Әдебиет: Гоббс Т. Избр. произв. М., 1964. Т. 1-2. Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004; Әлемдік философиялық мұра. Алматы: Жазушы, 2006.
ГУМАНДЫЛЫҚ (лат. humanus – адамдық, адамгершілік) –тұлға ретіндегі адамның, оның еркін дамуы және өз қабілеттерін жүзеге асыру құндылығын мойындау, адам игіліктерін қоғамдық қатынастарды бағалаудың өлшемі ретінде қабылдау. Тар мағынасында – орта ғасырдағы діни схоластикаға қарсы Қайта Өрлеу дәуіріндегі зайырлы еркін ой. Бұл өзіндік құндылықтардың түбірі адам екендігін мойындаудан бастау алады. Г-тың теориялық тұжырымы ретінде И. Канттың мына ойын келтіруге болады: «Мен мынаны айтамын: адам және кез келген ақылды жан басқаның ырқынан туындаған құрал емес, әр уақытта мақсат болып табылады, өзіне не басқа ақылды жандарға бағытталған әрекеттерінде ол қашанда мақсат ретінде алынуы қажет». Теориялық ілім ретінде Г-ның негізінде адамның ешқандай шартсыз, өзімен өзі жеткілікті құндылығы идеясы жатыр. Еуропаорталықтық ұстаным бұл идея тек Батыста қалыптасады деген пікір айтады. Алайда, ортағасырлық мұсылман философиясында мінсіз жетілген адам ұғымын (әл-камили әл-инсаний) Ислам Ренессансының өкілдері (әл-Кинди, әл-Фараби, суфийлер, парсы-тәжік ақындары) жан-жақты зерделеген. Христиандық мәдениетте Г. идеясы «басқаға деген махаббат» және «жақынға деген махаббат» түсініктері арқылы берілген. Егер біріншісінде адам өзін және жақындарын адамзатқа деген абстракты сүйіспеншілік үшін құрбандыққа шалуға тиіс болса, онда екіншісі нақтылы адамға бағытталған. Г. алыптылық (титанизм), не әлсіздік пен пақыршылық идеологиясы емес. Оның негізінде адамды қастерлеу идеясы жатыр. Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Т 12. Астана: Аударма, 2005.
ГУМБОЛЬД Вильгельм (1767-1835) – неміс филологы, философ, өнер теоретигі, немістің классикалық гуманизмінің көрнекті өкілі. Тарихтың мақсатын ол көркем туындыға ұқсас,белгілі бір үйлесімді тұтастық болып табылатын, адамдық даралықты қалыптастыратын және руханилық мұраттарды жүзеге асырудан көрді. Тұлғалар мен ұлттардың ерікті ішкі дамуы Г. бойынша, өзіне рухани шығарм. тұлғалардың әрекетін қосып алды. Мемлекет әрекеті, дейді Г. шектелген және ол сыртқы шекаралар мен ішкі құқық қорғау қызметтерімен анықталады («Мемлекет әрекетінің шекаралары», 1792). Бірнеше теориялық еңбектерінде («Ежелгіні, әсіресе гректікін зерттеу туралы», 1793, «Эстетикалық тәжірибелер») грек өнерінің маңыздылығын атап өтті. Г. шығарм.-ның биігіне оның тілтану еңбектері жатады. Тіл тек дайын қарым-қатынас құралы емес, ол өз бойына «халық рухын» жинақтаған. Г. мәдениетті «тарихта әрекет етіп отырған халықтардың рухын» білдіретін органикалық тұтастық деп есептеді. Г. дербес пән ретіндегі тіл философиясының негізін қалады. Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004.
ГУМИЛЕВ Лев Николаевич (1912 – 1992) – тарихшы, географ, түркі халықтары мәдениетін терең зерттеушілердің бірі, көрнекті мәдениеттанушы. Ақындар Н. Гумилев пен А. Ахматованың ұлы, 1930 – 50 ж. қуғынға ұшыраған. Еуразиялық тарихқа қатысты еңбектерінде ол мәдениетті табиғи орта, этнос және мутациялық ғарыштық әсерлердің өзара қатынасынан туатын нәтиже деп алады. Бұл өзара байланыс «пассионарлық» деп аталатын адамдардың қайталанбалы күш серпінділігін және шығармашылығын тудырды. Г. бойынша, этностар өз бастауларын ғарыштан алады. Жаңа халықтардың пайда болуы (этногенез) – табиғи құбылыс және пассионарлық өрлеу кезеңдерінде этностар адам қолы мен рухани дамудың жемісі болып табылатын ерекше мәдени типті өмірге әкелді, әрбір пассионарийлер, дейді Г., өздерін белгілі бір мақсаттарға жаңқиярлықпен бағыттайды, әрбір мәдениет тек өзіне тән діл мен іс-әрекет, қылық түрлерін қалыптастырып қана қоймай, сонымен бірге бұрынғы мәдениеттермен тектік, дәстүрлі байланыста болады. 1200 – 1500 жылдар аралығында этнос өзінің мәдени дәстүрін дамытады, кейін пайда болған жаңа пассинарийлер бөлек мәдени дәстүрді қалыптастырады. Этностардың ауысуы не басқалардың арасында сіңіп кету, не мүлгіген реликтіге айналып кету, не әлеуметтік қақтығыстар түрінде болуы мүмкін.Көптеген зерттеулерінде Г. еуразияшылдық идеясына үндес пікірлерді қолдаған. Ол Н.С. Трубецкойдың жалпыадамдық мәдениет жоқ деген қағидасын қолдайды. Г. бойынша, тек күрделі органикалық мәдени этникалық жүйе тарихта табысты әрекет ете алады. Осындай жүйе еуразиялық – Ресей мәдениетінен көрініс табады. Г. түркі-славяндық мәдениеттің ортақ белгілеріне көп назар аударады. Ол еуразиялық Ұлы даланы бірнеше мәдени ареалдарға бөліп, номадалық мәдениеттің тарихи орнын әділ анықтап беруге ұмтылады. Г. Орталық Азияны әлемдік мәдениеттің басты ошақтарының бірі деп қабылдайды. Г-тің философия мәселелерін көтерген негізгі еңбектері: «Ежелгі түркілер» (1967), «Этногенез және Жер биосферасы»(1979), «Ежелгі Русь және Ұлы дала» (1989), «Русьтен Ресейге дейін» (1992) т.б.