31. ПОЛЛИАННАНЫҢ ҚУАНЫШЫ
Уоррен дәрігер Поллианнаның бөлмесіне кіргенде, оның артынан кең иықты ірі адам да қоса енді.
– Дәрігер Чилтон! Дәрігер Чилтон, сіздің келгеніңізге сондай қуаныштымын! – деді Поллианна шаттанып. Ол қатты қуанды, ал айналасында тұрғандардың барлығы көзіне жас алды.
– Бірақ, – деді ол аяқ астынан. – Егер Полли тәте қаламаса...
– Бәрі дұрыс, қалқам, – деп тыныштандыруға асықты тәтесі, жиеніне қарағанда өзі қаттырақ қобалжып. – Чилтон дәрігерді Уоррен дәрігермен бірігіп қарасын деп өзім шақырдым.
– Егер сіз оны шақырсаңыз, тәте, бәрі дұрыс болғаны ғой, – деп келісті Поллианна.
– Иә, қалқам, оны мен шақырдым… – деп тасаға қарай тұруға тырысты, бірақ кеш болатын. Сол кездегі Чилтон дәрігердің түрін көрсеңіз, оның қос жанары жарқырап, мисс Поллиге ғашық көзбен қарап тұр екен. Сол мезетте олардың көзі түйісіп қалды. Мисс Поллидің беті алаулап, бөлмеден атып шықты.
Уоррен дәрігер мен күтуші әйел түпкі терезенің қасында әңгіме айтып тұрған. Мистер Чилтон қызға қолын созып:
– Поллианна! – деді қобалжып. – Менің ойымша, бүгін сенің ең қуанышты күнің секілді!
Кешке қараңғы түсе бастағанда мисс Полли қайтадан бөлмеге кірді. Оның мұндай кейпін Поллианна ешқашан көрмеген еді. Ол күтуші әйелдің кешкі ас ішуге кеткенін пайдаланып, жиенінің төсегіне жақынырақ отырды да, былай деді:
– Поллианна, өзіңе жақсы жаңалық айтқалы келдім. Жақында Чилтон дәрігер сенің жездең болады! Осының барлығы сенің арқаң. Поллианна, мен сондай қуаныштымын, мен сондай бақыттымын! – деп тебіреніп, қатты толқып сөйледі.
Поллианна өз әдетімен шапалақтауға дайындалып, қолын сермеді, бірақ соңғы мезетте өз ойынан айнығандай алақандары ауада тұрып қалды:
– Бұл дегеніміз, – деп таңғала сөйледі ол, – бұл дегеніміз, сіз, Полли тәте, оның баяғыдан бері армандап келген жүрегісіз бе? Әрине, ол қыз – сіз екенсіз ғой, енді мен де білемін! «Бүгін сенің ең қуанышты күнің секілді» деп ол бағана маған бекер айтпаған екен ғой! Полли тәте, қуанышым қойныма сыймай барады! – деп әуеде тұрып қалған қолы іске кірісті. – Мен сондай бақыттымын, тіптен... – Поллианна үндемей қалып, сосын сөзін жалғастырды: – Полли тәте, тіптен қазір маған аяғымның маңызы жоқ сияқты. – Полли тәтесі жөткірініп қалды.
– Мүмкін, қалқам, бір кезде...
Сөзін аяқтамай үзіп тастады. Бүгін ол Чилтон дәрігердің сонша үміт бергені туралы әңгіме айтуға дайын емес еді. Бірақ Полли тәтесі оған басқа бір әңгіме айтып берді, ал бұл әңгіме Поллианнаны шынымен таңғалдырды.
– Келесі аптада, қалқам, сен саяхатқа шығасың. Алып жүруге ыңғайлы, кішкентай кереуетте саяхаттайсың. Сол төсекпен сені бірінші күймеге, содан соң вагонға отырғызады. Солай ыңғайлы болады. Сені сенің жарақатың сияқты ауруларды емдейтін дәрігерге апарады. Ол мистер Чилтонның досы. Ол сен үшін не істейтінін көрейік...
Достарыңызбен бөлісу: |