Бала еңбегі сатыла ма? Ең алдымен балаға жұмыс істеудің қажет-қажет еместігін айқындап алайық. Осы тұста Дүниежүзілік балаларға құрмет сыйлығын иеленген Икбал Масих атты пәкістандық баланың өмірі еске түседі. Оны үй-іші анасының отасына ақша керек болып, кілем шығаратын кәсіпкерге басыбайлы бере салады. Ақыр аяғында 4 жасар баланың балалық шағы 6000 рупиге (сол кездегі 60 АҚШ доллары – жобамен 5000 теңгеге) сатылады. Икбал таң атқаннан күн батқанға дейін, тəулігіне 12 сағат, аптасына 7 күн жұмыс істейді. Оған 30 минут қана демалыс берілген. Алты жылы құлша жұмыс істеумен өтіп, 10 жасында әлгі қапастан қашып шығады. Жүрегі жомарт жанға жолығып, соңында 3 мыңнан аса өзіндей жұмысшы балалардың құқығын қорғай жүріп, кісі қолынан қаза табады. Ол бір сөзінде: «Мен – Пәкістандағы еңбек пен еріксіз жұмыстан зардап шеккен миллиондаған балалардың бірі ғанамын», деген. Сөйтіп ол жұмысқа, анығы құлдыққа сатылатын балалардың мөлшері әлемде әлі де миллиондарды құрайтынын алға тартыпты.
Жоқтық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді Өзімізге оралсақ, бізде де еркінен тыс болмағанымен, амалсыздан жұмысқа жегілген балалар баршылық. Осыдан біршама жыл бұрын қоғамдық көліктегі кішкентай кондуктор жөнінде жазғанбыз.
«Қаршадайынан қызметке жегілгеніне қарап, жоқтық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді деген сөз есіңе түседі. Жобамен 2-сыныпты бітірген қыз мектептен бос уақытында жұмыс істейтінін, беліндегі сөмкесіне түскен тиын-тебеннің бірін қалдырмай әкесіне ұстататынын айтты. Сабағын сұрасақ, бәрін беске оқиды екен. Бірақ… Иә, бірақ дейтұғын дүние тағы бар. Біз мектепке барған жылдары «сабақтың бәрін беске оқысаң, адам боласың» деген идеология санамызда сайрап тұратын. Алайда, қазір олай емес қой. Осы қызметінің орнына фольклорды жаттаса, шахматты, тілді, болмаса биді, бір спортты небір аспапты үйренсе, анағұрлым адам болар ма еді, кім білсін?..», деп жазған ойымызға Маржан Момбекова атты апайымыз: «Мәселе би үйренбей немесе спортпен айналыспай жүргенінде емес, бала күнінде уайым-қайғысыз жүрудің орнына жауапкершілік арқалауында болып тұр», деген еді. Оған «Бұл қыз керемет адам болады. Жастайынан өмірге араласқаннан жаман болмайды» деп пікір білдіргендер де болған. «Баланы 5 жасқа дейін хандай күт, 5 жастан соң құлыңдай жұмса, 15-тен кейін досыңдай сырлас» дегенді тәрбиеде қолданатындар да көп.