уақыт, ультрамахаббат т.б. Міне, қазіргі қазақ әңгімелерінде
осындай постмодернистік белгілер бар.
149
Дәстүр мен жаңашылдық қазіргі қоғамдық қалыбымызға,
әсіресе жаһандану үрдісіне бейімделіп, бір-бірін жатсынбай
араласа бастады. Әлбетте, ұлттық таным, дәстүрлі әдеби бағыт әрі
классикалық әдебиеттің ғасырлар бойы қалыптастырған жалпы
адамдық құндылықтары өз тұғырынан түспек емес. Біз қазіргі
қазақ әңгімелерінен тәуелсіздік рухын көреміз. Ал рухани дүниеге
әрі соны жасаушыларға керегі осы. Бұл құндылықты кім қалай
түсінеді, қалай насихаттайды, ол – жеке адамдық мәселе. Қалай
болғанда да, жастар ештеңеден жасқанбай жазып жатыр, ал бұл не
болса сол жазылып жатыр деген сөз емес.
*****
2014 жылы «Дарабоз» Халықаралық балалар конкурсында
«Көршінің қызы» хикаяты үшін бірінші орынға ие болған Қанат
Әбілқайырды көпшілік оқырман балалар әдебиетінің жазушысы
ретінде тани бастады.
Қанаттың «Көршінің қызы», «Жынды» хикаяттары мен
«Атасының баласы», «Тезектің қабы», «Сүндетбай», «Дыбыс»,
«Қос бұрым», «Шал», «Соқыр үміт», «Қарға тамыр», «Көбелек»,
«Сақина» т.б. әңгімелерін оқығанда көп оқып, талмай еңбектенетін
жазушы екенін аңғарамыз. Автор – қызықты сюжеттер құрудың
шебері. Оқиға құрастырудағы жазушылық қиялы оқырманын
бірден баурап алады.
Жазушы, ғалым Н.Ақыш «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық
көрген «Эстетикалық биіктер деңгейінен көрінейік» мақаласында
Қ.Әбілқайырдың шығармашылығына көңіл жадыратар жағымды
пікір білдірген: «Жас жазушылар шығармаларының ішінен көңілге
көбірек қонғаны – Қанат Әбілқайырдың «Текес теріс ағады» атты
әңгімелер мен хикаялар жинағы. Әдебиетке енді ғана араласа
бастағанына қарамастан Қанаттың қалам сілтесі батыл. Көркем
шығарманың сәнін келтіріп, әрін ашатын эстетикалық талаптарды
меңгеріп қана қоймай, тосын ой айтып, кейіпкерлерінің
тағдырларын шындық шеңберінде түрлендіре отырып, тосын ой
айтуға бейім» [4].
«Көршінің қызы» туындысын автордың өзі «повесть» деп
атағанымен, көпшілік оқырман хикаятқа телиді. Бірақ бұл хикаят
та, повесть те емес, көтерген жүгі, ішкі мазмұн, ой-бірлігі,
тақырып ауаны әңгіменің талап-мүддесінен шығатын секілді.
150
«Көршінің қызы» әңгімесінде негізгі оқиғалар тізбегі 14
жасар Талаптың айналасында өрбіп, І жақтан баяндалады.
Хикаяттың кейбір тұстарынан өмір құбылыстарын «ақ-қара,
жақсы-жаман» деп бөліп, бала көзқарасымен танытуға шебер
қазақтың классик жазушысы Б.Соқпақбаевтың стилін бірден
аңғару қиын емес. Қанаттың бір оқиғадан екінші оқиғаға еркін
ауысып кету әдісі «Менің атым – Қожа» повесін еске салады.
Шығармадағы Талап образы автобиографиялық кейіпкер
болуы әбден мүмкін. Мектеп жасындағы әрбір жеткіншектің
басынан өтетін алғашқы махаббат сезімін Талап образы арқылы
жеткізеді. Әсел есімді көршісінің қызына ғашық болған Талаптың
басындағы махаббат сезімі, болашаққа деген арман-тілегі,
өзгелермен қарым-қатынасы әсерлі баяндалғанымен, көп
жерлерінде жасандылыққа бой алдырған. Мәселен, шығарманың
басталған тұсында, яғни мая шөптің үстінде Әселдің үйінен
шығуын күтіп жатуы, шелек ұстап суға шыққан Әселдің артынан
Талаптың да жүгіре жөнелуі, үшінші бөлімнің басталған жерінде
Әселмен бірге Еуропаға немесе Африкаға ұшып кетуді армандауы
т.б. оқығанда бірден еліктіріп әкете алмайды.
Шығарманың жетістігінің бірі – ауыл баласының
психологиясының толықтай ашылуы.
Автор әрбір сюжеттік желіні бір-бірімен орынды
байланыстырған. Мәселен, сюжеттің кульминациясы көршінің
қызына ғашық кейіпкер енді өзінің киім киісін ретке келтіруінен
басталады. Талап киім алуға ақша табу үшін Еркін, Самат есімді
достарымен бірге бағандардағы алюминий сымдарды ұрлауға
бекінеді. Осы сәтте Еркінді ток ұрып, досы Талаптың көзінше жан
тапсырады.
«Тура төбеден от жарқ етті. Еркіннің шыр ете түскен дауысы
кілт үзілді. Не болғанын аңғарып үлгермей қалдық. Еркін бағанды
құшақтаған күйі көз алдымызда жанып жатыр, жанып жатыр.
Қолқамызды күйіктің иісі қауып барады. Не деген қорқынышты?!
Бағана ғана күліп ойнап жүрген Еркін енді жоқ. Жоқ, әлде өлмеді
ме екен? Өлмесе, отқа оранып жатқан кезде жыламауы,
айғайламауы мүмкін емес қой.
Есімді жиып, айналама қарасам, Руслан мен Самат жоқ.
Біреуі жын соққандай тауға, екіншісі ауылға қарай жүгіріп
барады» [5].
151
Осы үзіндіден-ақ автордың 90-жылдардың басындағы ел
басындағы қиындықтарды меңзеуі, әрі мұны басты кейіпкердің
сезіміне
қабыстыра
суреттеуі
оқырманды
сендіреді.
Қ.Әбілқайырдың аталған туындысы балалар әдебиетіндегі
кейіпкерлердің көркем галереясын толықтырары анық.
«Атасының баласы» – балалардың танымына лайықталып
жазылған, тілі түсінуге жеңіл шығармалардың бірі. Бас кейіпкер
Мұқыштай қазақтың салты бойынша ауылдағы ата-әжесінің
бауырына салған немересі. Жеті атасын білетін, бата қайыра
алатын, елінің Әнұранын жатқа айтатын, сүйінші, қырық шұбартай
сияқты қазақтың салт-жоралғыларын білуге асыққан бес жасар
Мұқыштай бүгінгі қазақ балаларына үлгі боларлықтай. «Менің үш
атам бар. Бірінші – Абай атам! Ол – менің ғана емес, барлық
балалардың атасы. Екінші – Нұрсұлтан атам. Ол – еліміздің
басшысы. Үшінші – Бірлік атам» [6]. Ата тәрбиесін бойына
сіңірген баладан ғана тәрбиелі, көрегенді, ұлтжанды тұлға
шығатынын меңзейді.
Қ.Әбілқайырдың көптеген әңгімелерінде жеке адамдардың
күрделі, қым-қиғаш тағдырлары арқылы қазақ қоғамының бүгінгі
келбеті танылады. Мәселен, «Дыбыс», «Сақина», «Сүндетбай»,
«Көбелек» әңгімелерінде оқиғадан оқиға тудырып, оқырманды
түрлі ойға жетелейтін философиялық-моральдық тартыстарды алға
тартады.
Жас жазушының бірі Арман Әлмембеттің қазақтың
аңшылық өнерін арқау еткен «Аңшы» әңгімесі «Режиссердің
түстері» кітабына енген. «Мимырт» романы, «Ерлі-зайыпты»,
«Алғашқы қар», «26000 теңге», «Құрбан», «Бағдат», «Ескі үйдегі
балалық» тағы басқа әңгімелердің авторы. Әдеби туындылары
бірқатар республикалық басылым беттерінде де жарық көріп жүр.
Арманның шығармашылығын жас әдебиет сыншысы Н.Түсіпхан
өзінің «Үш талшыбық» мақаласында біршама тілдік талдауларға
орын берген [7].
Әңгіменің тілі түсінуге өте жеңіл. Орашолақ сөйлемдер мен
көпсөзділік те кездесе қоймайды. Әңгімеде қазақ әдебиетіндегі
дәстүрлі тақырып жалғасын тапқан. Аңшы Әбдіраш қой қорасына
кіріп кеткен түлкіге тасада тұрып мылтығын кезене бергенде
уысына өзі кеп түскен түлкіден айырылып қалады. Мылтығын
дәлдеп отырған Сәрсенғали үнсіз қалмай, айқай шығарғанда түлкі
152
Әбдіраш жасырынып отырған мал қиына қарай жүгірер еді де, сол
сәтте ол түлкіні жайратып салар еді. Бірақ оқиға аңшы күткендей
аяқталмай, түлкі көз алдында қашып кетті.
Осы тұста автор уысына түскен олжасынан айырылып
қалған аңшының психологиясын өте сәтті бере алған деп айтуға
болады. «Әбдіраш ауылдың шетіне ілінгенше қарасын үзіп кетті.
Оғы жетпесін білсе де ызаланып, екі оғын да түлкіге кезеніп
тұрып, атып жіберді. – Үй, атаңа... Жылап жіберуге шақ тұр» [8,
135]. Әңгімені жазбастан бұрын автор қазақтың байырғы өнерін
жіті зерттеп алғандай. Сәрсенғалиға ашуы басылмаған аңшы
ақыры көршісінің алабайын атып тынады. Әңгіменің шарықтау
шегі де осы тұс. Әбдіраштың осынша ызаға булығуының өзіндік
себебі де бар. Яғни әңгіменің кіріспесі мен кульминациясын
байланыстыруда автордың шеберлігі айқын көрінеді. «Әбдіраш
төңірекке танымал аңшы еді. Әрі мерген. Бір кездері Арқада киік
өріп жүрген кезде қысы-жазы дәурен сүргендердің бірі. Аңды азық
үшін емес, әуес үшін атар еді. Мергендігі де сол кезде танылған-
тұғын. Ал қазір... Қазір киік жоқ» [8, 133]. Арқадан Маңғыстау
үстіртіне ауып кеткен. Аңшының өкініші осы болатын. Ал мына өз
қорасына өз аяғымен келген түлкіден айырылып қалуы ескі
қайғысына қайғы жамаған еді. Міне, Арман Әлмембет осы шағын
әңгімесінде қазақтың қанында бар мергендігі мен аңшылық кәсібін
әрі өнерін көркем сөзге шақтап сыйғыза білген.
Талантты жас жазушы қыздардың бірі
– Әсем
Қоспағарованың «Күй» әңгімесіне этнографиялық үлгілердің бірі –
қазақтың күй өнері негіз болған. Өнер тақырыбы – қазақ
әдебиетіндегі дәстүрлі тақырыптардың бірі.
Оқырмандарға кеңінен танымал «Қара кемпір», «Күй»,
«Қызыл орамал», «Түс», «Міністір», «Ол» тағы басқа әңгімелері
2012 жылы жарық көрген «Қызыл орамал» [9] жинағына
топтастырылған. Көптеген әңгімелері баспасөз беттерінде
жарияланып жүр.
Кітапты ашқанда бірден оның дүниенің көркемдігіне
үңілетініміз анық. Автордың сөз саптауы, оқиғаны баяндауы, жазу
стилінің де өзгешелігіне «Қызыл орамал» жинағына енген
әңгімелерінен аңғаруға болады. Нысанаға алған «Күй» әңгімесі
турасында ойымызды тарқатып көрейік.
153
Шығарманың қысқаша фабуласы келесідей. Әңгіменің
басында есімі аталмайтын «Қарапайым адам» автобусқа мінген
жас қызға орын босатып береді. Жәудір енді жайғаса бергенде
қазақ халқында лайықты құрмет әйелден бірінші ер азаматқа
көрсетілетінін, ер адамның қыз баласына орын ұсынғаны сияқты
мұндай менталитетке жат түсініктің бәрі батыс жұртынан
жұққанын айтып отырған жұрт бойжеткенді жайсыз күйге
түсіреді. Ыңғайсыз жағдайға тап болған қыз діттеген жеріне
жетпей, келесі аялдамадан түсіп қалуға бекінеді.
Үлкен қала Алматыда құжынаған адамдардың ортасында
жүрсе де, сағыныштан сарғайып, жалғыздықтың қамытын киген
қыздың жан-сырын, мұңын түсінер адам жоқ. Бірақ ол сол жанды
енді кездестіргендей. Ол автобуста өзіне орын берген «қарапайым
адам» Баһадүр. Үйіне барып жүріп қоңыр домбыраны жанына
серік еткен кісінің күйлерінен Жәудір де жалғызсыраған жанына
жұбаныш тапқандай еді. «Жақсы сөзге жан семіреді» демекші,
өзіне айтылған мақтаулардан «қарапайым адамның» күпсінген
пенделік қасиеттерін көрген Жәудір одан да аулақтай бастайды.
Яғни, қысқаша айтқанда, қым-қуыт қала тіршілігі мен жас қыздың
сырлы сезімдері мен жай-күйі суреттелген.
Автордың аталған шығармасын «Қызыл орамал», «Сізге
(әңгіме-эссе)» сынды көркемдік қуаты жоғары әңгімелерінің
қатарына кіргізе алмаймыз. Ұсақ-түйек баяндауларға көп орын
берілген. Әңгіме табиғаты оқырманды бірден еліктіріп әкете
алмайды,
сюжеттік
детальдар
сенімсіз
шыққан.
Сөз
қайталаушылықтар көп кездеседі. «Әсем әңгімелерінің әсемі –
осы, «Қызыл орамал». Жазушының басқа әңгімелерінен де
байқағанымыз – тіл жұтаңдығы» [10, 513].
Шығарманың сәтті шыққан тұстарын да айта кеткен жөн. Ең
бастысы, автор адамның ішкі жан әлеміне терең бойлай алады.
Адамның ішкі психологиясына әсер беретін бөлменің ішкі
интерьерін суреттеуден бастауы да ұтымды шыққан. «Қарапайым
кісінің қарапайым бөлмесі. Бәрі өз орнында. Қара домбыра, шаң
басқан перде, жылауық баланың бетіндей сүртілусіз айғызданған
терезе.
– Тек қара домбырасы серік болған осы жанға теліткен не
нәрсе? – деп ойлады Жәудір бөлме ішіне көз жүгіртіп.
– Келдің бе, балам? – деп Қарапайым кісі күліп отыр.
154
– Келдім!
– Күй ырғағы адам жанын тазалайды. Күй тыңда. Әдетінше
қабырғада ілулі тұрған домбыраны алды, үнсіз біраз отырды да,
ақтық күйін шерткелі тұрғандай жанарына жас үйірді. Жәудір
үйренісіп қалыпты [9, 24].
Күйдің тартылуы, автордың күй турасындағы ойлары
әңгіменің көркемдік әрін кіргізіп тұрғандай. Автор «қарапайым
адам» арқылы қазақы текті өнердің образын да қоса көрсеткен.
Сонымен қатар, қазіргі күні жастар арасында ұмыт болуға
айнала бастаған ер адамды сыйлау, құрметтеу, жолын кесіп өтпеу
сияқты қазаққа тән әдептерді де шығарманың идеясына
айналдырған.
Қазіргі күні біраз қаламгерлер оқырманның ыңғайына
орайлап, жылдам оқылып әрі тез қабылданатын, көлемі шағын
әңгімелерді жазуға ден қоя бастады. Бұл – әлемдік әдебиетте бар
үлгі. Қысқа жазатын қаламгерлердің қатарына Мадина Омарова,
Қойшыбек Мәбарак, Қанағат Әбілқайыр, Әлібек Байбол тағы басқа
авторларды кіргізуге болады.
Оқырман қауымға жақсы таныс, проза саласында өзіндік
жазу стилі қалыптаса бастаған, адам мен қоғам арасындағы
қайшылықтарды астарлап көрсету әдісін меңгере бастаған жас
жазушы Ә.Байболдың әңгімелеріне тоқталамыз.
Автордың осы уақытқа дейін үлкен прозаға жүк болып
келген оқиғалар мазмұнын бар болғаны бір-екі беттің көлеміне
сыйдырып беруі Әлібек Байболдың қаламгерлік шеберлігін
танытады. Жас жазушының 2012 жылы шыққан «Теміржол
вокзалы» кітабына «Көзі тірі классик», «Ормандағы жиын»,
«Айдаһар, аю һәм барыс», «Қағаз кеме», «Садьконың сандырағы»,
«Қылмыскердің күнделігі», «Құлдар патшалығы» (2013) жинағына
«Бейтаныс
әйелдің
қарғысы»,
«Дарынсыз
артист»,
«Демократияның
көлеңкесі»,
«Мүжілген
ескерткіш»,
«Диктатордың өлімі», «Аяқталмаған картина», «Жоғалған бас»
сынды әңгімелері топтастырылған.
«Айдаһар, Аю һәм Барыс» әңгімесінде аңдар бейнесі арқылы
Қытай, Ресей, Қазақстан мемлекеттері арасындағы саяси мақсат-
көзқарастарды ашуға тырысқан. Еске түсірсек, тура осыған ұқсас
тақырыпты жазушы Мұхтар Мағауин «Құмырсқа-қырғын»
әңгімесінде құмырсқалар тіршілігіндегі әлімжеттік, теңсіздікті
155
көрсету арқылы сырт елдің тарапынан қазақ жеріне төніп тұрған
үлкен қауіпті тұспалдаған болатын. Әлібек Байбол да екі елдің
өзге жұрт алдында қазаққа достық пейіл танытқанымен,
шындығында, көздегендері асты да, үсті де байлыққа тола жері
екенін астармен жеткізеді. Бұл тақырып әдебиетте де, бұқаралық
ақпарат беттерінде де жиі жазылып жүргенімен, көбінде
пессимистік толғаныстармен аяқталып жатады. Ал Әлібектің
әңгімесінде барысты иелену үшін аю мен айдаһар күшін сынаспақ
болып, ақыры шатқалдан құлап өледі. «Барыс басымен тұтасқан
мойнын созып қарады. Екі алыптың құлаған жері үлкен шұңқырға
айналып кетіпті. ...Енді Барысқа тең келер ешкім жоқтай көрінді.
Жолбарыс, Арыстан сияқты кәрі аңдардың орнын басатын аң
Барыс болмақ» [11, 183]. Осы әңгіме хақында жас әдебиет
сыншысы Нұрбек Түсіпхан: «Барыс ешкімге соқтықпайтын
мінезімен ұтады», – дейтін тезисі жанымызға жақын,
мұратымыздың өзегі» [7, 6] – деп пікір білдіреді.
Осы шығарманың мазмұнымен сарындас «Ормандағы
жиын» әңгімесінде орман аңдарының мәжілісінде әлемнің 50
дамыған ормандарының қатарына кіру мәселесі талқыланады.
Әңгімеде мысал жанрына тән элементтер көп кездеседі.
Аңдар мен жан-жануарлардың аллегориялық бейнелері арқылы бір
қауым елдің биліктік-құрылымдық басқару жүйесіндегі саяси
теріс-әрекеттерді көрсетуге тырысады. Кейіпкерлері аң, құс,
жануарларлармен бірге оқиғаға адамдардың қатыстырылуы
мысалдың сюжетіне тән.
Орманды билеушілер – арыстан, барыс, түлкі, қасқыр, аю
сияқты әккі, өз күшіне сенген аңдар. Қозы-лақ, тайынша, бұғы,
қарсақ, суыр сияқты ірілі-ұсақты орман аңдары қарпайым
халықтың символы ретінде бейнеленген.
Реалды өмірде де жоғары лауазымдағы басшылардың
екіжүзділігі, халық алдында жалған сөйлеп, берген уәдесінен шыға
алмауы, өзі жетік білмейтін салаға жетекшілік етіп, тәжірибесі мен
білімінің жоқтығынан мемлекетті үлкен шығынға ұшыратуы,
жемқорлық, парақорлыққа жол беруі сияқты толып жатқан теріс
әрекеттерінің зардабы қарапайым халыққа үлкен соққы боп тиетіні
анық. Автор шығармасында билік пен халықтың арақатынасын
көрсету үшін символдау тәсілін сәтті қолданған.
156
Көркем шығармада автор кейіпкердің мінез-құлқын, ішкі
жан дүниесін, рухани әлемін, оны сыртқы ортамен ашып көрсету
үшін түрлі көркемдік әдіс-тәсілді қолданатыны белгілі. Соның бірі
– портрет. Осы термин туралы теоретик ғалым Б.Майтанов:
«Портрет – өзгеріп тұратын, алайда неғұрлым тұрақтылыққа бейім
құрылым. Портрет поэтикасында да ортақ дискурстар басым.
Портрет адам бейнесіне қатысты метонимиялық құбылыс, бірақ
көркемдік тұрғыда толымды құбылыс. Ол – жаратылыстың
шеберлігіне, өмірдің күрделі табиғатына тәнті қылатын, тарихи
мәні зор эстетикалық, эмоционалды-психологиялық, пластикалық,
антропометриялық құбылыс» [14, 33], – деп анықтама береді.
Әдебиеттанудағы көркем антропология саласын зерттеуші
В.Савельева өзінің «Художественная антропология» аталатын
зерттеу еңбегінде адамның дене құрылысының жекелеген
мүшелері кейіпкердің портрет-сипаттамасына қатысатынын атап
өтеді [15]. Суреткер адам денесінің анатомиясын, тұлғалық
динамикасын суреттеу арқылы өзінің көркемдік қиялымен
әдебиеттегі екінші адамды сомдап шығады. Осыған қоса,
Л.Демченконың «Поэтика телесности в произведениях Чингиза
Айтматова («триптих о мальчиках»)» мақаласында да көркем
антропология ғылымына қатысты теориялық түсініктер мен
мысалдар келтірілген.
Адамның дене құрылысы «жоғарғы», «орта», «төменгі»
болып үшке бөлінетіні белгілі. Жоғары бөлікке – бет, мұрын,
мойын, көз; орта бөлікке – қол, кеуде, силуэт; төменгі бөлікке –
аяқтары кіреді.
Әлібек Байболдың «Жоғалған бас» әңгімесінен да
антропологиялық образды байқаймыз. Бөтен елде экспонат ретінде
сақталып тұрған Бас өз еліне оралғысы келеді. Бірақ мекеме
қызметкерлері Бастың өз отанына кетуіне рұқсат бермейді, жан-
жағын мықтап қоршап қойған. Кезінде бір елдің көсемі, билеушісі
болған Бастың қазір артында іздеушісі жоқ, өзін қоғамға қажетсіз
сезінеді. Еліне кете алмауының себебі де осы екен. «Осы жалғанда
тағдырластарым бар ма екен? Мен соншалықты кімге қажет бола
қалдым екен? Денемнің бөлшектері жер бетінде шашылып қалған
ба, қалай? Денем қайда?» – деп ойлады. Басындағы шаштары
қайғы, құсадан баяғыда-ақ ағарып біткен [12, 85]. Бастың айқайы
өз отанына да жеткенімен, бөтен елден құтқарар адам
157
табылмайды. Бір айдан кейін Басқа аяқ пен қол бітіп, теміртордан
отанына қарай қашып шығады. Әңгіменың қысқаша мазмұны
осылай.
Өзге елдің боданында болған қазақ халқы өзіне тиесілі
көптеген этнографиялық, антропологиялық мәдени құндылық-
тарынан айырылды. Қазақ елінің көнеден келе жатқан тарихи
жәдігерлері, оның ішінде ел басқарған атақты хан, ақсүйек-
төрелердің бассүйектері Ресейдің атақты мұражай қорларында
сақталған еді. Кейіннен КСРО құлаған уақытта сол төл
экспонаттарымыздың көбісі көрші елдің меншігіне өтіп кетті.
Осындай ұлттың мәдени құндылықтары талан-таражға түскен
уақытта қазақтың соңғы ханы – Кенесарының басы да жоғалған
еді.
Жеке баспен қоса, сөз бостандығына да қол жеткізген тұста
Кенесары хан сияқты тарихта өткен атақты батыр, қолбасшы,
көсемдердің бейнесін көркем әдебиетте сомдау, олар туралы
ғылыми еңбектерді жарыққа шығару секілді жұмыстар атқарыла
бастады. Соңғы ханның басын елге әкеліп көмуді бабаларға
тағзым, құрмет деп ұққан қазақ халқы белгілі ғалымдар құрамынан
тұратын зерттеу топтарын Ресейге жібергенімен, олар да Кенесары
бабамыздың басын таба алмаған еді.
Міне, Ә.Байболдың аталған әңгімесінде Кенесары ханның
басын тауып, елге әкеліп, оның ерлігі мен батырлық болмысын
ұрпаққа дәріптеу – басты парызымыз деген идея қозғалған.
Осы шығармаға ұқсас «Мүжілген ескерткіш» әңгімесінде
көркемдік деталь ретінде адамның Бас мүшесі алынған. Патшаның
көзі тірісінде зәбір көрген халық өлгеннен кейін ескерткішін бұзып
тастайды. Тіпті, біраз уақыттан кейін патшаның есімі де
ұмытылады. Кейбір тұрғындар мүжілген үйінділерді құрылыс
нысандарына пайдалануды жөн санап, ескерткіштің Басын ғана
қалдырады. Көзі тірісінде істеген әрекеттерінің дұрыс еместігін
кеш түсінген Бас өткеніне өкініш білдіріп, жылайды. «Менің
басымды басқа жерге алып кет. Бір айдан кейін баскесерлер
келеді. Мені құтқар...» – деп өтінді. Былай көтердім, олай
көтердім. Орнынан қозғалта алмадым. Өйткені, Бастың іші қара
ниетке, пасық ойларға толып қалған болатын. Халыққа қарсы
ұйымдастырылған қаншама идеялар бар еді. Оны көтеру үшін
кемінде жиырма кран керек [12, 132]. Әлем елдерінде қазірдің
158
өзінде дүниежүзін билеп-төстеу мақсатын іске асыру үшін
Наполеон, Гитлер, Сталин секілді қанқұмар саясаткерлердің ізін
ұстанатындар да жоқ емес. Халықтың ризалығына бөленбеген
басшының ескерткішіне де орын жоқ. Автор түйіні осындай.
Шығармада адам денесінің негізгі бөлігі Бас тарихи
мәліметтерді сақтаушы жады, адамгершілік құндылықтарды
сақтаушы көркемдік деталь ретінде алынған.
Автор өзі таныған қоғамдық шындық жайындағы ойларын
бүкпей, ашық жеткізу үшін әдебиеттегі мысал жанрына тән
элементтерді қолданғанын атап өттік. Аңдар мен жан-
жануарлардың аллегориялық бейнелері арқылы қоғамның саяси
шындығын жеткізу ауыз әдебиетінде бұрыннан бар әдіс
болғанымен, Ә.Байбол қолданысында өзгеше көрініс тапқан.
Сонымен бірге, әңгімелерінің бір парасынан қазақ әдебиеттануына
ғылыми термин ретінде кешірек ене бастаған антропологияға тән
көркемдік ізденістер кездеседі.
Жас әдебиет сыншысы Нұрбек Түсіпхан «Үш талшыбық»
мақаласында Әлібек Байболдың 2012 жылы жарық көрген
«Теміржол вокзалы» кітабы жөнінде мынадай пікір білдіреді:
«Автордың жазу мәнерін «көркем суретті тіл» деуге келмейді.
Күнделікті сіз бен біздің сөйленісіміз самсап тұр. Әдеби
шығармаға тән тіл тазалығы сақталған дей алмайсыз. Шынын айту
ләзім – Әлібектің терең білімдарлығына, әлем әдебиетін зерделеп,
түсініп оқығанына таң қаласыз. Тіпті, өзіңіздің осы бір кітапта
айтылған кей авторларды танымай, білмей қалатын кездеріңізде
ұяттан өртене жаздайсыз. ...Бірақ Әлібек әңгімелерінің көбінде осы
бір білімдарлықтың, көп оқығандықтың орынсыз әрі шектен тыс,
көп қолданылғанын аңғару қиын емес» [7, 7]. Н.Түсіпханның осы
сыни пікірімен әбден келісуге болады.
Әлібек Байбол шығармаларында қазіргі прозаға қажетті тың
ой, жаңа ізденістер мен астарлы идеялардың көрініс тапқанын
айтуға болады.
Сатира жанрында қалам тартып жүрген жазушының бірі
Қанағат Әбілқайырдың «Қағаз қала» (2008) атты тұңғыш
жинағына «Менің атым – Тимберлейк», «Жүз отызыншы атаман»,
«Қ-ның қасіреті», «Бәрін Басекем біледі», «Шректің қайынжұрты»,
«Құтипаш пен Сақыш», «Резюме» т.б. әңгімелері оқырман
тарапынан жоғары бағаланды. Бұдан бөлек «Ұмыт мені»,
159
«Тырнақшаның ішіндегі әңгіме» деп аталатын екінші жинағын да
Қанағат шағын жанрдағы шығармаларымен толықтырды.
Қанағат Әбілқайырдың алғашқы кітабының жарық көргеніне
он шақты жылдың жүзі болса да, БАҚ беттерінде тұщымды ой-
пікір мен ғылыми талдаулар жоқтың қасы. Тек kitap.kz
порталындағы жас прозашылардың шығармашылығына арналған
«Құс қанаты» жобасында Әсия Бағдәулетқызының жазбалары бар.
Қ.Әбілқайыр – қазіргі қазақ әдебиетінде сатира бағытында
қалам тартушылардың бірінен саналады. Әбілқайыр қозғамаған
тақырыптың өзі жоқ деуге болатындай. Барынша сөзді үнемді
қолданып, қысқа да нұсқа жолдармен жеткізуге тырысатын
жазушы осы форманы әдейі таңдап алғандай.
«Қағаз қала» әңгімесі қазақ әдебиетінде жиі көтерілетін
пәтер мәселесін қозғайды. «Қағаз қаланың» оқиға желісі былайша
өріледі. Қаланың қақ ортасынан үш бөлмелі үй алуға бекінген
кейіпкер 21 жасында берген өтінішіне 47 жасында бір бөлмелі
пәтерге қолы әрең жетеді. Онда тек өзі не отбасы емес, бақандай
он жанбасы тұрақтайды. Үй сатып алған күннен бастап 29-
қабаттағы «жаңа» үйдің «бақытты күндері» басталады.
«Қабырғалары әлі толық сыланбаған немесе сыланған
жерлері көтеріліп кеткен, жә, оны да қойшы, жаңбырлы күндері
төбе мен терезелерден су өтіп, әрқайсысымыз бір-бір шүберекпен
соны құрғатып ойнаймыз демесеңіз, алаңдайтын түк те жоқ.
Бөлмемізде айқасып жатып ұйықтаймыз. Екі-үштен кезек күтіп
тұрып... ауысып-ауысып тамақ ішеміз...» [16, 4]. «Айтпақшы, мен
сіздерге үйге қақаған қыста көшіп келгенімізді айтпаппын ғой: қыс
бойы жылудың болмай қалуы, газдың жиі өшуі, су құбырларының
жарылып кетуі сияқты кез келген отбасын айналып өтпейтін
проблемалардың бізді де ешкімнен кем тұтпай мазалап жүргені
көңілге кәдімгідей-ақ мақтаныш сезімін туғызып, адамға «біз енді
ешкімнен кем емеспіз, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз» деген бір
тәтті көңіл күй сыйлайды екен» [16, 5]. Арадағы осындай «сәтті»
күндердің бірінде жылу қосылмай, аяздан қатып тұрған батареяға
баласының тілі жабысып қалып, одан әрең ажыратып алады. Сол-
ақ екен жиырмасыншы қабаттан аяқ астынан өрт шығып кетіп,
төрт қабат үй жанып кетеді. 29-қабатта тұрған кейіпкер отбасымен
өрттен шөгіп кеткен қабаттардың орнымен сырғып-сырғып 25-
қабатқа бір-ақ тоқтайды. Әңгіменің қысқаша фабуласы осындай.
160
Автор оқиғаларды баяндап отырып, уытты тілімен түйреп
өтетін тұстар да кездеседі: «Өз үйімде отырмын, қорқамын ба,
қолымдағы қорғасынмен әлгі шыбынды періп кеп жібердім. Дәл
тиді ме, тимеді ме, оны шыбын айтпады, ал қорғасын әлгі жерді
тескен күйі үстіміздегі көршіміздің үйіне өте шықты, ...әлгі
үңірейіп қалған тесіктен сығалағанымша болған жоқ, қорғасыным
төбенің тағы бір жерін өз үйімізге қарай түсті. ...Әлгі төбеден
сорғалаған күйі келді де өзіміздің еденді де тесіп өтіп, төменге
кетті. ...Құмалақтай ғана қорғасынымыз аман-есен подвалда жатыр
екен, еденге құйылған цементті жартылай тесіп барып, бір
жамбастай қисайыпты» [16, 4-5]. Осы детальдің өзі адамды
екіұдай сезімге түсіреді. Біресе күлесіз, біресе қынжыласыз.
Жазушы қоғамда жауапты қызмет атқарушылардың
жағымсыз мінез-құлқын сатиралық, ирониялық суреттеулерімен
барынша әшкерелей түседі. Әсіресе, құрылыс саласындағы қанша
айтылып, жазылып, ескертулер берілсе де сапасына мән
берілмейтін, тіпті, жаңадан салынған үйлердің құлауы, талаптарға
сай болмауы қалыпты жағдайға айналып кеткенін меңзейді.
Халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз ететін
мемлекеттік бағдарламалардың өзі осы күнге құрылыс
материалдарының сапасына мән бермей келеді. Бұл БАҚ
беттерінде журналистер тарапынан қанша айтылып, жазылса да,
көркем әдебиет әлемінде де ерекше көрінген. Әлеуметтік,
нақтырағы, үйсіз-күйсіз жүрген отбасылардың мәселесі қоғамды
тығырыққа тіреп отыр.
Көлемі
кітаптың
бір
бетінен
аспайтын
«Тіл»,
«Оқысаңдарсайшы» шығармалары Қазақстандағы мемлекеттік тіл
– қазақ тілінің қолданылуындағы өрескелдіктер жайын көтерген.
Әсіресе, көпшілік арасында қате қалыптасып қалған сөз тіркестері
мен бұрмаланған тілдік қолданыстарды орынды сынайды.
«Жүз отызыншы атаман» сұхбат-әңгімесінде «Қазақстан –
көпұлтты мелекет» ұғымын теріске шығарады, жазушының
ойынша «қазақ қана – ұлт, қалғаны – ұлыс». Толеранттылықты
берік ұстанатын елде байырғы ұлттан гөрі ұлыстарға көбірек, тіпті,
мөлшерден тыс көрсетілетін әлеуметтік, саяси жеңілдіктер мен
мүмкіндіктердің болуы әңгіменің басты мазмұнын құрайды.
Сұхбат беруші лауазымды тұлғаның «Құлболған» есімі символдық
мән үстейді.
161
Қоғамның келеңсіз тұстарын, адамдардың жағымсыз мінез-
құлқын әшкерелейтін сатиралық, памфлеттік, публицистикалық
жанрдағы әдебиеттің ирония, пародия, сарказм сынды көркемдік
троптары кеңінен қолданылған.
Келесі авторымыз Серік Сағынтай өзімен қатарлас
жазушылардың арасында сөздік қорының молдығымен, тілінің
шұрайлығымен ерекшеленеді. Оны «Қарға» кітабындағы, интернет
порталдарында жарық көрген бірқатар әңгімелерінен айқын
аңғаруға болады. Оқиғаны бастан-аяқ рет-ретімен суреттеу
барысында, көп жағдайда, осалдық танытып жататын жас
қаламгерлерге қарағанда С.Сағынтайдың жалпының ішінен
жалқыны, тұтастың ішінен жекені көре білу қабілеті мен
суреткерлік шеберлігін танытатын шығармалары баршылық.
Жазушы әңгімелерінде дәстүрлі көркем прозаға тән бейнелеу,
суреттеу, баяндау стилі қалыптасқан.
С.Сағынтайдың әңгімелерінде фольклорлық, мифологиялық
мотивтер, образдар, сюжеттер, қазақы ғұрыптық сипаттар жиі
көрініп, түрлі көркемдік қызмет атқарады. Жазушының
шығармалары ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде жазылып
жатқандықтан, әдебиет пен фольклордың қазіргі кезеңдегі
байланысын жаңаша сипаттайтын келесі ғылыми тұжырымды
оның туындыларына да қатысты қолдануға болады: «ХХ ғасырдың
соңғы ширегі мен ХХІ ғасырдың басында дүние келген біраз
туындыларда фольклорды пайдалану мүлде жаңа үрдісте, жаңа
сипатта көрінетінін айту керек. Әсіресе, екі ғасырдың тоғысында
жарыққа шыққан шығармаларда фольклор әртүрлі мақсатта
пайдаланылып, әрқилы қызмет атқарып тұрғанын байқаймыз. ...
Фольклордың белгілі бір жанрын, яки сюжетін қолданумен
шектелу жоқ, ендігі романдарда, кейде повестер мен әңгімелерде
де, поэма-өлеңдерде де фольклорлық сана мен фольклорлық
ойлаудың архетиптері, кейіпкердің санасынан көне жайттар,
тарихи-генетикалық жадының түкпірінде жатқан фольклорлық-
мифологиялық ұғым-түсініктер, кеңінен пайдаланылады» [17, 14].
«Дүр ененің тайпасы» (хикаят), «Теңіз жағасындағы кафе»,
«Қарға», «Жалмауыз» және тағы басқа әңгімелерінде жекелеген
мифтік архетиптер мен фольклорлық элементтер кездеседі.
«Теңіз жағасындағы кафе» әңгімесінде қазақ және өзге ұлт
ертегілерінде жиі кездесетін шикі өкпенің су бетінде (жағасында)
162
қалқып жүру мотиві қолданылған. «Бабалар сөзінің» 75 томында
«Ертөстік» ертегісіндегі суда жүзіп жүрген өкпе мотивіне қатысты
мынадай түсініктеме берілген: «Ертегідегі жан туралы көне
анимистік ұғымдарда көрінетін, Төстік әкесінің суда жүзіп жүрген
өкпені түрткенде оның жалмауыз кемпірге айналатындығы туралы
мотив те көптеген ертегілер сюжетіне тән. Бұл қазақтың «су – о
дүние, ондағы өкпе – өлген адамның жаны, ал жалмауыз кемпір –
өлілер патшалығының күзетшісі» дейтін демонологиялық
түсінігінің көрінісі. Өкпе түріндегі жалмауыз кемпір өлгеннің
жанының тыныштығын қорғайды, оған біреу қауіп төндірсе, өзінің
қалпына келіп, тиісушіні жазалайды» [18, 368]. Автордың әңгімеге
суда қалқып жүрген өкпе мотивін қатыстыру себебін былайша
топшыласақ болады: 1) автор санасында қазақ ертегілеріндегі
фольклорлық сарындардың сақталып қалуы, оның қайта
жаңғыруы; 2) ертегі оқымай өскен кейбір қазақ баласының бет-
бейнесі және оның ертегілерді оқымағандығы себепті ежелгі
қазақы санадағы ұғым-түсініктерден бейхабарлығы (мәселен,
қосалқы кейіпкердің өкпені пышағымен қорықпай, сескенбей іліп
алып
кетуі).
Мұнда
жазушы
судағы
өкпе
мотивін
трансформациялау арқылы ертегі оқып өскен ауыл қазағы мен
қазіргі шетелдік атыс-шабыс жанрындағы фильмдерден көз
алмайтын буын санасының өз әдебиетінен, ұлттық таным-
түсінігінен шеттеп қалу, ажырау үрдісін сипаттаса, жанның
денеден бөлектенуі, яғни адамның жаны иесінен бөлек өмір сүре
алады дейтін көне анимистік мифтік түсінікті жаңғыртып
қолданып отыр. Кейіпкердің судың бетіндегі өкпеге кездесуі, оған
жақындай алмауы айтылып отырған уақыттан он жыл бұрынғы,
жастық шақта өткен қасіретті оқиғаны жадыдан шығара
алмағандығын меңзейді немесе теңіздегі сол күнгі ішімдікпен
өткен демалыстың соңы Назымның өліміне ұласып, ұзақ
жылдардан кейін қыз бейнесімен (судағы өкпемен) қайта қауышып
отыр. Желден кейінгі теңіздегі апатты оқиға кейіпкер санасынан
әліге дейін өшпеген, көңіл жарастырған екі жұп – Назым мен
Абзалдың (Абзал кейін қыздың ағаларының қолынан қаза табады)
жанымен, рухымен (фольклорлық түсінік бойынша) кездеседі.
Шығармадағы автор идеясы адамдарды өмірде шалыс
басудан, апатты толқындардың арасында жоғалып кетуден
сақтандырады. Көп жағдайда адам өліміне ішімдік те себепші
163
болып жатады. Сонымен бірге, автордың шығармада аталатын
америкалық жазушы Герман Мелвиллдің «Моби Дик» сияқты
әлемдік әдебиеттің ірі жауһарларды жиі қолға алатыны байқалады.
Әңгіме аяқталған тұста автор оқырманға өзі ұқтырғысы
келген жайды түсіндіруінің (соңғы абзацта) қажеті жоқ сияқты,
шебер суреттелген оқиға өзінен-өзі түсінікті.
«Гүлмира» әңгімесінің мазмұнына жүк болған махаббат
тақырыбы әдебиетте сан рет жазылған, қозғалған, тіпті, қаламына
арқау етпеген ақын да, жазушы да жоқ десе де болады. Әрі ақын,
әрі прозаик Серік Сағынтайдың махаббат хақындағы эстетикалық
ойлары классикалық поэзия өкілдері Абай, Мағжан, Есенин т.б.
ақындардың
сезімді
жырларымен
тамырласып,
рухани
байланысып жатыр. Әңгіме фабуласы кейіпкер ақын бала мен
Гүлмира қыздың арасындағы ғашықтық сезімге құрылған.
Сүйгенінен қол үзіп қалу сынды махаббат трагедиясы көп
шығармаға сюжет болғанымен, Серіктің әңгімесіндегі ақын
баланың көркемдікпен өрілген махаббат сезімі оқырманды
жалықтырмай, әдемі сезімге жетелейді. Әсіресе, балалық махаббат
иелерінің арадағы 33 жылдық үзілістен кейінгі алғашқы
телефондағы сөйлесуі өте әсерлі жазылған.
Жазушының
«Қарғасы»
этимологиялық-этнографиялық
әңгімелердің қатарына кіреді. Құс атаулының ішінде қарға
жайында толғануы, түрлі қазақы аңыз, мақал-мәтел, ғылыми
болжамдарға ой жүгіртуі, реалды өмірде қарға қатысқан
оқиғаларды Құран-Кәрім аяттарымен салыстыра өрнектеуі –
оқырманды қазіргі адамзат тарапынан жағымды сипаттауларға ие
емес, бірақ о баста қазақ кие тұтқан қарға туралы тәмсілдердің
құпиясына үңілуге жетелейді. Мәселен, автор адам баласына ең
алғаш өлген адамды көму үрдісін көрсеткен осы қарға деген
болжамды Қабыл мен Абылдың өліміне қатысты аңызға сүйене
отырып
келтіреді.
Адам-Атаның
үлкен
ұлы
Қабыл
диқаншылықпен, кішісі Абыл мал бағумен айналысып жүреді.
Күндердің күнінде құрбандық шалған екеуінің ішінде Қабылдікі
емес, Абылдікі қабыл болып, Қабыл туған бауырын қызғанышпен
өлтіреді де, көмусіз қалдырады. Сол сәтте Алла Тағала туған
туысының мүрдесін жасыру керектігін ұқтыру үшін өлген
қарғаның денесін көму үшін екінші қарғаны жібереді. Жер қазып
жатқан қарғаның әрекетін көрген Қабыл қатты өкініш білдіреді.
164
Міне, өлген адамды жерлеу дәстүрі осыдан қалған деседі. Бұдан
бөлек, «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» (адамдарды татулыққа,
бірлікке шақыру), «Қарға баласын аппағым дер» (ананың баласына
шексіз мейірімділігі), «Қарға тамырлы қазақ» т.б. тәмсіл мен
мәтелдердің мән-мазмұнына үңіледі. «Қарғатамырлы қазақпыз
дейміз. Сірә, қарғаның ұзақ жасайтынына қарап, тегіміз алыстан
туысатынын меңзеп айтармы. ... Ей, құзғын атам жайлы айтшы
маған! Айтшы маған әжелерім жайлы, әкелерім туралы. Атамның
мен көрмеген мыңғырған малы мен аңсақ төбеттерін. Қыс қыстауы
мен жаз жайлауы қандай еді?!» [19, 79]. Тәмсіл бойынша басқа құс
емес, осы қарғаның аты аталуының себебі де оның тамырының
тереңде жатқанын, ғасырлап өмір сүретінін меңзесе керек.
Р.Барт, У.Эко сияқты постмодернист өкілдері әдебиетте
бұрыннан бар, дайын сюжеттердің (Қабыл мен Абылдың өліміне
қатысты аңыз) көркем мәтінде қолданылуын инстекстуал-
дылықтың бір белгісіне жатқызады. Аталған әңгімеде қазіргі
замандық әдебиеттанудың бір бағыты – постмодернизмнің
нышандары ептеп ұшырасады.
Жоғарыдағы аңыздағы Қабыл, Абыл есімдері осы әңгімеде
сол өзгермеген күйінде аталады да, Абыл мұнда да өлім құшады.
Оның өліміне ауылдағы Жәкем әкімнің пісте егінін қарға-
құзғындардан қорғаймын деп, оларды аяусыз қорлап өлтіруі, жаны
азапталып жатқан қарғаның қарқылын диктофонға жазып алып,
басқа құстарға естірту арқылы жалпы құс атаулын ол аймақтан
кетіруі және қарғалардың адамзатқа білдірген наласы, қарғысы
себеп болуы мүмкін деген ойлар тұспалданады. Әңгіме ұлттық
этнографиялық мазмұнының тереңдігімен құнды. Осы бағыттағы
әңгімелерінің бірі – «Аңшы» да жоғары көркемдікпен суреттелген
туынды. Аң аулаудың қыр-сырын жетік меңгерген әккі мергеннің
бүкіл қаруынан айырылғандағы ашынысын, психологиясын жетік
бере білген. Қанына сіңген ежелгі әдетіне салып, атып алатын
мылтығы жоқ болса да, аңшы енді дала аңдарына қақпан құруға
кіріседі. Жазушы осы тұста бір-бірінің жемтігіне (бумадағы етті
жеу үшін түлкі барын салып жатқанда бір топ құс түлкіні құрыққа
түсіреді) айналған тіршілік иелерінің арасындағы ұқсастықты
көрсетуде әдеби параллелизмді сәтті қолданған. Тіпті, замандық
құбылыстарды әңгіме сюжетімен астастыра суреттеген.
165
«Жалмауыз» әңгімесінің мазмұны сталиндік репрессияның
құрбаны болған «халық жауларының» КарЛАГ-тағы (Қарағанды
лагері) өмірінің ең сұмдық көріністерін баяндаудан тұрады. Бұл
тақырып бұған дейін поэзия, поэмаларда болмаса, көркемдік
талдауға лайықты прозалық шығармаларда қозғала қойған жоқ.
Лагерлер жайлы, ондағы өмір жайында көп адам, әсіресе,
лагерьдің азабын көрген тұтқындардың өзі ашылып айтқан жоқ.
Осыған қатысты КарЛАГ тақырыбын арнайы зерттеген журналист
Екатерина Кузнецова мынадай пікірді алға тартады: «Лагерьден
шығарда олар 25 жыл ішінде еш ақпарат құралына сұқбат
бермейміз деген қолхат беретін, жалпы айтқанда, бәрі де құпия
күйі қалуға тиіс болатын. Ақпаратты жария қылғаны үшін ең қатал
жазалау шарасына кесіліп кетіп, жаңадан қамалу қаупі бар еді»
[20]. Журналист-зерттеушінің «Карлаг: по обе стороны колючки»,
«Карлаг: меченые одной метой» және «Книга скорби.
Расстрельные списки» сынды кітаптарынан осы уақытқа дейін
айтылмай келе жатқан құпия мәліметтерді алуға болады. Дәл осы
тақырыптың Серік Сағынтайдың шығармашылығында сөз
болуының өзін оның қазақ әдебиетіндегі тақырыптық-мазмұндық
жаңалығы ретінде қабылдауға болады. Әдеби процесс уақыт
өткен сайын өзгеріске ұшырап отыратындықтан, өткен ғасырдың
соңы мен ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақ
жазушылары этнографиялық, этнологиялық, тарихи тақырыптарға
көбірек қалам тартты, әлі де жалғасуда. Қазақтың ұлт ретіндегі
түп-тегін тереңірек танытуға ұмтылуда. Бұл, әрине, кеңестік
жүйенің құрсауынан босаған сөз бостандығының көрінісі еді. Бұл
тұста тарихи оқиғаларға қайта үңілуге мүмкіндік берген
Тәуелсіздік кезеңінің сыйы болды.
Әңгіменің жазылуына КарЛАГ тұтқыны-кейіпкер Иманмұса
Жантоқовтың егіз шөбересі Ыбырай Мусин мен Мұсатайдың
жүректегі шарбақталған қантамырлардан пайда болатын таңба
жайындағы кереғар ғылыми болжамдары сеп болады. Кардиолог
ол таңбаны арабша «Алла» деген жазу десе, оның сыңары
түрколог Ыбырай Мусин оның көне түркі Орхон-Енисей
жазбаларындағы «Алас» (Кет. Жолама. Аулақ) мәнін беретінін
айтып, ұзақ дауласады. Әңгіме түйіні, тіпті, осы даулы пікірдің
шындығын көрсетуді де мақсат тұтпайды. Автор адам жүрегін
ашылмаған, оқылмаған кітапқа теңейді. Сол кітаптың сыртқы
166
мұқабасындағы жазуды тани алғанмен, әлі ішіне бойлаған, кітап-
жүректі парақтап көрген ғалым түгіл ешбір пенденің
болмағандығын айтады. Егер жүрек-кітаптың құпиясы ашылар
болса, онда адамзат, тарих жасырған бүкіл сырлар да ашылар ма
еді деген сипатта ой айтады. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары
бұрынғы КСРО құрамындағы түрлі ұлт өкілдерінен шыққан зиялы
қауым сол кездің саяси идеологиясына қайшы келген көзқарастары
үшін саяси айыпталып, «халық жауларын» қамап, қинап ұстайтын
атақты лагерлерімен аты шыққан Қарағандыға айдалып жатты.
Әңгімеде ұлты қазақ Иманмұса Жантоқұлы мен жөйт Авраам
Сенковкийдің қараңғы қапаста бастан кешкен күндерін, тіпті, адам
етін азық қылуға амалсыздан барған халдерін баяндау арқылы
бүкіл «халық жауларының» жағдайын көрсетуге тырысқан деуге
болады. Өлген адам денесін сойып, талғажауды әдетіне
айналдырған
Иманмұса
Жантоқұлының
туған
бауыры
Тәңірбергеннің денесін байқаусызда тіліп жіберіп, жүрегін қолына
ұстаған күйі өзін де жантәсілім етеді. Осы жұдырықтай жүрек
автор үшін бүкіл құпия атаулының қоймасы секілді.
Ұлттың үлкен буыны осылай қиямет күнді кешкенде кейінгі
ұрпақ бақытты ғұмыр кеше ме?.. Тіпті, сол күндердің қырғыны
қарғыс болып, кейінгі буынға ұласпай ма деген сауалдар да
авторды ойлантады. Х.Досмұхамедұлының «Бата мен алғысқа
қарама-қарсы түр – қарғыс. Қарғысты дұшпанына, әкесі көңілі
әбден қалған ұлы мен қызына, молла – діннен безгендерге, рубасы
– жаугершілік кезінде елін сатқандарға және т.б. береді» [21, 21]
деп жазғанына сүйенсек, қарғыстың мирасқа айналуы әбден
мүмкін.
Жалған факті, айыптау, куәландырумен талай жанның өмірін
қиған КарЛАГ жайындағы оқиғаларды алғашқылардың бірі болып
әңгіме жанрында көрсеткен Серік Сағынтайдың осы әңгімесі
ерекше аталуға лайық.
Қорыта келгенде, бүгінгі прозаның жетістігі мен кем-кетігін
саралау барысында жас мөлшері отыз бен қырықтың
айналасындағы жазушылардың әңгімелері қолымызға көптеп
ілікті. Ілікпегендері де жетерлік. Қаншалықты мазмұнды, ойлы,
мағыналы болғанымен, бәрін талдап, талғап жатуды жөн көрмедік.
Себебі «тек көркемдік сапасы жетілген, талдауға тұрарлық
шығармалар ғана зерттеуге лайық» деген әдебиеттанушы,
167
жазушылардың сөзін құп көріп, екі-үш жинағы шыққанымен, бес-
алты әңгімесінен басқасының атаусыз қалып жатқаны олардың
көркемдік деңгейінің төмендігін білдіргені. Бәрін болмаса да,
біразын шолып шыққаннан кейінгі аңғарғанымыз, бұл кезеңде
жарық көрген прозалық туындылардың әдеби ортаның назарын
өзіне аударып, оқырманның талап-тілегінен шыға алғандығына көз
жеткіздік.
Достарыңызбен бөлісу: |