15. ЧИЛТОН ДӘРІГЕР
Бұл жолы сұп-сұр таспен қаланған зәулім сарай Поллианнаға баяғыдай қорқынышты болып көрінген жоқ. Пендлтон үйінің терезесі ашық тұрды. Егделеу күтуші әйел үйдің арт жағында жуылған киімдерді жайып жатыр екен. Поллианна жапсардағы есікке қалай жетіп барғанын білмей де қалды. Тек есіктің дәл аузына келгенде ғана қолына қыса ұстағаны есіктің кілті емес, тамақ салынған табақ екені ойына түсті. Таныс болып қалған кішкене ит арсалаңдап келіп, құйрығын бұлғаңдатты. Поллианна есікті қақты. Күтуші әйел ит секілді шапшаң болмады ма, Поллианна есіктің ашылуын біраз уақыт күтіп қалды.
– Кешіріңіз, – деді Поллианна қысылған кейіппен. – Мен Пендлтон мырзаға сиырдың сирағынан жасалған тамақ алып келіп едім.
– Рақмет, – деді күтуші әйел, – Пендлтон мырзаға не деп айтайын? Мұны кім беріп жіберді дейін?
Осы кезде дәлізге дәрігер шықты. Дәрігер күтуші әйелдің не айтқанын естіп тұрған әрі Поллианнаның түрі өзгеріп кеткенін де байқай қойды.
– О-о, сиыр етінен жасалған тамақ па?! – деп ашық-жарқын сөйлей жүріп, Поллианнаға жақындады. – Жақсы, жақсы! Бәлкім, науқастың хал-жағдайын сұрағың келген болар?
– Ә-ә, иә, мырза, – деді Поллианна жылы жымиып.
Күтуші әйел дәрігерге аңтарыла қарап қалған еді, дәрігер ыммен бұйырып, күтуші Поллианнаны төргі бөлмеге бастап бара жатты.
– Пендлтон мырза ешкімді кіргізбеуді бұйырмап па еді? – деп, жас медбике дәрігерге үрейлене қарады.
– Дәл солай, – деді Чилтон мырза салмақты кейіппен. – Алайда, мен басқа шешім қабылдадым және бұл істегенімді мойныммен көтеруге дайынмын. Сіз бұл балапанның қандай кереметі бар екенін білмейсіз ғой. Ол науқастарға дәрі-дәрмекке қарағанда әлдеқайда жақсы әсер етеді. Дәл қазір Жон Пендлтон мырзаны осы бір ыңғайсыз халден тек осы қыз ғана алып шыға алады. Науқасқа қызды кіргізуге бұйырғаным содан.
– Сонда бұл қыз кім?
– Осы қаладағы атақты әйелдердің бірінің кішкентай сіңлісі. Қыздың аты-жөні – Поллианна Уиттиер. Негізі, бұл бойжеткенді мен өзім де жақсы танымаймын. Есесіне, маған қаралатын науқастардың көпшілігі оны біледі. Оларға осы бір кішкентай қыздың қалай әсер ететін білсеңіз ғой!
– Солай ма? – деді медбике сенімсіз. – Сонда ол қалай әсер етеді екен?
– Өзім де білмеймін. Емделушілеріме сенсек, бұл қыз болған дүние мен болатын нәрсенің бәріне қуана біледі. Науқастар осы қыздың аузынан шыққан әрқилы әңгімені майын тамыза баяндап береді. Сонда байқағаным, «қуаныш», «қуаныштымын» деген сөздер сәт сайын айтады. Өкініштісі, – деді ол күле сөйлеп, – мен ұнтақ немесе микстура алыңыз деп жазып бергендей, «дәл осы қызбен сөйлесу керек деп» рецептке қосып жаза алмаймын. Екінші жағынан, егер Поллианна сияқтылар көбейіп кетсе, онда сізге де, маған да жұмыс қалмайды. Олай болса, біздің жағдайымыз қиындайтыны сөзсіз.
Олар осылай әңгімелесіп тұрғанда, Поллианна күтуші әйелдің артынан еріп, Жон Пендлтон мырзаның бөлмесіне қарай келе жатты. Дәл кітапхананың түбінен өтті, өткен аптада бойжеткен осы жерден дәрігерге телефон соққан болатын. Жылдам жүріп келе жатқандарына қарамастан, Поллианна оң өзгерістерді де байқап үлгерді. Кітап салынған күңгірт сөре мен алқызыл перде өзгермегенімен, үстелдің үсті тап-тұйнақтай болып жиналып қалыпты. Еденде де қылпық жоқ. Телефон нөмірлерінің тізімі аппараттың жанындағы ілгекке ілініпті, ал каминнің тор-тор темірі айнадай жарқырап тұр. Өткенде Поллианнаға қорқынышты әрі құпия сырды ішіне бүккендей көрінген есіктердің бірі енді ашық тұр екен. Күтуші әйел Поллианнаны дәл сол жерге алып келді.
– Мырза, кешіріңіз, мұнда... мұнда бір қыз... Ол сізге тамақ алып келіпті, дәрігер кіргізуімді сұрады, – дегенді асып-сасып айтқан күтуші әйел Пендлтон мырзаның атшаптырым жатын бөлмесінен шығып кеткенше асықты.
– Мен сіздерге ешкімді кіргіз... – төсектен осындай ашулы дауыс естілді де, артынша Поллианнаны көрген Жон мырзаның даусы өзгеріп сала берді: – А-а, бұл сен бе? – деді қуанышты үнмен.
– Иә, мен ғой, мырза, – деп күлді ол. – Сізге кіргізгені үшін сондай қуаныштымын! Сізді көре алмай қаламын ба деп қорқып едім. Дәрігер келіп қалды да, кіруіме рұқсат берді. Дәрігер жақсы адам, солай емес пе? – Пендлтон мырза мұрын астынан әлдене айтты, бірақ езуіне күлкі үйіріліп тұрды.
– Ал мен сізге тамақ әкелдім, – деді Поллианна. – Сиыр сирағынан жасалған тағамды жақсы көретін шығарсыз? – деді сосын үмітпен көз тастап.
– Ешқашан жеп көрмеппін, – деді Пендлтон мырза. Жүзіндегі жылу да әп-сәтте жоғалып кеткендей көрінді.
Поллианна Жон мырзаға абыржи қарады. Сосын жалма-жан әкелген тамағын үстелдің үстіне қойды да, әңгімені көңілдене жалғап әкетті:
– Жеп көрмеппін дейсіз бе? Олай болса, әрине, жақсы көресіз бе, жоқ па, айта алмайсыз. Мен сіздің мұның дәмін білмейтініңізге қуанып тұрмын, өйткені егер білсеңіз...
– Әуре болмай-ақ қой, – деп Пендлтон мырза Поллианнаның сөзін бөлді. Дауысында ызғар байқалды. – Мен қазір төсек тартып жатырмын. Енді ақырзаман келгенше осылай жататын болармын.
– О не дегеніңіз! – деп дереу қарсылық танытты Поллианна. – Архангел Гавриил қашан келеді екен деп, төсек тартып жата беруге бола ма екен? Жоқ, мұныңыз жарамайды. Иә, ондай күн туатыны киелі кітапта жазылған ғой, бірақ... Айтайын дегенім, киелі кітапқа сенемін, әрине. Дегенмен, ондай күн жуық арада туа қоймас деп ойлаймын.
Жон Пендлтон қарқылдап, емен-жарқын күліп алды. Дәл осы кезде бөлмеге медбике кіріп келді. Науқасқа таңдана қараған ол кері шегінді де, алды-артына қарамай зыта жөнелді.
– Сен аздап қателескен сияқтысың, – деді Пендлтон мырза Поллианнаға қарап күлкісін тыя алмаған күйі. Поллианна да күлді.
– Дұрыс айтасыз, – деді ол. – Айтайын дегенім, сіз ұзақ жата қоймассыз. Аяғыңызды айтамын. Сноу ханымнан жақсы ғой халіңіз. Ол кісі өмір бойы төсек тартып жатады. Ал сіз ақырзаманды төсекте жатып қарсы аламын деп қорықпай-ақ қойыңыз. Меніңше, бұған қуануыңыз керек қой.
– Ой, айтпаңыз, сондай қуаныштымын, – деді Пендлтон мырза кекесінмен.
– Сіздің бір-ақ аяғыңыз сынды ғой! Екі аяғыңыз бірдей сынса қайтер едіңіз? Соған қуаныңыз, – деді Поллианна.
– Иә, өзім де жолым болды-ау деп жүр едім, – деді науқас осы сәт ащы мысқылмен. – Егер мұндай қисынмен қарайтын болсақ, онда қырықаяқ болып тумағаным үшін бақытты шығармын. Отыз аяғым сынса да, қалғаны бар ғой деп те қуануым керек шығар.
– О, мұны жақсы ойлап таптыңыз! – деді Поллианна шаттана әрі ойлана дауыстап. – Иә, қырықаяқтың аяғы көп екенін білемін. Дегенмен, расымен де бұған қуануыңыз керек...
– Иә-иә, әрине! – деп сөзін бөлді Пендлтон мырза. Дауысынан күйініш сезілді. – Мен тек қана бәріне қуануым керек, басқа амалым жоқ. Медбикеге, дәрігерге, одан қалса күтуші әйелге! Ал олардың менің жыныма тиетінін кім біліп жатыр?!
– Мырза, о не дегеніңіз! Олар болмаса жағдайыңыз не болар еді, соны ойладыңыз ба?
– Оларсыз күнім күн болмас еді демексің бе? – деп ашуға басты Пендлтон мырза.
– Әлбетте! Мынадай жағдайда қалай жалғыз тұрар едіңіз? Сіз төсек тартып жатқан жоқсыз ба!
– Міне, бәрі осының кесірі, – деді ол көңілсіз кейіппен. – Осының бәрі менің төсек тартып жатқанымның кесірі. Сонда мен не үшін қуануым керек? Бір ақымақ әйелдің үйімнің астан-кестеңін шығарып, тазалап жүргеніне қуанайын ба? Әлде осы мазасыз әйелге ерік бергені аздай, мені аңдып отыратын, мұны «науқасты күту» деп атайтын медбикеге қуанайын ба? Күтуші әйел мен медбикеге бастық болып жүрген дәрігер туралы тіпті айтпай-ақ қояйын. Ең сорақысы, бұлардың бәрі де менің қомақты ақша төлегенімді күтіп жүр!
Поллианна оған мұңая қарады.
– Түсінемін, Пендлтон мырза. Оңай емес. Оның үстіне, сіз ол ақшаны ішпей-жемей жинадыңыз ғой.
– Не дейсің? Мен бе? Ішпей-жемей жинадыңыз деймісің?! – Пендлтон мырзаның көзі алақандай болды.
– Иә. Тек бұршақ пен балықтан жасалған тефтели жеп жүріп жинаған жоқсыз ба?! Сіз шынында да бұршақты жақсы көресіз бе, әлде үндік еті ұнай ма? Үндіктің еті қымбат болғандықтан алмайсыз ба?
– Сен өзі не деп тұрсың?
– Сіздің жиған-тергеніңізді айтамын, Пендлтон мырза, – деді Поллианна жылы жымиып. – Сіз өзіңіз ішпей-жемей, бар тапқан-таянғаныңызды пұтқа табынушылар үшін жинадыңыз ғой. Мұның бәрін білемін, Пендлтон мырза. Маған Нэнси бәрін айтып берген. Мен сіз сыртқа ашу шақырып, долы болып көрінгеніңізбен, мейірбан адам екеніңізді сонда-ақ сезгенмін.
Пендлтон мырзаның екі көзі атыздай болды. Ол аз десеңіз, өзі туралы мұндай жаңалыққа аузы да ашылып қалды.
– Нэнси менің ақшаны әлгі... иә, соған жинап жүргенімді айтты деймісің? Ал Нэнси деген кім өзі?
– Нэнси ше! Біздің Нэнси. Ол Полли тәтенің үйінде жұмыс істейді.
– Полли тәтенің үйінде? Полли тәте дегенің кім?
– Полли Харрингтон ханым, мен сол кісінің үйінде тұрамын.
Пендлтон мырза селк етті.
– Полли... Харрингтон ханым... – деді ол әлденеге арбалып қалғандай сыбырлап. – Сен Поллидің үйінде тұрамысың?
– Иә, мен оның жиенімін. Ол кісі мені қамқорлығына алған. Анам екеуі бір туған. Анам дүниеден өткеннен кейін әкем де, басқа бауырларым да бұ дүниемен қош айтысты. Менің «Әйелдер көмегінен» басқа барар жер, басар тауым болған жоқ. Сосын Полли тәте мені өзінің үйіне алды.
Пендлтон мырзаның үні өшті. Көзін де тарс жұмып алды. Өңі қашқаны сондай, боп-боз болып кетті.
Поллианна да қорқып кетіп, орнынан атып тұрды.
– Мен кетейін, мырза. Сізге әкелген тамағым ұнайды деп сенемін.
Пендлтон мырза жалма-жан көзін ашып алып, Поллианнаға қарады. Жанары мұңға толып тұр екен, Поллианна таңғала қарады.
– Сен... сонда Харрингтон ханымның жиенісің бе? – деді жұмсақ үнмен.
– Иә, мырза.
Пендлтон мырза қыздың бетіне бажайлай қарады.
– Сіз Полли тәтені танитын шығарсыз? – деді Поллианна баяу үнмен. Жон Пендлтон езу тартқандай болды, бірақ өңі аянышты еді.
– Иә, танимын.
Ол тағы да үнсіз қалды. Езуіне ащы мысқыл үйірілді.
– Жо-жоқ, бұлай болуы мүмкін емес, – деді бір кезде ол. – Маған мынау тамақты Полли Харрингтон ханым беріп жіберді демейтін шығарсың?
– Жоқ, мырза, – деді Поллианна жабығып. – Мұны кім беріп жібергенін біліп қоюшы болмасын деп тапсырған еді, бірақ мен...
– Өзім де біліп едім! – деді Пендлтон мырза қыздың сөзін бөліп. Сөйтті де теріс айналып жатты.
Поллианна сасқалақтап қалды да, аяғының ұшымен басып, бөлмеден шығып кетті.
Атқораның жанынан оны дәрігер күтіп алды. Уақытты өткізу үшін көмекшімен әңгімелесіп тұр екен.
– Міне, Поллианна ханым да келді! – деді ол қыз жанына жақындаған кезде. – Мен кетейін деп едім, бірақ сені үйіңе жеткізіп тастайын деп шештім. Оған қарсы болмайтын шығарсың?
– Рақмет, мырза! Мені күткеніңізге сондай қуаныштымын. Арбамен серуендегенді жақсы көремін, – деді ол жайдақ арбаға отырып жатып.
– Серуендегенді жақсы көремін деймісің? – деді дәрігер күле сөйлеп. – Менің білуімше өзің көп нәрсені жақсы көретін сияқтысың, – деді содан кейін. Поллианна күлді.
– Солай шығар. Мен қимыл-қозғалысты жақсы көремін. Өмірді жақсы көремін. Дегенмен, онша ұнатпайтын нәрселерім де жоқ емес. Мәселен, киім тіккенді, дауыстап оқығанды, жалпы, самарқау атқарылатын тірліктерді ұнатпаймын. Ол өмір сүруге жатпайтындай көрінеді.
– Өмір сүруге жатпайды деймісің? Ол қалай сонда?
– Полли тәте мұндайды «өмір сүріп үйрену» деп атайды. – Ол жеңіл күрсінді де, ыңғайсыздана жымиды. Дәрігер де жымиды. Бірақ оның жымиысы қызға біртүрлі көрінді.
– Солай де... – деді сосын ойлана үн қатып. – Полли тәтеңнің басқа айтары да жоқ шығар.
– Бірақ мен оны не үшін үйрену керек екенін түсінбеймін, – деді Поллианна таңданыспен. – Мен ешқашан оқыған емеспін ғой.
Бұл жолы, керісінше, дәрігер күрсінді.
– Қайдан білейін... Бірақ кейде бәрібір үйренуге тура келеді.
Дәрігер қалың ойға батты. Ақырын көз қиығын салған Поллианна оның жабығып, көңілсіз кейіпке енгенін көрді де, көңілін аулағысы келді.
– Дәрігер Чилтон, менің ойымша, сіздің жұмысыңыз сондай көңілді, – деді именшіктей тіл қатып.
Дәрігер таңданысын жасыра алмады.
– Көңілді деймісің? Қайдағы көңілді? Қайда барсаң да қайғы мен қасіретті көресің, – деді дәрігер жабыға сөйлеп.
– Білемін, – деді Поллианна, – бірақ сіз қиналғандарға қол ұшын бересіз ғой. Ол адамдар жазылып, қатарға қосылғанын көргенде қуанасыз. Яғни, сіз бізге қарағанда көбірек қуанасыз.
Дәрігердің тамағына тас тірелгендей болды. Оның үйі де, әйелі де, балалары да жоқ еді. Сүйікті жұмысы мен ем-дом жасайтын екі бөлмелі пәтерінен басқа түгі жоқ еді.
Енді міне, Поллианнаның көзіне қарап, өзін құдіретті сезініп кетті. Қанаттана түсті. Сондай-ақ, дәл осы сәтте ол алдағы азапты күндер де, ұйқысыз түндер де осы бір таңғажайып қыз сыйлаған шабыт отын енді ешқашан сөндіре алмайтынын түсінді.
– Бір Құдай өзіңе жар болсын, айналайын! – деді дәрігер. Оның жүзі нұрға толып, езуіне күлкі үйірілді. Көзінен мейірім төгіліп тұрды. – Дегенмен, кейде науқастарға ғана емес, дәрігерге де қуат беретін дүние керек, – деді сосын.
Дәрігердің сөзі Поллианнаны да ойландырып тастады. Қалың ойға батып кеткен екен, алдарынан ала тышқан жүгіріп өткен кезде барып қана есін жиды.
Дәрігер Поллианнаны есігінің алдына дейін әкеліп тастады. Табылдырықты сыпырып жүрген Нэнсиге күлімсірей қарады да, жөніне кетті.
– Дәрігермен бірге жақсы сейілдеп келдім! – деді Поллианна шаттана сөйлеп. Баспалдақтан көңілдене секіре адымдаған күйі: – Ол сондай тамаша адам! – дегенді қосып қойды.
– Солай ма? – деді Нэнси қулана жымиып.
– Мен дәрігерге оның жұмысы қызық пен қуанышқа толы екенін айттым.
– Не дедің? – деді Нэнси түкке түсінбеген кейіппен. – Науқастар аздай, өтірік ауыратындарды емдейді. Оның несі қуаныш, оның несі қызық?!
Поллианна ішек-сілесі қата күлді.
– Дәрігер Чилтон да осылай деп жауап берді. Дегенмен, қуанатын жайттар бар екенін де жоққа шығарған жоқ. Ал неге қуанатынын білесіз бе?
Нэнси қабағын тыржитып, ойлана қалды. Ойынның шартын әбден меңгердім деп ойлап жүрген еді. Поллианнаның кез-келген «тұзақтан» шығатын жол тауып кететіні үшін қуанып та жүрген. Тіпті, содан өзі ләззат алатын.
– А-а, білемін! – деді біраздан кейін жеңген адамның даусымен. – Сноу ханымға айтқан кеңесіңді керісінше айттың ғой?
– Керісінше айтқаны қалай?
– Сноу ханымға айтқаның ше? Басқалар Сноу ханым секілді ауырмайтыны үшін қуануы керек екенін айтпап па едің?
– А-а, иә, – деді Поллианна.
– Дәрігер өзі емдеп жүрген науқастар сияқты ауру болмағаны үшін қуануы керек…
Поллианнаның қабағы қатулана қалды.
– Әрине, олай деуге де болады, – деді ол қатулы үнмен. – Бірақ мен дәрігерге мүлде басқа нәрсе айттым. Ішкі ойыңызды білмеймін, бірақ жаңағы айтқаныңыз көңіліме қонбады. Дәрігер Чилтон біреудің ауруы үшін қуануы мүмкін емес. Сіздің ойыңыз да, ойыныңыз да қызық, Нэнси.
Күрсінген күйі үйге кіріп кеткен Поллианна қонақ бөлмеде отырған тәтесіне барды.
– Сені кім әкеліп тастады? – деді Харрингтон ханым қатқыл дауыспен.
– Дәрігер Чилтон ғой. Оны танымаушы ма едіңіз, Полли тәте?
– Дәрігер Чилтон? Ол мұнда не істеп жүр?
– Мені үйге жеткізіп салды. Тамақты Пендлтон мырзаға апардым, сосын...
Полли ханым басын көтеріп алып, жиенінің көзіне тесіле қарады.
– Поллианна, тамақты менің беріп жібергенімді сезіп қойған жоқ па?
– Жоға, Полли тәте! Сіздің бергеніңізді айтқан жоқпын.
Полли ханым қып-қызыл болып кетті.
– Мүлде бергісі келген жоқ демеген шығарсың, әйтеуір? – деді Полли ханым ашуланып.
Поллианна таңғалысын жасыра алмады, екі көзі атыздай болып кетті. Тәтесіне тағы не жақпай қалғанын түсіне де алмады.
– Өзіңіз солай айтқан жоқ па едіңіз?
Полли ханым ызадан жарылуға шақ қалды.
– Мен саған тамақты менің беріп жібергенімді айтпа дедім, солай екенін мүлде сездірме дедім. Өзіңді түк білмегендей ұста дедім. Оған тамақ беріп жібергім келмейтінін айтудың қажеті қанша еді? – Полли ханым ашуға булыққан күйі осыны айтты да, теріс айналып кетті.
– Онда тұрған не бар, тәте? Сіздің айтып отырғаныңыз бен менің айтқаным бір емес пе? – Поллианна түк түсінбеген күйі қонақ бөлмеден шықты да, қалпағын ілу үшін кіреберістегі ілгішке барды. Оны дұрыс ілмесе, Полли тәтесінен тағы да сөз еститінін білді.
Достарыңызбен бөлісу: |