Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
СТРУКТУРАЛИЗМ(лат. structura – құрылым, байланыс, рет) – ХХ ғасырдың 20 ж-нан бастап гуманитарлық білімдер (лингвистика, әдебиеттану, тарих, этнография және т.б.) саласында қалыптасып келе жатқан бағыт. Бұл бағыттың ерекшелігі оның құрылымдық тәсілді, модельдеуді, семиотика элементтерін пайдалануында жатыр. С-ның зерттеу нысанасы – белгілер жүйесінен құрастырылған мәдениет (тіл, ғылым, өнер, мифология, салт-дәстүр, мода, жарнама және т.б.). Бұл бағытт ың С. деп аталу себебі де оның мәдениеттің түрлі салаларындағы құрылымдарды тауып және суреттеу мақсатымен тікелей байланысты.С. өзінің даму барысында бірнеше эволюциялық сатылардан өтті: біріншіден, құрылымдық лингвистикада С-ның өзіндік тәсілі пайда болды; екіншіден, философиялық С. дүниеге келді; үшіншіден, С. постструкрурализм мен мәтін семиотикасына ыдырап кетті. 1920 – 40 жылдарда өзінің құрылымдық лингвистика аясында қалыптасуын басынан өткізген С. 50 – 60-шы жылдары, әсіресе Францияда, шарықтап шықты. С. сол кезеңнің өктем интеллектуалдық парадигмасына айналды. К. Леви-Строс француз С-ның негізін қалаушы болып есептеледі. Өйткені ол тілдің жүйелік талқыламасын өзінің антропологиялық ізденістерінде алғашқылардың бірі болып қолданды. Леви-Стростың түсінуі бойынша, адамдардың некелік қарым-қатынас ережелері мен туысқандық байланыстары адамзат мәдениетінде жеке тұлға мен ұжым коммуникациясының белгілі бір түрін туындатады. Бұл коммуникация түріндегі байланыстырушы буын – әйел. Ол отбасы, ата, тайпа арасын жақындастырушы, дәнекер рөлін атқарады. Аталар арасындағы әйел алмасу әуелде инцесті, яғни жақын туыстар арасындағы жыныстық қатынасты болдырмау үшін жасалған шара еді. Кейінірек ол мәдени символизмге айналды. Тілде – сөз дәнекерлеуші орталық буын болса, туысқандық қатынаста – әйел алмасу, ал экономикада – товар алмасу. Кейінірек С-ді Ж. Лакан, М. Фуко, Р. Барт дамытты.
Әдебиет: Грецкий М.Н. Французский структурализм. М., 1971;Структурализм: «за» и «против» (сборник переводов). М., 1975.Автономова Н.С. Философские проблемы структурного анализа в гуманитарных науках. М., 1977.