Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы



бет19/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   33
19. КҮТПЕГЕН ЖАҒДАЙ
Он бесінші қыркүйектен бастап Поллианна мектепке бара бастады. Ол емтихан тапсырғаннан кейін, білімі жасына сай екені белгілі болды. Енді Поллианна сыныпқа да қуана баратын болды, өйткені ол өз құрбыларын тапты.
Басында Поллианна мектепке әлде мектеп Поллианнаға ұнағанын дөп басып айту қиын. Шындығында олар бір-біріне үлкен тосын сый болды. Әп дегенде-ақ жаңа оқушы мен оқу орны арасында жақсы қарым-қатынас орнаған, тіпті бірде Поллианна тәтесіне: «Мектепке бару – бұл өмір сүру» деді, басында өзі де бұған онша сенбепті, бірақ қазір сенімді екенін айтты.
Мектеп өмірі Поллианнаның көп уақытын алды. Бірақ ол өзінің ескі достарын да ұмытпады. Оларды, әрине, бұрынғыдай жиі көрмегенімен, демалыс күндерін соларға арнайтын. Бірақ Жон Пендлтон Поллианна өзін ұмытқандай сезінетін, оны сағынатын. Осындай бір сенбі күні қыз оны көруге келгенде Жон Пендлтон:
– Поллианна, менің үйіме көшіп келгің келмей ме? Соңғы кезде екеуіміз бір-бірімізді көрмейтін сияқтымыз, – деді. Бұл күтпеген ұсыныс болғандықтан, Поллианна күліп жіберді.
– Ал маған сіз айналаңызда адамдар көп болса, жақтырмайтын сияқты көрінесіз, – деп жауап берді ол. Мистер Пендлтон оған шынымен жақтырмай қарады.
– Былай ғой, сенің айтқаның дұрыс. Бұрын мен айналамда адамдар көп болса, жақтырмайтынмын. Бірақ сен маған өз ойыныңды үйреткеннен кейін, мен қазір айналамда адамдар болғанына қуанамын. Ештеңе етпейді, жақында мен аяғымнан тік тұрғанда, олар бұл жерде басты адам кім екенін білетін болады, – деп қалжыңдады ол Поллианнаға бір балдағын көрсетіп, олар бүгін жатын бөлмеде емес, кітапханада отырған еді.
– А–а, – деп бұртиған Поллианна ернін шүйірді. – Сіз тек қуаныштымын деп өтірік айтасыз, шындығында сіз тек сондай түр жасап жүрсіз. – Пештің қасында жатқан итке қарап, сөзін былай деп жалғады: – Мистер Пендлтон, сіз ойынды дұрыс ойнап жүрген жоқсыз. Оны өзіңіз де білесіз ғой!
Мистер Пендлтонның түрі өте салмақты болып көрінді.
– Міне, сол үшін де сені жиі көргім келеді, қалқам, – деді ол. – Сен мені қуаныш ойынын дұрыс ойнауға үйретуің керек. Сенсіз менің қолымнан келмейтін сияқты. Сол үшін маған көшіп келуге келісесің бе?
– Сіз шын айтып тұрсыз ба, мистер Пендлтон?
– Әрине, шын! Сен маған керек екенсің, Поллианна! Көшіп келесің бе?
Поллианна не айтарын білмеді.
– Жоқ, мен олай істей алмаймын, мистер Пендлтон. Сіз білесіз ғой, мен Полли тәтемдікімін ғой.
Мистер Пендлтонның бетіне көлеңке түскендей болды. Ол басын қиқаң еткізіп:
– Сен оныкі... – деп бастап, бір тоқтап алып, мейірімді үнмен, – мүмкін Полли тәтең саған менің үйіме көшіп келуіңе рұқсат беретін болар. Егер тәтең рұқсат берсе, сен келісесің бе?
Поллианна ойланып қалды.
– Бірақ Полли тәтем маған сондай мейірімді, – деді ұзақ үнсіздіктен кейін. – Ол мені «Әйелдер көмегінен» басқа ешкімім, ешкімім қалмағанда өзіне алды ғой…
Мистер Пендлтон мұңайып қалды.
– Поллианна! Біраз жыл бұрын мен бір қызды жақсы көрдім, – деді ол. – Бір күні мен оны осы үйге алып келемін деп үміттенген едім, онымен бақытты жылдарымды өткіземін деп армандап едім.
– Иә-ә-ә? – деп дауысын соза ол мистер Пендлтонға қарап тұрып қалды.
– Бірақ мен оны бұл үйге алып келмедім, – деп көңілсіз жалғастырды сөзін мистер Пендлтон, – ол... Жалпы неге оны алып келмегенім маңызды емес. Жай ғана алып келмедім, болды. Содан бастап мына сұр тастардан өрілген үй жай ғана баспанаға айналды. Өйткені баспана тек қана әйелің немесе балаң болғанда ғана нағыз ҮЙГЕ, ШАҢЫРАҚҚА айналады, ал менде екеуі де жоқ. Енді неге сенің осы үйде тұрғаныңды қалайтынымды түсіндің бе?
Поллианна орнынан атып тұрып, бір орнында билей бастады. Оның бет-әлпеті қуанғанынан нұрланып тұрған еді.
– Мистер Пендлтон! Сіз... сіз осы уақытқа дейін сол қыздың жүрегін жаулап алуды, онымен қол ұстасып бірге өмір сүруді армандадым дегіңіз келе ме?
– Әрине, Поллианна!
– Мен сондай қуаныштымын. Олай болса бәрі дұрыс, – деп терең дем алды. – Енді сіз ол екеумізді де өз үйіңізге ала аласыз, сонда бәрі керемет болады!
– Екеуіңді де... алу? ... – деді түк түсінбеген мистер Пендлтон.
– Енді, – деп Поллианна оның бетіне қарады, – сіз әлі Полли тәтемнің жүрегін жаулап алмадыңыз ғой. Егер сіз бәрін маған айтқандай оған да айтып бересеңіз, ол қарсы келмейтініне сенімдімін. Сол кезде біз екеуіміз де сізге көшіп келе аламыз.
Енді мистер Пендлтон Поллианнаға тесіле қарады:
– Полли тәтең... осында... көшіп келеді... – деп ол әр сөзін бөліп-бөліп айтты.
– Әлде сіз бізге көшіп келгіңіз келе ме? – деп сұрады Поллианна таңғалғаннан көзі шарасынан шыға. – Олай да болады! Әрине, біздің үй сіздікіндей әдемі емес, бірақ жақын...
– Сен не деп тұрсың Поллианна? – деп сөзін бөлді ол.
– Қалай не деп? Сіз не десеңіз, мен де соны айтып тұрмын, – деп жауап берді Поллианна. – Кім кімге көшетінін шешу керек қой. Басында маған сіз біздің осында тұрғанымызды қалайтын сияқты көрінгенсіз. Сіз өзіңіз осы жылдар бойы нағыз ҮЙ болуы үшін тәтемнің қолы мен жүрегі керек деп айттыңыз ғой...
Осы кезде мистер Жон Пендлтон өзгерді. Ол қолын көтеріп, Поллианнаның көңілін өзіне аударып, сөйлегісі келген, бірақ оның қолы отырған орындығының үстіне сылқ ете түсті. Осы кезде есіктен үй күтуші көрінген.
– Сэр, Чилтон мырза келді, – деп хабарлады ол. Поллианна орнынан тұрып, қоштаса бастады.
– Поллианна, құдай үшін, Поллианна, – деп ақырын ғана жалынды мистер Пендлтон, – сенен не өтінгенімді тәтеңе айтпай тұра тұршы.
– Әрине, мен оған ештеңе де айтпаймын, мистер Пендлтон, – деп күлімдеді Поллианна. – Сіз өзіңіз онымен татуласқыңыз келетінін түсінемін ғой, – дегенді де қосып қойды да, бөлмеден жүгіріп шығып кетті.
Түк түсінбеген Жон Пендлтон орындыққа шалқайды.
– Не боп қалды? Сіз неге қобалжып тұрсыз? – деп Чилтон дәрігер оның тамыр соғысын тексеріп жатып сұрақтың астына алды.
Мистер Пендлтонның езуіне күлкі оралды.
– Менің ойымша, сіздің дәріңіз маған қатты әсер етіп жатыр ғой деймін, – деді дәрігердің Поллианнаның бақшадағы жолмен кетіп бара жатқанын қарап тұрғанын байқаған ол.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет