Қр бғМ Ғк философия, саясаттану және дінтану институтының



бет234/267
Дата20.09.2023
өлшемі1,22 Mb.
#109258
1   ...   230   231   232   233   234   235   236   237   ...   267


ТӘҢІРІ (көне түркі. – мықты, ер, құдіретті) – көне түркілердің діни наным-сеніміндегі тұлғаланбаған, шексіздік күйі есебіндегі аспанмен теңдестірілген басты құдай образы. Бұл сөзбен кәдімгі көк аспанды да атайтын болған. Көне түркілердің космогониялық түсінігін мына сөздерден байқаймыз: «Жоғарыда көк Т., төменде Қара жер жаралғанда, олардың екі арасында кісі ұлы жаралған екен». Бұдан біз жер мен аспанның тығыз байланыстылығын көреміз. Аспанды құдай деңгейіне көтеру одан қорқу емес, жаратылған әлемнен жаратушыны іздеу, бүкіл жаратылысты құдайдың құдіретінің көрініс табуы деп түсіну. Түркі жазуларында көшпенділердің барлық жеңістері Көк Т-мен байланыстырылған. Оның рақымымен елді басқарған қағандарға «Аспанда туған және Күнмен, Аймен безендірілген» деген атақ берілген. Түркілердің білген-көрген ең биік шыңы да тегіннен тегін Хан Т. деп аталмаса керек. Аспанды және оның шырақтарын қадірлеу белгілі бір заңды қажеттіліктен басқа аспанды құдай мекені деп танудан, руханият әлемі деп есептеуден туындап жатыр. Түркілердің Көкке де, Күнге де, Айға да, құтты мекендерге де тағзым еткені рас. Бірақ бұдан түркілердің монотеизмге (бірқұдайшылыққа) өресі жетпеді деген түсінік тумауы керек. Өйткені жекешеленбеген, тұлғаланбаған кейіпте болса да, Т. орталық құдай, жалғыз жаратушы болып есептелінген.

Әдеб.: Т.Ғабитов, Ж. Мүтәліпов, А. Кұлсариева. Мәдениеттану. А.,2000; М. Орынбеков Верования Древнего Казахстана. А., 1997. Н.Келімбетов. Ежелгі дәуір әдебиеті А., 1991. Қоңыратбаев, Т. Қоңыратбаев. Көне мәдениет жазбалары. А.,1991.




Тәубе – адамның ағат кеткен іс-қылығына өкініш білдіріп, келешекте оны болдырмауға үзілді-кесілді бел байлау, барға шүкіршілік ету, жаман әдет бойға сіңбей тұрғанда, тез Т-ге келіп, оны қайталамауға, жаманшылықтың орнығуына жол бермеу. Т. адамның өзін-өзі тәрбиелеудің бір жолы. Кімде-кім пендешілік жасап, теріс жолға түсіп қалса, дереу өзін-өзі жазғырып, адамшылық жолға түсуге бел байлап, бойын тез жинап алып, ар намысы алдында таза болуы жағын ойластыруы тиіс. Сонда ғана ол менің ожданым (ар-намысым) таза деп қысылып-қымтырылмай айта алады. Өзімен өзі және басқалармен үйлесімді қатынаста болу үшін адамға тәубешілдік қажет. Т-ге келу дегеніміз, адамның бұл дүниенің қыр-сырын түсініп, шектен шыққан нәпсіқұмарлықты тоқтатуға бағытталған әрекеті. Өз қатесін мойындай білу әркімнен батылдықты қажет етеді. Т-ге келу уайым философиясы емес. Мен кереметпін, тек бәріне сұм заман кінәлі деген позиция адамның әлсіздігін білдіреді. Қазақ мақалындағыдай «Жағам жаман болса, жеңім жақсы, өзім жаман болсам, ағам жақсы» деп отыра беруге де болмайды. Қазақы түсінік бойынша құдай Адам атаны балшықтан жаратып оған өзі жан берген. Адамның өмірдегі келеңсіз көріністердің барлығы осы хаостық табиғи денеде ұяланады. Адам өз нәпсіқұмарлығын жеңіп, құдайылық рухани жоғарылылыққа жетуі қажет. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде нысап, несібе, Т. негізінен имандылық талаптарынан туатын кісілік құндылықтар ретінде қабылданған Ислам дінінің қазақ сахарасында нығаюына қатысты этикалық ұғымдардың діни мазмұны арта түсті. ХV-ХVI ғасырлардағы жырауларда кісілік құндылықтардың көшпелілік, тәңіршілдік түсіндірмелері мен суреттемелері басым болса, ХVIII ғасыр ақын-жырауларында «обал», «сауап», «Т.», «несібе» сияқты мұсылмандық мағынадағы түсініктер жиі қолданыла бастады. Әрине, бұл ұғымдарда жалпы адамзаттық нормалар да көрініс тапты.


Тән. Қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі әдептік реттеудің маңызды бір ерекшелігін ондағы жан мен Т. үйлесімділігі деп атауға болады. Бұл Т. мен жан сұлулығы ұғымында айқын байқалады. « Т-і сұлудың жаны да сұлу» деп түсінген халық үшін ұсқынсыздық бір бағытты болып келмейді. Халықтық дүниетанымда адамның Т-дік бастаулары ақталып шығады. Қазақтың әдеп жүйесінде аскеттік мұраттар терең ұяланбаған. Т. жеке даралық, өзімшілдік сипатта емес, керісінше, жалпы әлемдік, ғарыштық, халықтық тұрғыдан қарастырғанда толассыз жаңғыртулар мен өзгерістердің жетілудің кепіліне айналады. Т. өмір мен өлімнің, әке мен аналық жасампаздықтың, өткіншілік пен мәңгіліктің рәмізіне айналады. Ең бастысы – Т. бүкіл табиғаттың толассыз жаңғртушылық қабілеттілігінің адамдандырылған бітіміне жатады. Ол молшылық, құттылық, дәулеттілік, шаттылық, көтеріңкілік, ләззат т.т. құндылықтарының отауы болып табылады. Ол – адам тіршілігінің салтанаты. Т-нің төменділігі шартты болып келеді. Төмендеу, бұл мағынада, Жер-Анаға жақындау, оның сіңіруші және қайтадан тудырушы стихиясымен бірегейленуді білдіреді. Тіпті, өлу дегеніміз (қазақша – «қайтыс болу») табиғатқа қайтып келуді білдіреді. Төмендеу дегеніміз тәннің төменгі мүшелерінің (ішек-қарынның, жыныстық мүшелердің) асты қорыту, оны табиғатқа шығару, махаббаттан ләззат алу, жүкті болу, нәрестені дүниеге әкелу сияқты қызметтерін түсіну деген сөз. «Ұлы сөзде ұят жоқ» дейді қазақ. Жоғарыда аталған нәрселер адамдық келбетті төмендетіп жібермейді (төмен ұғымын амбивалентті мағынада қолданып тұрмыз). Тұлғаның фәниден бақиға дейінгі тіршілігінде аса маңызды оқиғалар мен оларды атап өту астарында «төменгі Т.» құндылықтары тұр (құда түсу, үйлену, шілдехана, тұсау кесу, қайтыс болу, ас беру). Халық дәстүрінде астан жоғары құндылық сирек кездеседі. Сөйтіп төменгі жоғарғы болып шыға келеді. Тек адам санасында төменгі дене құнсыздандырылып, тыйым салынған игіліктерге айналып кетеді. Халық түсінігінде, Т. тұрмыстық жиі қолданудан біртіндеп қарадүрсінделуі мүмкін, ол тоғышар адамдардың топастықпен қайталайтын нәпсіқұмарлығына айналуы да ғажап емес. Бірақ Т. де бұл үшін жаратылған жоқ, Т. құмарлығын рухани бастаулардан алыстату дұрыс емес. Егер тірілердің есінде жақсы істері, ойлары, білімі, қайырымдылығы арқылы қалатын болса, ол адам қайта тууы мүмкін. Сөйтіп, адам өмірінің мәні алдыңғы ұрпақтың әлеуметтік тәжірибесін белсенді түрде игеруде, ізгілікті істерінде екен; сонда Т. өлгенімен жан мәңгі қалады:
Т-нің үйі – қара жердің аясы,
Шыбын жанның Т. – баспана, саясы.
Биік ұшса, жәннатқа енгені,
Төмен түссе, бір пәленің келгені.
Екеуінің бірі болар, алайда,
Жаның мәңгі қалар тірі қалайда!
Адам мұңлық болғанымен күнәсіз,
Құрып Тәні, өшер сөзі, шүбәсіз!
Қайдан келді? Енді қайда барады?
Қай жерде тұр? Енді қанша қалады?
Біліктілер айта ала ма әрдайым?
Білікті жоқ шешер мұның жұмбағын,
Жалғыз алла қанық, білер сырларын
(Жүсіп Баласағұн. Құтты білік).
Бұл сұрақтарға жауап іздеген ғұламалар «мәңгілік – адамгершілікте» деген түйінге келген. Абай айтқан «Адам бол!» ұстанымның мәнісі де осында жатыр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   230   231   232   233   234   235   236   237   ...   267




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет