30. ЖИММИ БИН БӘРІН ӨЗ ҚОЛЫНА АЛАДЫ
– Бұл – Жимми Бин, мисс, – деп хабарлады қонақ бөлмеге кірген Нэнси. – Ол сізді көргісі келеді.
– Мені ме? – деп таңғалды мисс Полли. – Мүмкін, сен дұрыс түсінбеген боларсың, Нэнси. Ол, әрине, Поллианнаны көргісі келген болар. Оған кірсін деп айт. Бірақ аз уақытқа ғана.
– Жоқ, мисс, – деп айтқанынан қайтпады Нэнси. – Басында мен де солай ойлағанмын. Бірақ ол бұл жолы сізге келіпті.
– Олай болса, қазір мен төменге түсейін, – деп мисс Полли орнынан шаршаңқырап тұрды.
Үй иесін көргенде Жимми Бин қорыққанынан көзі бақырайып, беті қызарып кетті.
– Мэм, – деп айтуға күш тапты ол. – Қазір мен бір сұмдық нәрсе айтамын, мұны айтуға тиіспін! Мұның бәрі Поллианна үшін, ал мен ол үшін отқа да түсуге, сізбен де сөйлесуге әзірмін, тіптен бәрін істеуге әзірмін! Ол қайтадан жүреді дегенге сенсеңіз, сіз де солай істер едіңіз. Міне, сондықтан мен сізге келдім. Мен Поллианнаның жүруіне намыс пен тағы басқа бірдеңелер кедергі келтіретінін білдім. Сіздің бір ауыз сөзіңіз жеткілікті екенін білемін, сіз міндетті түрде мистер Чилтонды шақырасыз ғой?
– Не?! – деп мисс Полли оның сөзін бөліп жіберді. Осы уақытқа дейін ол баланы мұқият тыңдаған, ал қазір ашулана бастады.
– Сізді ашуландыру үшін келген жоқпын, – деді Жимми. – Сізге Поллианнаның шынымен де қайта жүруі мүмкін екенін айтуға келдім. Сөзімді соңына дейін тыңдайсыз деп үміттенемін.
– Не туралы айтып тұрсың Жимми?
Жимми қатты күрсінді.
– Не айтқым келгенін түсіндірейін бе?
– Олай болса, сені мұқият тыңдап отырмын. Тек қана, өтінемін, асықпай бәрін басынан бастап, түсінікті етіп айтшы.
– Олай болса, мэм, – деді батылданған Жимми құрғап қалған ернін жалап, – мен бастайын. Чилтон дәрігер мистер Пендлтонға келді, олар кітапханада сөйлесті. Сіз мені түсініп отырсыз ба?
– Түсіндім, Жимми, – деп ақырын ғана жауап берді мисс Полли.
– Терезе ашық тұрған, мен гүлдердің арам шөбін жұлып жүргенмін. Содан олардың әңгімесін естіп қалдым.
– Сен, Жимми, тың тыңдадың ба?
– Олар мен туралы әңгіме айтқан жоқ және сөз тыңдамадым, – деп бала ренжіп қалды. – Бірақ олардың әңгімесін естіп қалғаныма қуаныштымын, мүмкін, сіз де оны естігенде қуанып қаларсыз: Поллианна жүре алады екен!
Мисс Полли алға ұмсына түсті:
– Сен нені меңзеп тұрсың, Жимми?
– Мен де сол туралы айтып тұрмын ғой, – деді салтанатты түрде Жимми. – Сонымен, Чилтон дәрігер мистер Пендлтонға Поллианнаны жаза алатын, яғни аяғынан тік тұрғызатын дәрігерді білемін деді. Шындығында, ол жазылады деп ойлайды, ол үшін Чилтон дәрігер қызды бір рет қарап шығуы керек екен. Бірақ ол мистер Пендлтонға қызды қарауға сіздің рұқсат бермейтініңізді айтты.
Мисс Поллидің беті алаулап кетті.
– Мен рұқсат бере алмаймын, Жимми... рұқсат бере алмадым, мен білмедім ғой, – деп қолын қысып, бірдеңелерді айтып, шарасыз кейіп танытты.
– Сіз білсін деп келіп тұрмын ғой! – деп қынжылды бала. – Мен оларға сенбегенмін. Мұның барлығы сіздің білмегеніңізден деп түсіндім. Олар сіздің мистер Чилтонға осында келуге рұқсат бермейтініңізді айтты. Ол мистер Пендлтонға, оның әлгі... маман… маман.. енді жалпы қайдағы бір намыс, сондықтан келе алмайды. Содан соң олар осының бәрін сізге біреу түсіндіруі керек деп шешті, бірақ кім екенін ойлап таба алмады. Кім, кім? Ал мен терезе түбінде отырғанмын. Осылардың бәрін естігеннен кейін, өзіме: «Оның кім екенін білемін. Сөз беремін! Мұны мен істеймін!» дедім. Сөйтіп, мен сізге қарай құстай ұштым. Енді сізге бәрі түсінікті ме?
– Түсінікті, Жимми. Бірақ ол қандай дәрігер? Олар, шынымен де, Поллианнаны аяғынан тік тұрғызамыз деп отыр ма?
– Ол қандай дәрігер екенін білмеймін. Олар айтпады. Бірақ оны Чилтон дәрігер таниды. Ол сол дәрігердің Поллианна сияқты бір қызды қайта жүргізгенін айтты. Түсінесіз бе, Чилтон дәрігер мен мистер Пендлтонды ол дәрігер емес, мисс Поллианна мазалайды. Сіз мистер Чилтонға Поллианнаны қарауға рұқсат бересіз ғой? Енді сіз бәрін де білесіз. Сондықтан оған мұнда келуге рұқсат бересіз ғой?
Мисс Полли жан-жағына қарады. Ол біраз уақыт ештеңе деп жауап бере алмады. Жимми Бин оның дем алғанын бақылап, қазір жылап жібереді деп ойлады. Бірақ мисс Полли жыламады. Өзін-өзі ұстап, өте жай және сабырлы сөйледі:
– Иә... мен Чилтон дәрігерге қызды қарап шығуына рұқсат беремін... ал қазір Жимми тезірек үйіңе қарай жүгір... менің Уоррен дәрігермен сөйлесуім қажет... оның Поллианнаға көтеріліп бара жатқанын көргенмін.
Біраздан соң, бөлмеде таңғалған Уоррен дәрігер қызарып әрі қобалжып тұрған мисс Поллиді тыңдап тұрды.
– Уоррен дәрігер, – деді жиі дем ала сөйлеген ол. – Сіз кеңес алуға Чилтон дәрігерді шақыруды ұсынып едіңіз ғой. Сол кезде мен қарсы болғанмын. Ал қазір... қазір ойланып… қазір мен келісемін. Мен оны сіздің шақырғаныңызды қалаймын. Сізден осыны істеуіңізді өтінемін. Алдын ала ризашылығымды білдіремін!
Достарыңызбен бөлісу: |