ЖЕМҚОРЛЫҚ – мемлекеттік басқару құрлымында лауазымды қызмет атқаратын адамның өзіне тапсырылған қызмет мүмкіндіктерін жеке басының пайдасы мен мүддесі үшін пайдалануы, қоғамның тұрақты дамуына қарсы жасаған қауіпті қылмыстық іс-әрекеттері. Ж-тың жалпы белгілері: лауазым иесінің делдал арқылы пара берушінің, немесе оның өкілі болған адамның пайдасына жасаған іс-әрекеті (әрекетсіздігі), ақша, бағалы қағаздар, мүлік сипатында пайда табу, пара алу, туыстық, жерлестік, т.б. жақындықтарына байланысты қызметке ретсіз қабылдау және көтермелеу, сондай-ақ, мемлекеттік, қоғамдық мүліктерді талан-таражға салу. Ж-тың бел алуы көлеңкелі экономиканың пайда болуына, елдің экономикалық өсуі қарқынының тежелуіне және әлеуметтік-саяси шиеленістердің күрт асқындауына соқтырады. Жүзеге асуы түрлеріне қарап Ж. екіге бөлінеді: жекелеген лауазымды қызметкер жасаған қылмыстық іс-әрекет және бірнеше лауазымды қызметкердің бірігіп жасаған, сыбайластық әрекеттері. Жоғарғы лауазымды мемлекет қызметкерлері жаппай Ж-қа салынған жағдайда, құқық қорғау органдары оларды жасаған заңға симайтын іс-әрекеттері үшін, қылмыстық жауапкершілікке тарта алмайтын жағдай қалыптасады. 1989 жылы әлемнің дамыған 37 мемлекеті халықаралық бизнестегі Ж-қа қарсы күрес туралы конвенцияға қол қойды. Қазақстан осы конвенцияға қосыла отырып, ұдайы сыбайлас Ж-қа қарсы жұмыстар жүргізеді.
ЖЕТІ дана – ежелгі грек тарихында, б.д.д. VІІ-VІ ғасырларда өмір сүргендері туралы мәліметтер берілетін, негізінен мемлекеттік тұлғалар болған деп көрсетілетін адамдар. Тарихи мәліметтерде 17 адамның аттары аталады. Олардың өмірлік ұстанымдары, ғибратты даналықтары, қысқа сөздері сол тарихи дәуірлерде кең танымал болған. Платонның ойынша («Протогор») бұл данышпандар Милеттен шыққан Фалес, Митиленнен шыққан Питтак, Коринфтен шыққан Периандр, Линдостан шыққан Клеобул, Приенннен шыққан Биас, Лакедемоннан шыққан Хилом, Афинадан шыққан Солон болған. Ж.д.-ның бізге жеткен, ең көп таралып кеткен нақыл сөздері: «Бәрі өз уақытында болады» (Питтак), «Өзіңді өзің таны» (Фалес), «Ешнәрсе шамадан тыс емес» (Солон, Хилон), «Ең үлкен байлық – ешнәрсені тілемеу» (Биас), «Бәрінен жақсысы – шаманы білу» (Клеобул), «Ләззат алу өткінші, рахымшылдық мәңгі қалады» (Периандр).