Қр бғМ Ғк философия, саясаттану және дінтану институтының



бет86/267
Дата20.09.2023
өлшемі1,22 Mb.
#109258
1   ...   82   83   84   85   86   87   88   89   ...   267
Байланысты:
Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)

Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004.

ГУССЕРЛЬ Эдмунд (1856 – 1938) – неміс философы, феноменологиялық бағыттың негізін салушы. Математика мен логика мәселелерімен көп айналысқан. 1900-1901 жылдары екі томдық «Логикалық зерттеулерін» жариялап, жаңа философиялық тәсіл ретінде феноменологияның дүниеге келгенін жариялады. Еңбектің бірінші томында («Таза логикаға пролегомендер») Г. енді өзі «психологизм» деп атаған бұрынғы көзғарастарын сынайды. Логика мен математиканың негіздерін эмпирикалық ғылым психологиядан іздеу дұрыс емес. Тек априорлы ғылым ретіндегі философия ғана рационалды ұғымдарды негіздей алады. Бірақ философия дескриптивтік феноменологиямен толықтырылуы қажет. Дүние қалай болса, оны сол күйінде алу керек, «заттардың өзіне қайту қажет» дейді Г. феноменологиясы заттар мәнділігін таным актіларынан табады. «Логикалық зерттеулердің» екінші томында «білдіру» және «мағына» сияқты маңызды логикалық мәселелерге назар аударады. Бұл томда интенционалдық ұғымын жан-жақты қарастырады. Г. барлық ділдік құбылыстарда интенционалдық бар дейді. Ол философиядағы өзі «натурализм» мен «тарихшылдық» деп атаған ағымдарды сынға алды. Философия рефлексиялық ілімге айналу керек. Бұл жағдайда «таза сана» немесе «трансценденталдық Эго» дараланып, ол үшін барлығы объектілерге айналады. Сана объектілері «таза мәндер» немесе «эйдостар» болып көрінеді және феноменологияның міндетіне оларды суреттеп беру жатады.
Әдебиет: Гуссерль Эд. Логические исследования. М., 2001; Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004; Мәдени-философиялық энциклопедия. Алматы, 2007.

Ғұлама (араб. білгір, дана) дін ілімдеріне жетік, оқымысты, ақыл-парасат иесі. Қазақ даласына Ислам діні мен мәдениетінің орнығуына орай, ислам ілімінің негіздерін, Құран ілімін, хадис ілімін, фиқх ілімін терең де, жан-жақты меңгерген, ислам ахлақын өз бойында қалыптастырған адамдарды осылайша атаған. Ғ. ғалымдар ислами оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарған, ар-ұяты таза, көркем мінезді, кемел, ілім мен білімді елі үшін жиған ғұламалар ел арасында абыройға ие болған. Ғ-лардың ілімі мен өнегелі өмірі киелі адамдар ретінде қастерленіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен.
Әдебиет: Ислам. Энциклопедиялық сөздік. – Алматы: Аруна, 2009; Құран Кәрім аудармасы, Алматы. – Дәуір – 2003.

ҒЫЛЫМ – объективті, жүйелі және негіздемелі білімді бағамдауға, қаузауға арналған адам танымының ерекше түрі. Танымның басқа да түрлерімен (мифологиялық, діни, философиялық, көркемдік және т.б.) тығыз байланыста өмір сүреді. Ғ. басты мақсаты – шындықтың өзіне тән заңдарды ашу, сөйтіп адамның түрлендірушілік іс-әрекетіне негіз болатын білімге қол жеткізу. Ғ. дүниені танып-білуге бағытталғандықтан оның кез келген заты, құбылысы, үдерісі ғылыми танымның объектісі бола алады. Объектінің әртүрлі жақтарын зерделеп, Ғ. оларды өзінің зерттеу пәніне айналдырады. Ғылыми танымның объектісі мен субъектісі, олардың өзара әсері мәдени-тарихи дамып, субъектінің танымдық іс-әрекетінің белсенділігі барған сайын артып отырады. Сондықтан Ғ. өзіне тән танымдық іс-әрекет пен білімнің бірлігі деп анықтауға болады. Санқырлы дүниені объективті бейнелеп, оның ғылыми суретін жасап, Ғ. өзара байланысқан көп салалы мәдениеттің бір ғана саласын құрайды. Ғ-ның пәндік облысы тарихи дамып, кеңейіп, кәдуілгі практика шеңберінен асып, тек болашақта ғана игерілуі мүмкін объектілерге жол салады. Сондықтан Ғ-ми іс-әрекеттің қажетті бір формасына Ғ. эксперимент жатады. Оны іске асыру үшін айрықша құрал-жабдықтар, приборлар қажет. Ғ-ми іс-әрекеттің өзіне сай әдістері, арнайыланған тілі, приборлар кешені болады. Әдіс мәселесі мұнда маңызды рөл атқаратындықтан, жаңа әдістер оңтайланып, іріктеліп, олардың мүмкіндіктері зерттелініп отырады. Мұндай білімдер жүйесі Ғ-ми әдіснамада жинақталады, дамытылады. Ғ. субъектісі (ғалымдар, Ғ-ми қауымдастық) оның тілін, әдістерін, құрал-жабдықтарын еркін игеруі үшін арнайы дайындықтан өтуі, Ғ-ми мектептерде тәрбие алып, жаңа Ғ-ми мәселелерді қойып шешуге бейімделуі тиіс. Ғ. қоғам өмірімен, қоғамдық мұқтаждықтармен тығыз байланысқан әлеуметтік институт болып табылады. Ғ. кәсіби айналысу үшін оған тән құндылықтар жүйесін, Ғ-ми зерттеудің идеалдары мен нормаларын игеру қажет. Мұнда, әсіресе, ақиқат мәселесі, ақиқатты іздеу, ақиқат білімді өндіру, оның критерийлерін ажырата білу сияқты сауалдар алға шығады. Ғ-ми білім қалыптасуы көне заманнан басталып, алғы – Ғ. сатысынан өтіп, сөздің өз мағынасына сай келетін нағыз Ғ. сатысына көтеріледі. Нақтылы Ғ-ми білім дамуының үш тарихи кезеңі бар: классикалық (ХVII-XIX ғғ.), классикалық емес (XIX ғ. соңынан XX ғ. соңғы ширегіне дейін) және постклассикалық емес (ХХ ғ. соңғы ширегінен бастап). Ғ-ми білім дамуының әр кезеңінің өз ерекшеліктері (объектілерінде, әдістерінде, теориялық құрылымында, идеалдары мен нормаларында және т.б.) бар. Ғ-ми білім өз даму үдерісінде тұтас теориялық танымның алғашқы формасы болып табылатын философиядан біртіндеп тарихи бөлініп шығады. Осыған орай Ғ. былайша жіктеледі: математика, жаратылыстанулық, техникалық және әлеуметтік Ғ-дар.
XIX ғ. ортасына қарай Ғ. пәндік (дисциплинарлық) құрылымы орнығып, өте күрделі өзара байланысқан Ғ.-ми пәндер жүйесі пайда болады. Әрбір Ғ. саласы іштей дифференциацияланып, өзіне сай идеалдар мен нормаларға, философиялық-дүниетанымдық негіздемелерге ие болып, зерттеуші объективті шындықтың Ғ.-ми суреттемесін сомдайды.
Қазіргі Ғ. дамуының басты заңдылықтарына мыналарды жатқызуға болады: Ғ. дифференциациялануы мен интеграциялануы, математикаландырылуы, үздіктілік (революция) пен үздіксіздіктің (эволюция) бірлігі, сабақтастық принципі, философияның, теориялық білім мәртебесінің жоғарылауы, Ғ-дардың өзара әсерінің, ішкі бірлігінің артуы және т.б. Ғ-ның әлеуметтік институт ретіндегі атқаратын қызметтері (функциялары) да тарихи өзгеріп отырады. Қазіргі Ғ. негізгі қызметтерін былайша жіктеуге болады: мәдени-дүниетанымдық, тікелей өндіргіш күш ретіндегі және оның әлеуметтік күш ретіндегі қызметтері. Ғ. әлеуметтік күш ретіндегі қызметі қазіргі жаһандану заманында барған сайын арта түсуде. Қазақстанда Ғ. дамытудың жаңа бағдарламасы негізінде Қазақстан халықтары алдына интеллектуалды ұлтқа айналу, индустриалдық-инновациялық дамуды арттыру, сөйтіп, дүние жүзіндегі ең дамыған елу елдің қатарына қосылу сияқты міндеттер тұр.
Әдебиет: Изотов М.З., Фидирко В.А., Шайкемелев М.С. Наука в Казахстане: история и современность (Философское исследование в двух книгах). – Кн. 1. Алматы: ИФиП МОН РК, 2006; Изотов М.З., Сарсенбаев З.Н. Наука в Казахстане: история и современность. Кн. 2. Алматы: ИФиП МОН РК, 2009.

ҒЫЛЫМ әдіснамасы (методологиясы) – ғылыми танымның әдістерін, реттеуші принциптерін зерделейтін ғылым философиясының маңызды бір тарауы, құрамдас бір бөлігі. Әдіс-айласыз адам іс-әрекетінде ештеңе тынбайтыны белгілі. Ғылыми іс-әрекеттің де өзіндік әдістері, айла-тәсілдері, идеалдары мен нормалары бар. Ғылым философиясы әдіс мәселесіне әрқашан ерекше көңіл бөліп, оның мәнін, түрлерін, талаптарын, барлық құралдарын талдап, жетілдіріп отырады, – онсыз ғылыми зерттеудің алға басуы күмәнді. Ғ.ә. философияның әдіснамалық қызметіне, осы бағыттағы оның жетістіктеріне сүйеніп, соларды ғылыми танымның ерекшеліктеріне сай түрлендіріп, нақтыландырады. Философия тарихында әдіснама мәселесі әр заманның мәдени-әлеуметтік даму деңгейінде зерделеніп, философиялық әдістер қатары Сократтың диалектикалық мысқылынан (ирониясынан) бастап, антикалық диалектикалық ойлау әдісі (Сократ, Платон, Зенон, Аристотель), ортағасырлық схоластикалық ойлау әдісі, метафизикалық, формалды-логикалық әдіс, индуктивтік әдіс (Ф.Бэкон), дедуктивтік әдіс (Р.Декарт), диалектикалық әдіс (Гегель, Маркс), аналитикалық әдіс (Л.Витгенштейн), феноменологиялық әдіс (Гуссерль), герменевтикалық әдіс (Гадамер) болып тізбектеліп өз жалғасын табуда. Философия мен әдіснама (методология) бір-бірімен өте тығыз байланыста, бір-бірінен айырғысыз бірлікте дамиды. Ғылым философиясы мен Ғ.Ә. да ішкі бірлігінде қарастырған жөн. Қазіргі философиялық әдебиетте әдістерді жалпылық деңгейіне орай бірнеше топқа бөліп жіктейді: философиялық әдістер (мысалы, бір-біріне қарама-қарсы диалектикалық әдіс пен метафизикалық әдіс, индуктивтік әдіс пен дедуктивтік әдіс), зерттеудің жалпы ғылыми әдістері, жеке ғылыми әдістер, пәндік және пәнаралық әдістер. Философиялық әдістер адам іс-әрекетінің барлық салаларына (соның ішінде ғылымға да) ортақ, ең түпкілікті, ең терең ойлау заңдары мен заңдылықтары негізінде дамытылған әмбебап принциптер (даму, қайшылық, нақтылық, тұтастық, детерминизм принциптері және т.б.) түрінде іске асады. Бұл әдістер ғылыми танымдық, оның әдіснамалық мәселелерін де, философиялық-гногеологиялық тұрғыдан, яғни адамның жалпы танымдық іс-әрекетінің маңызды бір саласы ретінде талдауға мүмкіндік береді. Жалпы ғылыми әдістер қатарына қазіргі ғылымның басым көпшілігінде кеңінен қолданыс тапқан зерттеу әдістері (жүйелілік әдісі, жүйелілі-құрылымдық әдіс, статистикалық-ықтималдылық әдіс, модельділеу әдісі және т.б.) жатады. Әрбір жекелеген ғылымдарда өз зерттеу объектісіне, мақсаты мен міндеттеріне сай қолданылатын әдістер, айла-тәсілдер жиынтығы жеке ғылымның әдістер тобын құрайды. Пәндік әдістерге ғылымның жеке дара саласына (мысалы, физикаға) кіретін пәндердің әрқайсысының өзіне ғана тән әдіс-айлаларын жатқызады. Пәнаралық әдістер, өзінің атауы көрсетіп тұрғандай, бірнеше (екі не одан да көп) ғылыми пәндер тоғысқан аралықта туындайтын кешенді мәселелерді зерттеуде қолданылатын интегративті мәндегі әдістерден құралады.
Қазақстандық философиялық мектепте XX ғ. 60-жылдары диалектикалық-логикалық әдіс кеңінен дамытылып, қазіргі ғылымның логикалық-методологикалық мәселелері осы тұрғыдан зерттеліп, көптеген жетістіктерге қол жеткізілген болатын. КСРО ыдырап, маркстік-лениндік философия тұғырынан тайып, тәуелсіздікке қол жетіп, философиялық плюрализмнің таңы атқан бүгінгі жағдаятта да, сол мектептің түлектері мен бірге (Ж. Әбділдин, Ә. Нысанбаев, Қ. Әбішев, Т. Ғабитов, М. Изотов, В. Дунаев және т.б.) диалектикалық-философиялық рухта тәрбиеленген жас философтар буыны қалыптасып (З. Исмағамбетова, С. Нұрмұратов, Н. Аюпов және т.б.) философия ісін алға жалғастыруда.
Ғылыми танымның әдістері зерттеудің жалпы логикалық әдістері және өз мағынасындағы ғылыми әдістер болып бөлінеді. Соңғылары өз ретінде теориялық білім құрудың әдістері және эмпириялық білім құрудың әдістері делініп екіге бөлінеді. Жалпы логикалық әдістерге талдау және синтез, абстракциялау, жалпылау, индукция және дедукция, аналогия және модельділеу жатады. Эмпириялық зерттеудің ғылыми әдістерінің қатарына бақылау, суреттеу, салыстыру, тәжірибе қою, эксперимент жасау кіреді. Теориялық зерттеудің ғылыми әдістерін формализациялау әдісі, аксиоматикалық әдіс, гипотетикалық-дедуктивтік әдіс, абстрактылықтан нақтылыққа өрлеу әдісі құрайды. Ғылыми танымның реалдық үдерісінде бұлар өзара әсерлесе қызмет жасайды және ғылымның дамуына орай жаңа зерттеу әдістері, айла-тәсілдері туындап дамып отырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   82   83   84   85   86   87   88   89   ...   267




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет