Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы



бет2/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33
Байланысты:
Поллианна 19 12 2022

1.Мисс Полли


Маусым айының бүгінгідей жайма шуақ күнінде мисс Полли Харрингтон асханаға күндегіден жылдамырақ кірді. Бұл сабырлы, бір қалыптан танбайтын мисс Полли үшін қалыпты жағдай емес еді, сондықтан ыдыс жуып тұрған Нэнси аузын ашып, таңғалып қалыпты. Ол мисс Поллидің үйінде небәрі екі-ақ ай жұмыс істесе де, оған үй иесінің бір қалыптан ауытқымайтын темірдей тәртібі таныс еді. Бүгін мисс Полли асығыс екен:
– Нэнси!
– Иә, мэм? – Нэнси ыдыс жуып тұрып, көңілді жауап берді.
– Нэнси! – бұл жолы мисс Поллидің дауысы қатты шықты: – мен сенімен сөйлескенде, жұмысыңды қоя тұрып, мені мұқият тыңдасаң деймін!
Нэнси ұялғаннан қызарып кетті. Ол құмыраны үстелге апыл-ғұпыл қойып жатқанда, оны сүрткен орамалын қолы іле кетіп, құмыра еденге құлап кете жаздады. Нэнси одан бетер ұялып кетті:
– Сіз өте дұрыс айтасыз, әрине, мэм, – деді құлап бара жатқан құмыраны шап беріп ұстап: – Мен тез-тез жұмысымды бітіріп алайын деп жалғастыра беріп едім. Сіз өзіңіз маған ыдысты тез жууды бұйырдыңыз ғой.
Үй иесі қабағын түйіп:
– Жетеді, Нэнси! Мен сенен жағдайды түсіндіруді сұраған жоқпын. Тек мені мұқият тыңдағаныңды қалаймын, – деді.
– Тыңдап тұрмын, мэм, – деді Нэнси.
«Мына әйелге ешқашан жақпайтын шығармын!» – деп ойлады ол. Біреуге жалданып жұмыс істеу туралы ой Нэнсидің өңі түгіл түсіне де кірмеген еді. Бірақ әкесі аяқ астынан қайтыс болып, анасы бұл қайғыны көтере алмады. Ал үйінде Нэнсиден басқа үш бала бар, сондықтан отбасын асырауды біреу мойнына алуы керек болды. Жотада орналасқан Үлкен үйдің асүйінен жұмыс табылғанда, ол қатты қуанды.
Нэнси отбасымен жотадағы Үлкен үйден алты миль қашықтықта орналасқан Корнер атты елді мекенде тұратын. Бұрын ол Харрингтондар сарайының жалғыз билеушісі мисс Полли Харрингтонды осы қаладағы ең бай тұрғын деп қана білетін. Екі ай ішінде Нэнси мисс Харрингтон туралы көп нәрсеге қанық болды. Үй иесі түсі суық, талапшыл бикеш еді. Бірнәрсе шашылып жатса, еденге пышақ түсіп кетсе не есік тарс етіп жабылса, қабағы түйіле кететін. Пышақ еденге түспесе де, есік қатты жабылмаса да, тіпті ештеңе болмаса да, мисс Поллидің қуанғанын не күлімсірегінін көрмейсің.
– Таңертең орындайтын жұмыстарыңды аяқтаған соң, шатырдағы кішкентай бөлмені жинастыр, – деп жалғастырды сөзін мисс Полли. – Ол жердегі сандықтар мен жәшіктердің бәрін шығар. Еденді сыпырып, дұрыстап жу және ол бөлмеге төсек қой.
– Жарайды, мэм. Тек шығарған заттарымды қайды қояйын?
– Төбеге, қарама-қарсы жағына қоясың..., – мисс Полли ойланып былай деді: – Нэнси, саған бәрін бірден ашық айтуым керек деп ойлаймын. Бұл жерге менің жиенім мисс Поллианна Уиттиер келеді. Ол он бір жаста. Осы үйде бізбен бірге тұратын болады.
– Мисс Харрингтон! Үйге бала келеді дейсіз бе?! Міне, керемет! – деп Нэнси қуанып кетті. Үйінде сіңлісі болғандықтан, ол қыз баланың жүрген жері шаттыққа толы екенін білетін.
– Керемет пе? – деп сұрады мисс Полли. – Мен олай демес едім. Әрине, мен қолымнан келетін нәрсенің бәрін істеймін. Борышымды өтеуге қажырым жетеді деп үміттенемін.
Нэнси тағы да қызарып кетті.
– Әрине, мэм. Мен тек үйде бала болса, сіз де қуанатын шығарсыз дегім келген.
– Бұл сөзіңе рақмет, Нэнси! – деді қатқыл үнмен мисс Полли, – бірақ өмірімде басқа нәрселерге қуануым керек сияқты.
– Сіз өзіңіз оның осында келгенін қаладыңыз ғой, – деп қоймады Нэнси. Ол енді өзі қамданбаса, келетін кішкентай қонақты ешкім жақсы қарсы алмайтынын сезді.
Мисс Полли қабағын шытып қызметші қызға қарады:
– Солай, Нэнси. Әпкемнің ақымақтық жасап, дәп сол жігітке күйеуге шыққанын түсінбей өтетін шығармын. Мына әлемде онсыз да балалар көп, ол солардың санын одан сайын көбейте түскеніне ақылым жетпейді... Неге бұны сенен сұрап тұрмын десеңші? Неге біреудің қателігі үшін мен жауап беруім керек, біреуді тәрбиелеуім керек? Жоқ, құрметтім, бұл жерде мәселе менің нені қалап, нені қаламағанымда емес. Жай ғана, менің адамдық борышымды өтеуге деген жауапкершілігім өте жоғары деңгейде! Нэнси, тағы бір рет қайталаймын: бөлмені дұрыстап жинап, бұрыш-бұрышына дейін тазала, – деп сөзін аяқтады да, мисс Полли тез бұрылып, асүйден шығып кетті.
– Мақұл, мэм, – деп Нэнси оның артынан бір күрсініп алып, ыдыс жууға кірісті.
Мисс Полли бөлмесіне келіп өміріне аяқ астынан өзгеріс алып келген хатты қолына алды. Ол хат Алыс Батыстағы кішкентай қалашықтан жолданған. Мисс Полли мекен жайы басқаша жазылған болар деген үмітпен тағы бір рет хатқа үңілді. Бірақ хатта: «Белдингсвиль, Вермонт, мисс Полли Харрингтонға» деп жазылған. Мисс Полли екі бүктелген қағазды алды. Ішіндегі мәтінді ол жатқа білетін:
Құрметті мадам!
Сізге Жон Уиттиердің екі апта бұрын қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды жеткіземін. Өзіңіз білетіндей, ол кішкентай шіркеуде қызмет етіп, аз ғана жалақы алатын. Ол өзінен кейін мұраға тек бірнеше кітап қана қалдырды. Оның он бір жасар қызының алдағы тағдыры белгісіз.
Мистер Жон Уиттиер маған сіздің біраз жыл бұрын мезгілсіз қайтыс болған әйелінің әпкесі екенініңізді айтқан. Сонымен қатар ол отбасыларыңыздың достық қарым-қатынаста болмағанын да ескерткен. Бірақ, осыған қарамастан, ол кетерінің алдында, бұл баланы әпкеңіздің көзіндей көріп, өз тәрбиеңізге алып, оны мейіріміңізге бөлейтініңізге үміттенді.
Осыған байланысты сізге хат жазуды ұйғардым.
Сіз осы хатты алған кезде, қыз да жол жүруге дайын болады, барлығы сіздің шешіміңізге байланысты. Егер келіссеңіз, біз сізге алғыс білдірер едік. Жауабыңызды кешеуілдетпеуіңізді сұраймыз. Бір сенімді отбасы сіз тұратын жаққа жолға шыққалы отыр, баланы соларға ілестіріп жіберсек пе дейміз. Қызымыз олармен Бостонға дейін жетіп алады, кейін оны Белдингсвилльге жүретін пойызға отырғызып жібереді. Оның қашан және қай пойызға отыратынын сізге қосымша хабарлаймыз.
Құрметті мадам, сізден тез арада жауап келеді деп үміттенемін. Сізге деген құрметпен Иеремия О.Уайт»
Мисс Полли көңілсіз күйде хатты орнына қоя салды. Ол кеше мистер Иеремия О.Уайтқа қызды өзі алатынын айтып хат жазып жіберген. «Егер адам өз борышына үлкен жауапкершілікпен қарап үйренсе, басқаша істеу қолынан келмейді», – деді ол өзіне-өзі разы кейіппен.
Мисс Полли өзінің жиырма жасар әпкесі Женнидің, ата-анасының қарсылығына қарамастан, сөзінде тұрып, жас пасторға күйеуге шыққанын есіне алды. Әпкесінің артынан бір бай жігіт жүгірген, үй іші соны таңдайды деп ойлайтын. Бірақ Женни ол туралы тыңдағысы да келмеді. Пастор жігіт бай жігітке қарағанда жас, еркін, кедей болса да, жүрегі махаббатқа толы еді. Женни еш ойланбастан, жастық пен махаббатты таңдады. Бір сөзбен айтқанда, ол діндар адамның жары болып, Оңтүстікке кеткен еді.
Содан бері ата-анасы онымен байланысын үзген. Ол кезде мисс Полли он бес жаста болатын, бірақ осы оқиға есінде қатты сақталыпты. Ата-анасы әпкесінің отбасымен араласқысы келмеді. Женни төркінімен жылы қарым-қатынас орнатқысы келіп, бірнеше рет талпыныс жасады, тіпті тірі қалған жалғыз баласын (қалған балалары қайтыс болған), Полли және Анна деп, қос сіңлісінің есімін байланыстырып Поллианна деп атаған. Осы туралы жазған хатына туыстары жауап та қатпаған. Женниден одан басқа хат келмеді. Ал бірнеше жыл бұрын Алыс Батыстағы кішкене қалада тұратын пастордан әйелінің қайтыс болғаны туралы қысқаша хабарлама келді.
Бірақ жотадағы Үлкен үйдің адамдарына да уақыт өз дегенін істеді. Мисс Полли алысқа қарап тұрып, осы жиырма бес жыл ішінде басынан не өтпеді деп ойлады. Қазір ол қырық жаста және бұл әлемде жападан жалғыз: әкесі, анасы, әпкесі – барлығы қайтыс болған. Міне, бірнеше жыл болды, ол мына даңғарадай үйдің иесі де, мұрагері де – бір өзі. Таныстарының бәрі оның жалғыз екеніне аянышпен қарап, мүсіркеп тұрады және оларын ашық білдіреді. Көбі үйге құрбысын не бірге жұмыс істейтін әріптесін тұрғызуға ақыл беретін. Бірақ мисс Полли айналасында адамдардың көп болғанын қаламайтынын, керісінше, тыныш өмір сүргісі келетінін айтатын. Міне, сонымен...
Бұрынғысынша көңілсіз, ернін тістелеген мисс Полли отырған орнынан тұрды. Әрине, оның мақтануға тұратын қасиеттері де болатын. Ол өзіне тағы да «борышын өтеуге шыдамы жететінін және осылай өмір сүретінін» дәлелдеді. Бірақ Поллианна... Балаға осындай ат қойғанын қарашы!




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет