Қр бғМ Ғк философия, саясаттану және дінтану институтының


Христиандық философияда Е. туралы антикалық түсінік құдайдың дүниені жоқтан жаратуы туралы догматты түсіндіру үшін қолданды. Е. Категориясы



бет112/267
Дата20.09.2023
өлшемі1,22 Mb.
#109258
1   ...   108   109   110   111   112   113   114   115   ...   267
Байланысты:
Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)

Христиандық философияда Е. туралы антикалық түсінік құдайдың дүниені жоқтан жаратуы туралы догматты түсіндіру үшін қолданды. Е. Категориясы апофатиялық дінтанушылар өкілдерінің ой-пікірлерінде елеулі орын алды. Олардың пікірінше Құдайға ойдың жақындауының бара-бар жолы айқындылықты дәйекті түрде алып тастау, осының нәтижесінде құдайдың бүкіл болмысы адам танымы үшін Е.-ге сәйкес болып шығады. («Ареопагитиктер» Иоанн Скот Эриугена; араб тілді философияда Ибн Рушд). Құдай және Е.-ні тікелей сәйкестендіру ортағасырлық философияда (Каббала; И.Экхарт және оның мұрасынан бастау алатын неміс мистиктерінің дәстүрі). Г.Гегель мистикалық дәстүрдің идеясын қолдана отырып, Е. ұғымын өз жүйесіне («Логика ғылымы») енгізді. Мұнда Е. өзіне қарама-қарсы – таза болмыспен сіңісіп кетеді.
А. Шопенгауэр, Ф. Ницше және А. Бергсон тіпті Е. ұғымының ақылға қонымдылығын теріске шығарады. ХХ ғасырда бір қатар ағымдар үшін (протестанттық ортодоксальды емес теология, православиелік діни философия, экзистенциализм) Е. мәселесін қайта жандандыруға талпыныс тән.

ЖАҒДАЙ – заттың қоршаған орта құбылыстарымен өзара қатыстылығын бейнелейтін философиялық категория. Әрбір зат қоршаған ортаның құбылыстарымен өзара байланыста ғана өмір сүреді. Заттың өзі шартты болса, ал Ж. затқа сыртқы салыстырмалы объективті дүниенің алуан түрлілігі тәрізді көрінеді. Адам баласы табиғат заңдары мен құбылыстарын танып-білген соң өзінің тіршілігі мен іс-қимылы үшін қолайлы жағдай жасады. Өз кезегінде Ж. құбылыстар мен үдерістерге ықпал-әсер ете отырып, өзі де олардың ықпал-әсеріне душар болады. Адамзат қоғамының материалдық және рухани өмірінің нақты жағдайында туындаған кез-келген Ж-дың өзі де түбірімен өзгеріске ұшырайды.
Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004; Әлемдік философиялық мұра. Алматы: Жазушы, 2006.

ЖАҒЫМПАЗДЫҚ – адам мінез-құлқындағы ұнамсыз қасиет; жағымпаз адам айналасындағы адамдар мен қызметтестеріне, өзінен қызмет жағдайы жоғары тұратын адамдарға жақсы көріну үшін шектен тыс қошеметшіл болады. Психологияда адам бойындағы жиіркенішті мінез, өз қабілет-қарымына, біліктілігіне өзі күмән келтіретін, оңай жолмен артық пайда табуды не билік мансапқа қол жеткізуді өмірінің мақсаты тұтқан адамдар бойында кездеседі. Ж-тың әлеуметтік ортаға, ұжымға, тұлға аралық қатынасқа, жалпы қоғамға тигізетін психологиялық зардабы мол. Ж. жайлаған ұжымда адамгершілік принциптері мен жалпы адамзаттық құндылықтар рөлі төмендеп, тұлға аралық қарым-қатынастарда қатерлі бір өлшемді көзқарас орнайды. Адамзат қоғамы Ж-ты дертті мінез-құлық санап, оны әжуә-күлкіге айналдырады.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Т 12. Астана: Аударма, 2005.

ЖАҚСЫЛЫҚ – адамның моральдық болмысын құраушы сапа мазмұнын анықтайтын этикалық категория. Адамның антропогенездік белгісі, оң іс-әрекетін, әдет-дағдысын, мінез-құлқын белгілейтін қасиеттердің жиынтық атауы. Ж. – адамға ғана тән болатын, адамды жан-жануарлардан ерекшелеп тұратын, оны адам болмысы ауқымында ұстаушы бастаманың бірі. Ж. – моральдық-рухани құндылық. Конфуций «Ж.» пен «жамандық» тек адамға ғана тән болмыстық белгі деп білген. Б. Диденко «Міне, осыдан жалпыадамзаттық трагедия – «Ж. пен жамандықтың» мәңгі күресі пайда болады» – деп есептеген. Ресейлік академик Н.Амосов әлемдегі жамандықтың өмір сүру шындығын және оның тамырын үзудің, қоғамды одан мүлдем тазартудың мүмкін еместігін мойындай отырып, «Ж. бар, өйткені жамандық бар» дейтін тұжырым жасайды. А.Аугустин: «Ғаламның таңғажайып әсемдігі Ж. пен жамандық жиынтығынан тұрады. Адамгершілікке жат қылықтың өз орны бар және ол Ж.-тың дұрыс көрініс табуына көмектеседі. Ж. адамға көп ұнайды және ол парасатты қылық болып есептеледі, егер оны жамандықпен салыстыратын болса» – деп көрсетеді. Исламдық философияда мұсылманның Ж.-қа шақыру міндеті, әсіресе, жамандықтың кең тамыр жайған кезінде адамның жеке парыздарының ең алдына шығатындығы айтылады. Әл-Ғазали бастаған Ешари кәламшыларының пікірі бойынша, Ж. Алланың қалауына тәуелді құбылыс. Құдай нені жақсы деп тапса, сол жақсы. Қожа Ахмет Ясауи (ХІ ХІІ ғғ.) өзінің «Диуани хикмет» атты еңбегінде Ж. жасағандарға Алланың сыйын былайша баяндайды: «Жақсыларды жарылқап, жаманға берер жаза, қияметте жазаларын тартар, достар». Түркілік ғұлама Махмұд Қашқари (ХІ ХІІ ғғ.): «Үш адамды Ж-қа бастағанды ғалым біл, оның ісін жұртқа жайып, қолдан келсе тәлім қыл» –деп Ж. жақсыдан шығады дегенді айқындап, жақсының Ж-ғын айт нұры тасысын дегенге саяды. Енді бір бәйітте: «Күліп келген адамның бетіне күл шашпағын, Ж. ет қашан да, қалыбыңнан аспағын» –деп Ж-ты дәріптейді. Ортағасырлық түркілік ойшыл Ахмед Йүгінеки Ж. та, жамандық та тілден болатынын ескертіп: «Не келсе де тілден келер бір басқа, содан – жақсы, жаман атақ бір басқа. Тыңдашы: адам ерте тұрып күн сайын, осы тілге табынбайды құр босқа» – деп жазады. Әл-Ғазали өзінің кемел адам концепциясын «Ж.» категориясының төңірегіне шоғырландыра отырып, «Ж. не?» деген сұраққа: «адамның қарапайым болуы, басқалардың кемшілігіне қарамау, жомарт болу, өкпелемеу, ғайбат сөз айтпау, өтірік сөйлемеу, басқаны жәбірлемеу, алдамау, қиянат жасамау, өсек айтпау, өзімшіл болмау, балағаттамау, қинамау, дұшпандық жасамау сияқты теріс қылықтардан аулақ болуы және адамға бірінші болып сәлем беру, әр адамға Ж. жасауға ұмтылу, қонақжай болу, үлкендерге құрмет көрсету, кішілерге ізетті болу, дархан мінез, ренжіскен адамдарды татуластыру, туыстармен қарым-қатынасты нығайту, науқас адамның көңілін сұрау, шақырылған орындардан қалмау сияқты амалдар – жақсы қылықтардың қатарына жатады» – деп жауап береді. «Жақсы мінез адамдарды бақытқа жеткізеді» – дейді Ғазали. Спиноза Ж. та, жамандық та болмайды, Ж. немесе жамандық туралы ойлар адамның бәрін тұтастай қамти алмайтын қабілетсіздігінен және шектілігінің салдарынан деп көрсетеді. Ол адамның жақсы сезімдері қатарына еркіндікті, жауапкершілікті, парызды жатқызады. ХІХ ғ. неміс философы А. Шопенгауэр өзінің этикасында Ж. әрекеттердің адамның өз пайдасы басқаның мүддесі үшін құрбан ету арқылы болатындығын айта келіп, оның түпқазығын төмендегілерге тоғыстырады: 1) не адамның өз мүддесі осы жақсылық әрекетпен бүркемеленеді; 2) не ырымшылдық, яғни оның қайырымы алдағы уақытта болатынына үміттену; 3) не басқаның қайғысын бөлісу сезімі; 4) не басқаға қайрымдылық жасайтын дархан мінез, яғни басқаның мұқтажын өтеуден туындайтын көмектесу ұстанымы. Ф.Ницше Ж.-ты «адамгершіліктің үздіксіз іске асырылуы» ретінде қарастырады және Ж. «нұрынан барлық әлем тіршілік етеді, әсіресе онымен отбасы жанданады, өмір түрлене түседі» деп есептейді.
Қазақ халқының рухани-әлеуметтік философиясында Ж. – маңызды моральдық-аксиологиялық категорияларының бірі болып табылады. Бұл ұғымның аксиологиялық құзыры қазақтың шешендік өнерінде айтарлықтай көрсетілген. Мыс., Досбол шешен: «Жан денеге қонақ, тіршілікте еткін Ж. – бұл өмірден өткенде өзіңмен кетер сол-ақ» – дей келіп, Ж. категориясының өмірмәнділік мәртебесін айқындайды.

ЖАМАНДЫҚ – сыртқы қоршаған ортаның, әлеуметтің, қоғамның, жеке адамның дәстүрлі, қалыпты жағдайдан ауытқу қисынын белгілейтін моральдық категория. Августин философиясы бойынша: «Адам табиғатынан Ж.-тың тұтқыны». Мұхаммед пайғамбар: «Ж. адамның жанын күйзелтеді. Егер сен Ж. істеген кезде жаның ауырса, онда сен имандысың» – деп айтады. Мұхаммед пайғамбар хадисінде: «Сен бір Ж-ты көрсең оны қолыңмен түзет, егер оған шамаң жетпесе тіліңмен түзет, оған да шамаң келмейтін болса оған іштей наразылық таныт» (Муслим, Иман) – делінген. Мұсылман Сүннетінде: «Мұсылмандардың жаман деп қабылдағандары, Алла құзырында да жаман болып табылады» – деп айтылған. Құдай нені жаман деп есептесе, сол жаман болып табылады. Мутазилиттердің көзқарасында Ж. Алланың еркіне тәуелді емес. Оны адам өз ақылымен біле алады. Құранда: «Көк пен жерді және екеуінің арасындағыны босқа жаратқан жоқпыз. Отқа тап болғандардың жағдайы нендей өкінішті» (67, 27 аяттар). Мұнда Алланың бос, яғни жаман нәрсені жаратпайтындығы айтылады. Егер біз өзіміз істеген жаман істерімізді Аллаға таңсақ, онда Алла жаманды жаратушы және өтірікші болар еді. Алайда Алла Тағала мұндай сипаттардан пәк дейді. Хадисте: «Алла тағала былай дейді: Мен құлдарымның барлығын Ж.-тан пәк етіп жараттым. Бірақ шайтандар кейіннен оларды діндерінен адастырды»« деп көрсетілген. Құранда: «…Әр адамның қол жеткізгендерінің сауабы да өзіне, жасаған Ж-ының да зияны өзіне» (Бахара сүресі, 2/267-аят), «…Ал және бір Ж. келсе, өзіңнен. …Кім Ж.-қа болысса, оған да одан бір тиесі бар» (Ниса сүресі, 78, 85-аят) – деп айтылған. Хасан Басри өзінен шайтан ұйықтай ма? – деп сұрағандарға: «Егер шайтан ұйықтайтын болса, біз де демалысқа шығар едік» – деген екен. Шаһуат, өшпенділік, ашкөздік, тамақсаулық секілді адам бойындағы қалаулар мен құмарлықтар оның еркін әлсірететін, жаратылысындағы ақылға бағынбастан адамды Ж.-қа жетелейтін сезімдер болып табылады. Мұсылман ғалым Бәдиуззаманның пікірінше, Ж.-ты жарату Ж. емес, Ж.-ты істеу – Ж.. Мыс., отты жарату Ж. емес, отпен үйді өртеу Ж. Спиноза табиғатынан Ж. жоқ дейді. Ж. туралы ой адамның бәрін тұтастай қамти алмайтын қабілетсіздігінен, яғни шектілігі салдарынан қалыптасады деп есептейді. Ол Ж. сезімдер қатарына өкініш пен арсыздықты жатқызады. Хадисте: « Алла тағала пендеге Ж. қалаған болса бұл дүниеде жазаламай жазасын Қиямет күніне қалдырады» делінген. Тағы бір хадисте: «…Жаманшылық істеген болсаң артынша бір жақсылық істе. Істеген жақсылығың Ж.-ыңды кетіреді» – деп айтылған. Махмұд Қашқари (ХІ-ХІІ ғғ.) Ж.-тың жаман адам мінезінің болмысы екенін: «…Адамның жаманы барсығандықтар» – деп, олардың Ж. басында тұрып, опасыз келетіндігін айтып тұр. Тағы бір бәйіттерінде Махмұд Қашқари: «Жақынын жамандап, дүние жияды, әйтеуір, амалдап туысын қуады» –деп Ж-қа итермелейтін мінезді сынай отырып, «жолдасыңды жамандап, артық пайда іздеме» дей келе, «Ж.-тан аулақ бол жаның сонша күйгенше» – деп уағыз айтады. Қазақ би-шешендері .-ты адам мінезіндегі төмен қасиеттерге жатқызып, оның иесіне баға беріп, сынап-мінеген. Мысалы: «Жаман еркек жер қадірін білмес, жаман әйел ер қадірін білмес» (Майқы би) – дей келіп, Ж. мазмұнына ие болатын мінезді бағалаған болса, Бөлтірік шешеннің: «Төрем, сіздің үйдің қайсы бір дәмін татып қарасам, бәрінен елдің көз жасының соры шығады» – дегенді айта отырып, Ж-пен жасалған істің нәтижесіне қоғамдық пікірді білдірсе, «…Ешкімнің қақын жемеңдер, артында оның сұрақ бар» (Қабан би) – деп Ж-тың ақыры кәдік екенін ескертеді. Құрмысы шешен: «Адамды алдау, арыңның алдында қылмыс. Ағаңды алдау, анаңның алдында қылмыс» – деп пендені алдайтын мінезді Ж. іс деп танып, оны үлкен қылмыс ретінде мойындайды. Балпық би Ж. иесі жаманды төмендегіше бағалайды: «Жаманды ашу кернейді».

ЖАН – басым жағдайда адамның болмыстық бітімінің құрылымдық элементін, кісілігінің, субъектілігінің ішкі имманентті бастауын, дене тіршілігінің қайнар көзін білдіретін категория. Ж. ілімі барлық адамзат мәдениетінде орын алады, бірақ ол әртүрлі формада болып, әртүрлі мағыналық контексте қолданылуы мүмкін. Көбінесе діни және философиялық ілімдерде Ж. – жеке дара дене-бітімі болмайтын, мәңгілік элемент, адам денесінің тіршілік көзі. Жалпы мағынада Ж. – өмір принципі, тәнді тіршілікке келтіретін бастама ретінде анықталады. Заттарды алғаш рет «жанды» және «жансызға» бөлуге байланысты алғашқы қауымдық наным-сенімдерде Ж. тән мүшелерімен әрі олардың қызметімен ұқсастырылды: қанмен (иудаизм), мұрынмен (Анд үндістері), жүрекпен (ежелгі египеттер), мимен (Гален концепциясы) және т.б. Ежелгі гректер Ж-ды үш түрге бөледі: «ақылды» (баста), «батыр» (кеудеде) және «құмартушы» (ішек-қарында). Эпикур Ж. салауаттылығын біліммен байланыстырды. Ежелгі Египетте Ж-ның әртүрлі (ка және ба) түрі өмір сүретіндігі мойындалады. Ж-ды көлеңкемен, адам бетінің немесе денесінің су бетіндегі, айнадағы бейнесімен ұқсастыруы (адамның) жиі кездеседі. Мәдениеттің дамуының алғашқы кезеңдеріне зооморфтік Ж. туралы түсініктер сәйкес келеді; әртүрлі халықтардың наным-сенімдерінде құс-бейнелі Ж. кең тараған. Ж-ның жеке болмыстық сипаты туралы сенімдер анимизмге байланысты қалыптасты. Көне түркілер Ж-ды құт деп атаған. Құтты үшке бөлген: ауа құт (адам ұйықтаған кезде денеден бөліне алады және әлемді шарлай алады), көлеңке құт немесе жер құт (адамның жанында жүретін құт, оны киелі, қасиетті адам көре алады), ие-құт (тәнді өздігінен тастап кете алмайды). Қазақтар ет жан, шыбын жан, рухи жан туралы айтқан. Таулы алтайлықтар Ж-ды жетіге түрге жіктейді: тын (тыныс), құт (адамның өмірлік қуаты), жула және сүр (денеден бөлек жүре алатын нұсқа), ауру көрмес және жаман көрмес, ізгі және кекті (өлген адам жаны немесе рухы). Кейінгі діни философияда Ж. адамның рухани мәні, оның тұлғалық қасиеттерін анықтайтын күш ретінде анықталады. ХХ ғасырдың аяғында пайда болған жаңа діни бетбұрыс өкілдерінің бірі – Виссарионның қазіргі діни ілімінде (Соңғы Өсиет) Ж. – адамның жаратылысынан тәніне енгізілетін мәңгі құдайылық табиғаттың рухани бастауы деп анықталады. Ж. арқылы тіршілік иесі өзіне діни құндылықтарды (жақсылық, ізгілік, қайырымдылық, махаббат, әсемдік т.б.) қосып алған адамға айналады. Фома Аквинский бойынша, Ж. – бейматериалдық субстанция, бірақ ол өзінің тіршілігін тек тән арқылы ғана іске асыра алады. Ж. «тәннің қозғаушысы» болып табылады және адамның мәнін анықтайды. Діни философия бойынша Ж. – дененің тіршілік ету қабілеті. Бірақ адам Ж-ының бүкіл басқа тіршілік иелерінің өмір сүруінен айырмашылығы, адам Ж-ы тек рухпен біріккенде ғана тіршілік қабілетіне ие болады. Алла тағала рух арқылы адамның тәніне Ж. салғаннан кейін ғана адам өзінің өмірлік мақсаттарына келе алады немесе адам мақсатты-тіршіліктік жаратылыс қалпына ене алады. Ж. адамға берілген басқа қасиеттерге қарағанда маңыздырақ феномен, өйткені адам тек Ж-ның қуаты арқылы ғана тіршілік етеді, өмір сүре алады. Ж. арқылы ғана адам тәні шынайы тіршілікке қол жеткізеді. Ал Ж. тән арқылы ғана өзін көрсете алады, дами алады. Тән Ж-ның даму кеңістігі. Ж. адамның жердегі тіршілігі үшін жаратылған. Әл-Фараби «Азаматтық саясат» деген трактатында Ж-ды беске бөледі: қоректенуші, сезінуші, пайымдаушы, ұмтылушы және теориялық. Ж. науқасы – жағымсыз әдеп деп біледі. Фараби мұндай Ж. тәнмен бірге өледі деп есептейді, өйткені ол күнәға батқан, былғанған, кәмілділікке ұмтылмаған Ж. Адам Ж.-ның тек теориялық ақыл қуаты арқылы ғана бақытқа жете алады дейді. Теориялық ақылдың көмегімен кәмілдікке жеткен Ж. мәңгі, өлмейді, ондай жанның өмір сүруі үшін материя (тән) қажет болмайды. Ал өз кезегінде Ж. тән арқылы ғана өзін көрсете алады, дами алады. Ж-ның даму құралы – тән. Тән тозғанда Ж. өз тіршілігін тоқтатады. Ж. адамның жердегі тіршілігі үшін жаратылған. Рух о дүниенің, яғни Алланың қалауын орындаса, Ж. дененің бұл дүниедегі мақсаттарын орындайды. Осыдан адам рухы жоғары тартылса, тән жердегі тіршілікке тартылады дейтін таным қалыптасады. Адамның Ж-мен қатынас коммуникациясын вертикальды және горизонтальды бағытта қарастыруға болады. Мінездің жаманын да, жақсысын да таңдау Ж-ның құзырына берілетін құбылыс. Әл-Ғазали адам Ж-ының өздігінен болатын субстанция екендігі, Ж. тәнге енетіндіктен болмай қалуы мүмкін еместігі және тәндік қайта тірілу мәселесін көтереді. Ж. – рухани субстанция, ол өздігінен пайда болады, кеңістікте орын алмайды, сондай-ақ, ол денеде де болып табылмайды және денеге енбеген, денемен қосылмаған да, денеден бөлінбеген де субстанция. Ол Алла мен оның періштелері сияқты ғаламның ішінде де, сыртында да болмайды. Ғазалидің пікірінше, Ж.-ның тіршілік ұясы тән болғандықтан, оның тіршілік етпеуі мүмкін емес. Ж. өзінің тіршілігін үш жағдай арқылы тоқтатады: 1) тән өлген соң; 2) оның өзіне қарама-қарсылық негіз болғанда; 3) Алланың бұйрығымен жойылады. Сондықтан әл-Ғазали: «Ақылмен танылатын Ж-ның қадірі көзбен көрінетін тәннен жоғары тұрады» – деп есептейді. Ибн Баджаның адам туралы іліміндегі басты мәселе – адам Ж-ы.
ХХ ғ. француз философы-теологы Пьер Тейяр де Шарден: …біз «Ж-ды» табиғаттың әртүрлі каналдары арқылы тоғыса отырып, әсемдікке және ақиқатқа біріктіру үшін бүкіл тән күшінің қайта түрлендіру фокусы ретінде түсінуімізге болады – деп жазады. Қазақ дүниетанымында Ж. ұғымы діни таным ауқымында қарастырылады.

ЖАУАПКЕРШІЛІК – адамның онтогенездік мәнін, болмыстық бітімін, рухани мазмұндық сипатын, психологиялық қалпын, құқықтық қатынасын, әлеуметтік мәртебесін, моральдық сапасын белгілейтін философиялық категория. Ж. адам өмірінің маңызды сапалық жақтарының бір қырын анықтайтын экзистенциялық білім мазмұны. Ж. адамды белсенді субъект тұрғыда анықтайды. Ж. – тұлғаның субментальды тектұғыры. Ж. – адамның өз іс-әрекеттерінің нәтижесін көре білу, сезіне білу қабілеті, оның әлеуметке пайда, зиянын анықтай білу мүмкіндігі. Ж. жеке адамның немесе оның топтарының қоршаған ортаға қатыстылығын анықтайды, адамның қоршаған орта алдындағы парыз міндетін атқару қызметін сипаттайды. Ж. адамның оң моральдық құндылықтар радиусында айналып, адами болмыс шеңберінде болуын бақылаушы күш, қадағалаушы қуат феномені. Ж. ұғымы туралы түсініктер көне дәуірлерден бастап қалыптасқан. Философиялық категория ретіндегі теориялық негіздері ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардан бері қалыптасты. Жәбриттік бағытты ұстанушылардың айтуынша, адамдардың басқа Ж.-тері мен қатар этикалық Ж-терін де қабылдауымыз қажет. Ислам діні бойынша, адам Ж. – иесі болып табылады. Ж. – адамның жауап беру мүмкіндігі мен қабілеті. Ж. адамның өзіне деген Ж-тен басталып, отбасы, жақындарына, отаны, наным-сенімі, жаратушы, бүкіл адамзат, әлем алдындағы Ж-пен аяқталады. Құранда дербес Ж.: «Сен өзіңнен ғана жауаптысың» (Ниса сүресі, 84-аят), қоғамдық Ж.: «Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар» (Сонда, 85-аят), жаратушы алдындағы Ж.: «Көктегі және жердегі нәрселер Алланікі. Іштегілеріңді жарияласаңдар да, жасырсаңдар да Алла сендерден оның есебін алады» (Бақара сүресі, 284-аят) – деп айтқан. Мұхаммед пайғамбар Ж. туралы: «Бәрің …жауаптысыңдар… Мемлекет басшысы, қол астындағы халық үшін жауапты. Жанұя қожайыны жанұясына жауапты…» – дегенді айтады. Дінде Ж. о дүниеде де іске асатын мүмкіндік. Құранда: «Ол күні олар, Әттең Аллаға мойын ұсыну керек еді!» – деп көрсетіледі. Мұхаммед пайғамбар хадисінде: «Мұсылмандар, бірін-бірі сүюде, бір-біріне жаны ашуда және бірін-бірі қорғау тұрғысында бір мүшесі ауырғанда басқа мүшелері де мазасызданатын бір бүтін дене сияқты» (Бұхари, Әдеп, 26) – дегенді келтіреді. Құран Кәрім бойынша, Алла ақыл берген пенделерінің бәрін жауапкершілікке тартады. Мұхаммед пайғамбар хадисінде мынандай үш адам Ж.-тен босатылған: 1) оянғанға дейін ұйықтап жатқан адам; 2) дұрысталғанға дейін есі ауысқан адам, яғни жынды адам; 3) үлкейгенге дейінгі бала (Бұхари, Худуд, 22). Ұйықтап жатқан адамның жауапты болмауының себебі, дінде ұйқы ақыл мен сананың уақытша тоқтауы болып саналады. Ұйқы өлімнің бір түрі болып есептеледі. Қорқыт тек өмірді сүйген адам ғана халықтың тағдыры мен болашағы алдындағы өзінің Ж.-ін түсінеді және іс-әрекеттегі ұқыптылық адамдардың үлкен Өмірдің алдындағы Ж.-і деп санайды. Мутазилиттік бағыт бойынша, адам өз іс-әрекетін өзі істейді және өзі оған жауапты болады. Сунниттік бағыт адам істеуге ұмтылғаны үшін және берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, сол істі істегені үшін жауапты деп есептейді. Құранда: «Алла адамға шамасы жететіндей ғана (Ж.) жүктейді» (Бахара сүресі, 267-аят) – делінген. Спиноза адамның Ж.-ін оның Құдай туралы не ойлайтындығымен байланысты деп есептеді. Ж. өнегелі құбылыс деп анықтайды. И.Кант адам өз әрекет максимумына жауапты деп есептейді. ХХ ғ. философы Б.Констан Ж-ті екі тұрғыда қарастырады: 1) Ж. әлдебір әрекетті жүзеге асырудағы міндет; 2) ол – өз әрекетіне жауаптылықтағы қажеттілік. Мұнда Ж. ар-ұжданнан кең ұғым болып, ол парыз ұғымымен теңестіріледі. Қорыта айтқанда Ж. ұғымы антикалық дәуірде эстетикалық, ортағасырда – діни , қайта өрлеу дәуірінде – саяси, жаңа дәуірде – жекелік, ХХ ғасырда – әмбебаптық тұрғыда қарастырылады. Ж. әртүрлі негіздер бойынша: парыз күші, субъектісіне, адамның қатынасқа түсуіне, шығу тегіне, ауқымына байланысты жіктеледі. Ж. субъектісіне қатысты сыртқы (объективті), ішкі (субъективті) болып бөлінеді. Сыртқы Ж. адамның қоғамдық қатынастар жүйесінде қандай орын алатынына байланысты. Сыртқы жағдайлар индивид арқылы игеріледі, оның ішкі заңы болып қолданылады. Ішкі Ж. жеке тұлғаның позициясы. Абай адамның әлеуметтік және моральдық Ж-ін сөз етіп, олардың ішкі және сыртқы қырларын қарастырады. Ж-тің реттеуші, басқарушы, бақылаушы, дифференциялаушы қызметтері бар. Ж. құрылымы объектілер, субъектілер, санкциялар арқылы анықталады. Ж. субъектісі – қандай да бір нәрсе үшін жауапты адам, объектісі – субъект Ж-інде болатын нәрсе. Жер бетіндегі жауапты жаратылыс – адам, себебі өз тіршілігін өзі ұйымдастырады. Ж. категориясы адамды басы бостықтан құтқарып, өз сезімдері мен құмарлықтарына иелік еткізетін құндылықтардың бірі. Адам тек Ж. түсінігімен ғана қарапайым табиғаттан бөлектеніп, моральдық болмыс дәрежесіне көтеріледі.

ЖАНАМАЛАУ – бір ұғымның (немесе объектінің) тек үшінші ұғым (объект) арқылы ойға алынып және танып-білінетін басқаға қатынасы. Яғни объектінің қасиеттері басқа объектілермен өзара қатынасқа түсуі негізінде ашылады. Белгілі бір мақсаттар немесе нәтижелерге жету негізінде қандайда бір процестің немесе іс-әрекеттің құрылымын сипаттайды. Жанамаландыру диалектиканың, логиканың және таным теориясының ұғымы ретінде таным процесінің құрылымын сипаттайды. Жанама білім – бұл негізделген, қабылданған, дәлелденген түйін. Түсіндіру, негіздеу, дәлелдеу бастапқы алғышарттардың жанамаланған формасын көрсетеді. Дәлелдеу мақсатын көздеген ойлау дискурсивті процесс болып табылады. Бұл процестің әрбір жаңа қадамы өзінің ізашар алдыңғысымен жанамаланған. Танымдағы тікелей және жанаманың қатынасы қарастырылатын зат және оның логикалық өрістетуі арасындағы қатынас ретінде көрінеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   108   109   110   111   112   113   114   115   ...   267




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет