Түз аңдары атауынан жасалған ЗА: Айдаһар, Аюбай, Аюкен, Борсық Бөрігүл, Бөлтірік, Бөкен Арыстанович, Жыланкөз, Елікханов, Ешкіемер, Киікгүл, Көкжал, Көжек, Қоянгүл, Қоян Қорықпасов, Қодыкен Сусликкөз, Қоңырқұлжа, Таутан, Төкеш Түлкібаев, Түлкібике, Түлкібақ.
Қоянгүл < қоян+гүл. Мұндағы қоян – аң, гүл – антрополексема, яғни әйел атын білдіру үшін қолданылатын сөз. Қоян атымен келген кейіпкердің семасында қорқақтық бар. Қоянның сыртқы пішіні: түсі көк, не сұр, бойы аласа, құлағы ұзын, көзі бадырақ, ерні жырық, өзі үркек, секең-секең жортады. Міне, осындай сыртқы белгілерімен бірге сыбдыр естілсе, жорта жөнелетін секемшіл мінезі кейіпкердің де қорқақтығын айқындап тұр. Мұндай Қоянгүл, Күшікбала, Ақкүшік, Борсық т.б. кейіпкерлер юморлық бояуымен ерекшеленеді.
Құс атауымен жасалған ЗА: Аққу, Әтеш, Бөдене Бұлдырықов, Бытпылдақ, Балапан, Дуадақ, Жарғанат, Жапалақ, Ителги(ев), Кекілік, Көкекгүл Күйкента(ева), Қаршыға Бүркіт(ов), Қораз Қоқиев, Қыран, Қырғигүл, Қызғышов, Қытқытбек, Құсбегин, Құсмұрын, Құрбек, Құзғынбай, Құтан, Сауысқан Саққұлақов, Тауықбике, Таутан, Тауықтөс, Торғай, Тырнабай, Үкітай, Үйрек(ович), Шүрегей, Шүжетай, Шымшықбек.
Қаламгер өз кейіпкерін сүмірейтіп суреттеу үшін мысқылдап, қағытып, мұқатуда түрлі әдіске барады, мәселен құс пен адам арасынан ұқсастық іздейді. Қазақ байғыз, жарғанат, қарға - құзғын сияқты құстарды түрлі қасиеттеріне қарай ұнатпайды. ЗА-дың семасында жағымсыз мағына басым.
Қораз – тілдік қолданыста әтеш деп те айтылады, екеуі де бір заттың атауы, номинативтік бірлігі бар дублет (фр. қос қабат) сөздер. «ҚТТС»-де қоқилану қыр көрсету, қодыраң, едіреңдеу, қораздану ал қораздану көкірек керу, менменсу, паңсыну дегенді білдіреді. Сөз төркіні парсы тілінің хорус – әтеш, хоруш – айқай дегеннен шыққан. Екеуі де бір құстың атауы, ал «сөйлеу процесінде қоразданып дейміз, әтештеніп демейміз» дейді профессор Т.Қордабаев [Т.Қордабаев,1991;11-б]. Әтеш – мал-құстың бәріне қатысты еркектік ұғымын береді, ал қораз – тауықтың еркегі. Қораздың басқа тауықтан ерекшелігі – күн шықпай айқайлайды, шақырады, қышқырады. Осыдан тілімізде «тауықсыз да таң атады» деген мақал қалыптасқан.
Қораз Қоқиев > қоқи қораз қоқиланады, «қоқ-қоқ» деген дыбыс шығарады, сатирик С.Жортанов қораздың қоқилануын, ешкімді менсінбейтін, тұмсығын жоғарыға көтеріп тұратын кейіпкеріне берген.
«Ешкіммен тілдеспейді, амандаса қалсаң, бас-аяғыңды тексеріп шығып, оң қолының сұқ саусағымен көзілдірігін көтеріп жоғары қарап тұрып «с-с...» деген болымсыз дыбыс шығарады. Көзілдірігімен бірге көтерілген танауы біразға дейін делдиіп тұрып алды» [С.Жортанов, 37 б].
Халық даналығын жақсы білетін сықақшы қаламгерлер ат беру мәселесінде аң-құстарға тән мінез-құлықты өз кейіпкерінің болмысы мен бітіміне сай аттар таңдай білген. ЗА-дың лингвоментальді қабаттарын зерттегенде, тотемдік, мифологиялық, этнографиялық мәнін ескердік.
Достарыңызбен бөлісу: |