Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы



бет30/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   33
Байланысты:
Поллианна 19 12 2022

29. ЖИММИ БИН ІСКЕ КІРІСТІ

Бұрынырақ қыстың қысқа күндері Полллианнаға мұндай ұзақ та ауыр болып көрінбепті. Бірақ ол рухын жоғалтпады. Енді ойынға тәтесінің өзі қосылды ғой және ол да қуанудың әртүрлі тәсілдерін ойлап табады, Поллианна тәтесін ренжіткісі келмеді. Полли тәтесі бірде құлап қалған есікті тауып алған кішкентай қайыршылар туралы әңгімені оқып берген. Бақытсыз балалар сақырлаған аяздан қорғану үшін есік астына тығылған, содан соң олар осындай есіктері жоқ, үйсіз адамдарды аяй бастаған. Кейінірек тәтесі жиеніне бір кемпір туралы айтып берді. Оның аузында тек екі тісі ғана қалса да, ол қуануға себеп тапқан: «Менің екі тісім бір-біріне қарама-қарсы тұрғанына және осы тістеріммен тамақ жей алатыныма сондай қуаныштымын» дейді екен.


Поллианна уақытты босқа өткізбеуге тырысатын. Миссис Сноу секілді ол да тоқыма тоқи бастады. Оның төсегінде ашық түсті жүн жіптер жататын, ал Поллианна жол апатында қолы мен саусақтары зақымданбағанына қуанатын.
Қыздың достары бұрынғыдай сәлемдемелер мен хаттар жіберуін тоқтатпады, кейбіреулеріне мисс Полли жиенін көруге рұқсат берген. Поллианнаны көруге Жон Пендлтон бір рет келсе, Жимми Бин екі рет келді. Жон Пендлтон оған Жиммидің оны күн сайын қуантып жүргенін айтты. Ал Жимми болса, қазір оның керемет отбасы бар екенін айтты. Ол мистер Пендлтонның оған «өте жақсы әке екенін» жеткізді. Оған қоса, Жон Пендлтон да, Жимми де Поллианнаның арқасында бір-бірін тапқанына дән разы екенін айтты.
– Міне, осыдан кейін қалай қуанбайсың! – деп тәтесімен өз сырын бөлісті. – Мен бұрын өз аяғыммен жер басып жүргенім үшін күнде Құдайға алғыс айтамын!
Осы күйде Поллианна көктемді қарсы алды. Емдеуден оң нәтиже болмағандықтан, үйдегілер Мид дәрігердің айтқанына бойсұнды. Белдингсвиль қаласының тұрғындары әрдайым Поллианна туралы ақпарат алып тұратын. Ал бір тұрғын ақпаратты ерекше ынтамен жинады. Ол қыздың ауру тарихын күнде өзі қарап жүргендей өте жақсы білетін, оның денсаулығы туралы жаңа бір жаңалық айтылса, қайғырып қалатын. Көктемге қарай қыздың жағдайы өзгермеген соң, бұл адам енді кешікпеу керек деп ойлады. Осыдан кейін тағы кішкене ойланып, Чилтон дәрігер (ол адам осы дәрігер еді) мистер Жон Пендлтонға келді.
– Пендлтон, сізбен сөйлесуге бел будым, өйткені менің мисс Полли Харрингтонмен қарым-қатынасымды білесіз ғой.
Жон Пендлтон досына таңғала қарады. Ол шынында Томас Чилтон мен Полли Харрингтонның арасындағы қарым-қатынас туралы білетін, бірақ осыдан он бес жыл бұрын аяқталған ескі әңгімені дәрігер неге қозғағанын түсіне алмады.
– Әрине, есімде, Чилтон, – деп аяй жауап қатты.
Бірақ ол оны аяудың қажет емес екенін бірден түсінді. Дәрігердің алдына қойған басқа мақсаты бар еді, сондықтан мистер Пендлтонның айтқан сөзіне мән бермеді.
– Сонымен, Пендлтон, маған қызды қарап шығу керек, – деп жылдам сөйледі, – түсініңізші, осылай істеуге міндеттімін!
– Олай болса, іске сәт! – деді мистер Пендлтон.
– Іске сәт? – деп үмітсіз сөйледі дәрігер. – Пендлтон, ол үйдің табалдырығын мен он бес жыл баспағаным сізге мәлім ғой. Сіз, маған мисс Харрингтонның ренжіскенде айтқан сөзін білесіз бе? Білмесеңіз, айтайын, ол маған: «Егер мен сізді Харрингтон сарайына шақыратын болсам, онда мен өз қателігімді мойындаған боламын және сізге күйеуге шығамын» деген. Ал оның мені ешуақытта шақырмайтынын білемін.
– Шақыруды күтудің қажеті қанша? Барыңыз да, жай қызды қараңыз.
– Біле білсеңіз, мен әлі де намысымды жоғалта қойған жоқпын, – деп жауап қатты дәрігер.
– Сіз Поллианна үшін де намысыңыз бен ренішіңізді ұмыта алмайсыз ба?
– Ренішті ұмыту? – деп қайталады дәрігер. – Мен басқа нәрсені айтқым келген. Егер әңгіме тек реніш туралы болса ғой, мен қызға көмектесу үшін ол үйге жорғалап та, еңбектеп те, тырмысып та, өрмелеп те жетуге әзірмін. Бәрі менің кәсіби намысымда. Мен дәрігермін, ал ол – науқас. Мен оның үйіне шақырусыз бара алмаймын ғой. «Міне, мен келдім, өтінемін, менің қызметімді қабылдаңдар!» деймін бе? Түсінесіз бе, Пендлтон?
– Тыңдаңызшы, Чилтон, сіздер не үшін келіспей қалып едіңіздер? – деп сұрауға мистер Пендлтонның батылы жетті. Дәрігер қолын сермеді.
– Не үшін? – ол орындықтан ұшып тұрып, бөлмеде әрі-бері жүре бастады. – Ал сіз, Пендлтон неден басталғанын сұрай аласыз ба? Кейде өзеннің тереңдігі немесе үйдің өлшемі туралы сөз таластыру қажетсіз ұрысқа алып келеді. Ғашықтар туралы сөз болғанда, тіпті жаман. Керісуіміз аяқ астынан мәнсіз сөзден басталған болар, ал ол бақытсыз және босқа өткен екі бірдей тағдырға ұласты. Олай болса, бұл керіс туралы ұмытыңыз, Пендлтон. Қалай болса да, ол туралы ұмытуым керек. Маған қызды қарап шығу керек! – деп дәрігер бар жігерімен сөйледі. – Мен оның қайта жүретініне сенемін, бұл оннан тоғыз адамның қолынан келеді. Мен Поллианна Уиттиердің қайтадан аяғынан тік тұрғанын қалаймын!
Соңғы сөздерді айтып дәрігер тез-тез басып, бақша көрінетіндей ашық тұрған терезе жанына келді. Бұл кезде бақшада Жимми гүлдердің арам шөбін жұлып жатқан. Ол Чилтон дәрігердің сөзін естіп, демін ішіне тартып, ары қарай тыңдауға кірісті.
– Поллианна? Жүру? Сіз нені меңзеп тұрсыз? – деп таңғалды Жон Пендлтон.
– Маған жеткен мәліметтер бойынша, Сіздің балапаныңыздың диагнозы сияқты бір ауруды менің университетте бірге оқыған танысым емдеген, екеуінің диагнозы ұқсайды екен. Жәә, бұл маңызды емес! Маңыздысы – ол сол қызды емдеп шықты. Менің досым осындай дерттің маманы. Менің де бұл тұрғыда аздап тәжірибем бар және біз досым екеуміз бір-бірімізбен хат алмасып тұрамыз. Міне, осы үшін де маған қызды қарап шығу керек.
– Сіз Уоррен дәрігер арқылы кіруге тырысып көрсеңіз қалай болады?
– Ештеңе де қолымнан келмейтін сияқты, – деп Чилтон басын шайқады. – Шынында, Уоррен дәрігер өзінің мейірімді адам екенін көрсетті. Ол басынан бастап, мисс Поллиға кеңес беру үшін мені шақырайық деп ұсынған екен. Бірақ мисс Харрингтон үзілді-кесілді бас тартыпты, сондықтан ол бұл әңгімені екінші рет қозғамапты. Мен де оған өз ойымды жеткізгенмін, бірақ… Түсінесіз бе, Пендлтон, менің қолымды байлайтын тағы бір мәселе бар. Мистер Уорреннің біраз белгілі науқастары маған ауысып келген. Солай болса да, маған Поллианнаны қарап шығу керек. Ойлаңызшы, қыздың тағдыры үшін мұның маңызы зор.
– Сол, соны айтыңызшы, қыз үшін оның қандай маңызы бар? – деп сұрады мистер Пендлтон.
– Оның тәтесі мені шақырмайынша, мен ештеңе істей алмаймын. Ал ол мұны ешуақытта жасамайды!
– Онда оны осыны жасауға мәжбүрлеу керек!
– Қалай?
– Білмеймін.
– Сіз білмесеңіз, мен де білмеймін. Ешкім де білмейді, – деп қайғыра тіл қатты мистер Чилтон. – Мисс Полли өте намысшыл және маған әлі күнге дейін ашулы. Оған қоса осыдан бірнеше жыл бұрын берген уәдесі тағы бар. Бірақ мен байқұс Поллианна туралы ойласам... шынымен де, мен оны осы ауруынан құтқарсам ше? Қазір мені мен қыздың арасында «намыс» пен «кәсіпқой этика» атты бос сөз тұр.
Сөзін аяқтамай қолын қалтасына салып, ол тағы да бөлмені кезуге кірісті.
– Түсіндіруге, оны көндіруге болмай ма? – деп сұрады Жон Пендлтон.
– Мүмкін, ол түсінетін де шығар. Бірақ бұған оның көзін кім жеткізеді? – деп дәрігер мистер Пендлтонға бұрылды.
– Білмеймін, – деді ол.
Осы уақытқа дейін Жимми Бин демін ішіне тарта, екі адамның әңгімесін тыңдап тұрған еді. Жон Пендлтонның соңғы сөзін естіп ол ішінен былай деді: «Кім екенін білемін. Сөз беремін! Мұны мен істеймін!» Ол дыбысын шығармай үйдің бұрышына жетіп, есікті сықырлатпай ашып, бар пәрменімен Пендлтон жотасынан төмен қарай жүгіре жөнелді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет