ТРАЙБАЛИЗМ, рушылдық – қоғамдық жікке бөлінушілікті тудыратын этнос ішіндегі ру-тайпалар мен жеке адамдар бойындағы тайпалық, рулық сезім, құбылыс. Т. негізінен билікке таласушылықты, сеператизмді қоздыратын құбылыс ретінде саяси мәдениеті төмен, демокр. ин-ттары нашар дамыған елдерге (Азия, Африка елдері, т.б.) тән. Этногенет. тегі тайпалық-рулық құрылыс негізінде қалыптасуына және ғасырлар бойы жүздік құрылымдар бойынша басқарылуына байланысты қазақ халқында тайпалық, рулық сезім осы күнге дейін сақталған. Қазақ дәстүрлі әдет құқығы бойынша әр адам өз шыққан тегі мен жеті атасын білуі тиістігі тұқым тазалығы мен тектілік қасиеттің орнығуына, адамдар арасында туыстық қатынастардың жойылмауы мен сол арқылы халықтың өзін-өзі сақтап қа-луына жағдай жасады, мемл. басқару құрылымын оңтайландырды. Дегенмен, жеке адамдар арасындағы ірілі-ұсақты билікке таласушылық ру-тайпалардың залалды бақталастығы мен бәсекелестігіне, дау-жанжалға ұласып, рулық сезім рушылдық-жікшілдікке соғып отырды. Қазақ еліндегі Т. өзге елдердегі жершілдік, этностық жікшілдік секілді құбылыстарға ұқсас қызмет атқарды, тиісінше қазақ мемлекеттілігін нығайта түсуге кедергі жасады. Қазақ хандығы дәуірінде Тәуке ханның «Жеті жарғысы» рушылдық құбылыстарға батыл тосқауыл қоюымен ерекшеленді. Әр кезеңдерде өмір сүрген қазақ зиялылары рушылдықты «мемлекетке іріткі салатын қоғамдық дерт» ретінде бағалап, оны біржола жоюды, елдік, мемлекетшілдік сананы жоғары қойып, орнықтыруды ұсынды. ХХ ғ-дың соңынан бастап қазақ қоғамында урбанизация және нарықтық үдерістердің күшеюі Т-нің бәсеңдеуіне ықпал етті. Г. Аташова
ТОЛЫҚТЫРМАЛЫҚ ҰСТЫН– квант механикасына байланысты Н. Бордың ашқан тәсілдемелік принципі. Ол принцип бойынша микроәлемге қатысты физикалық объектіні дәлірек суреттеу үшін оны бірін-бірі жоққа шығаратын қосымша суреттеу жүйелерін пайдалана отырып анықтау қажет делінген. Квант механикасының негізінде энергия мен материяның аз мөлшерлері өз бойында бір мезгілде бөлшектік те, толқындық та қасиеттерді жинақтайды деген түсінік жатыр. Өлшеніліп отырған материяның қандай күйде болатындығы өлшеушіге, дәлірек айтсақ, оның өлшеу тәсіліне тәуелді. Бір тәсілмен алынған өлшеу нәтижесінде жарық кванты өзін толқын ретінде танытса, екінші тәсілді пайдалану барысында ол бізге бөлшек (корпускула) болып көрінуі де мүмкін. Яғни, егер микроәлемде элементарлы бөлшектер бірмезгілде әртүрлі күйде бола алатын болса, онда біздің макроәлемде, «үлкен» әлемімізде де сондай болуы әбден ықтимал. Әлемнің екіжақтылығын ескере кетсек, онда әлемдегі біз де бір мезгілде тірі және өлі болуымыз мүмкін. Бізге сырттан қарап тұрған бақылаушының күйіне байланысты біз бір мезетте не өлі, не тірі күйде боламыз. Бақылаушы біздің жүйеден тысқары, ал ол бақылаушының өзінің күйі оның жүйесінен бөлек орналасқан тағы басқаға байланысты әрбір жүйе басқа ірі жүйенің құрамдас бөлігі ғана және сол өзінен жоғары тұрған жүйеге қатысты ол тек бақылау жүргізіліп отырған объект есебінде Н. Бор өзінің тұжырымдаған принципінің тәсілдемелік мәнін жақсы түсіне білген: «тірі организмдер, сана иесі – адамдар мен олардың мәдениеттері ішкі біртұтастыққа ие, ал ол біртұтастықты сипаттап, көрсету үшін суреттеуді қосымша тәсілі қажет». Т.п. біздің физиологиямыз арқылы да түсіндіріледі, себебі біздің бас миымыздың жартышарларының функционалдық ассиметриясы Т.п. жүзеге асырудың табиғи механизмі болып табылады.