Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
СЕНЕКА Руций Анней (б.з.б. 4 ж. ш. – б.э. 65 ж.) – римдік стоицизм (стоиктер) өкілі, император Неронның тәрбиешісі және соның үкімі бойынша өзін-өзі өлтірген. С-ның көптеген еңбектері («Луцилиге хаттар» және т.б.) бізге түпнұсқа түрінде жетті. Өз дәуірінің шиеленістерін бейнелеген С. ілімі өте қайшылықты болды. Гр. стоиктерінің пантеизмін сақтай, яғни дүниені материалдық бірлікте және зерделі тұтастықта қарастыра отырып, С. негізінен этикалық-ғибраттық мәселелермен шұғылданады, егер олардың шешімдері дұрыс табылса, оның сөзімен айтқанда, рухтың тыныштығы мен тұнықтығына (Атараксия) қол жетеді ол өзінің, негізінен индивидуалистік этикасын қоғам және мемлекет міндеттерімен байланыстыруға тырысты. С. этикасы христиандық идеологияның дүниеге келуіне үлкен ықпалын тигізді
СИМУЛАКРУМ (лат. sіmulare – жалған, өтірік, жасанды) – бұл термин түрлі мағынада қолданылады. Платон философиясында С. – көшірменің көшірмесі, бейнелегеннің бейнесі деген мағынада қолданылады да алғашқы көшірме, алғашқы бейнемен, түпнұсқамен салыстырғанда көшірменің көшірмесі, бейненің бейнесі ретінде шындықтан, яғни шынайы зат бейнесінен алшақтық деп қарастырылады. С. – ойдан шығарылған, қолдан жасалған, яғни нақты шындықтағы затқа «үш қайнаса сорпасы қосылмайтындай» бөлек нәрсе деп анықталады. Бұл С-ның репрезентативті моделі, яғни көшірмеде көшірме жасалған зат идеясының өзінің референт ретінде болуын талап ететін модель. С-ның екінші мағынасын, немесе репрезентативті емес моделін Ж. Бодрийар, Ж. Делез және Ж. Дерриданың еңбектерінен кездестіреміз. Олардың түсіндіруінше, С-ның мәні оның референтсіздігінде, яғни көшірмеден көшірме жасалып отырған зат идеясына сай болудың қажет еместігінде, өйткені С. әуелден болмыс-шындықтың құрылымында кездеседі. Олар бар нәрсе, тұрған нәрсе және оны қайта таныту, қайта көрсету мәселесін керексіз деп табады. Симуляция шындықтың өз бойында бар нәрсе болса, онда түпнұсқа туралы сөз болмаса керек деп түсіндіреді С-ның репрезентативті емес моделін жасаушылар. Солардың бірі – Жан Бодрийар үшін симуляция дегеніміз жасанды қылық көрсету, қылымсу-тәлімсу, жалғандық емес. Олардың арасындағы өзгешелікті Ж. Бодрийар төмендегідей мысалмен түсіндіреді. Мыс., кімде-кім өзін өтірік аурумын десе, онда оның жалған, жасанды қылық көрсеткені. Ал енді кімде-кім өзін ауырмаса да аурумын деп есептесе, ауруды симуляцияласа, онда ол адамның бойынан расында да аурудың «шынайы» белгілерін табуға болады. С. объективті процесс емес. Әлгі ауруды симуляциялаған адамды объективті тұрғыдан не науқас, не сау деп қарастыра алмайсың. «Репрезентация белгі мен шындық арасында эквиваленттілік принципінен басталады, бірақ ол эквиваленттілік – утопия. Дегенмен де сол утопия негізі аксиома ретінде қала береді. Ал С. болса эквиваленттілік принципінің утопиялылығынан басталады, сондықтан да ол белгіні шындықты айқын танытатын құндылық ретінде қарастырмай, оны реверсия (орын ауыстыру, алмастыру) деп түсіндіреді». Шындықтың орнына гипершындықты қою керек дейді Ж. Бодрийар, себебі шындықты тану тіпті де мүмкін емес. Диснейленд – қиял әлемі – С.-ның шынайы моделі. Диснейлендте жүрген адамға одан сыртқары жатқан территорияның бәрі (Лос-Анжелес, АҚШ) – шындық емес, гипершындық болып көрінері рас. Сонымен, біздің шындық ретінде қарастыратын шындығымыздың өзі С.