ЗАҢДЫЛЫҚ – тарихтың алға басқан дамуын көрсететін, объективті өмір сүретін, қажетті, маңызды, қоғам өміріндегі қайталанатын байланыс. Ғылымда З. көптеген тәжірибелерден өткізу арқылы тексеріледі. З. өзінің қайталанғыш қасиетімен ерекшеленеді. Белгілі бір заңға бағынбайтын құбылыстарда кездесіп тұрады. Ол жаңа З. пайда болғанын білдіреді.
ЗАРАТУСТРА, Заратуштра, Зәрдеш– гректерде Зороастр деген атпен белгілі. З. идеяларының ежелгі грек философиялық ойының дамуына қосқан үлесі туралы ғалым Жак Дюмен Гиммен өзінің «З. гимндері» аудармасының алғы сөзінде былай деп жазады: «Батыстың Азия ұлдарынан ең алғаш қабылдағаны З. болды. Оның ілімі Христос ілімі қабылданғаннан төрт ғасыр бұрын Грекияны өз даналығымен байытты. З. есімі Платонға белгілі еді. Будда мен Конфуций идеялары Еуропаға әлі жетпеген уақытта, гректер Зороастр атаған З. Батыстағы ежелгіазиялық данышпандықтың бірден-бірі белгісі болды. Платонның замандасы және шәкірті Евдокс Книдский өз ұстазын Зароастрмен салыстырады». Зороастризмдік салт-дәстүр исламда да өз қолтаңбасын қалдырады. Мыс., бес уақыт намаз оқудың түптамыры жайлы А.Тарақты: «Осы дәстүр Сырдария бойында туған Зәрдеш діні арқылы Яхуда дініне ауысты, одан ислам дініндегі бес уақыт намаздың орнығуына себепші болды» деген пікір айтады. З. да адамзатты ойландырған келелі сұрақтарға, толғандырған мәселелерге жауап іздеп, оның рухани ізденісіне өз үлесін қосты. Тарихта өшпес ізін қалдырған, адамзаттың рухани ұстаздарының бірі З-ның туған жері, өскен елі туралы мәселелер ғалымдар арасында қызу пікір таластар тудырады. Профессор А.Қасымжановтың пікірінше, «З-ның өз елінде тұрақ таппай, Шығыс Иран патшасы Виштаспаның сарайында қамқорлықта болуы, міне, осының бәрі зороастризмді парсылық құбылыс деп есептеуге тиіс болды да, оның алғашқы пайда болған аймағы және оның табынушылары көшпелі малшылар болғандығы ұмыт қалды». Ұзақ уақыт бойы тарихи дәстүр З-ның Отаны Батыс Иран деп келсе, қазіргі заман ғалымдарының басым көпшілігі зороастризмнің отаны Шығыс Иран немесе Орталық Азия деп санайды. Әдебиет: Мәдени-философиялық энциклопедия. Алматы: Раритет, 2007; Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 1. Астана: Аударма, 2006.
ЗАТ пен өріс – материяның қатынастылы алғандағы дербес физикалық түрлері. Классикалық физикада олар бір-біріне мүлдем қарама-қарсы қойылып қарастырылатын, өйткені З. құрылымы бойынша үздікті (дискретті), ал Ө. үздіксіз (континуалды) деп саналатын. Кванттық физиканың дамуы, әмбебап корпускуларлық-толқындық дуализмнің ашылуы З. пен Ө-тің өзара байланыстылығын, оларды қарама-қарсы қоюдың қатынастылығын көрсетті: З. элементарлық бөлшектерден тұрады, ал элементарлық бөлшектер өз ретінде физикалық Ө-тердің кванттары болып табылады екен. Классикалық ғылым мен философияда З. пен материя ұғымдары өзара теңгеріліп келсе, физикалық Ө-тердің (электромагниттік өріс, гравитациялық өріс және т.б.) ашылуы материя ұғымының философиялық мағынасының баюына, оның құрылымы туралы түсініктердің тереңдеуіне әкеліп соқты. Қазіргі физикада материяның өзара әсерінің фундаменталды төрт түрі бар екендігі (әлсіз, күшті, электромагниттік және гравитациялық) ашылып, мәселе осылардың өзара бірлігін дәлелдейтін, оларды біріктіретін бірегей Ө. теориясын құру күн тәртібіне қойылуда. Бұдан З. ұғымы және соған сай микробөлшек ұғымы жоқ болады деген түсінік тумауы тиіс: З. және Ө. ұғымдарының өзара байланысы туралы түсінік жаңа деңгейге көтеріледі деп тосылуда.
Заттандыру және затсыздандырУ– тарихи-философиялық дәстүрде неміс трансцендентальды-сыни философияда және марксизмде қабылданған ұғым. З. ж. з. алғаш рет Гегель философиясында объективті пен субъективті рухтың диалектикасы, қалыптасу идеясын дамытуды қарастыру үшін қолданылған. Нақты категориалды және терминологиялық статусқа маркстік философияда ие болды. З. – адамның қабілеттері затқа айналып, сол арқылы іске асатын процесс, соның арқасында зат әлеуметтік-мәдени, яғни, «адамдық затқа» айналады. З. іс-әрекеті, әлемді өзгерте отырып, адамның өзін де өзгертеді. З-cыздандыру – заттың қасиеттері, мәні және «логикасы» адамның, оның қабілеттерінің игілігіне айналу процесі, соның арқасында адам дамиды. Адам танымдық және рухани-құндылықтық тұрғыдан қабылдауының арқасында бұрынғы мәдениеттің формаларын затсыздандырады, оларды өзінің қоғамдық әлеміне қосады.
ЗАУЫҚ – әуестік, әуесқойлық негізінде пайда болатын, оған түрткі болатын жай-күй. Психологияда З-тың бірнеше түсіндірмесі болса да, арнайы әдебиеттер терминнің әлі де болса жете зерттелмегенін көрсетеді. З-тың негізгі сипаттамалары: 1) кең көлемді сұраныстар, қажеттіні ойлаудан туындайтын, әсерленудің түрі; 2) заттық, нәрселік З.; 3) З. саналы ұғынылған, ой-елегінен өткізілген де болады. Осыдан Фрейд тек әуестік қана емес, бейсаналы З-тың да болатынын көрсетеді. Ол қашан да болса, саналы түрде ой елегінен өткізілген, бірақ өзіне «тиым салынғанынан» бейсаналық аймағына ығыстырылған. Мұндай З. көрген түстерде, мінез-құлықтың еріктен тыс өзгерістерінде, түсіндірмелерде өзі туралы белгілер береді. Қанағаттандырылуы мүмкін емес З-тан фрустрация (сұранысты қанағаттандырудың мүмкін еместігі, мақсатқа жету жолындағы ақиқат және жорамал бөгеттердің болуынан туындайтын сәтсіздіктен әсерлену, үрей, көңіл қалу, ашу шақыруда көрініс табатын психологиялық стресс түрі) жағдайы пайда болады.
ЗӘБІР – бұл адамды жәбірлеу – сықақ ету, ақымақ қылу, күлкі ету, мазақ қылу; кімге болса да қорлық көрсету – қалжыңдау, кемсіту, жанын қинау; кімді болса да қорлау – жұрттың сыйлы адамының адамгершілігіне нұқсан келтіру, ұрысу, ұялту, аласарту т.б. З. көбінесе әлеуметтік қоғамда моральдық қатынастардың үйлесімділігі орнамаған жағдайында көбірек орын алады. Құқықтық мемлекет азаматтарды кез келген З-ден қорғауы тиіс.
ЗЕЙІН – адам өмірінде, таным үдерісінде, білім алу ісінде алатын маңызы үлкен, психикалық әрекеттің белгілі бір нәрсеге бағытты шоғырлануы. Оқушының тапсырманы түсіне қоймауы, есінде дұрыс сақтай алмауы, қате жіберуі оған дұрыс З. қоймаудың салдарынан болады. З. қою көбінесе, адамның жеке басы ерекшеліктеріне, айналысып жатқан іс-әрекетінің сипаты мен маңыздылығына, оның мүддесіне, талап-тілегіне, мақсат-мұратына, ерік-жігер сапаларына, темпераментіне, мінез бітіміне байланысты. З-нің физиологиялық негізі акад. А.А. Ухтомскийдің (1875 – 1942) доминанта теориясы бойынша түсіндіріледі. Бұл теория бойынша, сыртқы дүниенің көптеген тітіркендіргіштерінің ішінде біреуі миға күшті әсер етеді де, оның бір бөлігін айтарлықтай қоздырады. Мидың осы қозған бөлігі қалған бөліктердегі әлсіз қозуды өзіне тартады. Осыдан мидағы қозу үдерісі күшейе түседі. Мұндай жағдайда, адам З-і бір нәрсеге шоғырланады. Адам З-і ырықты, ырықсыз және үйреншікті болып бөлінеді. Адам өмірінде ырықты және ырықсыз З-дер саналы түрде белгілі ерік күшін жұмсауды талап етіп, елеулі орын алады. Үйреншікті З. адамның әдетіне айналып кеткен, ол арнайы күш жұмсауды қажет етпейді. Жеке адам З-нің негізгі ерекшеліктеріне: тұрақтылық, оның бір нысаннан екінші нысанға оңай ауысуы, бөлінуі, нысанды қамту көлемі, алаң болмаушылығы т.б. жатады.
ЗенонЭлейлік (Ζήνων ὁἘλεάτης, шамамен б.д.д. 490 – 430), ежелгі грек философы, Парменидтің шәкірті. Өзінің апорияларымен («шешілмейтін тұжырымдар») танымал. Аристотель «Софист» диалогында З-ды диалектиканың, яғни «қабылданған пікірлерді» сыни талдау немесе reduction ad absurdum арқылы қарсыластың пікірін теріске шығару өнерінің негізін қалаушы деп атаған. Парменидтің біркелкі қозғалыссыз болмыс туралы ілімін қорғау мақсатында бірнеше апория тұжырымдады. Сол арқылы көптік пен қозғалыстың бар екендігін мойындау логикалық қайшылықтарға әкелетіндігін көрсетті. Қырық шақты апорияларының ішіндегі ең әйгілілері: Дихотомия, Ахилл мен тасбақа, Садақ оғы мен Қозғалыстағы денелер. Бұл апориялардың барлығы қарсылық арқылы дәлелдеуді білдіреді. Бұлардың барлығын шешімімен қоса Аристотель баяндаған (Физика, VI, 9). Әдебиет: Аристотель. Физика. Книга 6. //Философы Греции. Основы основ: логика, физика, этика. ЭКСМО-Пресс; Харьков 1999, 1056 б.; Платон. Парменид // Платон, Сочинения в трёх томах, М., 1968-1970; Фрагменты ранних греческих философов. Часть I. От эпических теокосмогоний до возникновения атомистики // Изд.подг. А. В. Лебедев. М.:Наука, 1989. – 576 с.
ЗЕРДЕ – парасат, мақсатты әрекет, ұйымдастыру және өндірісте адам мәнінің негізін құрайтын таным ретінде көрінісін табады. Ол заттардың объективті құрылымын, заңды байланыстарын білдіретін, ойлаудың ең жоғарғы түрі. Заттардың бүтіндей құрылымын жүйелі түрде көрсететін теориялар З. танымының жемісі. Логика мен методология З. танымы тәжірибесінің философиялық қорытындысы қызметін атқарады. З. тұлғаның рухани әлемінің қалыптасуы, оның өзіндік санасының құралы, өз өмірін ой елегінен өткізуі тәсілі, демек парасатты ой мәнділіктерінің қуаты, қызметі болады.
Ұйымдастыру саласында З. адам өмірінің қайнар көзі, нормативті бастау, ретке келтіруші әрекет ретінде алға шығады. Мұнда З. қызметі көпшіліктің өзара ұйымдаспаған қызметін саналы реттеушіге айналдыратын, қоғамдық құрылымдар жасаудан көрінісін табады.
Еңбек қызметіндегі әмбебап шығармашылық принцип ретінде З. материяны рухани – ой елегінен өткізген, оны көптеген түрлердегі заттарға айналдыра алатын адам қабілеті ретінде көзге түседі. Жетілген еңбек құралдары, епті қолдармен жұмыс істейтін конструктор, шебер, суретші З-сіне игерілуі керек материалдық болмыс қарсы тұрады. Философия түріндегі З-нің көптеген көріністерін қорытындылаған адам, өзін жан иесі ретінде бүтіндей жетілдіру үшін, оның барлық шығармашылық қуатын толық пайдаланады. Сондықтан да, антика философиясында З. мен философия тең өлшемде құдайлардың берген сиы ретінде қарастырылады. Қазақ ұғымында З. тікелей тұлғаға байланысты қолданылады, зерделі жан, яғни парасатты адам ұғымын береді.