Байланысты: 2 дәріс. Автомобиль көлігі кәсіпорындарының негізгі қорлары
2 дәріс. Автомобиль көлігі кәсіпорындарының негізгі қорлары. Негізгі қордың құрамы мен құрылымы
Кез келген кәсіпорынның өндірістік процесіне адамдар мен өндіріс құралдары қатыстырылады. Өндіріс құралдары өндірістік процестердің материалдық, заттық бөлшектерімен танылған.
Автомобиль көлігі кәсіпорнының құралдары өндірістік процестердің міндетті бір бөлшегі ретінде негізгі және айналмалы болып бөлінеді.
Негізгі қорлар өзінің табиғи қалпын сақтай отырып, ұзақ уақыт бойы өндірістерге қызмет көрсетеді. Негізгі қорлардың құны өндірістің шығындарына біртіндеп, жартылай осы қорлардың тозуына қарай еніп отырады. Автокөліктік кәсіпорындардың негізгі қорларының құрамына жататындар: ғимараттар, құрылыстар, құрал-жабдықтар, жылжымалы құрам мен ұзақ уақыт пайдалануға арналған аспаптар мен бұйымдар.
Әрбір кәсіпорынның өндірістік қорлары өндіріс кезеңінен және айналым кезеңінен өте отырып, үздіксіз айналымға ие болады. Осыған орай олар формасын өзгертіп отырады: ақшалай түрі өндірістік түрге, өндірістік – тауарлы түрге, тауарлы - ақшалай түрге және т.б. Автокөліктегі негізгі қорлардың өзіндік ерекшеліктері бар. Автокөліктік кәсіпорындардың негізгі қорларды сатып алуға қажетті ақшалай қаражаты болуы керек. Автокөліктік кәсіпорындар ақша қаражатын табиғи түрдегі жаңа негізгі қорларды (ғимараттарды, құрылыстар мен құрал-жабдықтарды т.б.) сатып алуға жұмсайды. Өндірістік процесс кезінде, яғни жолаушылар мен жүктерді тасымалдау кезінде негізгі қорлар тозады. Тозуға ұшыраған негізгі қорлардың құны автокөліктік тасымалдаудың өзіндік құнына кіреді және тасымалдауды жүзеге асыру нәтижесінде ақшалай, яғни көлік қызметінен түскен пайда түрінде орны толтырылады.
Негізгі қорларды пайдалану шамасына қарай олардың тозғандарын қалпына келтіретін ақшалай қаражат сомасы өсіп отырады және ол амортизациялық қор түрінде жинала береді. Осылайша, автокөліктік кәсіпорындардың өндірістік қызметі нәтижесінде олардың автокөлік, ғимарат, құрылыстар, құрал-жабдықтар және т.б. түріндегі негізгі қорлары біртіндеп азаяды, ал сәйкесінше амортизациялық қордың сомасы өседі. Негізгі қорлардың құны амортизациялық есептеулермен толықтырылғанның нәтижесінде соңғысы жаңа автомобильдер мен құрал-жабдықтарды, ғимарат құрылысын т.б. сатып алу үшін қайта пайдаланылуы мүмкін. Толық бір айналымнан кейін (ақшалай түрге қайта айналуы), негізгі қорлар өндірісте екінші рет айналымға түседі.
Автомобиль көлігінің негізгі қорларын өндірістік (ғимараттар, құрылыстар, жылжымалы құрам және құрал-жабдықтар т.б.) және өндірістік емес (тұрғын үй ғимараттары, емдеу мекемелері, автомобилькөлігі жұмыскерлерінің тұрғындық және мәдени-тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз етуші коммуналдық кәсіпорындар мен басқа да қорлар) деп бөлуге болады.