Р. Әлмұханова, Е. Раушанов, Е. Омарханов Қазақ Әдебиеті


Тараудың «Жолда» деп аталуы не себепті «Тарауда» деп аталған?



Pdf көрінісі
бет38/76
Дата15.11.2023
өлшемі7,03 Mb.
#122809
түріОқулық
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   76
Байланысты:
Kazak adabietijar

Тараудың «Жолда» деп аталуы не себепті «Тарауда» деп аталған? 

Абайдың әкесімен Қарқаралыға баруының себебі неде?

Жазушының Абайды Бөжей мен Байдалыға кездестіру сюжетінде автордың 
бейнесі байқала ма?

Құнанбай мен Бөжейдің арасы неге алшақтады? Алшынбайдың Құнанбай 
мен Бөжейді татуластыруына мән беріңдер.
Шытырманда 
Абай Қарқаралыдан қайтқан соң, атқа мініп, ел аралаған жоқ.
Көбінесе Жидебайдағы ауылда шешелерінің қасында болды. Көктемге 
шейін күндіз-түні кітап оқуға салынды... 


141
Зере Абайдың кітапқа берген ықыласын байқап, бір күні кешке:
– Қарағым, осының ақыл. Ішкен менен жегенге мәз боп, мойны-басы 
былқылдап, ақылдан да, өнерден де кенде боп жүрген бай бала сы аз ба? 
...Ұқсама аналарға!.. – деген. Әжесі кітап қадірін жақсы айтқанға Абай 
ырза болып, жаңағы сөзден соң, күн сайын бір тамаша әңгіме айтатын 
болды... 
Абай әңгіме айтуға біртүрлі шешен, шебер боп барады... Бір жаманы 
жалғыз-ақ – көктем болып, мал төлдей бастаған уа қытта қызық кітаптың 
бәрі тегіс оқылып, бар әңгіме айтылып қалды...
Күнкенің аулына Абай келісімен, Құнанбай мұны Құлыншақ аулына 
жұмсады. Әкесінің Құлыншаққа айтатын сөздерін Абай ұғынып ап, тысқа 
шыққанда, мұнымен бірге барғалы Қарабас әзір тұр екен.
Құлыншақ аулы алыс емес болатын. Қарашоқының күнбатыс жағы, бұ-
рынғы Қодар қыстауының арғы жапсары Торғай руына тиісті. Құлыншақ – 
сол Торғайдың басты кісісінің бірі.
Өзін бала көргенмен, Құнанбай жібергенін ескеріп, Құлыншақ Абайды 
үлкен кісідей қарсы алды... 
– Әкем сізге сәлем айтып еді...
– Сәлемет болсын...
– Айтқаны, мына жердегі Бетқұдық жайы. Бұрын Борсаққа тиісті қо-
ныс екен. Ақперді Борсақ қыстауын алған соң, қонысы мен өрісін тегіс ал-
дым дейді ғой. Соған былтыр күздігүні қыстауға кірер алдында сіздің ауыл 
қоныпты. Бірталай отырыпты. Қазір жаз шыға: «Қорасының жаны болған 
соң тағы қонып жүре ме? Мен ірге тигізбей, күздігүні пішенін шауып 
алайын деп ем. Осыны Құлыншақ маған қиса екен! Қонбаса екен!» – деп, 
әкеме өтініш айтыпты...
– Е-е, ат иесі Ақперді десеңші! Ендеше алдына ат иесі мінеді де, артына 
бізді тілесе, мінгізіп, тілемесе, мінгізбес... – деп, Құлыншақ наразы боп, 
томсарып қалды.
Абай Құлыншақтың ренжіген жайын ұғады. Өз басы ренжітейін деп 
те ойлаған емес. Басында әке сәлемімен келсе де, мұның арты үп-үлкен 
шаруа жайы екенін онша бағалаған жоқ-ты. Енді мынандай үлкен, нығыз 
адамның амалсыз ренішіне қарай, өзі айтқан жайдың ауырлығын ұқты.
– Менің әкелгенім осы бір сәлем. Арғысын өзіңіз біліңіз.
– Қайтпек керек? Ақперді! Ақперді! Ақпердіге Құдай бақ берді, – деп, 
Құлыншақ ащы бір мысқылмен күліп қойды.
Абай Құлыншақтың сабырлы сықағына қызығып, күліп жіберді. Тар-
тысам деп келген емес. Және әке қарызынан құтылды. Сондайды шапшаң 
болжап шыққан Абай жаңағы Құлыншақ қалжыңын іле жөнеліп:


142
– Бақ берген емей немене,
Борсақтан қалған аз жерді
Менікі деп тап берді деңіз, – 
деді.
Абайдың бұл мінезіне үйдің іші тегіс күлді... 
Осыдан Құлыншақ Бетқұдық әңгімесін былай қойып:
– Шырағым, осы анада Бөжейге берген жас бала қалай екен? Айғыз 
бейшара жылап қалды деп еді, ол қалай? – деп, Абайдың үй ішін, Зере 
жайын, Ұлжан күйін сұрастыра бастады. Кәмшат туралы Абай еш нәрсе 
айтқан жоқ. Құлыншақ қайта оралып:
– Айыпқа мал бермеді деп, Бөжей жағы қомсынады, білем. Сол кішкене 
қарындасыңның күтімі де келісті емес деп есіттім-ау!.. – деп, қайдағы бір 
көңілсіз, шетін жайларды қозғай бастады...
Абай әкесіне Құлыншақтың көнгенін айтса да, өкпесін айтқан жоқ. Іс-
теп келген ісін қысқа ғана баян етіп еді.
Бөлек жерде Құнанбай Қарабастан да сұрастырған. Абайдың айтқан сөз-
дерін түгел есітті. Қарабас Абайдың бүгінгі мінездеріне ырза екен...
Осының ертеңінде Құнанбай Абайды және жұмсады. Қасына тағы сол 
Қарабасты қосып, енді Сүйіндікке жіберді.
Сүйіндік аулына Абайлар ел орынға отыра келді... 
Үлкен үйдің ортасында алакөлеңкелеу жанған тас шам бар. Сүйіндік 
бәйбішесімен және екі баласы – Әділбек, Асылбекпен – бәрі де қонақтар-
мен бірге болды. Бұл үйге, әсіресе, өзгеше көктем нұрын енгізген бір жан 
бар. Ол Сүйіндіктің қызы – Тоғжан. Абай келгеннен бері Тоғжан үлкен 
ағасы Асылбектің отауынан осы үйге бірнеше рет келіп кетті. Сылдырла-
ған шолпысы әлдеқандай былдырлаған тілменен Тоғжанның келері мен 
кетерін паш етеді. Құлақтағы әшекей сырғасы, бастағы кәмшат бөркі, бі-
лек толған неше білезіктері – баршасы да бұл өңірден Абайдың көрмеген 
бір сәні сияқты... 
Бұрын «ғашық жар» көп оқыған хикаяларда, көп-көп естілген ауыз-
ша әңгімелерде болса, бүгін Абайға ең алғаш рет кітап емес, әңгіме емес, 
өзінің анық, аппақ мүсінімен, күлкісі, қозғалысы, тынысымен «Сол мен 
едім», «Мен мұндамын» деп келгендей...
Абайдың бұл ауылдан кеткісі келмеді. Қонағуар, жылы жүз, жақсы 
мінезді үлкендердің үйі аса бір сирек кездесетін, жайлы ұя сияқты екен... 
Бірақ кетпей болмайды.


143
Үйде Сүйіндік пен Абай және Сүйіндіктің бәйбішесі ғана қалған уақыт-
та Сүйіндік Абайдан Зере жайын, Ұлжан күйін сұрастырып отырып:
– Аналарыңа сәлем айт, балам! – деді.
Түннен бері үндемеген бәйбіше де Ұлжанға сәлем айта отырып, Айғыз-
ды есіне алды. Содан барып Кәмшат есіне түсіп:
– Шырағым-ау, осы анада Бөжекең аулына жіберген кішкене қыз не 
жайда? Айғыз бейшара қайтіп қиды соны?.. – деп, бір жағынан, наразы 
боп, сұрастыра бастады. Абай амалсыздан сөйлеп, қысқа ғана жауаптар 
қайырды. Бәйбіше бұл жөнде шешіліңкірей бастап:
– Бөжейдің әйелі қатыбас кісі еді. Өзінен де туған қызы көп, күтеді 
деймісің кішкене пақырды? – деп, қынжылып отыр.
– Е-е, Бөжей бар емес пе? Қатыны ойламаса, Бөжей ойлайды ғой! Неге 
күтпесін! – деп, Сүйіндік майдаламақ болды.
– Әй, білмеймін! Ауыл-аймағымен тегіс-ақ: «Айыпқа берген қыз ғой. 
Малын қимай, жанын қиды ғой айыпқа!» десіп, жаман сөздер сөйлейді деп 
есіттім ғой. Жас баланы жылатқандары бекерлік болған ғой өзі... Айғыз 
бейшарада не сүлдер жүр дейсің? – деп, бәйбіше өз-өзінен босаңсып барып, 
жылап жіберді... 
Кеше Құлыншақ та, бүгін мынау ауыл да Кәмшат жайын ылғи «жетім 
жандай, күңдікке, қорлыққа кеткен бейшара, әлсіз сорлыдай» сөйлейді. 
Тегін емес-ау!.. 
* * *
Абайлар Қарашоқыға түс ауа жетті. Күнкенің үлкен үйінде мол жиын 
бар екен.
...Абай өзінің Сүйіндікке барған жұмысын көпке шейін айта да алмады.
Ақыры, бір әредігін тауып, әкесімен сөйлесіп, міндетін ада қылды... 
Енді бүгін мұнда қонбай, Жидебайға қайтсам деп ойлап еді. Әкесіне сол 
ниетін айтқанда, Құнанбай...:
– Тағы бірер күн аял қыл. Ертеңдер сені Байдалыға жіберіп алғалы 
отырмын. Содан әрі қайтарсың, – деді.
Абай амалсыз көнді де, бел шешіп жайланып, осы өгей шешесінің үйін-
де қала тұратын болды.
Байдалы – Абайдың көп сөйлеспеген кісісі. Кешелер ол да Құнанбаймен 
араз кісінің бірі еді. Енді соған жібермек...
Екі күн өткен соң, Құнанбай Абай мен Қарабасты Байдалыға жіберді. 
...Сырты үп-үлкен ақшыл үйге Абайлар кіре бергенде-ақ, Байдалының бір 
нәрсеге қатты ашуланып, айқайлап жатқан үні естілді...


144
Үй ішінің осы жанжалының уақытында Абайлар сәлем беріп кіріп, төр-
ге шығып отырысты.
Байдалы сәлемді оңдап алған жоқ. Амандасуы да солғын болды...
Үлкен қара сақалды, суық түсті Байдалы қонақтардың бетіне қарамай, 
мойнын есік жаққа бұрып отыр. Аздан соң күбі піскен қатынға қарап:
– Қымыз әкел, ас ауыз тигіз мыналарға! – деді...
– Барыстарың қалай? Не шаруамен жүрсіңдер? – деді. Абай өзі келген 
шаруасын сол арада айтты.
Әңгіме тағы жер жайынан. Құнанбай ел жайлауға шығардан бұрын, 
былтыр өзі Қарашоқыдан көшірген Бөкенші, Борсаққа Жігітек жерінің 
жапсарынан жайлау берген болатын. Сол ретте осы Байдалының Қаршы-
ғалы, Қопа деген қоныстарына «Сүгір мен Сүйіндік ауылдары қоса қон-
сын, бірге жайласын!»– депті. Абай қымызын ішпей, алдына қойып оты-
рып, сол шаруаны айтып шықты.
Бұл сөзді есіткенде, Байдалы қабағын түкситіп жіберіп, қатты түйілді. 
Абайға жауап бермей, зілдене қарап, қадалып қалды. Абай Байдалының 
көзінен жасқанған жоқ. Бала жүзінде ашу да, араздық та жоқ... 
Байдалы кірпік қақпай, шұғыл ойланып, үнсіз отырып, ақырында:
– Құп болсын! Қонсын Сүгір мен Сүйіндік, не деуші едім! – деді.
Қайратты, шапшаң, ер адамның байлауы сияқты...
– Айтқанына көндім. Бірақ сөз ұғушы ма едің өзің? Әкеңе айтар сә-
лемім бар. Бұлжытпай жеткізуге жараймысың, жоқ па?
– Ойдағыңыздың бәрін айтыңыз, ақсақал! Жеткіз дегеніңіздің бір ауы-
зын қалдырмай, апаруға уәде қылайын. Мен тек екі арадағы сәлемшімін. 
Дегеніңізді жеткізбей кетсем, я бұрсам, қиянат болмас па еді? Мойнымда 
қарыз қалдырмаспын!
Байдалы мына сөзге әбден қанағат қылды. Бала көргені – бала емес 
тәрізді.
– Ендеше жаттан айтсам, сырттан айтқан болады. Саған айтсам, әкеңнің 
өз көзіне айтқаным! – деп, аз бөгелді де, – «Татуластық, табыстық» деп 
ек кеше тамам Арғынның тобында. Сол татуласқан сиқым осы ма? ...Атаң 
Ырғызбайға атам Кеңгірбай оң батасын беріп, би сайлап еді. Өз баласы, 
өз туысы жоқ емес еді ғой сонда. «Осы болсыншы» деп бермеп пе еді? Ал 
бұл болса, бүгін, мінеки, алысқа абыройы асса, айналып кеп, Жігітекті 
жаныштайды. Жақынға жауықса, жағалап кеп, тағы Жігітекті жентек-
тейді. Бір жібімей кеткені ме үстіп? ...Осыны айт! Бір мен емес, «Жігітек 
сәлемі» деп айт осыны! Ал мына жерін алсын, бір бұл емес, тағы тапсын, 
тағы алсын! – деп, қолын бір-ақ сілікті де, тоқтап қалды.


145
Үй іші жым-жырт. От әлі маздап жанып жатыр. ...Әуелде толтыра құ-
йылған іркіт қазір бірер қайнап қалған екен. ...Қайнауы жеткен ашу – 
қызуы жеткен құрттай. Бір жер емес, қазан беті әр тұстан бұрқ-бұрқ етеді. 
Ол-дағы осы елдегі әр жерден шаң беріп жатқан Құлыншақ, Сүйіндік, 
Бөжейлердің ашулары сияқты...
Жол бойында ешбір жерде Абайдың аялдағысы келмеді. Оңай емес, әл-
деқалай емес, бүгін естігені ерекше. Байдалының аулынан ұзаңқырап шы-
ғысымен Қарабасқа:
– Жүр, жарысайық! – деп, тебіне жөнелді...
Екі жолаушы ұзақ шапты. ...Күн бата берген кезде аттарын қан сорпа 
қып Қарашоқыға жетті.
...Баласы тақап келгенде, Құнанбай:
– Немене, балам? Неден ширықтың, жөніңді айтшы! – деді.
Абай әкесінің төменгі жағына отыра беріп, өз ішіндегі көңіл күйін дәл 
тапқанына қайран қалды.
Отырысымен көп күттірген жоқ. Бүгін Байдалыдан есіткен сөздерді 
бұлжытпастан, жалғыз түйірін қалдырмастан түгел айтып шықты.
Әкесінен көз алмай қарап отырып сөйледі. Құнанбай басында мұны аса 
салқын тыңдады... Абай әке көзінен жасқанған жоқ. Байдалының дауын 
соншалық зілді, ұтымды күйде айтумен қатар, мына бала өз сұрағын да 
осы араға қосып отырған сияқты. Әке мен бала ең алғаш рет шындасып бет 
ашысатын белге келгендей еді...
* * * 
Жидебайға қайтардың алдында Абай әкесінен көш-қон жайын сұрас-
тырған. Құнанбай үлкен аулына тез көшсін деп бұйрық берді... 
Абай үлкен үйге де, шешелерімен амандасып болған соң, көші-қон жа-
йын айтты...
Кешкі астың алдында Абай Зере мен Ұлжанға Кәмшат жайын айтты. 
Естігенінің ешбірін қалдырмай, қатты айтты. Жыласа да, күйзелсе де, 
шешелерді аяймын деп, Кәмшат жайын бүркеу мүмкін емес.
Зере күрсініп, күңіреніп кеп, Құнанбайды жерледі. Ұлжан үнсіз, жым-
жырт, қиналып отырып-отырып, Абайға:
– Осы естігеніңнің бірде-бірін Айғызға айтпай тұра тұр. Онсыз да қан 
жүрегі қақ жарылып жүр ғой. ...Шыңғысқа жетейік. Сонан соң өзің қа-
сыңа бір ересек кісіні ерт те, тура Шырақтың аулына барып, Кәмшатты өз 


146
көзіңмен көріп, бар жайын біліп кел. Айғызға содан кейін айтып, әкеңмен 
шындап сөйлесейік, – деді. Байлау осы болды.
...Шешелеріне әнеугі берген уәде бойынша Абай Бөжей аулына баруға 
асыққан. Қопаға қонған күннің ертеңінде қасына Ғабитханды ертіп, солай 
жүріп кетті.
...Абайлар Бөжей үйінің сыртына кеп, аттан түсіп жатты. ...Аттарын 
байлап, енді үйге қарай жүре бергенде, Абай осы үйдің ішінде әлсіз үнмен 
жалынып жылаған кішкене баланың үнін есітті. Ауру баланың жылағаны.
Абай жүрегі жаман белгіні сезгендей су етіп, қатты аяныш пен шаншып 
кетті. Үн – дәл Кәмшаттың үні сияқты. Абайлар үйді айналып, есікке 
тақай берді. Бірақ дәл осы кезде жаңағы баланың жылауына ызаланған 
ұрысқақ дауыс естілді. Бар сөзі басқа ұрғандай ап-анық шығып жатқан – 
Бөжейдің бәйбішесінің даусы.
– Ырылдатпа! Ырылдатпашы, анау көзің ойылғыр жеті мекті! – деп, 
зекіп тастап, долы бәйбіше есікке қарады.
Киіз есік ашылып, екі бала жігіт кіріп келген екен. Абайлар төрге шық-
ты. Үлкен үйдің іші сыртындай жұпыны емес, жасаулы, кілемді, алашалы 
екен. Бірақ салақ үйдің белгісі – сыпырылмаған, төрде олақ жиналған 
көрпе-жастықтан көрініп тұр.
Үй ішінде, төсек алдында ұршық иіріп үлкен, қара сұр қатын отыр. 
Танауы қусырылып, ерні қатты жыбырлаған қара қатын аса бір ұрысқақ, 
қатал жан сияқты.
Биік төсектің бас жағында жертөсек бар екен. Соның үстінде Бөжейдің 
екі бойжеткен қызы кесте тігіп отыр. Жасына жеткен қыздардың пішін-
дері – сұлу да, сыпайы да емес. Түксиген, сүйкімсіз және шешелеріндей 
ашушаң, қатқыл адамдар сияқты.
Осы төсектердің бас жағынан Абайлар отырып, үй ішімен ақырын ғана 
амандасты...
Жылаған Кәмшат екен. Ол қонақтардың оң жағында, бір жаман жыр-
тық жаялықтың үстінде бүк түсіп, жылап жатыр. Басында жастық та 
жоқ. Тек бір жаман жыртық шапанның жеңін жастаныпты.
Кәмшат жаңа келген кісілерді танымады. Бірақ үй ішінің қаттылығын 
осы жаңа келген жандарға шаққандай боп кемсеңдеп, иегі дірілдеп, бір-
түрлі әлсіз үнмен тағы жылады.
...Ғабитхан мынау көрген күйіне шыдай алмай:
– Ей, мазлұма! Нилер ғазап көргенсің сен бейгүнаһ мазлұма! – деп, жы-
лап жіберді.


147
...Абай бұл үйдің ішімен тілдескен жоқ. Жанашыр мейір жоқ, суық 
жандар келген жерден-ақ Абай көңіліне түрпідей тиген.
Бөжейдің қатыны шай қойғызбақ сияқты боп, қам істей бастағанда
Абай:
– Ішпейміз, жүреміз! – деді.
Кәмшаттың мынадай тұтқында, аямас ғазапта жатқан бейшаралығын 
көріп отырғанда, тамағынан ас өтер орын жоқ.
...Кеш бата өз ауылдарына қайта жеткен уақытта Абай көңілінен осы 
күй бір сәт арылған жоқ, бір мысқал кеміген де жоқ еді.
...Абай Кәмшат арызын түгел жеткізбекке нық бекініп, үйге кірді. Ой-
лағандай, Құнанбай бүгін оңаша келіпті. Қасында жорға Жұмабай ғана 
бар екен.
Жігіттер үйге кірген кезде, осы үйге Айғыз да келді. Ана жүрегі бір 
жаманатты сезгендей бұны асықтырып, осыла жетектеп келген. Күндіз 
Абайдың Бөжей аулына кеткенін Айғыз білетін... 
Абай әкесіне көз салып еді, үндемей, түйіліп, Айғызға аса салқын қарап 
қалған екен. Өзі күйіп келген Абай әке жүзінен қаймыға алмады.
– Көріп, біліп келдік. Кәмшат ауру. Әл үстінде. Бізді танымады. Бауы-
ры суып, аямас қас көргендей барлық жанды... не айтайын? – деп тоқтап 
қалды... 
Құнанбай оқыс бұрылып, Абайға суық қарады да, үндемеді.
Әйелдің бәрі үнсіз жылап, аһ ұрып, күрсініп отыр.
Түсіне ашу, көзіне жас толған Айғыз дірілдеген үнменен:
– Қарашығым, балапаным-ай, сормаңдай жетімегім-ай! Не қарғысқа 
ұшырап туып ең! – дей беріп еді, Құнанбай сол қолын шұғыл көтеріп қап, 
«Доғар!» дегендей ишарат қылды...
...Бірақ Абайдың қасында отырған Ұлжан жаулығының ұшымен көзін 
сүртіп:
– Өртенсең де, үндемей өртен дегені ме? Кәмшатты ойласа, бүгін емес, 
көптен күңіренеді бұл жандар. Кімге айтады? Қайда айтады? – деді. 
Құнанбай оған да барын айтқызбай тежеп:
– Жә, бірің бастап, бірің қостамай!.. – деді. Ұлжанға Айғыздай зекірген 
жоқ, кінәлай сөйледі.
Үй ішінің наразы үнін осылай баспақ. Бірақ онысына Зере болған жоқ.
– Қорқытпа келіндерімді!.. О несі? – деп, қатты зекіп қап, ілгері жыл-
жып кеп, екі қолымен жер тіреп отырып, баласының жүзіне аса суық қа-
рады. Абай өз әжесінің мұндай қайратты ашуын бұрын көрмеген сияқты.


148
Зере Құнанбайға әлі де қадала қарап, түйіліп отыр. ...Құнанбай ше-
шесінің ажарын сезді де, жуаси түсті... 
– Қайтейін?.. Мен қайтейін?.. Кеше исі Арғынның игі жақсысы бұйыр-
ды! – деп, шешесіне арыз шағып, бір тоқтады.
Абайдың аса теріс көргені – сол бұйрықтың өзі.
– Рақым, мейірбандық жоқ, не деген жаны ашымас, қатыбас байлау – 
сол байлаудың өзі? Тату етер байлау да емес. ...ортамыздағы ең әлсіз, ең 
пұшайман бір ғаріпті қайда тастап отырмыз?.. 
Әкесіне Абай сөзі ұтықты көрінді. Өзі, тіпті, ойға келмеген соны сөз... 
Бағанағыдай емес, енді мынау үйдің ішін күйзелткен жайды бірге ой-
ласқандай... Тағы біраз үндемей отырып барып:
– ...Біз берсек, етбауыр бала қыл деп беріппіз. Қорлыққа бердік пе? 
...Жат деп, жау ұрпағы деп, дұшпан көріп, кірпідей жиырылса, қарыз 
оның мойнында емес пе? Тіпті, жазықты болсам, мен жазықты шығар-
мын. Бесіктен шығарып, адам ұлы деп, соның бауырына берген балам жа-
зықты ма еді? Қатын-қалаш, ауыл-аймағына, тым құрыса, соны ұғындыра 
алмаса, Бөжейдің аяқтағы суға ағып өлгені ғой! – деді.
Бұл сөзінде Бөжейді жеңер дәлелі бар еді. Абайдың өзі де өмірінде ал-
ғаш рет Бөжейден түңілгендей боп қайтқан... 
Осының ертеңінде Құнанбайдың сәлемімен Бөжей аулына Жұмабай ба-
рып қайтты.
...Осыдан кейін аз күн өткен соң, Бөжей аулынан Айғыздар күткен жа-
ман хабар оқыс келді.
Кәмшат өліпті. Және таңертең өлген баланы сол күні түс ауа қойып та 
бітіріпті. Керек десе, Құнанбай аулына, Айғыздай көзі тірі шешесіне хабар 
да айтпапты... 
Хабар-ошарсыз Кәмшаттың қойылып қойғанына Құнанбай жаман қату-
ланды. Астыртын хабармен Құнанбайдың үлкен аулына Ырғызбай, Топай, 
Жуантаяқтардың көп ірі кісілері жиналып қалған. Солардың тобына Құ-
нанбай Бөжей мінезін шағып, көпке кінәлатып отырып, тағы кісі жіберді.
...түс кезінде Бақанас бойына бір өзгеше хабар шұғыл кеп қалды.
Ызғұттының аулына түсіп, сусын ішіп аттанған Бөкеншінің үш жолау-
шысы айтыпты: «Бес күннен бері Бөжей науқас еді. ...Әйтеуір, кеше кеш-
ке бар жанкүйер ағайынын шақырып, арыздасып жатыр дегенді есіттік» 
депті...
Осы күннің ертеңінде суық сыбыс анық боп, Бөжей қайтыс болды деген 
хабар да жетті...
Бөжейдің өлімін есіткенде, үй іші тегіс аңтарылып, селт етті... 


149
Бақанастағы Ырғызбайдың бұл ауылдары Бөжейдің өлімі туралы ай-
рықша хабаршы келер деп күтті... Әншейінде қаншалық қиян-кескі араз 
боп жүрсе де, «торқалы той, топырақты өлім» дегенге келгенде, араздық 
ұмытыла тұратын... Бөжейдің өліміне Құнанбайды шақырмапты. Әдейі 
алалап тастапты...
Құнанбай қатты қиналып, ақыр аяғы ызаға кетті. Кешпес қатал ызаға 
кетті. 
...Бұл кезде Бөжейдің өз үйінің ішінде қара сұр бәйбіше шаршысын 
шорт байлаған. Қара шашын тарқатып, екі иініне жайып салған... Екі 
бетінің ұштары жылап жыртқан тырнақтың табын сақтап, жарадар боп 
тұр.
Бөжейдің екі қызы да бастарындағы бөркін тастап, қара салыны шорт 
байласып алыпты. Бұлар әкелері өлісімен, қайғылы, шерлі, бір ұзақ жоқ-
таудың сарынын тапқан екен. Бүгін таңертеңнен бері жаназашыларға 
көріскенде, сол жоқтауларын айтумен отыр... Бөжейдің жаназасын шы-
ғарды. Сүйегін бұл жайлауға қоймай, Шыңғысты қайта асырып, қыстауы-
ның үстіне апарып, Тоқпамбетке қойды. Бөжейдей жұрт жоқтаған жанға 
топырақ салмай қалған жалғыз Құнанбай айналасы болды.
Назар аудар!



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   76




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет