.