2 тараубойынша тұжырымдама - Сатиралық патронимдер ирониялық - юморлық мәнде жұмсалуына қарай кейіпкердің мінездемелік сипатын беретіндіктен, пейоратив және мелиоратив мәнді болып келеді.
- Сатира мен юморда ұшырасатын адамның аты-жөнінің түрлі қыры мен сырын, тілдік табиғатын экстралингвистикалық фактормен ұштастыра зерттедік. Фамилия – бір ұлттың белгісі, нышаны, отбасылық байрақ, тарихтың теңдессіз куәгері, ұрпақтан-ұрпаққа берілер мұрагерлік жәдігер деп ұғынсақ, сатиралық-юморлық патронимдер дәстүр сабақтастығы, этнографиялық мол деректердің жиынтығы деп ұғынамыз.
- Фамилия тұлғалы патронимдер – өмір сүрген ортада қалыптасқан наным-сенім, салт - дәстүр, бір сөзбен айтқанда, қазақи тіршілік ырғағының көрінісінің көшірмесі, қазақты тарихи этнотұлға ретінде танудың кепілдігі.
– Еліктеу сөздердің қатысымен жасалған сатиралық-юморлық аттардың астарында қазақи мінез, әзіл қалжың, ұлттық үрдіс тәрізді этнолингвистикалық ерекшеліктер жатыр деуге толық негіз бар.
– Фразеологизмдер этнос тілінің құрамдас бөлігі болғандықтан оларды этнолингвистикалық талдаудың ғылым үшін құндылығы ерекше. Адамзат тарихын өз бойына сақтаған халықтың фразеологиялық қорында философиялық ойлары, дүниені танып білуі, тұрмыс-тіршілігі көрініс тапқан.
- Кейіпкер атының жасалуына мақал-мәтелдер де уәждік фактор ретінде негіз бола алады. Өйткені аталым ретінде қолданылып отырған лексеманың заттық уәжі халық санасында әбден қалыптасқан. Мақал түрінде кездескен кейіпкер аттарында қандай да болмасын комизм, юмор, сатираның элементері көрініс тапқан.
- Сықақшы қаламгерлердің тіліміздегі тұрақты тіркес қолдануының басты себебі – ондағы эмоциялық бояуы басым, айрықша бейнелі, экспрессивті қызмет атқаратындығын тани біліп, қолданысқа түсіруінде.
- Өмірде қолданылатын фамилиялар тілде номинативтік қызмет атқарады да, бағалау-мінездеу элементі болмайды. Олар адамға мінездеме бермейді, тек атын білдіреді. Ұрысқақ Ұялшақов, Қарашал Қажымасов деген патронимдерде номинативтік және мінездемелік сапа тоғысып келеді.