Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы



бет17/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   33
17. БӘРІ КІТАПТАҒЫДАЙ...
Бұл жолы Жон Пендлтон Поллианнаны қуана қарсы алды.
– Ал, мисс Поллианна, – деп күлімсіреді ол, – сен өзің бәрін кешіргіш жан екенсің, әйтпесе бүгін маған келмес едің.
– Мұныңыз не мистер Пендлтон?! Мен әр уақытта сізге келетініме қуаныштымын. Түсінбеймін, неге мен бәрін «кешіргіш» болуым керек?
– Қалай айтсам екен.... – деп күмілжіп, мистер Пендлтон сөзін жалғастырды: – өткен жолы мені орманда аяғым сынып жатқан жерде тапқаныңда да және үйіме жеткізіп, маған тамақ алып келгеніңде де мен өзімді дөрекі ұстадым. Маған жасаған бар жақсылығың үшін саған алғыс айтуды ұмытып кетіппін. Міне, сондықтан да бүгін маған келуге келісім бергеніңді адамгершілігің деп білемін. Мен өзімді тұрпайы ұстадым...
Поллианна ұялып, орындықта үнсіз отырып қалды.
– Бірақ мен, шынымен де, сол кезде сізді тауып алғаныма қуандым. Айтайын дегенім, сіздің аяғыңызды сындырып алғаныңызға емес, – деп өз сөзін түзеп, қызарып кетті.
Жон Пендлтон күлімсіреді.
– Мен сені түсіндім, – деді мейіріммен. – Сен көбінесе алдымен сөйлеп, сосын ойланасың. Ештеңе етпейді. Бастысы – сен бәрін дұрыс істейсің. Ормандағы жағдайдан кейін мен сенің өте батыл қыз екеніңді түсіндім. Шын мәнінде, саған сондай риза болдым. Тамақ әкелгенің үшін де саған рақмет айтамын!
– Сізге ұнады ма? – деп сұрады Поллианна.
– Өте! Бүгін де маған бірдеңе ала келдің бе? Полли тәтең беріп жібермеген қандай да бір тәтті жесек қой!
Кішкентай қонақ мистер Пендлтонға ұяла қарады:
– Жо-жоқ, алып келмедім, – деді ол. – Мистер Пендлтон, білесіз бе, – деп жалғастырды ол, әр сөзінен кейін одан әрі қызара түсіп, – мен Полли тәтем беріп жібермеді деп тіпті де айтқым келмеген.
Жон Пендлтон ештеңе деп жауап қатпады. Ол алысқа көңілсіз көз тігіп, өз ойымен өзі қалды. Осылай екі минуттай өтті. Сонан соң ол күрсініп, Поллианна бар екенін есіне алды.
– Ал енді бұлай болмайды, – деді ол. – Мен сені өзімнің көңілсіз күйімді көрсету үшін шақырған жоқпын ғой. Сен кітапханаға барып келші, ол әлгі өзің сол күні қоңырау шалған үлкен бөлме. Пештің қасындағы кітап сөресіндегі өрнектеп ойылған сандықшаны алып келші. Ол сол жерде болуы керек, егер мына ақымақ тәтең «өз орнына қоймаса». Сол сандықшаны алып осында келші. Негізі, ол өте ауыр, бірақ көтере аласың деп ойлаймын.
– Әрине, мистер Пендлтон! Мен мықтымын ғой! – деп Поллианна бөлмеден жүгіріп шықты.
Қолына сандықшаны алып, тез оралды. Келесі жарты сағат керемет өтті.
Қорапта мистер Пендлтонның әрбір сапарынан алып келген сирек кездесетін заттар сақталған еді. Әр зат: ол Қытайдан алып келген керемет шахмат немесе нефриттен жасалған кішкене мүсінше болсын, – бәрінің тарихы бар, әйтеуір бір оқиғаны еске түсіруге көмектесетін естелігі бар. Мистер Пендлтон ол естеліктерді ризашылықпен еске алып отырды. Оның әңгімесі кішкене мүсінге жеткенде Поллианна армандап былай деді:
– Иә, Үнді елінің баласын тәрбиелеу оңай болар. Ол ештеңе білмейді. Ол Құдай осындай мүсінде отыр деп ойлайды. Әрине, ол Жимми Бинге қарағанда қызығырақ, өйткені Жимми Құдайдың аспанда екенін біледі. Бірақ мен Жиммидің де керек екенін біреу болмаса, біреу білсе екен деймін.
Бірақ Жон Пендлтон оның қызу әңгімесінің бірде-бір сөзін естіген жоқ. Ол тағы да алысқа қарап тұрып, өз әлемінде шарықтап жүр еді, ол әлемде Жимми Бин түгілі Поллианнаға да орын жоқ. Біраздан кейін ол қонақ бар екенін есіне алып, қораптағы келесі затты алып, оның тарихын айта бастады.
Бұл жолы олар тек қораптағы заттар туралы сөйлеспеді. Сонымен қатар, мистер Пендлтон аяқ астынан Нэнси, Полли тәтесі туралы және қыздың алыс Батыста қалай өмір сүргені туралы сұрай бастады. Поллианна үйіне кетуге жинала бастағанда, таңданысына қарай, Жон Пендлтон онымен мейірлене сөйлесті. Мистер Пендлтонға құрметпен қарайтын қыз бұл кісінің мейірімі өзі ойлағаннан да көбірек екенін тіпті білмеген еді.
– Айналайын, маған жиі келіп тұршы? Келістік пе! Түсінесің бе, мен жалғызбасты адаммын, сен маған керек екенсің. Тағы да бір себеп бар, себебін қазір түсінесің. Өткен жолы сенің кім екеніңді білгенімде, енді сені көргім келмеген. Түсінесің бе? Сен маған ұзақ жыл бойы ұмытқым келетін жайларды есіме салдың. Міне, сондықтан да енді сенімен көріспеймін деп ойлағанмын. Дәрігерім күнде менен сені шақырайық па деп сұрағанда, мен қарсы болдым. Біраз уақыт өткеннен соң, сені көргім келетінін түсіндім. Өйткені сен жоқ болғанда, мен ұмытқым келген жағдайды азаппен еске алады екенмін. Бір сөзбен айтқанда, сенің маған келіп тұрғаныңды қалаймын. Сен келісесің бе?
– Әрине, келісемін, мистер Пендлтон, – деді жаймен Поллианна, оның көңілсіз бетіне қарап. – Мен сізге қуана-қуана келемін!
– Рақмет саған, айналайын! – деп мейірлене жауап берді Жон Пендлтон.
Сол күні кешкі ас алдында Поллианна мен Нэнси оның мистер Пендлтонға барғаны туралы әңгімелесіп отырған. Алдымен Поллианна өрнегі бар сандықша және оның ішінде сақталған «қазына» туралы айтты.
– Керемет! – деді Нэнси. Ол саған бәрін көрсетіп, айтып берді ме? Ол өзі кісікиік адам еді ғой. Ешкіммен ешқашан сөйлеспейтін, мен саған айтайын, ешкіммен сөйлеспейтін.
– Бірақ оның тек сыртқы келбеті ғана суық, – деп досын қорғады Поллианна. – Ол ешқандай ашушаң да, долы да емес, ол мейірімді жан. Неге барлығы оны жаман адам деп ойлайтынын түсінбеймін? Егер де оны жақынырақ таныса, ол туралы адамдар жаман айтпас еді. Оны Полли тәте де жақтырмайды. Білесіз бе, Нэнси, ол өткен жолы тамақ беріп жібергісі келмеген. Ол маған «мен беріп жіберді» деп ойлап қалмаса екен деп айтты.
– Ол мистер Пендлтонды «өзімнің борышым» деп санамайтын шығар, – деп кекетті Нэнси. – Бірақ мынаны түсінбеймін, неге ол саған жабыса қалды? Сен, әрине, маған ренжіме, мисс Поллианна, бірақ мистер Пендлтон балаларды жақсы көретін адам емес. Адам емес, қайталап айтамын мен саған, ондай адам емес. Балаларды жақсы көретін адам емес!
– Бірақ ол маған бауыр басып қалды, Нэнси, – деп Поллианна қуана сөзін жалғады. – Басында ол мені жатсынған. Ал бүгін маған басында мені көргісі келмегені туралы шынын айтты. Ол маған «сен маған ұзақ жыл бойы ұмытқым келетін жайларды есіме саласың» деп айтты, бірақ сосын...
– Қалай деп айттың? – деп Нэнси оның сөзін бөлді. – Сен оған ұмытқысы келетінін есіне саласың ба?
– Иә, сосын...
– Ол не деді? – деді Нэнси.
– Жоқ, ол ешнәрсе айтпады. Ол жай ғана ұмытқысы келетінін айтты. Сонымен бітті.
– Әрине, түсінікті болды, шұлықтарым менің, панталондарым менің! – деп әндетті Нэнси. Менің мұрныма бір иіс келеді, бұл жерде бір құпия бар! Әй, Поллианна! Әй, күнім! Бұл тура кітаптағыдай. Тура кітаптағыдай, міне, мен солай айтамын, қалқам менің. Мен бұл туралы «Мод бикештің құпиясы», «Ұрланған мұрагер» және «Ұзақ жылдарға тығылған» деген кітаптардан оқығанмын. Бұлар керемет кітаптар. Ол жерде құпия, тағы басқа жайттар туралы жазылған. Менің бағы бар үйім! Мен кітаптағыдай адамдар көз алдымда жүреді деп ешқашан ойламаппын. Ал, қалқам, айта бер, айта бер! Ол саған не деп айтты? Жоқ, ол саған бекер бауыр баспады. Мен саған мынаны айтайын, бекер емес. Бекер емес, мен саған айтып тұрмын, қалқам менің.
– Жоқ, Нэнси! – деп қарсыласты Поллианна. – Мен өзім онымен көшеде бірінші болып сөйлескенмін. Ол тіптен мен оған сиыр сирағынан жасалған тамақ апарып бермейінше, менің кім екенімді білмеген. Сол кезде ғана білді. Өйткені мен оған Полли тәте неге тамақ бергісі келмегенін түсіндіруім қажет болды. Және... – Нэнси орнынан тұрып, шапалақтай бастады.
– Мисс Поллианна! – деді ол. – Қалқам менің! Мен білемін! Мен саған мынаны айтайын, мен білемін! – Ол Поллианнаның жанына отыра кетті.
– Ал айта ғой... Тек ойланып алып айт, қалай болғанын. Сен оған мисс Поллидің жиені екеніңді айтқаннан кейін, ол сені көргісі келмейтінін айтты ма?
– Иә, солай. Мен оған бұл туралы өткен жолы айтқанмын, ал ол бүгін ғана маған мені көргісі келмегені туралы айтып тұр.
– Мен де солай екенін біліп едім! – деді салтанатты түрмен Нэнси. – Ал мисс Полли оның атынан тамақ апарып бергеніңді қаламады.
– Иә.
– Сен оған оның жібермегенін айттың ба?
– Мен... – деп Поллианна сөз қосуға тырысты.
– Ал ол, – деп жалғастырды Нэнси. – Сенің жиені екеніңді біліп, өзін қызық ұстады ма?
– Иә, – деп ойланып жауап берді Поллианна, – ол өзін қызық ұстады, менің ойымша, ол берген тамаққа риза болмаған сияқты, – деді ренішпен. Нэнси жан-жағына бір қарап алды да, терең дем алып:
– Ал енді мен нақты білемін. Мен саған мынаны айтайын, қалқам, мен нақты білемін! Ал тыңда, тыңда мені! Мистер Жон Пендлтон мисс Поллидің ғашығы, жігіті болған! – деп сеніммен хабарлады.
– Жоқ, ол мүмкін емес, Нэнси! Ол оны жақсы көрмейді ғой! – деп қарсыласты Поллианна. Нэнси ғылыммен сусындаған ақылды адамның алғашқы қауымның жабайы адамына қарағанындай аяушылықпен қарады.
– Белгілі ғой, оны жақсы көрмейді! Олар ұрсысып қалған. – Бірақ осындай дәлел айтқаннан кейін де, оған Поллианна сенбеді. Осыны байқаған Нэнси есік алдына отырып алып барлық әңгімені тәпіштеп түсіндіре бастады.
– Қалқам, бәрі былай болған. Сен келер алдында маған мистер Том сенің тәтеңнің бір адамы болған деген.
– Қандай адам? – деп таңғала сұрады қыз.
– Ғашық адамы, сен қандай ақымақсың, қалқам менің, – деп жалғастырды Нэнси. – Мен мистер Томға сенбегенмін. Ол және ғашық жігіт! Бірақ мистер Том маған тағы бір рет айтты: болды, бітті. Оған қоса ол біздің қалада тұрады! Міне, ол осылай айтты, қалқам! Бірақ ол кім екенін айта алмайды, өйткені «отбасы құпиясын сақтауға міндеттімін» деп айтты. Міне, осылай айтты: отбасы құпиясы. Ал қазір екеуіміз мистер Томсыз-ақ ғашық жігіттің сөзсіз Жон Пендлтон екенін білеміз. Өзің қарашы, оның құпиясы бар ма? Бар. Өзінің үлкен үйінде жападан-жалғыз тығылып отыр ма? Тығылып отыр! Сен оған өзіңнің тәтеңнің кім екенін айтқанда өзін қызық ұстады ма? Ұстады! Сосын ол бір нәрсені ұмытқысы келетінін ашық айтты ма? Айтты! Бәрі түсінікті ғой! Енді бұл тіпті ақымаққа да түсінікті ғой, оның мисс Поллиді ұмытқысы келетіні. Ұмытқысы келеді, бірақ қолынан келмейді. Мен саған мынаны айтайын: қолынан келмейді. Ұмытқысы келеді, мен саған айтайын, бірақ қолынан келмейді. Міне, осылай қалқам!
– Солай де, – деп көзін бақырайтып, терең дем алды Поллианна. – Бірақ, Нэнси, маған «Неге олар соншама жыл бойы татуласпаған?» деген ой келді. Олар бір-бірін жақсы көреді ғой? Олар екеуі де жалғыз. Менің ойымша, олар татуласқанына қуанар еді.
Нэнси жақтырмай мұрнын тыржитты:
– Қалқам менің, саған бұл туралы айту әлі ерте. Сен ғашықтар туралы ештеңе түсінбейсің. Бірақ бір нәрсе туралы ойың дұрыс: осы өмірде сенің қуану ойыныңды түсінбейтін адам болса, олар біздің қос ғашығымыз. Мен саған, қалқам менің, бұл екеуі деп айтамын. Екеуі деп мен саған айтамын. Қарашы, жігіт әрқашан ашулы, ал ол....
Аяқ астынан кімге және кім туралы айтып жатқаны есіне түсіп, Нэнси үндемей қалды. Бірақ біраз уақыт өтпей-ақ, ол абыржығанын ұмытып кетті.
– Ал тыңда, тыңда! – деп қатты күлді ол. Ал егер оларды сенің ойыныңа тартсақ қайтеді? Ойлап көрші, олар татуласқанына қуанышты болса. Ата-бабамның жері! Бүкіл қала таңданар еді. Мисс Полли және ол! Бірақ, анығы, бұл мүмкін емес. Мен саған мүмкін емес деп айтамын!
Поллианна орнынан тұрып үйге қарай бет алды. Салмақты кейіпте. Ол бір нәрсені ойластырғаны анық еді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет