4. Себеп бағыныңқы сабақтас. Бағыныңқысы басыңқыдағы айтылған ойдың себебін білдіреді. Мысалы:Қожық Көкшетау оязына қарайтын жерде отырғандықтан, Есенейдің қолына түспей кетті. Осы құрмалас сөйлемдегі Қожық Көкшетау оязына қарайтын жерде отырғандықтандеген алғашқы сөйлем Есенейдің қолына түспей кетті деген екінші сөйлемнің себебін білдіріп тұр.
Себеп бағыныңқы сабақтас неліктен? не себепті? неге? не деп? деген сұрақтарға жауап береді.
Себеп бағыныңқы сабақтастың баяндауыштары төмендегідей жолдармен жасалады:
1. Есімшенің өткен шақ формасына -дықтан/діктен қосымшасының жалғануы арқылы жасалады. Мысалы: Есі шыққан керуен аты жүре алмағандықтан, (неліктен?) айқай салып қашып еді.
2. Есімшенің өткен шақ формасына соң шылауының тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: Халі ауыр болған соң, (неге?) арнаулы ауруханаға жатқызған-ды.
3. Көсемшенің -й жұрнағына біткен болымсыз түрінен жасалады. Мысалы: Қалада қона қоятын ағайын-туған болмай, (не себепті?) қысыла-қысыла жатаққа келдім.
4. Ашық райлы етістікке деп көмекші етістігінің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: Үйдегілерді оятып алмайын деп, (не деп?) аяғының ұшынан басып өз бөлмесіне өтті.