Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы



бет18/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   33
Байланысты:
Поллианна 19 12 2022

18. ШЫНЫЛАР

Шынына келсек, Поллианнаның жиі келуі Мистер Пендлтонның көңілін көтере алған жоқ. Сонда да ол оны жақсы көңілмен қарсы алатын болды, ал кейде оның артынан адам жіберетін. Ол келгенде, қолынан келгенше, көңілін көтеруге тырысатын. Оған қызықты әңгімелер айтатын, Пендлтондар үйінде сақталған керемет кітаптарды, суреттерді немесе жиі кездеспейтін заттарды көрсететін. Үйіндегі әдемі, қызық бұйымдармен қатар ол сол жердегі «шақырылмаған қызметшілердің» сол үйге «өздерінің тәртібін орнатып жүргенін» қарғап айта бастайтын. Бірақ мистер Пендлтонға өзін тыңдау ұнайтынын сезген Поллианна күнде өзі туралы әңгіме айта беретін.


Бірақ Пендлтон оны соңына дейін тыңдады ма, жоқ па, – соған сенімсіз еді. Оның түрі жиі өзгеретін және біраз уақытқа өз ойларымен өзіне ғана белгілі әлемге ұзап кететін. Поллианна қай уақытта, қандай әңгімелері мен сөздері оны осындай ойлы күйге салатынын түсіне алмай-ақ қойды. «Оның ойға беріліп кете беруіне менің әңгімелерімнің еш қатысы жоқ шығар» деп ойлайтын. Ең бастысы, өзінің сүйікті ойыны туралы айтып бере ала ма жоқ па, соны білмеді. Ол тіптен ойыны жайлы тыңдамай қоя ма деп қауіптенді. Екі рет айтуға тырысып көрген. Екеуінде де «менің әкем сол кезде былай» деп бастай бергенінде, мистер Пендлтон оның сөзін бөліп, әңгімені басқа тақырыпқа ауыстырып жіберетін.
Бұл жағдай Нэнсидің айтқаны дұрыс екенін дәлелдей түсетін, сондықтан ол мистер Пендлтонның бір кездері Полли тәтесіне ғашық болғанына күмән келтірмеді.
Енді қызымыз алдына жаңа мақсат қойды: ол бар күшімен жаны күйзеліп жүрген жандарға қуаныш сыйлауға бел буды. Бірақ ол мұны қалай істейтінін көз алдына елестете алмады. Ол мистер Пендлтонға тәтесі туралы айтуға тырысты. Ол әрқалай қабылдайтын. Кейде әңгімесін ықыласпен тыңдайтын, кейде ашуланатын, ал бірнеше рет оның көңілсіз жүзіне күлкі үйірілген. Мистер Пендлтон туралы Полли тәтесіне де айтып көрген, бірақ ол оны басында мүлдем тыңдамайтын. Қазір тыңдайтын болды, бірақ көп емес, сосын, оның ойынша маңызды нәрсе тауып, әңгімені басқа жаққа бұрып жіберетін. Тәтесі әр кез Поллианна өзінің достары туралы айта бастағанда осылай жасайтын. Тіпті оның Чилтон дәрігер туралы әңгімені де тыңдамайтыны жиенін таңғалдыратын. Әрине, мистер Чилтон оны шілтер орамалға оранып, шашына раушан гүлін таққан сәтін көргенде, тәтесі ұялып қалғанын Поллианна түсінеді. Жақында тәтесінің Чилтон дәрігерді жақтырмайтынын білгенде, таңғалысы тіпті күшейді.
Ол мұны суық тиіп, күні бойы үйде отырғанда түсінді.
– Егер сен кешке дейін тәуір болмасаң, мен дәрігер шақыртамын, – деді Полли тәтесі.
– Онда мен кешке дейін жазылмаймын! – деді Поллианна. – Мені Чилтон дәрігер қарағанын қалаймын!
Тәтесі оған біртүрлі қызық қарағанда, ол ойланып қалды.
– Мен саған Чилтон дәрігерді шақыртпаймын, Поллианна, – деді мисс Харрингтон. – Біз отбасмызбен Уоррен дәрігерге қараламыз. Керек болса, сол келеді.
Поллианнаның бақытына орай кешке дейін жазылып кетіп, Уоррен дәрігерді шақыртудың қажеті болмады.
– Полли тәте, дәрігер шақырудың қажеті болмағанына сондай қуаныштымын, – деді ол кешкі ас кезінде. – Әрине, маған Уоррен дәрігер ұнайды, бірақ басқа дәрігерлер де ұнайды. Бірақ мистер Чилтон бәрінен де қатты ұнайды. Түсінесіз бе, Полли тәте, егер мен оны шақырмасам, ол маған ренжіп қалар еді. Мен сіздің шашыңызды әдемілеп тарап бергенімді көріп қойғаны үшін, ол кінәлі емес қой....
– Жетеді, Поллианна! – деп тәтесі оны тоқтатты. – Мен Чилтон дәрігер туралы да, оның өзін қалай ұстайтыны туралы да пікір білдіргім келмейді.
Поллианна бір сәтке орнында тұрып қалды. Ол тәтесінің неге ренжіп тұрғанын түсінбей, көңілсіз күйге түсті. Бірер минуттан соң ол тәтесінің беті қызарып шыға келгенін көрді.
– Полли тәте! – деп ол қайтадан самбырлай жөнелді. – Сіздің бетіңіздің алаулағанын көрсем, қуанамын. Сіз сондай әдемісіз, Полли тәте! Өтінемін, Полли тәте! Қазір сіздің шашыңызды тарап беруіме бола ма? Егер... Полли тәте! – деп тәтесіне қарай жүрді.
Бұл жолы мисс Полли Харрингтон жылдамырақ болды. Ол өзіне жақын жанның өтінішін қабылдап қоймас бұрын орнынан тездетіп тұрып, шығып кетті.
Тамыз айының аяғында Поллианна Жон Пендлтонның үйіне барғанда, оның жастығынан кішкентай кемпірқосақ көрді. Ол сондай әдемі, алуан түсті жолақ болатын. Көгілдір, сары және жасыл түс, ал екі шетінде көк пен қызыл. Поллианна керуеттің жанында таңғалып, қызықтап тұрып қалды.
– Мистер Пендлтон! Мистер Пендлтон! Бұл кішкентай кемпірқосақ қой! Сізге нағыз кемпірқосақ қонаққа келіпті! – деп қуана шапалақтай бастады. – Қандай әдемі! Ол бұл жерде қалай пайда болған? – деп таңғалды Поллианна.
Жон Пендлтон бұл таңда көңілсіз еді.
– Мен оны терезедегі шыны термометр арқылы бері «өтіп кеткен» деп ойлаймын, – деп түсіндірді ол. – Термометрдің күн астында тұрғаны дұрыс емес, бірақ таңертең күн осы терезеге түседі.
– Бірақ мистер Пендлтон! Бұл өте әдемі ғой! Терезеден термометрге күн сәулесі түскеннен осындай әдемі түстер пайда бола ма? Менде осындай термометр болса, оны тек күн көзінде ұстар едім!
– Ол кезде термометрдің пайдасы болмайды! – деп көңілді жауап берді мистер Пендлтон. – Егер термометр үнемі күн астында тұрса, күннің ыстық не салқын екенін қалай білетінің қызық болып тұр?
– Маған, бәрібір болар еді! – деп мистер Пендлтонның жастығындағы кішкентай кемпірқосақтан көзін алмай, батыл жауап берді Поллианна. – Сенің бөлмеңде күні бойы кішкентай кемпірқосақ тұрса, далада жылы ма, суық па, – бәрібір емес пе?
Мистер Пендлтон одан бетер көңілденіп, күле бастады. Содан соң ол Поллианнаның таңғалған жүзіне қарады. Бір кезде маңдайын ұстап, басына бір ой келгендей, қоңырауды басты.
– Нора, – деді, қартамыс үй күтушісі есікке жақындағанда, – өтінемін, маған бөлмедегі пеш артында тұрған үлкен қола шырақ қойғышты алып келіңізші.
– Қазір алып келемін, сэр, – деп таңғала жауап берді үй күтушісі.
Біраздан соң ол қайтып келді. Оның жүрісі әдемі қоңырау үнімен қатар естілген. Бұл шырақ қойғышқа ілінген көптеген шынылардың дыбысы еді.
– Рақмет, Нора. Оны үстел үстіне қойыңыз, – деді мистер Пендлтон. – Ал енді пердені түсіріңіз де, терезеге жіп тағыңыз. Міне, бітті. Ал енді кете беріңіз.
Үй күтушісі кеткеннен кейін көңілденіп, қызға қарады:
– Ал, Поллианна, шырақ қойғышты алып келші!
Ауыр шырақ қойғышты қос қолымен көтеріп әкеп мистер Пендлтонға берді. Көзді ашып жұмғанша ол шыныларды жұлып алды.
– Ал, қалқам, мыналарды ал да, терезедегі жіпке іле ғой. Сен бөлмеге кемпірқосақ кіргізгің келіп еді ғой, мен бұдан басқа жолын көріп тұрған жоқпын.
Басында Поллианна мұның бәрі мистер Пендлтонға не үшін керек деп ойлаған. Жіпке үш шыныны ілгеннен соң ол бөлмеге қарап еді, үлкен досының не ойлағанын түсінді. Қатты толқығаннан, оның қолы өзіне бағынбай дірілдей берді. Бірақ тез жинақталып, барлық шыныны жіпке тізіп шықты. Ол терезе жанында тұрып, бөлмеге қарап еді, жатын бөлмені көңілді бір күй жайлап алғанын көрді. Поллианна таңғаларлықтай керемет жан еді! Осыған дейін көңілсіз тұрған бөлмеге жан бітіріп, қуанышқа толы сарайға айналдырды. Қабырғаларда, төбеде қызыл, жасыл, көк, сарғыш, сары және көгілдір түстер билей жөнелді. Үйдің іші сан алуан түске малынып, мерекелік күйге енді.
– Қандай керемет! – деп қуана жымиды Поллианна. – Мистер Пендлтон! Мистер Пендлтон! Маған тіпті күн де бізбен бірге ойын ойнап жатқандай көрінеді! Сізге де солай сезілді ме? – деді өз ойынымен таныстырмағанын ұмытып кеткен ол. – Менің де осындай заттарым болғанын қалаймын, – деп жалғастырды сөзін. – Сол кезде мен шыныларды Полли тәтеме, миссис Сноуға, тағы басқа адамдарға берер едім. Сол кезде олар да қатты қуанар еді деп ойлаймын. Тіптен Полли тәтем де қатты қуанғаннан, өзін ұстай алмай, есікті тарсылдатып жабар ма екен? Сізге де солай көріне ме, мистер Пендлтон?
– Қалай айтсам екен, мисс Поллианна, – деп күлді мистер Пендлтон. Сенің тәтеңді жақсы білсем, оның қуанып, есікті тарсылдатып жабуы үшін мұндай шынылар жеткіліксіз деп ойлаймын. Ол үшін басқа нәрсе қажет пе деп қорқамын. Ашығын айтсам, мен күн қандай ойын ойнап жатыр және неге адамдардың бәрі қуануы керек дегеніңді түсінбедім.
Поллианна біраз уақыт таңғала қарап тұрды да, басын шайқады:
– Мистер Пендлтон, тіптен ұмытып кетіппін! Сіз ойын туралы түк те білмейді екенсіз ғой!
– Мен ойын туралы білмесем, онда маған да айтып берсеңші.
Поллианна оған әңгімесін айта бастады. Ол әңгімесін қуыршақ орнына келген балдақтан бастап, соңына дейін жеткенше, мистер Пендлтон оның сөзін бөлмеді. Ол әңгімесін айтып жатты, айтып жатты, бірақ көзін бөлмені кемпірқосақтың жүздеген сәулесімен көмкерген шынылардан алмады.
– Міне, осымен бітті, – деп аяқтады ол әңгімесін. – Енді сізге күн де бізбен ойын ойнап жатыр дегенім түсінікті ме?
Бірер секундқа бөмеде тыныштық орнады, содан соң мистер Пендлтон тұнық даусымен былай деді:
– Енді түсінікті болды. Поллианна, бұл әлемде сенен артық жақсы адам жоқ деп ойлаймын.
– Қойыңызшы, мистер Пендлтон. Маған қанша күн сәулесі түссе де, мен мынандай сәулелерді шаша алмас едім.
– Солай ма? – деп күлімдеді оған мистер Пендлтон.
Сол кезде ғана Поллианна оның көзіндегі жасты байқады.
– Әрине, қолымнан келмейді, – деп жауап берді ол. – Полли тәтем маған күн көзінде көп тұруға болмайды дегенін білесіз бе? Одан бетімдегі секпіл көбейіп кетеді деп айтқан, – ол бетіндегі секпілдері есіне түсіп қатты күрсініп алды.
Осы кезде мистер Пендлтон теріс қараған, бірақ Поллианна оның мырс етіп күлгенін естіді. Дегенмен оған мұқият қарағанында ол күліп емес жылап тұрғандай сезімде болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет