Әдебиет: Мәдени-философиялық энциклопедия. Алматы, 2007. Постмодерн философиясы. Әлемдік философиялық мұра. – Алматы, 2007.
ДЕЛЕЗ, Жиль (1925 ─ 1995) – француз философы. Философияны Сорбоннада оқыды, 1948 ─ 1968 жылдары бірқатар лицейлерде, кейінірек Лион және Сорбонна университеттерінде сабақ берді, 1969 жылдан 1987 жылдары – Париж-VIII университетінің профессоры. Д-ге, оның Юм, Бергсон және Ницше туралы, сондай-ақ Пруст пен Захер-Мазох туралы жұмыстары бүкіл әлемдік танымалдық әкелді. Д. философиясының негізгі тақырыбы имманенттіктің спинозалық мәселесі мен трансценденттіктің кантиандық мәселесі. Бұл философтың ойлау өзгешелігі мынадан аңғарылады: біріншіден бұл тәжірибе, қалау мен өмір терістеу немесе игеру заңына бағынатын (диалектикаға қарсы қойылады) таза қақтығыстар немесе кездесулер ретінде анықталатын қатынастардың сыртқы табиғаты және, екіншіден бұл алдын ала (априори) тәжірибеге ешқандай форма бермейтін «пластикалық» трансцендентті өрісті құрайтын гетерогенді өзара ұйысатын жоспарлардан құралатын өмір сүрудің, уақыт пен ойлаудың алуан түрлі және дифференциялы сипаты. Басқаша айтқанда, Д. басты тақырыптары – «тысқарылық» тақырыбы және «ұйысу» немесе «қабатталу» тақырыбы. Д. ойлау теориясы қалаудың жалпы теориясымен тығыз байланысты, оны ол Гваттаримен бірге «Анти-Эдипті» (1972) жариялады. Д. де Фуко сияқты тарихи мақсатқа сенбейді, тарихи кесіндіге сенеді. Оның пікірінше, философияның міндеттері мен құралдары үнемі жаңарып отыратындықтан, ол мәңгі. Өзінің «Фуко туралы» жұмысында ол жаңа үрдісті байқайды: шексіздік пен шектіліктің арғы жағында ұйысатын «шектеулі-шексіздікке» деген қызығушылық. Негізгі айырма философияны әуел бастан мазалап келген ішкі қақтығыс бойымен өтеді, онда ұғымдардың имманентті өндірісі (әрбір маңызды сәт сайын философтың басынан өткізген логикалық-мәселелік тәжірибесі) қашанда трансценденттілікке (тәжірибені априорлы форманың астарына итермелеуге деген бейімділік) қарсы қойылады. Осы себепті де философиялық мұраның бір бөлігі қашанда тірі, ал түйісу қашанда ішкі қайшылыққа толы.
ДЕМИУРГ (от грек. Demiurgós – шебер, қолөнерші, жаратушы). Бұл терминнің философиядағы мағынасы – ежелгі жаратушы негіз, теологияда – құдай, дүниені жаратушы. Көне Грекияда кейбір ортаның әлеуметтік мәртебесін көрсеткен. Демиург деп жер иеленуші шонжарлар – евпатридтерге және жер жыртушы – геоморларға қарсы шеберлер мен саудагерлерді және еркін мамандық иелері – емшілерді, ақындарды, әншілерді атаған.
ДЕМИФОЛОГИЗАЦИЯ ─ гуманитарлық ғылымда ғылыми зерттеулерді мифологиялық танымнан арылту әдісі ретінде танылады. Д. қазіргі кезеңде тарих, философия, дінтану және мәдениеттану ғылымында қолданылады. Д. терминін ғылыми айналымға ХХ ғ-дың 40 ж-дары неміс философы, әрі теологы Р.Бультман енгізді. Д. христиан діні, оның қасиетті кітаптардағы жазбалардағы қайшылықтарды айқындау, түсіндіру қажеттілігінен туындаған термин. Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Т 12. Астана: Аударма, 2005; Нысанбаев Ә., Әбжанов Т. Ой. Ақыл. Адамгершілік. – Алматы: «Білім», 1994.
Демография (грек – халық және – жазу) – белгілі бір халықтың, ұлттың, этникалық топтың санын, құрамы мен құрылымын, территорияға бөлінуін өсу не кему динамикасын қоғамдық–тарихи жағдайлармен байланыстырып зерттейтін әлеуметтік ғылым саласы. Демографиядағы ең басты мәселе – халықтың ұдайы өзгеруін, өсу мөлшерін, дамуын анықтау. Халықтың ұдайы өзгерісі – ұрпақ алмасу, туу мен өлу яғни табиғи жағдай арқылы түзеге асады. Белгілі бір аймақтағы халықтың өсу мөлшерінің өзгеруі адамдардың басқа жерлерден көшіп келуі (иммиграция) мен олардың бөтен аймаққа қоныс аударуына (эмиграция), яғни халықтың көшіп-қону қозғалысына дабайланысты. Сондай-ақ, халық санының өзгеруі адамдардың жасына, отбасы жағдайына, балалар санына немесе білім деңгейіне, мамандығына, әлеуметтік ахуалына, орай бір күйден екінші күйге, бір топтан екінші топқа ауысуына тәуелді. Демография ғылымының негізін салушы – ағылшын ғалымы Джон Граунт (1620-1674). Ол алғаш рет Лондондағы тіркелген адам өлімдерінің бірнеше жылдық жазбалары негізінде халық арасындағы өлудің көрсеткішін жасауға және оның заңдылықтарын анықтауға талпыныс жасаған. Халықтың ахуалын, оның экономикаға байланысын У.Петти және Г.Кинг (Ұлыбритания), одан соң А. Депарсье (Франция) зерттеді. 18 ғ-да мұндай зерттеулерді математика әдістердерді қолдану арқылы В.Керсеб (Голландия), П.В. Варгентин (Щвеция), Л. Эйлер (Ресей) және т.б жалғастырды. ХІХ ғ-дан бастап көптеген елдерде халықты тұрақты есепке алу жолға қойыла бастады және ол жөніндег нақтылы талдаулар жасау мүмкіндіктеріне қол жеткізілді. А.Кетле (Бельгия), Ж.Биртильсон (Франция), У.Фарр (Ұлыбритания), В.Лексис, Г.Ф Кнапп (Германия), т.б. көптеген статист-зерттеушілердің еңбектері нәтижесінде демографиялық процестерді сандық тұрғыдан екшеу мен талдаудың әдістері дами түсті. 1855 ж. француз ғалымы А. Гийардың еңбегінің тақырыбында «Демография» термині тұңғыш рет қолданылып, автор оған «адамзаттың табиғи және әлеуметтік тарихы» деген анықтама береді. Қазақстандағы демографиялық процестерді тарихи – әлеуметтік тұрғыдан қарастырған алғашқы зерттеулер қатарында М. Шоқайдың шет ел баспасөзінде, М. Тынышбаевтың 1924 ж. «Сана» журналының 2-3 сандарында жарияланған деректерін, т.б. статистикалық еңбектерді атауға болады. Бүгінгі таңдағы кәсіби демографтар М. Тәтімов, Ұ.Ысқақов, Ә.Ғали, М. Сембин, Е. Мұсабеков, С. Қарасаев, А.Елемесова, Н. Ермекова, А.Әлжанов және т.б. еңбектерінде жалпы қазақ халқының, Қазақстан халқының өсу, даму заңдылықтары зерттелді.