Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
Әдебиет: Әлемдік философиялық мұра. Жиырма томдық. Алматы: Жазушы, 2005-2008; Қазақ халқының философиялық мұрасы. Жиырма томдық. Астана: 2005-2008.
ҒЫЛЫМИ болжам – ғылымның ашқан заңдары мен заңдылықтары негізінде табиғат және қоғам құбылыстарының болашақ жай-күйі туралы немесе әлдебір қазіргі кезде беймәлім құбылыстар туралы ұсынылатын топшылама білім. Ғ.б. былайғы болжамдардың түрлерінен (мысалы, діни негіздегі сәуегейліктен, интуитивті түрде немесе халықтық жосын негізінде жасалатын жорамалдардан) бөлектеп қарастырған жөн. Қандай да болмасын құбылыстың немесе үдерістің болашағын болжау үшін басты үш шарттың орындалуы тиіс: біріншіден, зерттеуші ғалым сол нәрсенің (заттың, құбылыстың, үдерістің) өз табиғатын, қазіргі жай-күйін (қасиеттерін, бастапқы параметрлерін) білуі; екіншіден, оның қозғалысының заңдарын білуі; үшіншіден, оның болашақ қозғалысының жағдайларын бағдарлай білуі тиіс. Осы үш шарт орындалғанда ғалым (не ғалымдар тобы) сол білімдердің синтезделген қорытындысы ретінде Ғ.б. жасай алады. Мысалға, космостық ракетаның Марсқа ұшуын алайық: алдымен, ракетаны ғылыми білімдер негізінде конструкциялау, жасап шығару қажет; екіншіден, оның қозғалысы заңдарын білу қажет; үшіншіден, оның ұшуының Марсқа дейінгі жағдайларын топшылай білу қажет. Міне, осы үш түрлі білімдердің басын қосып, синтездеп қана ғалым (немесе ғалымдар тобы) ракетаның ұшуын басқаруға, оның ұшу траекториясын қадағалап, қажет болса, коррекция енгізуге, сөйтіп Ғ.б. негізінде көздеген нысанға жетуге деген мүмкіндігін іске асырады. Қоғамдық құбылыстарға, үдерістерге байланысты Ғ.б. жасау әлдеқайда күрделі, өйткені жалпы қозғалыстың ішіндегі ең күрделі формасы осы әлеуметтік қозғалыс екендігі белгілі. Ғалым, сондықтан, алдымен қоғамға тән күрделі байланыстардың, қоғамдық қатынастардың ішкі мәнін, даму заңдылықтарын ашып, соларды қолдану әдістерін тағайындауы тиіс. Зерттеліп отырған қоғамдық құбылыстардың мән-жайын, заңдылықтарын ашпай, Ғ.б. жасау мүлде мүмкін емес. Қазіргі ғылымның (қоғамдық ғылымдармен қатар жаратылыстану және техникалық ғылымдардың да) жетістіктері негізінде адамзат болашағын, адамзат алдындағы туындайтын жаһандық мәселелерді шешу жолдарын зерделеу ісін математикалық модельдеу әдісі негізінде Ғ.б. ХХ ғ. 60-70 жылдарынан бастап Римдік клуб өкілдері қолға алғаны белгілі. Қазақстан жағдайында Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастауымен «Қазақстан-2030» стратегиясының жасалуы да осындай Ғ.б. бір көрнекті мысалы бола алады. Әдебиет: Римский клуб // Новейший философский словарь. 2-е изд. – Минск: Интерпрессервис; Книжный дом, 2001. – С. 833-839; Қазақстан – 2030. Алматы: Білім, 1998.
ҒЫЛЫМДАРДЫҢ жіктелуі – ғылыми танымның даму үдерісінде ғылымның жаңа салаларының, жекелеген ғылымдардың туындауына байланысты оларды белгілі бір негізде логикалық бөлу, тарқату. Антикалық заманда барлық білім философиямен теңгеріліп, философия ауқымында қарастырылып келді, яғни білімнің бірлігі, біртұтастығы орын алды. Алғаш болып жинақталған білімді жіктеуді іске асырған Аристотель, қолдану аясына орай оны теориялық, практикалық және шығармашылық деп үшке бөлді. Араб-мұсылмандық ортағасырлық философияның өкілдері Аристотельге сүйеніп бұл мәселенің шешімін өздерінше нақтылады. Мысалы, әл-Фараби өзінің арнайы трактатында оларды жүйелі түрде бөліп, жан-жақты тарқатады: тіл туралы ғылымдар, логика, математика, жаратылыстану ғылымы, философия, азаматтық ғылым және т.б. XVII ғ. бұл мәселені ағылшын философы Ф.Бэкон өзінше шешіп, тарих ғылымы, философия, өнер деп ғылымдарды негізінен үш топқа бөлген. Гегель диалектикалық даму принципі негізінде өз философиялық ілімін логика, табиғат философиясы және рух философиясы деп үшке бөліп қарастырады да, әрқайсысын тағы да үшке бөледі: логика болмыс туралы, мән туралы және ұғым туралы үш ілімнен тұрады; табиғат философиясы механиканы, физиканы және органикалық физиканы қамтиды, ал рух философиясы да субъективтік рух, объективтік рух және абсолюттік рух делініп үшке жіктеледі. Б.М.Кедровтың жіктеуінше, ғылымдар негізінен мынандай топтарға бөлінеді: 1.Философиялық ғылымдар (диалектика, логика). 2. Математикалық ғылымдар. 3. Жаратылыстанулық ғылымдар. 4. Техникалық ғылымдар. 5. Әлеуметтік ғылымдар. Әрбір топтың өзіндік ішкі таралымы және бар. Мысалы, жаратылыстану ғылымдарын алсақ, олар механика, физика, химия, геология, география, биохимия, биология, адам физиологиясы, антропология болып жекелеген ғылымдарға тарқатылады. Ал жекелеген ғылымдардың өзі бірталай ғылыми пәндерге бөлшектенеді. Мысалы, физиканың жекелеген пәндеріне акустика, оптика, термодинамика, электродинамика, статистикалық механика, кванттық механика және т.б. жатады. Ғылымдарды жіктеудің осылайша жіктеудің маңызы өте зор. Біріншіден, бұл ғылымдардың тарихи даму үдерісіне, философиядан бөлініп шығуының тарихына, адам танымының төменнен жоғарыға, қарапайымнан күрделіге қарай даму логикасына дөп келеді. Екіншіден, бұл әр жеке ғылымның бүкіл ғылыми таным өрісінде алатын орнын анықтап береді, олардың бір-бірімен байланысын, иерархиясын түсінуге мүмкіндік ашады.Үшіншіден, ғылыми танымның даму үрдісін тап басуға, оның болашағына көз жүгіртуге жағдай жасайды. Ғ.ж. мәселесін шешудің басқа да жолдары, әдістері болуы мүмкін. Адамзат мәдениеті дамуының тарихи сатыларына орай ол әрқилы шешіліп, ғылым дүниесін тұтас қабылдап, оны дұрыс түсінуге белгілі бір масштаб береді. Әдебиет: Аль-Фараби. Философские трактаты. Алма-Ата: Наука, 1970; Энгельс Ф. Диалектика природы. М.: Политиздат, 1964; Кедров Б.М. Классификация наук. М.: Мысль, 1985.