Қой атауымен келген ЗА: Қозыбақ, Қозытай, Қозыбағар, Қойбай, Қойбағар, Қойсұлу, Қойтеке, Қойшы, Қойболды, Қошқар, Торымбике, Ісекбай. Қой – табиғатынан ыстық - суыққа төзімді, жуас, момын мал, қайда айдаса да көнеді, осы қасиеттерін ерте аңғарған халық «қойдан қоңыр» деп бағалаған. Қой атауымен байланысты жасалған зоофорлық аттардағы сигнификаттық мағына– жуастық, көнбістік, момындық. ЗА-тар сигнификаттық (лат. sіgnіfіcatum «таңбалаушы» [Г.Әзімжанова,2004; 329-б]) мағына қазақтың өз ұғымы, ойлауымен байланысты қойылған деуге болады.
Ешкі атауымен келген ЗА: Ақтуша, Ешкіайдар, Ешкібас, Ешкібағар, Ешкікөз, Ешкіауыз(ов), Текекөз, Тоқалешки(ева), Тышқақ (лақ), Шыбыш т.б.
Мұндағы сигнификаттық мағына: шыдамсыздық, жеңілтектік, күйгелектік, сабырсыздық. Ешкі – қойға қарағанда еті аз, жүні қылшықты, ыстық-суыққа шыдамсыз, ықтағыш мал. Ешкінің жүрісіне қарап, оны ұшқалақ, жеңілтек мал деп есептейді. Жақтырмағанда, әсіресе, әйел адамдарға «ешкідей шошаңдама», «лақтай секеңдеме», «шыбыштай шыбжыңдама» деген тыйым сөздер айтады.
Сиыр атауымен келген ЗА: Ауқау(ов), Бұзаубақ, Бұзаутамақ, Бұқабаев, Бұқамойын, Бөртебаева, Өгізхан, Сиырбағар, Сиырбаев, Танабике,Зеңгібаба.. Сиыр – отырықшылыққа байланысты пайда болған мал, айдағанға онша көнбейді. Қыңыр адамды «сиырмысың», «сиыр сипағанды білмейді» деп сөгеді. Мұндағы ассоциация – қыңырлық, надандық, топастық. Ғалым Ф.И.Буслаевтың айтуынша: «ертеде көне санскрит тілінде жерді, сиыр мағынасында ұғып, оны өгіз-го – (гау) деп атаған. Орыс тілінде: говядина – сиыр еті, неміс тілінде – gow (гау), гот тілінде – gobі (гови), қазақ тілінде – ау-қау (аухау) болып айтылған» [В.П. Жуков,1986;15-б]. Ежелгі грек елінде әйел құдай Гераны – сиыр бейнесінде қабылдап, табынған.
Жылқы атауымен келген ЗА: Ақбозов, Аткелтір, Бестібай, Дөненқырт, Жорғабай, Жұлқар (тісі), Көкшолақ, Көкбайтал(ов), Мәстек, Құнанқырт, Нарбалақов, Саңлаққали, Саршолақ, Саяқбай, Сәуірік, Пырақбаев, Тайбұғақов, Тайшабаров, Тайқара, Тайқасқа, Тайтері, Тайлыаяқ, Тайтұяқ, Тебеген, Тарпаңбай т.б.
Жылқы – көшпелі халықтың қадірлі, қастерлі пір тұтатын малы. Әсіресе дүлдүл пырақ, арғымақ, жүйрік ат, тайпалған жорғаны ерекше бағалаған. Жылқыға байланысты жасалған ЗА-дың басым көпшілігі жағымды мәнге ие юморлық кейіпкерлер болып келеді. Жылқыдағы денотаттық мағына – албырттық, асаулық, шалкестік.
Достарыңызбен бөлісу: |